Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3859 0 пікір 5 Қараша, 2010 сағат 04:20

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ. Кереку – көне түрiк атауы

1969 жылы Ленинград қаласында жарық көрген КСРО Ғылым академиясының Тiл бiлiмi институты дайындаған «Древнетюркский словарь» бiздiң iздегенiмiздi алдымыздан шығарды. Бұл сөздiктi одақтың ең таңдаулы түркологтары жасағанын айтпасақ та болар: «Кереку - шатер, юрта. Keragu - шатер, юрта: kok (?) kordi keragu juoti - он встретился с трудностями, на себя взвалил шатер (МК I 404); keragu ici ne teg ol - какова внутренность юрты? (ThS ll)» (10, с. 300).   Махмұд Қашқаридiң «Сөздiгi» (Диуани лұғат ат - түрiк) бiздiң Кереку туралы түсiнiктерiмiздi онан әрi толықтыра түседi. Ұлы ғалымның жазуына қарағанда, көне түркiлерде «керекулен» дейтiн етiстiк сөз бар, ол өзiне киiз үй жасап алды, шатыр тiктi деген мағынаны бiлдiредi. Мысалы, «ер керекулендi» - «ер азамат өзiне киiз үй тiктi» деген мағынада қолданылады ( т. 3. с. 205). Дәл осы «кереку» сөзi Севортянның, Щербактың, Будаговтың сөздiктерiнде де аталады. Сонымен көне түрiк тiлiнде «кереку» сөзi киiз үй, шатыр, көшпелiлердiң баспанасы дегендi бiлдiредi. Қазақша нұсқасы «кереге» - киiз үйдiң iргесi, негiзi, қабырғасы мағынасында қолданылады. Моңғол тiлiнде киiз үй - «кер» деп аталады (12, с. 82-86). Бiр ескертетiн жайт, моңғолдың «кер» (үй) сөзiнiң негiзгi түбiрi түркi тiлiндегi созу, жаю, керу мағынасымен үндес. «Құпия шежiреге» сүйенсек, таңғұттардың үйi «терме кер» қазiргi моңғол тiлiнде «терме» сөзi кереге деген мағына бередi.

1969 жылы Ленинград қаласында жарық көрген КСРО Ғылым академиясының Тiл бiлiмi институты дайындаған «Древнетюркский словарь» бiздiң iздегенiмiздi алдымыздан шығарды. Бұл сөздiктi одақтың ең таңдаулы түркологтары жасағанын айтпасақ та болар: «Кереку - шатер, юрта. Keragu - шатер, юрта: kok (?) kordi keragu juoti - он встретился с трудностями, на себя взвалил шатер (МК I 404); keragu ici ne teg ol - какова внутренность юрты? (ThS ll)» (10, с. 300).   Махмұд Қашқаридiң «Сөздiгi» (Диуани лұғат ат - түрiк) бiздiң Кереку туралы түсiнiктерiмiздi онан әрi толықтыра түседi. Ұлы ғалымның жазуына қарағанда, көне түркiлерде «керекулен» дейтiн етiстiк сөз бар, ол өзiне киiз үй жасап алды, шатыр тiктi деген мағынаны бiлдiредi. Мысалы, «ер керекулендi» - «ер азамат өзiне киiз үй тiктi» деген мағынада қолданылады ( т. 3. с. 205). Дәл осы «кереку» сөзi Севортянның, Щербактың, Будаговтың сөздiктерiнде де аталады. Сонымен көне түрiк тiлiнде «кереку» сөзi киiз үй, шатыр, көшпелiлердiң баспанасы дегендi бiлдiредi. Қазақша нұсқасы «кереге» - киiз үйдiң iргесi, негiзi, қабырғасы мағынасында қолданылады. Моңғол тiлiнде киiз үй - «кер» деп аталады (12, с. 82-86). Бiр ескертетiн жайт, моңғолдың «кер» (үй) сөзiнiң негiзгi түбiрi түркi тiлiндегi созу, жаю, керу мағынасымен үндес. «Құпия шежiреге» сүйенсек, таңғұттардың үйi «терме кер» қазiргi моңғол тiлiнде «терме» сөзi кереге деген мағына бередi. Бүгiнгi күнi қалмақтарда, алтайлықтарда, тувада «терме, теребе» - киiз үйдiң керегесi мағынасында қолданылады. Орталық Азияны мекендеген түрiк-моңғол елдерiндегi «кереге» немесе «тереме» сөздерiне қатысты тамаша деректердi С.И. Вайнштейннiң «Мир кочевников центра Азии» кiтабынан тауып алуға болады (13, с. 40 - 77). «Кереге» сөзi - түркi - моңғол, угро - фин тiлдерiнде дөңгелек алаң, дөңгелек деген мағына бередi. Бұл түпкi негiз, әсiресе, мадияр, угрофин тiлдерiнде сақталған (Қараңыз: Энико Сий. Курс венгерского языка. Kerek (kereket, kereke, kerekek) - колесо (15, с. 496). Түрiк-моңғол тiлдерiнде «кереге» сөзi тiкелей дөңгелек киiз үйдi бiлдiредi.

