Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2564 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 10:08

Бәукеңе бiр ескерткiш бұйырмай тұр

2010 жылы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Мерейтойға дайындық шаралары қазiрдiң өзiнде басталып кеттi. Баукеңнiң көзiн көрген, батырды үлгi тұтқан азаматтар даңқты тұлғаның ғасырлық тойын өткiзуге барын салып-ақ жатыр. Алматыдағы сондай азаматтардың бiрi – Төле би қорының директоры және «Бауыржан Момышұлының мұрасы және патриоттық тәрбие» бағдарламасының үйлестiрушiсi Оралжан Масатбаев. Жақын күндерi осы қор мен Алматы қаласы әкiмдiгi, Қазақстан жазушылар одағы, Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлерi» қауымдастығы және Қазақстан Халықтары ассамблеясының ұйымдастыруымен Республика сарайында «Бауыржан Момышұлының мұрасы және патриоттық тәрбие» атты салтанатты кеш өтедi. 8-мамырда Студенттер сарайында Бауыржан Момышұлына арналған ақындар айтысы болады. Бiз батырдың ғасырлық тойы қарсаңындағы iс-шаралар ретiн бiлу ниетiмен Оралжан Жақаұлын әңгiмеге шақырдық.                

«Отанды сүйемiн, ол үшiн жанымды беремiн деген – бос сөз емес»

– 2010 жылы – Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы. Алла сәтiн салса, бұл мерейтой ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтпек. Қазiр мерейтойға әзiрлiк жұмыстары қалай жүрiп жатыр?

2010 жылы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Мерейтойға дайындық шаралары қазiрдiң өзiнде басталып кеттi. Баукеңнiң көзiн көрген, батырды үлгi тұтқан азаматтар даңқты тұлғаның ғасырлық тойын өткiзуге барын салып-ақ жатыр. Алматыдағы сондай азаматтардың бiрi – Төле би қорының директоры және «Бауыржан Момышұлының мұрасы және патриоттық тәрбие» бағдарламасының үйлестiрушiсi Оралжан Масатбаев. Жақын күндерi осы қор мен Алматы қаласы әкiмдiгi, Қазақстан жазушылар одағы, Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлерi» қауымдастығы және Қазақстан Халықтары ассамблеясының ұйымдастыруымен Республика сарайында «Бауыржан Момышұлының мұрасы және патриоттық тәрбие» атты салтанатты кеш өтедi. 8-мамырда Студенттер сарайында Бауыржан Момышұлына арналған ақындар айтысы болады. Бiз батырдың ғасырлық тойы қарсаңындағы iс-шаралар ретiн бiлу ниетiмен Оралжан Жақаұлын әңгiмеге шақырдық.                

«Отанды сүйемiн, ол үшiн жанымды беремiн деген – бос сөз емес»

