Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2519 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 10:17

Азамат ҚАСЫМ. Республика сарайын салдырған басшы

1950 жылы Алматыда сайлау болды. Бұл – шаһардағы алғашқы сайлаулардың бiрi едi. Оған дейiн қала басшылары Мәскеудiң батасын, партияның нұсқауын алып, тек қана тағайындалып келген-дi. Осы сайлауда бұған дейiн Ақтөбе облыстық партия комитетiнiң I хатшысы қызметiн атқарған Рымбек Iлияшев Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Ал ғұлама ғалым, белгiлi геолог Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясына басшылық қызметке келдi. Елуiншi жыл осылайша қос қазақ баласының – бiрi ғылым өрiне, екiншiсi билiк төрiне озған орайлы сәтiмен есте қалды.

1950 жылы Алматыда сайлау болды. Бұл – шаһардағы алғашқы сайлаулардың бiрi едi. Оған дейiн қала басшылары Мәскеудiң батасын, партияның нұсқауын алып, тек қана тағайындалып келген-дi. Осы сайлауда бұған дейiн Ақтөбе облыстық партия комитетiнiң I хатшысы қызметiн атқарған Рымбек Iлияшев Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Ал ғұлама ғалым, белгiлi геолог Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясына басшылық қызметке келдi. Елуiншi жыл осылайша қос қазақ баласының – бiрi ғылым өрiне, екiншiсi билiк төрiне озған орайлы сәтiмен есте қалды.
Рымбек Iлияшев шаһарды екi жыл басқарды. Бiлiктi басшының ат үстiндегi екi жылы несiмен есте қалды? Бұл уақыт сұрапыл соғыстың аяқталып, ел еңсесiн әлi де тiктей қоймаған тұсы болатын. Содан да болар, бұл уақыттағы барлық жұмыс, басты мақсат – құлдыраған ел экономикасын көтеру мен халықтың әлеуметтiк жағдайын арттыруға бағытталды. Билiк портфелiн ұстаған ұлықтар да осы бағытта жұмыс iстедi. Алматы – үлкен қала. Үлкен қаланың проблемасы да үлкен. Осындай қат-қабат мәселеге көмiлген шаһарға кеңестiк билiк Iлияшевтай тәжiрибелi басшыны алып келдi. Мәскеу дұрыс таңдау жасады. Өйткенi Рымбек Iлияшев осы уақытқа дейiн Семей мен Ақтөбе облыстық партия комитеттерiнде хатшы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметiн атқарған шебер ұйымдастырушы едi. Алматы қаласына басшылыққа келген Iлияшев шаһарды шырмауықша шырмаған, шешуi қиын мәселелердi ақылмен, парасатпен, сабырмен шеше бiлдi. Ең алдымен ол соғыстан оралған мүгедектер мен күйеуi майданнан  оралмаған әйелдерге әлеуметтiк көмек көрсеттi: оларды тұрғын үймен қамтамасыз еттi, балаларын балабақшаларға орналастырды. Оларға жер беру, шаруашылықпен айналысуға мүмкiндiк жасау мiндетi де қала басшысының мойнына жүктелдi. Бұлар сол уақыттағы күн тәртiбiндегi негiзгi мәселелер едi.
Iлияшев шаһар басқарған екi жылда қалада қандай өзгерiстер болды? Бiлiктi басшы басты назарды қаланы көрiктендiруге аударды. Алматыдағы жұрт назарын аударған алғашқы құрылыс нысандары да осы уақытта салына бастады. Қалаға ағаш көшеттерi отырғызылды. Рымбек Iлияшев шаһар басшысы ретiнде құрылыс нысанының жұмыстарының сәттi жүрiп, тез арада жұрт игiлiгiне жарауына ерекше атсалысты. Шынын айтқанда, елуiншi жылдар шаһарға бiршама өзгерiстер енгiздi. Соның бiрi – бiз сөз етiп отырған құрылыс нысандарының бой көтере бастауы. Рымбек Iлияшевтiң замандастарының айтуына қарағанда, 50-жылдары Алматыда отельдер көп болған, шаһар басшысы солардың орнына жаңа үлгiдегi дүкендердi тұрғызуға атсалысқан. Қалада 1950 жылы Амангелдi Имановқа ескерткiш қойылды. Осы жылы шаһарда шампан-шарап зауыты iске қосылды. Осылайша екi жыл сырғып өтiп, Рымбек Iлияшев Алматы облыстық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы қызметiне жоғарылатылды.
