Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5193 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 13:59

Н. М. ЯДРИНЦЕВ. ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

Шоқан Уәлихановпен мен Петерборда 1860 жылы Григорий Николаевич Потанин арқылы таныстым. Алдымен мен онымен жай кездесіп жүрдім, сонан соң оған кішкене көмек қылуға мүмкіндік туды1. Менің онымен таныстығым Сібірде де жалғасты2, ол шамамен 1865 ж.*1 Омбы қаласынан Черняевпен бірге Түркістанға аттанып, бірақ кейін қырға, туыстарына оралып, қайтыс болады. Г.Н. Потаниннен мен Шоқан Уәлиханов онымен Омбы корпусында дос болғанын білдім; 1860 жылы олардың әрқайсысы 25 жаста еді. Шоқан Уәлиханов корпуста ізденімпаздық және асқан қабілеттілік танытты, ол көп оқыды және оның сүйікті авторлары Диккенс пен Теккерей болды. Бұл авторлар оған ерекше ұнады, себебі Уәлихановтың өзі керемет әзілқой болды, ол туралы төменде айтамын.

Шоқан Уәлихановпен мен Петерборда 1860 жылы Григорий Николаевич Потанин арқылы таныстым. Алдымен мен онымен жай кездесіп жүрдім, сонан соң оған кішкене көмек қылуға мүмкіндік туды1. Менің онымен таныстығым Сібірде де жалғасты2, ол шамамен 1865 ж.*1 Омбы қаласынан Черняевпен бірге Түркістанға аттанып, бірақ кейін қырға, туыстарына оралып, қайтыс болады. Г.Н. Потаниннен мен Шоқан Уәлиханов онымен Омбы корпусында дос болғанын білдім; 1860 жылы олардың әрқайсысы 25 жаста еді. Шоқан Уәлиханов корпуста ізденімпаздық және асқан қабілеттілік танытты, ол көп оқыды және оның сүйікті авторлары Диккенс пен Теккерей болды. Бұл авторлар оған ерекше ұнады, себебі Уәлихановтың өзі керемет әзілқой болды, ол туралы төменде айтамын.

Петерборда мен Шоқан Уәлихановпен Қашғар сапарынан кейін даңқы жайылған офицер ретінде кездестім. Шығыстанушылар онымен таныстықта болып, мен оның әртүрлі шығыстық қолжазбалар мен карталармен айналысып жүргенін көріп жүрдім. Дегенмен, кейінірек мен оның тапжылмай отырып еңбек ететін ғалым емес екенін, оған түркі әдебиеті саласы оңайға түсетінін байқадым, себебі ол қырғыз тілін еркін меңгерген еді. Ол қытай тілін білмеді, бірақ қытай авторларының аудармаларын қызығып оқыды. Ол өзінің біліміне күле отырып, карта ойнағанда жолы болу үшін қытайдың бір белгісін қоятыны туралы айтатын. Ол өзін іскер адам ретінде көрсетуді жақсы көретін, бірақ онысы шынайы емес. Белгілі бір уақытта ол Невскийге портфелін алып серуенге шығатын. Шынтуайтына келгенде, ол алаңсыз өмір кешті, менің байқауым бойынша, оның бойында зиялығымен қатар гвардия офицерінің кербездігі болды.

Қазақы түр және нәзік келбетіне, қысқа мұртына қарап оны әдетте кескінсіз болып келетін монғолдық нәсіл деп ойлау қиын, оның бет-пішіні сүйкімді әрі білімді қытайға келетін. Есесіне оның сымбатты мүсіні мен жүріс-тұрысы өте көркем еді, онда нәзіктік болатын, ал кербез қимылы оған еуропалық сибарит пен дендидің сипатын үстейтін. Осының бәрі ерекше әсер туғызатын, қысыңқылау көздері ақыл-ойға тұнып жарқырап тұратын, жіңішке еріндерінен мысқылға толы күлкі кетпейтін, бұл оған Лермонтовқа және Чайльд-Гарольдтқа тән келбет үстейтін. Оның әңгімелері ылғи да ұтқырлықпен ерекшеленетін, ол өте байқампаз әрі мысқылшыл еді, бұдан оның тайпалық ерекшелегін байқауға болады (қырғыздар өте мысқылшыл халық), ал білімге ие Уәлихановтың бұл қасиеті тіптен жарқырай түсетін. Оның мысқылы гейнелік юмор мен сатиралық сипатта еді. Біреуді кекеткен кезде түйреп жібере жаздайтын, мұндай тілі ащы адамды мен сирек кездестірдім.