Бiз алысқа бармай-ақ, алдымен XVII - XVIII ғасырдағы орыс деректерiне көз жүгiртейiк. Жергiлiктi өлкетанушылар өз жазбаларында бүгiнгi Павлодар орналасқан жер бұрын «Коряков яр» деп аталғанын жазады. Бiрақ «Коряков» деген көпестiң атына сенiмдерiнiң күштi болғандығы сондай, нақты деректi, сiлтеменi көре тұра, «Коряковқа» «Керекудi» жығып бередi. Мысалы, павлодарлықтарға өте таныс, жергiлiктi өлкетанушылар көп сүйенетiн ЦГАДА архивiнен алынған құжатта былай деп жазылған (1744 жылғы құжат): «Коряков­ской форпост -построен в глухом месте, над рекой Иртышем, сверху реки на левой стороне, расстоянием от Иртыша десять сажень (23, 75 м.), берег высоты 2 аршина (1,4 м), от урочища Корякова яра расстоянием две версты (2,12 м.)...». Бұл құжат Коряков яр немесе Кереку жар аталатын жердiң өзен жағасының - форпосттың қазығы қағылған нүктеден 2 шақырым жерде орналасқанын нақты айғақтап тұр. Бiр сөзбен айтқанда, Кереку жар қазiргi уақытта Павлодар қаласының орталық серуен алаңы орналасқан жағажайы­нан алыс емес, көпiрге жақын тұс. Бұл жар өзi биiк, өзi киiз үй сияқты. Алыстан, өзеннiң сол жағалауынан қараған адам биiк жарды керегеге ұқсататыны соңдықтан.

Кереку жар немесе Кереге жар 1715-16 жылдардағы Бухгольц экспедициясының да құжаттары арасында жүр. Коршауға түскен Бухгольц экспедициясына көмектеспек болып Сiбiр губернаторы М.Гагарин 1716 жылы көктемге қарай Томск, Тара және Тобольскiден жиналған 700 адамдық, оның iшiнде көпестер, солдаттар, тұтқын шведтер (арасында Густав Ренат та бар) керуен жiбередi. Осы «караван с людьми, товарами и казенными деньгами захвачен калмыками за 52 верст от Ямышевской крепости на Корякском яру при Иртыше» деп жазады Ф. Усов (2, с. 46). Бұл дерек «Коряков яр» немесе «Кереге жар» деген топонимиялық атаудың XVII ғасырдың басында кең айналыста болғанын және географиялық нысана ретiнде жақсы қызмет жасағанын бiлдiредi.

Дегенмен, Кереку Коряковтан шықты дейтiн гипотезаның тас-талқанын шығару үшiн XVIII ғасырға дейiнгi дерек керек. Бiз ондай деректi 1697 жылы Ресейдiң әскери, жолаушы қауымына кең танылған Ремезов картасынан табамыз. Қазiргi Павлодар қаласы орналасқан Ертiстiң орта тұсында Жәмiштен елу шақырымдай жерде Ремезов картасында Кереку жар аталатын топоним тұр. Кереге жардан шығысқа қарай «Верблюжий яр», «Толокнянные горы», одан әрi «Жәмiш көлi» және сауда жасайтын орындар көрсетiлген. Бiз Павлодар облысының аумағына қатысты Ремезов қартасының деректерiн бергенi үшiн омбылық ғалым А.В.Матвеевке алғысымызды айтамыз.

Орта Ертiс бойына келген ресейлiктер осы жердегi қалыптасқан топонимдердi мүмкiндiгiнше пайдаланды. Егер бiз орыстың алғашқы бекiнiстерiн, қоныстарын қарасақ, бәрiнiң де атауы тарихи топонимге барып тiреледi. Мәселен, Тобольск, Тара, Омбы, Ачаир, Осморыжск, Пяторыжск, Чернояр, Железинск (Темiрқаш), Семияр (Жетi жар) және т.б. Бiрде-бiр жерде адам аты жоқ. Сол сияқты Коряков те алдында «Кереге жар» (Кереку яр), одан кейiн бiртiндеп славян лексикасының әсерiмен Коряков ярға айналған.

Қорыта келе айтатынымыз, Кереку атауы - Орта Ертiс өңiрiнiң ең көне тарихи атауларының бiрi. Оның топоним есебiнде қолданыс­қа енген уақыты көне түркi, оның iшiнде қимақ дәуiрi. Мағыналық және тарихи құндылығы тұрғысынан «Кереку» атауы осы өңiрдегi Сырлы қала, Қазалы, Қалабалғасын және тағы да басқа атаулармен шендес.

«Кереку» - «Кереге жар» сөзiнiң көне түркi тiлiндегi нұсқасы. Бұл жердiң «Кереге жар» атануы ең алдымен Ертiс өңiрiнiң табиғи ерекшелiгiне байланысты қалыптасқан. «Кереге жар» -қазiргi қала халқының демалыс құратын жағажай тұсы. Өзеннiң сол жағалауынан қарағанда қазақтың киiз үйiнiң биiк керегесiн көзге елестедi. Сонымен, Кереге жар - қазiргi Павлодар қаласының байырғы атауы. Ертiс бойы көне дәуiрден берi адамзатқа жайлы қоныс болған. Көне Кереге жар (Кереку) қимақ қалаларының бiрi екенiн де ендi дәлелдеу қиын болмас деп ойлаймыз.

 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Павлодар қаласы.

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1415
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1248
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1007
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1072