Бiлiктi басшы бұл қызметтен соң екi жыл Алматы облыстық партия комитетiнiң I хатшысы (1955-1957), 4 жыл (1957-1962) Қазақ КСР Сауда министрi болып, жемiстi еңбек еттi. Әсiресе қайраткер тұлғаның бар болмысымен жұртқа игiлiктi iс жасап, парасаткерлiк, басшылық қырларының жарқырай көрiнген тұсы – республикалық Тұтынушылар одағының төрағасы болған уақыты. Рымбек Iлияшев бұл абыройлы мiндеттi зейнеткерлiкке шыққанға дейiн абыроймен атқарды. Жалпақ жұрттың жүрегiнде, қалың елдiң есiнде қалар еселi iстерiмен көрiне бiлдi. Сондай сауапты iстерiнiң бiрi – Республика сарайын салғызуы. Еңселi ғимараттың құрылысы бастан-аяқ аяқталғанша жарғақ құлағы жастыққа тимей өзi жүрдi. Салтанатты сарайды салдырғаны үшiн асыл азаматтың соңына шырақ алып түскендер де болды.
Сол уақытты және Рымбек Iлияшевтың азаматтық тұлғасын ғалым, 1951–1960 жылдардағы Қазақстан комсомолы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы болған Сағындық Кенжебаев аға былайша еске алады: «Рымбек Iлияшев – iрi лауазымды қызметтер атқарған, мемлекет, қоғам қайраткерi дәрежесiне көтерiлген үлкен тұлғалардың бiрi. Ол кiсi республикалық Тұтынушылар одағының төрағасы болған кезде қазiргi Республика сарайын (бұрынғы Ленин атындағы сарай– А.Қ.) салуға бастамашы болды және оған үлкен еңбек сiңiрдi. Сол сарайды тұрғызуға Мәскеуге айтып, қомақты қаржы бөлгiздi. «Сарайды салдыруды бастадың» деп Рымбек Iлияшевтi жазалағысы келгендер де, басқан iзiн аңдушылар да болды. Осыны пайдаланып, қызметiнен тайдырғысы келгендер де кездестi. Бiрақ қайсар азамат жалған жалаға мойымай, ақ екенiн дәлелдеп, сарай құрылысының сәтiмен басталып, сәтiмен аяқталуына бар күш-жiгерiн жұмсады. Бұл – бiр. Екiншi, ол кiсi осы қызметiнде жүргенде қазақ тiлiндегi ауылшаруашылық әдебиеттерiн республиканың барлық дүкендерiнде сатуды жүзеге асырды. Өйткенi мәдениеттi қазақтың қалың ортасына тарату керек едi».
Рымбек Iлияшев республикалық Тұтынушылар одағын басқарғанда республиканың әр аймағында ауыл шаруашылығына қажеттi заттар сатылатын дүкендер ашылып, құрылыс нысандары салынды.
Саясат пен билiкте де Ахиллестiң «өкшесiндей» осал тұстар бар. Алайда Iлияшев мұндай осалдыққа тап болған тұлға емес. Қандай қызметте жүрсе де, белсендi, нәтижелi, жемiстi еңбек еттi. Репрессияшыл Сталиннiң уақытында қызмет iстесе де, ағаттығы болған жоқ. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындады, халықтың ойындағысын тап баса бiлдi. Ол кiсiден «тырнақтың астынан кiр iздегендер де» мiн таппады. Керiсiнше КСРО-ның қаһарлы басшысы өз iсiне мығым, бiр сөздi, жалпақ жұрттың ортақ тiлiн таба бiлетiн қағiлез қазаққа құрметпен қарады. Екi жыл сайын қызметiн жоғарылатып отырды. Мұның өзi Рымбек Iлияшевтiң қандай басшы болғандығын анық аңғартса керек.
Қоғам қайраткерi 1993 жылы дүниеден озды. Ұрпақтары бүгiнде Алматыда қызмет iстеп жүр. Бiз Рымбек Iлияшевтiң үлкен ұлы Қасым ағаны әңгiмеге тарттық. Қасым аға талай жылдан берi спорт саласында жемiстi еңбек етiп келедi. 1950-1955 жылдары ол Алматы қаласының конькишiлерi құрамында негiзгi ойыншылардың бiрi болса, 1974-1985 жылдары «Медеу» мұз айдыны кешенiнiң директорының орынбасары, 1985-1997 жылдары Алматыдағы «Спорт ғимараттарының құрылысын салу жөнiндегi дирекцияның» бас басқармасы төрағасының орынбасары секiлдi жауапты қызметтер атқарды. 1972 жылы пайдалануға берiлген «Медеу» мұз айдыны кешенi құрылысының ыстығына күйiп, суығына тоңып, басы-қасында өзi жүрдi. Бүгiнде Қасым аға зейнеткерлiкте. Өзi алпамсадай, ашықжарқын кiсi екен. Алпысқа келсе де еңсесi тiк. Тың. Сергек. Әкесi туралы шешiлiп әңгiме айтты.

