Жұма, 17 Мамыр 2024
46 - сөз 3817 1 пікір 21 Маусым, 2017 сағат 14:11

"Қадыр түнін" көру мұсылмандықтың шыңы!

Хабарласудың тетіктері көбейген сайын информация жан-жақтан толассыз ағылуда...келіп жатқан хат-хабардың кейбіреуіне көзің түсетіні бар. Ватсаптан келген бір видобаянда діни уағыздан үзінді жіберіліпті. Ішінде Қадыр түні туралы айта келіп, "...соңғы он күнде қапы қалма, әсіресе тақ күннің түнінде. Ұйықтамай күт, ғибадатпен өткіз! Қадыр түніне жолығасың да 83 жылдың сауабына ие боласың, сонсоң қалған он бір айда ұйықтай бер!" деп қалды. Ойланып қалдым... Адам ауыздан шыққан әрбір сөзге жауап беруге тиіс. Егер ол дін адамы болса тіптен. Айтушының арғы жағында жаман ойы болмаса да, ойланбай сөйлеп, орынсыз мінез көрсеткені ақиқатқа қиянат.

Алматы Алатаудың бөктеріне орналасқан, Тянь-Шанның сілеміндегі бір биіктің аты "Абай шыңы" деп аталады. Басына шыққысы келген кісі ең әуелі етегіне барып басындағы бөркі түсердей шалқасынан қарап биікке көз салады. Қолындағы көмекші таяғын жерге тіреп, аяғын нық басып өрлей бастайды... су жағалайды, сайды өрлейді, қияға жармасады, жартастан жармасып өтеді, бұта-бүргеннен ұстап шыңға өрмелейді... Салып қойған даңғыл жол жоқ. Жаза басып тайып кетсе жазым болады. Оның үстіне сол күні келіп тауға тартқан адам дымы құрып орта жолдан қайтады. Шыңға шығу үшін ұзақтан бері даярлығы, жаттығуы болған жан ғана алдындағы "Абай шыңына" алқынбай шыға алады.

Сол секілді "Қадыр түнін" көру мұсылмандықтың шыңы! Ол ғибадаттың биігі, тақуалықтың таразысы, ыждағаттылықтың, айнымас ниеттің табандылығы. Мың айдан қайырлы(83 жыл) құлшылықтың сауабына жету он бір ай ұйықтап, он күн ұйықтамай асығып-аптығып жүгірген кісі жететін жеңіс емес.
Құран рамазан айында түскен, осы айдағы Қадыр түнінде алғашқы аяты Алладан жетті. Ардақты Пайғамбарымыз(с.ғ.с) ол туралы хадистері арқылы үмметтеріне жеткізді. Үздіксіз, тұрақты, табандылықпен ықылас танытып ниет етіп ғибадатын жалғастырған құл сол бір сәтті көріп, Қадыр түнінің Нығметіне бөленеді.

Әлгі "Абай шыңына" беттеген адамның бірден тау басына ұшып барып қона салмайтыны секілді, Қадыр түнін көретін мұсылманда мың мехнат, жүз жүгіністерден өтіп Алланың рахымына жетеді. "Дін өте нәзік, қып-қызыл шоқ секілді, ұстасаң қолың күйеді, ұстамасаң имансыз кетесің".

Иә, Алла сіздерге табанды тақуалық, адаспайтын тура жол, үздіксіз ғибадат нәсіп етсін! Қадыр түнінің шапағаты шаңырақтарыңызды Нұрға бөлесін!

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2209
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625