Оның барлық кекесін-мысқылдары есімде жоқ және олардың барлығы белгілі сәт пен жағдайға құрылғандықтан жеткізу қиын. Есімде қалғаны, Омбыда Капустиндердің үйінде түстеніп отырғанда сәнді киінген бір франт келді. Ас үстінде Теккерей туралы әңгімені естіп, Уәлихановтан өзін сол мырзаға таныстыруды өтінді. Түскі астан кейін Уәлиханов оны Теккерейдің ілулі портретіне салтанатты түрде алып барып, оған франтты таныстырғалы тұрғанын төңірегіндегілерге маңызды түрмен айтып, түсіндірді. Сол Омбыда өресі тар, шектеулі кәрі штат генералы болатын3, бірақ өте атаққұмар жан еді. Уәлиханов үшін ол таусылмайтын келеке көзі болды. Мәселен, үйге кіріп, қонақ бөлмеде генералды көріп, оның осында екенін бірден білгенін, себебі кіреберісте орден лентасы байланған галош көргенін айтатын. Кейде Уәлиханов ойдан да қосатын, бірақ сол өтірікте көп кекесін бар болатын.

Сонымен қоса, ол ақынжанды, шығыс адамдарына тән ой-қиялы ұшқыр жан еді. Ол араб өлең-жырларын жақсы көрді және өзінің ұстазы Костылецкий екеуі бірігіп оқып, сүйсінетін. Оның ой-қиялының жүйріктігін мынадан байқауға болады, ол үнемі шығыстық өлеңдерге тақырып ойлап табатын, ал достық әңгіме арасында Крестовский оны бірден жырға айналдыратын. Олардың басым көбі жеңіл тақырыпта болғанымен, Уәлихановтың тапқырлығы мен өткірлігі сезіліп тұратын.

60-жылдары Уәлиханов орыс өмірінің қозғалысы мен жаңаруын бақылап отырды, ең жақсы журналдарды оқыды, Костоморов сүйікті профессоры еді, Уәлиханов оны тыңдау үшін университетке баратын.Тап осындай қызығушылықпен Уәлиханов Орыс географиялық қоғамында не боп жатқанын бақылап отыратын, қырғыз даласы туралы географиялық мәліметтер мен қамтамасыз етіп, қырғыздар жайлы этнографиялық зерттеулер жүргізіп, материал дайындады, т. с. с. өз мәліметтерімен көмектесетін.

Әкесі бай сұлтан болса да, Петербордағы зайырлы сән-салтанатты өмір Шоқан Уәлихановқа қымбатқа түсті. Петерборда Ш. Уәлиханов Азия департаментіне жолдамамен келген болатын. Оның Петерборда қанша уақыт болғаны есімде жоқ, бірақ 1862 және 1863 жылдары мен оны кездестірмедім, ол өзінің қызмет орны Омбыға кетіпті. Туысқандарының қолдауымен және олардың мақтанышына айналған ол сұлтан болып сайлауға түсуге бел буды деп естідім. Әрине одан артық адамды табу қиын еді. Ол толыққанды білім алған, зиян әдеттерден аулақ адам еді және білімі мен мәдениеті жағынан төмен тұрған қандастарына астамсып қарамайтын. Ол өзін қоршаған орыс ортасын түсінді және еуропалық өркениеттің негізінде онымен етене болуға әзір еді. Бұл оның өмірінің жаңа қағидасы еді. Осы бір ағартушы қырғыздың көзқарасы мен сезімін дәл бейнелеу үшін келесі көріністі мысалға келтіремін. Біз онымен 1863 жылы Омбыда қайта кездескенімізде, Г. Н. Потанин қатысқан Струве экспедициясынан оралған болатын.