Көп қабатты үйсалуға қарсы болды

(Қасым Рымбекұлымен сұхбат)

– Әкеңiз Рымбек Iлияшев 1950–1952 жылдары Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы қызметiн атқарды. Екi жыл еңселi шаһарды басқарды. Бiлуiмiзше, Рымбек Iлияшев Алматы қаласының тағайындалған емес, тұңғыш сайланған басшысы екен. Әңгiменiң әлқиссасын осыдан бастасақ.
–  Оның рас, менiң әкем – Алматы қаласына алғаш рет ресми түрде сайланып, халық қолдауына ие болып, шаһарға билiк жүргiзген басшы. Бұған дейiн қаланы басқарған адамдарды партия тағайындап   келген болатын-ды. Бұл үрдiс 1950 жылы бұзылды. Осы жылы желтоқсан айында Үкiметтiң қаулысы шығып, шаһарда сайлау болды. Бұл сол уақыттағы алғашқы сайлау едi. Сол сайлауда екi адамның сайланғаны есiмде. Оның бiрi – әйгiлi ғалым Қаныш Сәтбаев, ол кiсi Ғылым академиясына, менiң әкем Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды.
Әкем Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы болған жылдары шаһарға көп қабатты, биiк үйлер саламыз дегендермен күрестi. Оларға «Алматыға қазiр 3-4 қабаттан артық үй салуға болмайды. Қаланың табиғи ерекшелiктерi бұған келмейдi» деп ашық айтты. Неге? Өйткенi қалада биiк үйлер көп болса, ол шаһарға келетiн самалды, таза ауаны бөгеп, тұрғындарға зиянын тигiзедi дедi. Бұл жерде әкем қаладағы қарқынды құрылыстан гөрi, қаланың жұпар ауаға малынып, алматылықтарды самалмен желпiп тұрар тұғырлы сәтiн көздедi. Ең бастысы, ол кiсi шаһар басқарған жылдары қаланың әлеуметтiк жағдайына баса мән бердi.
1962–1971 жылдары әкем республикалық Тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметiн атқарды. Осы жылдары Республика сарайы бой көтердi. Бұл үшiн әкем Мәскеудегi басшылардан да сөз естiдi. Шаһарда осы уақыттарда бiрнеше дүкендер ашылып, сыра зауыттары iске қосылды. Мұны ол кiсiнiң замандастары жақсы бiледi.