– 2010 жылы – Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы. Алла сәтiн салса, бұл мерейтой ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтпек. Қазiр мерейтойға әзiрлiк жұмыстары қалай жүрiп жатыр?
– Өткен жылы қазанның 10-ында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Патриоттық тәрбие туралы» арнайы қаулы қабылдады. Батырдың 100 жылдық мерейтойы сол қаулының өзегi болайын деп тұр. Баукең патриотизм деген ұғымды мына сөйлемге сыйдырған. «Патриотизм - «мен Отанды сүйемiн, ол үшiн жанымды беремiн деген – бос сөз емес. Менiң өмiрден тоқығаным: Отанға деген сүйiспеншiлiк ата-анаңа, бауырларыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махабаттан басталады. Ата-анасын сыйлайтын ұл – сабақты да жақсы оқиды, тәртiптi, еңбекқор, адал болып өседi. Бұл – өте қажеттi қасиеттер. Өз ауылының тасын қадiрлемеген басқа ауылдың тауын да сыйлай алмайды. Халықтар арасындағы қасиеттi достық осы сезiмнен басталады». Қандай астарлы ой. Таңғаласың. Жасөспiрiм ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу керек деген ойды қадап айтады. Патриотизм деген, бұл – бiр шың. Соған көтерiлмей жалпыұлттық құндылыққа жете алмайсың.
«Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие» деген арнайы бағдарлама бар. Мен бұл бағдарламамен Төле би қорының атынан 90-жылдардан берi айналысып келемiн. Бәукеңнiң 100 жылдығына қарсы тырнақалды шара ретiнде 8 мамырда Студенттер сарайында ақындар айтысын, 9 мамырда Республика сарайында «Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие» атты кеш өткiзбек ойдамыз.
1990 жылы желтоқсанның 11-iнде Горбачевтың Бәукеңе Кеңес одағының батыры атағын беру туралы жарлығы шықты. Елу жыл күткен халық үмiтi Нұрсұлтан Назарбаевтың оң көзқарасының нәтижесiнде ақталды ғой. Сол бiр қуанышты күн туралы мынадай әңгiме бар. Бақытжан Момышұлына жолдаған құттықтау хатының соңында Елбасы: «Бауыржанның жұлдызды болған күнi – халықтың жұлдызы жанған күнi» деп жазыпты. Осы жерде бiр ой айтқым келiп отыр. Шерағаңның айтқан бiр сөзi бар: «Бауыржан Момышұлын бiз тек қана батыр деп қабылдамауымыз керек. Үңiлiп қарасақ, оның тұла бойы тұнып тұрған ақыл». Бұл сөздiң, әрине, жөнi бөлек. Бәукең неге ерекше батыр, Бәукең неге дара батыр дегенде Бәукеңнiң батырлығы мен ақылдылығы халық даналылығымен үндесiп, ұштасып жатқанын айтуымыз керек. Баукеңнiң тағы бiр ерекшелiгi - көрегендiгi. 1947 жылы жазған бiр өлеңiнде Бәукең былай дептi:
Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздiгiмдi,
Тарихтың түбiнен сөз келгенде.
Байқап қарасаң, «сексен мен жүздiгiмдi» деген атаулы сандардың астарында үлкен мән жатыр. Неге десеңiз, 80 жылдығында Бәукең Кеңес одағының батыры атағын алып, халқымен қайта қауышса, 100 жылдық мерейтойы ендi Алла сәтiн салса, ЮНЕСКО көлемiнде аталып өтпек. Бұл бағыттағы жұмыстарды қазiр елiмiздiң еңселi азаматтары Иманғали Тасмағамбетов пен Олжас Сүлейменов атқарып жатыр. Бәукең – бiр жағынан қолбасшы, екiншi жағынан қаламгер. Осындайда генерал-полковник Вершигароның айтқан мына бiр сөзi еске түседi: «Бәукең соғыста бiр ерлiк жасаса, бейбiт күндегi кiтап жазуы – екiншi ерлiк. Бұл екi ерлiгi де бiр-бiрiмен тең» дейдi. Әзiлхан аға Нұршайықов Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетiнде әскери жанр деген жаңа жанрды қалыптастырған қаламгер екенiн жиi айтып жүредi. Сондықтан бiз Бәукеңнiң батырлығын ғана емес, қаламгерлiгiн, даналығын баса айтуымыз қажет.
Қазiр Бәукеңнiң 100 жылдығына дайындық тобы жұмыстарын бастап кеттi. Алматыда қоғам қайраткерi, бүгiндерi 90 жастан асқан Хайдар Арыстанбеков деген ағамыз тұрады. Сол кiсiнiң Бәукеңе қатысты айтқан әсерлi бiр әңгiмесi бар. Ол кезде Хайдар Арыстанбекұлы Мәскеуде партия мектебiнде оқитын. Содан бұлар бiр күнi мектепке Бәукеңдi кездесуге шақырады. Екi сағат есте қаларлық әңгiме айтқан, Бәукең сөзiнiң соңын:«Сендер ертең ел басқаратын тұлға боласыңдар. Басшылардың үш түрi болады. Бiреулер мойнымен ойлайды. Олар желкесi құжырайып, тек аяғының астындағыны ғана көредi. Бiреулер iшiмен ойлайды. Олардың iштерi үлкен, шалқайып жүредi. Аяғының астын көрмейдi. Бiреулер ақылмен ойлайды. Олар тек қана халықтың қамын ойлайды, әдiлдiктi iздейдi. Мiне, осылар нағыз басшы» деп екi ауыз сөзбен аяқтапты. Хайдар аға Бәукеңдi бiр естелiгiнде «ақылмен ойлайтын басшылардың бiрi –Баукең» деп тебiренiспен еске алады. Бүгiндерi Хайдар аға, Әзiлхан Нұршайықов ағаларымыз үлкен бастарын кiшiрейтiп Бәукеңе қатысты жұмыстардың басы-қасында жүр.