Осы кездесуді атап өтіп, біз бір кеш жиналып отырдық. Шоқан да осы отырыста болды. Эдуард Струве қырғыздардың казактарды жек көретіні жайлы әңгіме қозғады. Кенет Уәлихановтың еріндері кекесінмен дір етіп, өзінің ең жақын досы әрі мектептес жолдасы, бұрынғы казак сотнигі Г. Н. Потанинге сондай мейірлене көз тастап, Струвенің алдына тұрып былай деді: «Мен қырғыздардың казактарды жек көрмейтініне куә келтіргім келеді. Сондықтан да қырғыз ретінде казак досымды құшамын және оған арнап тост көтеремін». Осылайша, ол Потанинді ыстық ықыласпен құшақтап сүйді.

1863 жылдары мен Сібірге, Омбыға оралған сапарларымда, Уәлихановты бірнеше рет кездестіріп, онымен достық қатынасымды үзген емеспін. Ол баяғыша сымбатты әрі өткір ойлы болатын; астанада қалыптастырған дендилік әдет-қылықтарын жоғалтпапты. Оның денсаулығы мықты емес, өкпе ауруына шалдыққаны күмәнсіз еді. Астаналық өмір мен оның қызықтары оған зиянды әсер етті. Дегенмен, ол Петерборға қайта оралмақ болатын. Бірақ, бұл жоспар жүзеге аспады. Ол туған даласына қайтты, кейіннен мен оның генерал Черняевтың жасағымен Ташкентке кеткенін естідім. Бұл жерде оның адъютант және аудармашы ретінде өсуіне көп мүмкіндік болатын. Әйтсе де, генералмен арадағы кикілжіңге байланысты Уәлиханов қырға, туыстарына оралды. Екі қайраткердің мінездері сай келмеді ме, немесе Уәлиханов Орта Азияда болатын күресті сезініп түршікті ме, ол жағы белгісіз боп қалды. Уәлиханов кейін қайтып, ауылға аттанады. Мұнда ол қырғыз қызына үйленіп, туысқандарымен бірге қырғызша өмір кешеді. Қайырымсыз өкпе ауруы бұл жерде оның өн бойын билеп, ақыры жеңіп тынады. Осылайша ол өмірден ерте кетеді.

Дарынды да, білімді өзге ұлт өкілінің еліне оралуының қайғылы жағы да бар. Өркениет пен мәдениеттің талғампаз әрі байқампаз Шоқан Уәлиханов үшін ауыр да өткір тұстары да болды. Көңілі қалған сәттерде ол тура Пушкиннің Алекосы сияқты тыныш әрі қарапайым халық арасына қайта келеді.

Астана өмірінен көпті көрген сымбатты денди джентельмен балалық шақтың алаңсыз күндеріне оралғысы келгендей қырғыз қызына үйленеді. Қырғыздың киіз үйінде бесіктен шыққан дарынды қырғыз өмірінің соңғы сәтінде өз отанына оралып, туғандарының арасында тыныш өмір кешеді. Бұл дарынды туманың өзге өмірді, өркениетті көріп, білім алып ақыры осының бәрінен безініп келген тағдырының бір көрінісі. Бұл безінуде өзге елдің мәдениетіне сенбеу, қауіптену, өз-өзін сақтап қалуға деген ниет жатыр. Дәл осы сезімнің жетегімен Шоқан Уәлиханов туған жеріне оралса керек. Ескі орта, әдет-ғұрып, туған ел жүректен оңай кетпейді, Шоқан өзінің еліне, жеріне адал, халқын сүйетін азамат болып қала берді. Оның арманы халқын сақтай отырып, оны еуропалық біліммен сабақтастыру еді.

Көп жыл өткеннен кейін біз Шоқан Уәлихановтың бейітіне арнап ескерткіш тұрғызу жайлы сөйлесуге келген Шоқанның туыстары, екі қырғыз қартты көрдік. Олардың бірі сұлтан Мұса Шорманов болатын. Бұл тілекті генерал-губернаторлардың біреуі айтса керек4. Жоңғарияға саяхат жасаған, География қоғамының мүшесі бұған әрине лайық болатын.

Қариялармен әңгімелесе отырып, біз қазақ даласының өкілдері - қарттардың көз жасының куәгерлері болдық. Шоқан өз ұлтының мақтанышы және сүйікті ұлы болды. Және ол естеліктерде де осылай қала бермек.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2113
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2525
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2224
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629