Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4511 0 пікір 3 Қазан, 2010 сағат 18:19

Е.Сайлаубай. Семейдегі бүкілресейлік құрылтайға сайлау

Уақытша үкіметтің Семей облысы көле­міндегі билік органы болған, 1917 жылдың 5 наурызда құ­рылған Се­мей облысының атқару комитетінің негізгі міндеттерінің бірі - Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлаудың еркін әрі ашық түрде өтуін қамтамасыз ету [1].

Уақытша үкімет бұрын Дала генерал-губернатор­лығының құрамына енген Ақмо­ла және Семей облыс­тарын бір сайлау ок­ругіне енгізді. Дегенмен мұндай шешіммен келіспеушілік те болған. Омбы облыстық ко­алициялық комитеті Дала округінде Құрыл­тай жина­лысы сайлауын ұйымдастыру мәсе­лесін талқылап, екі облысты бір сайлау ок­ругіне біріктіруді қолайсыз деп тапты және Министрлер кеңесінің төрағасы мен Ішкі іс­тер министріне мынадай мазмұндағы жеделхат жолдады:

Уақытша үкіметтің Семей облысы көле­міндегі билік органы болған, 1917 жылдың 5 наурызда құ­рылған Се­мей облысының атқару комитетінің негізгі міндеттерінің бірі - Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлаудың еркін әрі ашық түрде өтуін қамтамасыз ету [1].

Уақытша үкімет бұрын Дала генерал-губернатор­лығының құрамына енген Ақмо­ла және Семей облыс­тарын бір сайлау ок­ругіне енгізді. Дегенмен мұндай шешіммен келіспеушілік те болған. Омбы облыстық ко­алициялық комитеті Дала округінде Құрыл­тай жина­лысы сайлауын ұйымдастыру мәсе­лесін талқылап, екі облысты бір сайлау ок­ругіне біріктіруді қолайсыз деп тапты және Министрлер кеңесінің төрағасы мен Ішкі іс­тер министріне мынадай мазмұндағы жеделхат жолдады:

«Омбы облыстық коалициялық комитеті Ақ­мола және Семей облыстарын бір сайлау округіне біріктіруге кесімді түрде қарсы. Об­лыстар арасында өмірлік байланыстың жоқ­тығы, Дала генерал-гу­бернаторлығының та­ра­тылуы, сайлаудың пропор­цио­налдық жүйе негізінде өткізілуі жағдайында қазақ­тар­дың әр облыс бойынша жеткілікті орын алуына мүмкіндіктерінің болуы, сайлауға дайындықтың шұ­ғыл түрде жүргізілуі қа­жет­тігі және округ тер­ри­ториясының ауқым­дылығы жағдайында үкіметтік, қо­ғамдық ұйымдардың іс-қимыл жүргізуінің қиынға түсетіні екі жеке сайлау округтерін құруды қажет етеді» [2]. Алайда Уақытша Үкімет Омбы коалициялық комитетінің бұл ұсынысын қолдамады және "Сайлау істері жөніндегі ережеге" сәйкес құрылған сайлау округтерінің еш өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.

Қазақ өлкесіндегі алты округтік комис­сияның бірі Омбы қаласында құрылған Дала округтік комиссиясы еді. Оның төрағалығына Омбы сот алқасының мүшесі сайланды. Құ­рамы: Омбы, Семей округтік соттарының бір-бір мүшесінен, Омбы және Семей облыстық басқар­масының екі мүшесінен, Сібір казак әске­ри бас­қармасы сайлаған бір мүшеден және Ақмо­ла мен Се­мей облыстық Қазақ комитеттерінің бір-бір мүшесінен тұрды [3]. Құрылтай жина­лы­сына сайлау ісі бойынша құрылған Семей облыстық комиссиясының құрамы: төрағасы - Станкевич, мүшелері: Виноградов, Ки­ниц, Тарабаев, Ермеков, Әлімбеков, Малдыбаев жә­не Никитиннен түзілді. Семей қалалық Құрылтай жина­лысына сайлау комиссиясы 1917 жылы 2 қазанда өз қызметіне кіріскен болатын. Оның төрағасы: Семей округтік сотының мүшесі - А.Никольский, орын­басары - Семей уезіндегі екінші учаскенің бітістіруші соты - С.Здоровченко және мүшелері: Семей уезіндегі үшін­ші учаскісінің бітістіруші соты - И.Лукась, И.Воржиков­ский, Т.Мырзалинов болды [4].