Снегиннiң аманатын Мырзахметов орындады

– Батырдың мұрасымен қанша жылдан берi айналысып келесiз. Бәукеңе қатысты шешiлмеген қандай мәселелер бар?
– Бәукеңе Алматыдан бiр ескерткiш бұйырмай тұр. Қазiргi басты мәселе – осы. Бұл ескерткiштi қою жөнiнде Үкiмет 1990 жылы 11-қарашада қаулы қабылдаған. Бұл қаулы Баукең Кеңес одағының батыры атағын алмай тұрғанда қабылданған қаулы. Қалалық атқару комитетi де 1991 жылы қаулы қабылдады. Соның бәрi қағаз бетiнде қалды. Бәукеңе ескерткiш қою мәселесiн қала Әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қалаға әкiм болып келгенде қолға алып, 2005 жылы 9-мамырға қарсы байқау жарияланып, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ескерткiш ашылатын болған. Алайда белгiсiз себептермен бұл жұмыс та тоқтап қалды. Менiң есiмде, сол уақытта Шәкен Ниязбеков өзiнiң макетiн жасап, оны Әзiлхан аға мен Ким Серiкбаевқа көрсеткен болатынбыз.
Жақында «Ескерткiштер күнi» мерекесi аталып өттi. Сол күнi теледидарда тiкелей эфирде Шота Уәлиханов ағамыз сұхбат бердi. Сонда мен ол кiсiге: «Бәукеңе ескерткiш неге қойылмай жатыр, қойылса, ол қандай болу керек?» деген сұрақ қойдым. Сәулетшi «Бұл жөнiнде Үкiметтiң қаулысы болу керек» деп жауап бердi. Үкiметтiң қаулысы шыққалы қашан. Сол сұхбатында Шота ағамыз құнды мәлiмет айтты. Мәскеу үшiн соғыста Бәукең әскери картаның Мәскеуге дейiнгi бөлiгiн қиып, отқа жағып тастаған екен. Мұндағы ойы «Мәскеуден басқа жердiң бiзге қажетi жоқ. Шегiнерге жол жоқ» дегенi ғой. Хакiмжан Наурызбаев Бәукеңнiң осы сәтiн бейнелейтiн ескерткiштiң макетiн жасапты.
Екiншi мәселе, Алматыда Бәукеңнiң мұражайы жоқ. Бәукеңнiң соңғы тұрған үйi Қонаев пен Гоголь көшесiнiң қиылысында орналасқан. Бiр кездерi осы үйдi мұражайға айналдыру идеясы айтылған-ды. Өкiнiшке қарай, бұл орындалмады. 2000 жылы қалалық мәслихатта қыркүйектiң 28-iнде мәдениет туралы мәселе талқыланды. Сол талқылауда қала әкiмi В.Храпунов баяндама жасап, онда қаладағы ескерткiштер мен мұражайлар туралы айтты. Сонда Храпуновқа Бәукеңнiң ескерткiшi мен мұражайының ашылмай жатқандығын айттым. Сол кезде ол кiсi «Бәукеңнiң тұрған үйiн сатып алып, мұрайжайға айналдырамын» деп уәде берген болатын. Бұл да сөз жүзiнде қалды. Хат та жазылды. Нәтиже болмады. Бәукеңе қаламыздан мұражай ашылып, ескерткiш қойылмағаны бәрiмiзге сын. Бәукеңнiң жан жолдасы Дмитрий Снегиннiң орындай алмаған аманаттарының бiрi де – осы. Батырдың 90 жылдығына қарсы бiз Снегинге өткiзiлетiн шаралар тiзiмiн апардық. Сонда ол кiсiнiң көңiлi толмай: « Iс-шаралар, жиындар бәрi өтедi ғой. Халыққа, болашақ ұрпаққа ең қажетi – Бәукеңнiң кiтаптары. Бәукеңнiң толық шығармалар жинағын шығару керек. Мен, өкiнiшке орай, өзiмнiң парызымды орындай алмадым. О дүниеге барғанда Бәукеңнiң бетiне қалай қараймын» дегенi бар. Алайда Снегиннiң орындай алмаған аманатын Мекемтас Мырзахметов ағамыз орындады. 2001 жылы ол Таразда облыс әкiмi Серiк Үмбетовтың қолдауымен «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Қазiр орталық Бәукеңнiң 30 томдық академиялық шығармалар жинағын шығаруға әзiрлiк үстiнде.
