Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Рухани жаңғыру 5931 9 пікір 6 Шілде, 2017 сағат 09:08

Елбасы туралы оқулықтың тұсауы кесілді

Ол туралы көп жазылды. Жазыла бермек. Жүздеген кітап. Мыңдаған мақала. Тұңғыш президент-қай мемлекет үшін де даусыз тарихи тұлға. Қазақстан Республикасының дамуы, еліміздің  әлемге танылуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Оның қайраткерлігі, көшбасшылығы, кейінгі жылдары балалық, жастық шағы туралы көптеген көркем, деректі кітаптар жазылды, кино және телефильмдер түсірілуде.

«Ұлы Дала генераторы», «Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы», «Бәйтерек: Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы замандастар толғанысы», «Независимый Казахстан и Лидер нации» ,«Елбасы», «Кемеңгер», «Ұлт көшбасшысы», «Елін сүйген, елі сүйген елбасы», «Рядом с первым» т.б. атаулармен жалғаса беретін кітаптардың саны 200-ге жуық. Авторлары да алуан түрлі: саясаткерлерден бастап, ақын –жазушы, мемлекеттік қызметкерлер мен шетелдіктер. Сан алуан жанрдағы, стильдегі, әр кезеңде жазылған туындылардың мақсаты бір - табандылығымен, еңбекқорлығымен, саяси қырағылығымен әлем деңгейіндегі көшбасшыға айналған тұлғаның келбетін ашу.  Солардың бірегейі – осыдан он жыл бұрын жарық көрген Қасымжомарт Тоқаевтың «Нұр мен көлеңкесі». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі өмірін дәріптейтін туындылар саны жыл сайын артып келеді.

Биыл да Ұлт көшбасшысының туған күні қарсаңында Астанадағы Оқушылар сарайында мемлекет басшысы туралы «О великой жизни» - «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты туындының тұсаукесері өтті. Бірақ, бұл кітап бұрынғы кітаптардан өзгерек... Оның басты ерекшелігі –жоғары сынып оқушыларына арналған оқу құралы ретінде шығарылуында. Бұған дейінгі жарық көрген кітаптар Елбасының саяси өмірі, қайраткерлігі,  туралы жазылса,  «Ұлы адам туралы ұлағатты кітапта» бала Нұрсұлтан бейнесі жақсы ашылған. Оның бала күніндегі арманы, алдына қойған мақсаты, сол мақсатқа жету жолындағы қиындықтары,қиындықпен күрестегі табандылығы, отбасы, мектебі, жастық шағындағы негізгі оқиғалар - еңбектің негізгі арқауы.

Кітап авторы ресейлік белгілі жазушы, тарихшы Николай Зенькович. Ол мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси көшбасшылар, тарихи тұлғалар туралы жазылған 30-дан астам кітаптың авторы. Оның кітаптары әлемнің 14 тіліне аударылған.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде автор Елбасы туралы кітап жазудағы мақсаттың, жалпы  Нұрсұлтан Назарбаевқа деген қызығушылықтың  1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін пайда болғанын айтады: «...Ол кезде мен орын алған жағдайды анықтауға келген КОКП ОК бригадасында болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болды. Сол сәтте мен оның іс-қимыл, табандылығын, кемелділігін, жағдайды қолына ала білуі, қиындықтан шыға білу, басқару қабілетінің жоғары екенін көрдім. Сол уақыттан бастап, Назарбаевтың өмірін назарымнан тыс қалдырмадым. Жеткен жетістіктері, әлемдік саясаттағы орны,бәрін-бәрін саралап, зерттеп жүрдім.  Қанша елде болдым, барлық жерде Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы жағымды пікір естідім. Қазақстан Президентінің еліне сіңіріп отырған еңбегін төмен бағалаған бірде-бір адамды көрмедім».