Облыстың қоғамдық-саяси өмірінде 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ сиезінің алатын орны ерекше. Бұл жиынның өзіне тән басты ерекшелігі - мемлекеттік басқару мен қазақ ха­лқының автономиясы туралы мәселелер бойынша қабылдаған шешімдері. Ол шешімде былай делін­ді: «Рос­сия мемлекетінің терри­то­риясының кеңдігін, оны мекендейтін халық­тардың ерекшеліктерін, олар­дың мәдени дәре­жесінің әртүрлілігін ескере отырып, съезд федеративтік демократиялық республиканы жақтайтындығын білдіреді» [5, 105-106]. Осы сиезде облыстық Қазақ комитеті өз бағ­дарламасын ұсынды. Бағдарлама қазақ қоғамы үшін жанды да жауапты Құрылтай жиналысы, мемлекеттік басқару түрі, ав­то­номия және жергілікті басқару, жалпықазақ сиезі, халық­қа білім беру, сот, қоғамдық қазына, 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты шығындарды өтеу сияқты мәселелерден құрылған еді [6,43].

Алаш партиясының облыстық ұйым­да­ры 1917 жылы қазан айында құрыла баста­ды. Ә.Бө­кейхановтың ұйымдастыруымен жә­­не бас­шылығымен қазанның 12-20 ара­лығында алдымен Семейде, кейін Омбыда партияның облыстық ұйымдары құрылды. Семей об­лыстық партия комитетінің төрағасы болып Х.Ғаббасов сайланады. Алғашында Алаш партиясы өкілдері халықты бірлікке шақырып, алдағы келе жат­қан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауына қа­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­зақ ұлты атынан бір ғана тізім ұсынуды және сол тізім құрамына тек жалпықазақ сиезінде көрсетілген зиялы­ларды ғана енгізуді уа­ғыздайды. Семей облы­сынан арнайы ұсы­нылғандар: 1. Г.Потанин; 2. Ә.Бө­кейханов; 3. Ә.Ермеков; 4. Х.Ғаббасов; 5. М.Боштаев; 6. Ж.Ақпаев; 7. Б.Сәрсенов; 8. А.Қозбағаров [7, 42-43]. Бірақ, Дала окру­гінде ойламаған жерден тағы да бір қазақ кандидаттары тізімі пайда болады. Бұл тізім жаңадан құрылған «Үш жүз» партиясының ті­зімі еді  [8,17]. Саясат сахнасында өз партия­сын орнықтырып, оны көпшілікке кеңінен таныстыру үшін К.Төгісов пен оның пікірлес­тері өз жақтастарының бір тобын Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар ет­іп ұсынды. Ұсынғандардың қатарында Ақмола об­лыстық қазақ комитетінің үш мүшесі: Х.Бекқожин, Қ.Торсанов, Б.Әділов; Омбы уездік қазақ комитетінің төрағасы М.Айтпенов және Петропавл уездік қазақ комитетінің төрағасы Ғ.Қуанышев болды. К.Төгісовтың өзі кандидаттар қатарынан Бүкілроссиялық шаруалар Советінің атқару комитетінің мү­шесі ретінде орын алды. «Үш жүз» тізімі бойынша Құрылтай жиналысы депутаттығына ұсынылған жоғарыда аталғандар не­гізінен сол кездегі россиялық үш саяси партияға: эсер­лерге, ұлттық социалистерге және со­циал-де­мок­раттарға іш тартты [5,128]. Сай­­лау басталмай жатып-ақ халықтың қабыл­дамағанын сезген Үш жүз кандидаттары өз еріктерімен сайлау тізімінен шыға бастайды. Олардың кейбіреулері өздерін тізімге сырт­тан, яғни депутаттыққа кандидаттың келісімінсіз қос­тырғанын ескертеді [8,17].

