Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2599 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 13:38

«Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары»

Өлілерді асыра құрметтеу үшін тірілерге
жалған сөйлеу қылмыс.

А.Шопенгауэр

 

 

Өлілерді асыра құрметтеу үшін тірілерге
жалған сөйлеу қылмыс.

А.Шопенгауэр

 

 

1976 жылдың жаймашуақ жақсы бір күнінде өзімнің жақын жолдастарым ақын Әлібек Мейірбековті, күйші, сазгер, бүгінде Сырдария университетінің профессоры Бөрі Исаевты және де жақсы, талантты  қобызшы өнерпаз Төлеп Сыдықовтарды үйіме қонаққа шақырдым. Ақын Әлібекпен сымтетік арқылы хабарласқанымда ол үйінде қонақ болып Асқар Сүлейменовтің отырғанын  айтты. Маған «егер де сіз қарсы болмасаңыз, Асекеңмен бірге барсам қалай қарайсыз?» деп сұрады. Әлібектің бұл сөзіне мен қатты қуанып Асекеңе арнайы барып сәлем беріп, танысып үйіме шақырдым. Ол күнде мен Асқарды сырттай есітіп-білгенім болмаса, аралас-құраластығым жоқ еді.  Біздің үйдегі отырыста Асекең марқұм ерекше шешіліп, жадырай сөйлеп, әдебиет пен өнер жөнінде кесек-кесек ойлар айтты. Әңгімесінің ара-арасында әнші-ақын Құтбай Дүрбаев ағасының мендегі мұра болып қалған домбырасын ұстап, «не  деген тамаша аспап» деп бірер күй шерткені бар. Әңгіме желісі негізінен әдебиет турасында өрбіді. Арасында сын да болды. Сүлейменовтің сынынан сол кездегі замандас аға-іні жазушылар да тыс қалмады. Ақын Әлібек Асекеңмен ертеден араласқан екен. Оның пікірлерін «иә-иә» деп қолпаштаумен отырды. Әлібек Асекеңнің терең біліміне ұйығандықтан өзіне ұстаз аға санайды екен. Мен де оқыған әдебиетші болмасам да, Асқардың әдебиет пен өнердің, мәдениеттің үлкен білгірі екендігін қапысыз ұқтым. Асқар марқұм «әдебиет ¬- ардың ісі» деп бағалайтын жазушы еді ғой. «Ергежейлі алып туралы әділ сөзді айта алмайды», ол күндері мен де Асқарды терең түсініп, пайымдай алмаппын рас. Атамыз қазақтың  «түбінде тұрған таудың биіктігі білінбейді, жаныңда жүрген жақсының ұлықтығы білінбейді»  деген емес пе?
Асқар ағамен сол кездесуімізден соң да, елге келгенде жолығысып, сәлемдесіп, әңгімелесіп, пікірлесіп жүрдім. Асқар ағаның мінезі сырын білмейтін жандарға асау аттай көрінетін. Алайда сол мінезі үшін қашпай, қайта жақындаған жан оның жүрегінің өте сезімталдығын, қарапайымдылығын, жаны жарық, білімі терең азамат, әдебиет пен өнердің жақсы жанашыры екенін аңғарар еді. Қыранды қыран ғана қиядан танып біледі дегендей, Әлібек марқұм да Асқар ағасын қатты сыйлап құрметтейтін.
Сөйтіп мен әр кездескен сайын  Асекеңді аз да болса тани түстім. Алматы қаласына жолым түссе, «ағаның үйі ақ жайлау» дегендей арнайы барып сәлем беріп, аман-саулығын біліп қайтушы едім. Асекең марқұм да менің келгеніме, сәлем беріп аға деп сыйлағаныма өте қатты риза болып қуанып қалатын. «Шаруамен сөйлессең тайы менен тайлағын айтады» демекші, оның үйінде, әрине, әңгіме әдебиет пен өнерден өзгеге бұрылмайтын. Асекеңнің дастарханындағы сусыны, тағамы, жақсы көріп ішетіні қымыз ба деп ойладым. Ол қымызын маған өз қолымен құйып беріп отырып өзі де бірге ішіп, бабы келеген қымызды бабын келтіре мақтаушы еді. Жылқы малын ерекше сүйетін.
Анасы Айтоты - Қымбат шешеміз де өте тапқыр сөйлейтін ашық көңілді, әзілді жақсы көретін жан еді. «Ұлы адамның үнін есті де үйіне барма» десе де, ағайын-туыс болған соң, біз Асекеңмен осылайша сыйласып, араласып кеттік.
Ал, Асекеңнің ол заманда көпшілік жанға жұмбақ болып өткені де ақиқат.  Классик жазушымыз Тәкен Әлімқұлов кезінде: «Асқар Сүлейменов арамызда жүріп-ақ жұмбақ жанға айналған. Әр сөздің түбірінен ар іздейтін Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары, болмыс пен танымды таразының екі басына салып безбендеген тума талант иесі» деп баға беріпті. Меніңше Асқар Сүлейменов отаршылдық саясаттың отына табынып, ошағына телмірген замандастарынан озық ойлап  бүгінгі тәуелсіздігімізді аңсаған, сол жолда еңбек еткен суреткер болды. Мұны сезіну үшін жазушының «Бесатар» повесін, драма-диалогтарын, эсселерін  оқып көріңіз.
Асқар ағаның бала-шағасымен аралас-құралас емеспін. Ал, Әлия жеңгемізбен Айтоты екеуі Жетісайға, Асқардың аталасы болып келетін, маған да жақын  Әбдіразақ  ағамыз дүние салғанда танысқан едік. Содан бері сіз-бізімізді үзе қойғанымыз жоқ деп ойлаймын. Алматыға бара қалсам сәті түссе үйіне соғып сәлемдесіп, хал-жағдайын сұрап тұрамын. «Әлия текті жердің қызы»  деп, Қымбат шешеміз бағалағандай-ақ, ол өзінің тектілігін, аяулы жар екенін  Асқарды түсіне білгендігімен, қадірлей алғандығымен және  рухани мұрасын оқырманына жеткізу, насихаттау жолындағы қажырлы еңбегімен танытып келеді.  Зер қадірін зергер біледі деген де осы шығар. 
Асқар аға жөнінде теңізден тамшыдай ғана естелігімді жазушы-академик Зейнолла Қабдоловтың  «Мүсіреповті мақтамау керек, қайта Мүсіреповпен мақтану керек» деген қисынына салып,  Асқарды мақтамау керек, Асқармен, мақтану керек деп аяқтағым келеді. Мәдәлі Жүсіпқожаұлы «Туысқаны аз елдің ерлігі зая болады, Тілеуқоры аз ердің еңбегі зая болады демекші», Асқар ағаның еткен еңбегінің зая болмасына,  қазақ елімен, халқымен мәңгі бірге жасай беретініне ешқандай күмәнім  жоқ.

Оразқожа БЕКАХМЕТҰЛЫ,
Жетісай қаласы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.

P.S. Кемел талант, қазақ әдебиетінде шоқтығы биік қаламгер, есім-сойының өзі дегдарлықтың зипа бітіміне айналған Асқар Сүлейменов ортамызда аман-есен жүрген болса, желтоқсанның 29-ы күні 70 жасқа толар еді.

0 пікір