Пономаренкоға қазақша үйреткен

– Рымбек Iлияшев 29 жасында Ленин орденiн алыпты. Бұл марапат ол уақытта мемлекетке ерекше еңбек сiңiрген тұлғаларға ғана берiлетiн. Әкеңiзге бұл орден қандай еңбегi үшiн берiлiп едi?
– Бұл уақыт 1940 жылдар шамасы болуы керек. Әкем Аягөз аудандық партия комитетiнiң I хатшысы қызметiнде едi. Әкеме Ленин орденi Қытайға стратегиялық маңызы бар жаңа жол салғаны үшiн берiлдi. Ол кезде екiнiң бiрi Ленин орденiн ала бермейтiн. Оның үстiне бұл уақытта елдi Сталиннiң басқарып тұрған кезi. Қазақстанда бiрiншi басшы қазақ болса, екiншiсi мiндеттi түрде орыстан болатын. Алайда Сталин қанша қатал болса да, өз iсiне мығым, елдi өзiне қарата бiлген басшыларды жоғарылатып отырған. Мәселен, әкем әр екi жыл сайын қызмет баспалдағын ауыстырып отырды. Өмiрбаянына үңiлсеңiз, бұған көзiңiз анық жетедi. Артынан ойлап отырсам, мұның бәрi Сталиннiң саясаты екен ғой. Сөз ретi келгенде айтайын, әкем жалпы ел тарихында Алматы қаласы, облысы, партия комитетiн басқарған, Қазақ КСР Сауда министрi, республикалық Тұтынушылар одағы секiлдi бес бiрдей iрi қызметтер атқарған тұлғалардың бiрi.
– Әкеңiздiң қарапайым адам ретiндегi бейнесi қандай едi?
– Әкем өте қатал, есесiне әдiлеттi адам болды. Ол кiсiнiң әдiлеттiлiгiн, қарапайым адам ретiндегi бейнесiн танытатын қарапайым мысал айтайын. Қай жылы екенi нақты есiмде жоқ, бiр жылы әкем кенже iнiме кiшкене велосипед сатып әкелдi. Оны әкем бiреуге тапсырып, тегiн де әкелуге шамасы бар едi. Әкемнiң адалдығы сол, әлгi велосипедтi дүкенге барып, тиiстi ақшасын төлеп, құжаттарын рәсiмдеп, чегiн қосып үйге алып келдi Бұған әкемнiң жолдастары таң қалды. Неге дейсiз ғой, өйткенi әкем ол кезде республиканың бiлдей бiр Сауда министрi болатын. Мiне, нағыз адалдықтың үлгiсi. Қарапайымдылық. Өткенде үйде отырып әкемнiң бұрынғы қағаздарын ақтарып отырып, солардың арасынан осы бiр тiлдей қағазды тауып алдым.
Ол кiсiнiң араласқан адамдары көп едi. Үйден кiсi арылмайтын. Мәскеуден келген ұлықтардың өзi бiздiң үйдiң дастарханынан дәм татпай кетпейтiн. Бәрi оны сыйлайтын. Өзбекстан, Қырғызстан, Мәскеу әкемдi жақсы бiлетiн. Қазақстан Компартиясы ОК хатшыларының бiрi Пономаренко әкемнен үш айда қазақша үйренiп алыпты.
Әкем менi қасында 5 жасымнан бастап үнемi ертiп жүрдi. Өзiм үйдiң тұла бойы тұңғышымын. Әкем көп нәрсе үйреттi. Талай таяқ та жедiм. Артынан ойласам, соның бәрi менi тәрбиелеу екен. Қонаққа барса да, iссапарға барса да жанында жүретiнмiн. Сол уақыттарда әкем: «Балам, көп тыңда, аз сөйле. Жақсыны үйрен, жаманнан жирен. Аузыңа сақ бол» дейтiн маған.    Абайды маған алғаш оқытқан да – әкем. Ол уақытта Абайды көп ешкiм бiле бермейтiн. Бiр жағынан сол дәуiрдiң идеологиясы солай. Сонда әкем маған: «Қазақта Абай деген ұлы ақын болған. Оның мынадай өлеңдерi бар» деп Абайдың өлеңдерiн оқытатын. «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып» секiлдi Абайдың аудармаларын оқып беретiн. Жас шыбықты алғаш қалай отырғызсаң, солай өспеушi ме едi, әкемнiң бала жастан сiңiрген темiрдей тәртiбi маған өмiрлiк сабақ, адастырмас ақ жол болды. Сол тәрбиемен ер жеттiк, өстiк, өндiк. Құдайға шүкiр, әке бағыты, әке тiлегi тек асқарлы шыңдарға жетеледi.
– Әдетте басшылар өнер адамдарына жақын жүредi. Әкеңiз өнер адамдарынан, зиялылардан кiмдермен аралас-құралас болды?
– Ол кiсiнiң сыйласқан, бiлiскен зиялылары көп болды. Қос Ғабеңмен (Ғабит Мүсiрепов пен Ғабиден Мұстафин) де бiр кiсiдей араласты. Әкемнiң замандастарының айтуына қарағанда, әкем республикалық Тұтынушылар одағының төрағасы болған жылдары қазақтың бiраз зиялыларын баспанамен қамтамасыз еткен көрiнедi. Соғыс уақытында әкем Семейде облыстық атқару комитетiнде қызмет iстедi. Сол уақытта қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов келдi. Ол кезде қалада қонақ үй жоқ, шаһарға келген сыйлы қонақтар бiздiң үйге ат басын тiрейтiн. Мұхаңды бiздiң шаңыраққа жазушы Сапарғали Бегалин ертiп келдi. Мұхаң сол уақытта «Абай жолы» романын жазуға деректер жинастырып жүрген кезi екен. Әкеммен жеке отырып, екеуара ұзақ әңгiмелестi.
– Әкеңiз зейнеткерлiкке шыққан соң қандай қызмет атқарды?
– 1969 жылы Мәскеу республикалық Тұтынушылар одағының бастығының қызметiнен ауыстырыңдар деп Димекеңе нұсқау бередi. Димекең қарсы болмапты. Ол кезде әкем осы одақтың төрағасы қызметiн атқарып жүрген. Алайда бiздегi жоғары лауазымды басшылар Мәскеудiң бұл шешiмiне қарсы болып, әкемдi тағы да 4 жылға сайлады. Бiрақ әкем бұл мерзiм аралығында қызмет iстеген жоқ. 4 айдан кейiн, яғни, 1970 жылы 1 мамырда әкем Димекеңнiң алдына арыз бердi. «60-қа келдiм. Менi ендi зейнеткерлiкке жiбер», дептi. Димекең бiр жағынан таңқалады, екiншi жағынан ұялады. Ешқандай сөзге келмептi. Зейнеткерлiкке шыққан соң әкем 80 жасқа дейiн қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы болып қызмет атқарды. 1993 жылы 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
– Соңғы сауалым, жалпы Алматыда әкеңiзге көрсетiлген құрметке ризасыз ба?
–  Қалада әкем тұрған үйге ескерткiш тақта орнатылған. Алматыдағы әкеме көрсетiлген бар құрмет осы. Семейде ол кiсiнiң атына көше берiлген. Сол сияқты әкеме өзi басқарған, қызмет еткен қаладан бiр көше есiмi берiлсе жөн болар едi-ау деп ойлаймын. Өйткенi, әкем мұндай құрметке лайық тұлға. Менiңше Алматыны басқарған барлық басшыларға ерекше құрмет көрсетiлуi керек   