Семей қаласында осы өңірдің мұсыл­мандарының қорғанышы болар «Семей мұсыл­мандар комитеті» қоғамдық негізде құрыл­ды. Комитет төрағалығына М.Ел­­ші­баев, орын­басарлары болып Н.Тайыров пен Х.Бек­теміров, хатшылығына В.Сайдашев пен С.Әу­бәкі­ров, қазынашылыққа Х.Сайдуков сайланды. Бұл комитет Ресейлік мұсылмандар атынан және Семей мұсылмандары атынан саяси өмірдің барлық ағымдық бағыттары бойынша қызмет ететінін жариялады [6,42].

Негізінен, Дала округі бойынша саяси пар­тиялар, қоғамдық, әскери, діни бірлес­тіктер, түрлі ұлт өкілдері ұсынған 14 тізімнің кандидаттары сай­лауға түсті [9]. Олар: №1. Сібір казак әскерінің екін­ші әскери округінің тізімі (11 кандидат); №2. Дін қыз­меткерлері мен тұрғындардың Орталық ко­митеті (7); №3. Ресей социал-демократиялық жұ­мыс­шы пар­тиясының (большевиктер) Омбы комитеті (4); №4. Ресей социал-демок­ра­тия­лық жұмысшы пар­тиясының (интер­на­цио­на­листер) Омбы ұйымы (14); №5. «Алаш» партиясы (19); №6. «Халық бос­тан­дығы» пар­тиясы мен сауда өнеркәсіптік топ­тар­­дың бірлескен блогы (14);  №7. Мұсылман-социа­лис­тер (3); №8. Ақмола және Се­­мей социалист-ре­волюционерлердің комитеті, Ақ­мо­­ла жә­не Семей об­лыстық шаруа депутаттарының Ке­­ңес­тері, Ом­бы әскери округінің солдат-шаруа Кеңес­те­рі­нің бір­лес­кен тізімі (19); №9. Сібір казак әскерінің ең­бек­ші ка­зак­тары (5); №10. Социалистік топтардың бло­­­гы (со­циа­лист-революционерлер, социал-демократтар-мень­­­ше­­­виктер, социал-демократтардың «Бірлік» то­­­­­бы, Еңбекші халықтық социалистік пар­тия) (13); №11. Қазақтың социалистік-са­яси «Үш жүз» партиясы (13); №12. Неміс ұлтының Омбы топтары (4); №13. Татардың демократиялық топтары (1); №14. Пет­ро­­павл қаласының православ азаматтарының тобы (7).

Құрылтай жиналысы сайлауына дайын­дықтың ең маңызды буыны халыққа сайлау­дың қыр-сырын түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын ұйым­дастыру болып табылады. Несиешілдер одағы Сібір жерлестер ұйымының өкілдерімен бірге ауылды жер­лерде үгіт-насихат жұмысын жүргіземін деу­шілерге арнап Мәскеу қаласында қысқа мер­зімді курстар ұйымдастырған [10]. Аталған одақ облыстағы шаруа қожалықтарының басын біріктіретін ұйым ретінде ауылдар мен селоларда насихат жұмысын жүргізу, қажет әдебиеттермен қамтамасыз ету істерін өз қолына алды. Несиешілдер одағы жергілікті зиялы қауым өкіл­дерінің қолдауымен Семей қаласындағы Жоғарғы бастауыш Қыздар учи­лищесінде Құрылтай жиналысын насихат­тайтын нұсқаушыларды дайындау үшін күн сайын кешкі сағат 5-тен кейін дәрістер, пікір алмасулар ұйымдастырған [11].

Құрылтай жиналысының атқаратын қыз­меті және оған лайықты өкілдер сайлау мәселе­сі жөнінде жергі­лікті басылым беттерінде мақалалар жарияланып, Құрылтай сайлауы туралы мағлұмат беріліп отырған. Семейдегі мемлекеттік басқаруға ұмтылған түрлі саяси күштер өздерінің бағыт-бағдарын халық ара­сында насихаттауды баспасөз арқылы жүр­гізген.

