Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2853 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 11:56

Жаңа жобалар –тың өндірістер

Индустриялық-инновациялық даму

Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында облысымызда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Алайда екінші жарты жылдыққа белгіленген жоспар артығымен орындалатын болады. Жаңа жобалардың саны қосымша бес инвестициялық жобамен толықты. Бұл туралы сейсенбі күні облыстық үйлестіру кеңесін өткізген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

Индустриялық-инновациялық даму

Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында облысымызда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Алайда екінші жарты жылдыққа белгіленген жоспар артығымен орындалатын болады. Жаңа жобалардың саны қосымша бес инвестициялық жобамен толықты. Бұл туралы сейсенбі күні облыстық үйлестіру кеңесін өткізген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

Екінші жартыжылдықта іске қосу көзделген жаңа жобалардың жалпы құны 31 млрд. теңгеден асады. Солардың бірі - «Каустик» АҚ-ның жаңа өндірісінің тұсауы Тәуелсіздік күні қарсаңында кесіледі деп күтілуде. Мұнда хлор және каустикалық ұнтақ өнімдері бұрынғыдай сынап әдісімен емес, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз мембранды технология бойынша шығарылады. Жоба кестеге сәйкес жүзеге асу үстінде. «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің №5 энергоблогында электр сүзгілерін орнату ісі де мерзімінде орындалуда. Алғашқы сынақ жұмыстары да басталып кеткен. Екібастұздық тағы бір кәсіпорын - «Богатырь Көмір» серіктестігі де кеніште көліктердің жүру жолын қайта жаңғырту ісінің аяқталып қалғанын мәлімдеді. Бұл жобаны іске асыруға 2,9 млрд. теңге жұмсалды. Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры А.Есенжолов жоспарланған 6 жобаның екеуі аймақтық индустрияландыру картасына енгізілгенін, электр пеші мен жылу энергетикалық жабдықтарды күрделі жөндеу ескілді маңзыды істердің барлығы желтоқсан айында тәмамдалатынын жеткізді. «Павлодарэнерго» АҚ №3 жылу-электр станциясының да қазандық агрегаты белгіленген мерзімде іске қосылып, өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Облысымызда индустриялық картаға енгізілмесе де, арнайы комиссияның ұдайы бақылауына алынған бұдан да басқа инвестициялық жобалар бар. Кеңес барысында олардың да сәтті жүзеге асып жатқаны айтылды.

Ауыл шаруашылығы бойынша да бірқатар инновациялық жобалар қолға алынған. «Ақтоғай-Агро» серіктестігі 8500 тонна өнімге лайықталған көкөніс сақтау қоймасын жуырда қолданысқа енгізбек. Айта кетелік, аталмыш жобаның ілгері басуына облыс әкімінің «Қазагро» ұлттық компаниясына тікелей өтінішпен шығуы оң ықпал жасады. «Андас» шаруа қожалығы алғашқыдай мәлімделгендей 3 мың тонналық емес, 6,5 мың тонна көкөніс сыятын қойма құрылысына белсене кіріскен. Соңғы кезде «Фудмастер» компаниясының бір филиалына айналған «Сүт» кәсіпорны да шығарылатын өнімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік алды. Кәсіпорын директоры С.Дүйсембаева облыс әкіміне көрсетілген қолдаулар үшін алғысын жеткізді.

Ал «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның биыл іске асырып болуға тиіс бір жобасы кейінге қалдырылды. Айта кетелік, компания осы жылы екі инвестициялық жобаны аяқтауды жоспарлаған болатын. «Шығыс» кенішінде жер бетін аршудың циклдық-ағымдық кешенін құру жобасы сәтімен жүзеге асты. Бірақ корпорация екінші жобасын - Ақсу электр станциясының екінші энергоблогын қайта қалпына келтіруді келер жылы тәмамдайтын болады. Бұған себеп те бар. Компанияның вице-президенті Н.Арипходжаевтың түсіндіруінше, «Харьковтяжмаш» зауытының дайындаған турбогенераторы талапқа сай болмай, қайтадан жетілдіруге жіберілді. Құрал-жабдық жоғары вольтті электр қуатының сынағына төтеп бере алмаған көрінеді. Ендігі жерде зауыт турбогенераторды қазан айында жөнелткен күнде де біздің жаққа ол қараша-желтоқсан айында жетеді. Онда да құрал-жабдықты қайтадан сынақтан өткізу қажет, оған да біршама уақыт кетеді. Осының бәрін есепке ала келе, корпорация энергоблокты іске қосуды 2011 жылдың сәуір-мамыр айларына шегеріп отыр. Облыс әкімі бұл туралы арнайы хатқа қол қойып, Үкіметке жібергенін айтты.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері бұдан кейін жаңадан белгілі болған инвестициялық жобалармен танысты. Павлодар қаласында салынатын шыны зауыты мен Екібастұз қаласында жоспарланған кешенді қорытпалар, эмульсиялық жарылғыш заттар қоспаларын, кокс өндірісіне қолданылатын шикізаттар шығаратын өндірістер - аймақтық индустрияландыру картасына енгізуге тұрарлық жобалар. Мәселен, шыны зауытын кезінде Қызылорда және Ақтөбе жерінде салу жоспарланған, бірақ іске аспай қалған. Қазірде бұл жобаны қытайлық-қазақстандық компания қолдауға дайын. Егер жоба сәтімен іске асса, облыстың ғана емес, тұтас елдің саласын дамытуға үлес қосады. Облыс әкімі айтып өткендей, осылайша Екібастұз тек көмірімен ғана емес, басқа да салаларға жататын өндірістерімен танылатын болады. Аймақ басшысының айтуынша, бұдан басқа, облыста министрлік пен «Самұрық- Қазына» қорының бақылауымен іске асып жатқан тың жобалар бар. Алдағы уақытта жергілікті халық олар жайлы да кеңірек хабардар болады.

 

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

0 пікір