Бұл – Н. Зеньковичтің Елбасы туралы жазған бірінші кітабы емес. Алғашқы туындысы еліміздің 25 жылдығына арналып жазылған. «Имя, ставшее эпохой» атты кітабында автор мемлекет басшысының көшбасшылық ерекшеліктерін зерттейді. Ал екінші кітабы балаларға арналған. Тілі жатық, қарапайым, ұғынықты. Тәрбиелік мәні зор. Елбасының бала күнгі бейнесі арқылы бүгінгі балаларға еңбексүйгіштікті, күрескерлікті, отансүйгіштікті қарапайым өмірлік мысалдар арқылы түсіндіреді.

Айтпақшы, туындының қазақтілді оқырманға осыншалықты көркем түрде жазылып, жеткізілуі аудармашының ізденісі пен еңбегінің жемісі. Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Қайнар Олжай аударыпты. Қаламгердің айтуынша, туындыны аудару қиынға соқпапты. Елбасымен кейбір іссапарларында бірге болғандықтан, кітапта жазылған кей оқиғалар өткен күндерге бір шолу жасағандай әсер қалдырыпты.  Қайнар Қалиақпарұлы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітапты» екі рет аударғанын айтады. «Алғашқы аударғаным да жақсы шыққан еді. Тек балалар аудиториясына арналғанын есепке алмадым. Тіл біраз күрделеніп кетіпті. Жазушының ойы, тілі күрделі болғандықтан, басында мен де сол стильмен кетіппін. Кейіннен бір оқып шығып, өзгерту керек деп шештім. Қайтадан аударып шықтым. Екінші нұсқам ұнады». Осылайша оқырманға жол тартқан кітап оқушылардың да көңілінен орын тауыпты. Ол тұсаукесерге  қатысқан кітапты оқып үлгерген қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары мен «Білім-Инновация» лицейлері мұғалімдерінің пікірлерінен байқалды.

«Адамдар өзінің кіндік қаны тамған ауылы мен қаласын «туған жер» деп тегіннен тегін айтпайды. Өйткені, ұрпақтан ұрпаққа құпиялы зерденің жібі тартылған. Еш үзілмейтін бұл жіп адамдарды қайда жүрмесін туған жерімен байлап қойған...» деп басталатын кітаптың алғашқы бөлімі  «Үшқоңырдан шыққан ұлан» аталыпты. Бұл бөлімде Президенттің балалық шағы, өскен ортасы, үлкен өмірге аяқ басуы туралы жазылған. Ал «Мәртебелі Президент» деп аталатын екінші бөлімінде Нұрсұлтан Әбішұлының беймәлім президенттік ілімін қалай игергені,Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу бұйырғаны, неліктен қазақстандықтардың таңдауы  Оған түсетіні туралы жазылған. Қазақ және орыс тілінде де екі мың данамен жарыққа шыққан туындыға халық тарапынан сұраныс болса, тиражы да көбейтіледі –дейді автор.

Шараға қатысқан журналистер, жастар мен оқушылар тарапынан кітап авторы мен аудармашыға туындыға қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Олардың ішінде Елбасының өзі жайлы жазылған кітапқа қатысты пікірі, туындының оқулық ретінде мектеп бағдарламасына енгізілуі, таралымы мен кітап жазуға түрткі болған жайттардың барлығы назардан тыс қалмады. Ал, журналистердің қазақстандық жастарға, балаларға қандай тілегіңіз, айтарыңыз бар дегеніне Н.Зенькович: «Мен қазақстандық жеткіншектерге үлгі алатын, еліктейтін адамды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол сендердің мемлекет басшыларың! Барлығың сол адамға ұқсауға тырысыңдар дер едім» деп сөзін аяқтады.

Кітапты аударған қаламгер Қайнар Олжай кітаптың,әсіресе, оқушыларға өте пайдалы болатынын баса айтады. Туындының алғашқы беттерінен  «Нұрсұлтан Әбішұлы бала кезінен бабаларын мақтан етті. Өзінің ата-тегін нәрлі қайнардан қанып ішкендей терең толғаныспен зерттеді» деп басталуы балаларды өзінің ата-бабасын құрметтеуге,, тегін білуге, елін, жерін сүюге тәрбиелейтініне бек сенімді.

З.Әділбек

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2073
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2500
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2117
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1611