1917 жылы 4 қазанда Құрылтай жи­налысы сайлау істері жөніндегі Семей уездік комис­сиясы­ның мәжілісі өтіп, уезд аумағында земстволық сай­лау кезіндегідей сайлау учас­кілерін құру мәсе­лесі қаралды. 1917 жылдың 11 қазанында Семей облыстық сай­лау комиссиясының мәжілісі өтіп, Семей қаласын сайлау учаскілеріне бөлу туралы қалалық сай­­­­лау комиссиясының жобасын бекітті. Семей қала­сы төрт сайлау учаскісіне бөлінді. Дала округіндегі сай­лаудың алғашқы күні 25 желтоқсанға, соңғы күні 31 желтоқсанға белгіленді. Тізімге қатысты шағымдарды қалалық басқарма 25 қарашаға дейін қабылдап, то­лықтырылған, түзетілген сайлаушылардың тізімін қай­та­дан жариялаған. Кандидаттар тізімін қабылдау да 1917 жылдың 25 қарашасында тоқтатыл­ған [12].

Уақытша Үкіметтің «Құрылтай жина­лысына сай­лау істері жөніндегі» қаулысына сәйкес Құрылтай жи­налысына сайланатын депутаттардың саны халықтың санына бай­ланысты болды. Екі жүз мың адамнан бір депутаттан сайланбақ. Семей облысындағы ха­лықтың саны 1.157.200 адам, ал Ақмола облысында 1.591.000. Сәйкесінше Семей облысынан 6, Ақмола облысынан 8 депутат сайлау көзделді. Қазақтар Семей облысындағы халықтың 73 пайызын (845,756), Ақмола облысындағы халықтың 36,6 пайызын (582,306) құ­рады. Яғни Семей облысындағы қазақ депутаттары - 4, қазақ кандидаттары 8, Ақмола облысындағы қазақ депутаттары 3, қазақ кандидаттары 12 адам болуы тиіс еді. Семей қаласы бойынша Құрылтай жиналы­сы сайлауының қорытындысы төмендегі­дей: бірінші орында "Алаш" партиясы (3304 дауыс), екінші орында "Халық еркіндігі пар­тиясы (1872 дауыс), үшінші орында татар мұсылман-социалистер тізімі (1565 дауыс).

Құрылтай сайлауы науқаны Алаш қа­ласы бойынша 1917 жылдың 13 желтоқсан­нан басталды. Сайлау 26-30 желтоқсан күн­дері сағат таңертеңгі 9-дан кешкі 9-ға дейін, ал 31 желтоқсан күні таңертеңгі 9-дан түскі сағат 1-ге дейін өткізілген.

1) Алаш қаласы бойынша халықтың жалпы саны - 8156 адам болған, оның 4598-і ер адам, 3560-ы әйел адам; соның ішінде дау­ыс беру құқығы барлар (20 жастан жоғары): 1484-ер адам, 1353-әйел адам, барлығы - 2887 адам.

2) Сайлауға қатысқандар саны: 2106 адам, оның ішінде-1213-і ер адам, 893-і әйел адам, дұрыс дауыс саны-2097. Сайлауға қатысқандар саны: 780 адам, оның ішінде 271-і ер адам, 509-ы әйел адам.

Сайлау қорытындысында №5 тізімді Алаш пар­тия­сы үлкен басымдықпен жеңіске жет­кен: 1801 да­уыс [6;66]. Сайлау қорытындысы Қазақстанның шы­ғыс өңірінде Құрылтай жиналысы науқаны ерекше дайындықтың нәтижесінде өткізілгенін айқын көрсетті. Түрлі саяси партиялар, қоғамдық және діни бірлестік­тер, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері өздерінің тізімдері бойынша демократиялық сайлау құқығы мүмкіндігін іс жүзіне асырған.

«Қазақ тарихы» журналынан

 

 

0 пікір

Үздік материалдар