«Ақшамның» анықтамасы

Рымбек Iлияшұлы 1910 жылы Семей облысы, Жаңа Семей ауданында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1930 жылы Семей қаласындағы Автомобиль жолдарын салу техникумын тәмамдайды. 1931-1940 жылдары Семей облысында басшы-комсомол және кеңес қызметтерiнде болды. 1940–1946 жылы Семей облысы, Аягөз аудандық партия комитетiнiң I хатшысы, Қазақстан КП Семей облыстық партия комитетiнiң II хатшысы, 1946–1948 жылдары Қазақстан КП ОК хатшысының орынбасары және бөлiм меңгерушiсi, 1948–1950 жылдары Қазақстан КП Ақтөбе облыстық партия комитетiнiң I хатшысы, 1950–1952 жылдары Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы, 1953–1955 жылдары Алматы облыстық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы, 1955–1957 жылдары Қазақстан КП Алматы облыстық партия комитетiнiң I хатшысы, 1957–1962 жылдары Қазақ КСР Сауда министрi, 1962–1971 жылдары Қазақстан Тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметтерiн атқарды. 1971 жылы дербес зейнеткерлiкке шықты. 1949 жылдан 1971 жылға дейiн Қазақстан КП ОК мүше. II-VII шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң депутаты. Бiрнеше жыл КОКП ХХ съезiне делегат, Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң III-ХII съездерiне делегат, бiрнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiнiң депутаты болды. Отан алдындағы еңбегi үшiн екi мәрте Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденiмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң мақтау грамоталарымен марапатталған. Семей қаласында ол кiсiнiң есiмiмен аталатын көше бар. Мемлекет қайраткерi 1993 жылы желтоқсан айында дүниеден озды.

 

 

«Алматы Ақшамы», №4 (3766), 2007 жыл, 11 қаңтар.

0 пікір