Менiң ойым, осындай орталықты Алматы мен Астана қалаларынан да ашсақ. Қазiр бiз осындай ұсыныстарды құзырлы органдарға жолдап жатырмыз.
Жалпы, Бәукеңнiң артында қалған құжаттар өте көп. Оның көбi батырдың ұлы Бақытжанның қолында. Мекемтас Мырзахметовте бiраз дүниелерi сақтаулы. Бәукеңнiң қасында жиырма жылдай бiрге жүрген, баласындай болып кеткен жазушы Мамытбек Қалдыбайда батырдың азды-көптi мұралары бар.
Соңғы кездерi Дмитрий Снегинмен жақын араластым. Ол кiсiнiң маған жүктеген бiр аманатын айтайын. «Сен Орталық мұрағатқа кiрiп, Бәукеңнiн дүниелерiн жинастырып, жарыққа шығар» деген едi. Бұл да әзiрге жүйесiн таппай тұр. Архив мамандарымен сөйлестiм. Олар жұмыс iстеуге дайын. Бiрақ кiшкене демеушiлiк керек. Мемлекеттiк тапсырыстардың қажеттiлiгi анық сезiледi. Бәукең Дмитрий Снегинге өзiнiң құпия үш қойын дәптерiн тапсырған екен. Тапсырып тұрып: «Оқып шық. Егер қажет қылсаң, сақтарсың, жойып жiберемiн десең, өз еркiң» дептi. Толық сенген ғой. Дмитрий Снегин бұл қойын дәптерлердi маған табыстап кеттi.
Алматыда Бәукең атында екi мектеп бар: бiрi №131 мектеп және Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп. Бұл оқу орындарда Бәукеңе арналған iс-шаралар үнемi өткiзiлiп тұрады. Төле би қоры жақында Жамбыл атындағы жасөспiрiмдер кiтапханасының қолдауымен Бәукеңнiң «Библиографиялық көрсеткiштерiн» шығаруды қолға алып жатыр. Осыған басқа да кiтапхана мамандары ат салысса, нұр үстiне нұр болар едi деп ойлаймын.
Бәукең атына стипендия тағайындау жұмыстары да кешеуiлдеп жатыр. Үкiметтiк орден тағайындау мәселесi де талай жылдан берi көтерiлiп келедi. Осы жерде айта кеткен орынды шығар. Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлерi» қауымдастығы «Бауыржан Момышұлы» деген «Құрмет белгiсi» орденiн шығарыпты. Алла сәтiн салса, 9-мамырда Республика сарайында өтетiн кеште осы орденмен қатар «Қазақстан ардагерлер қауымдастығы мен Төле би қорының шешiмiмен, «Сауап» қоғамдық қорының демеушiлiгiмен «Батыр шапағаты» медалi Бауыржан Момышұлы мұрасын зерттеп, зерделеп жүрген азаматтарға тапсырылатын болады. Үкiметтiк емес ұйымдардың игiлiктi iсi Үкiметке үлгi болса, қане!..
Бәукеңе арналған деректi фильмдер керек. Осыдан бiр-екi жыл бұрын Мәскеу түбiндегi Волоколамск тас жолы бойында Панфилов пен Бауыржан Момышұлына ескерткiш қойылды. Осы дүние елеусiз қалды. Осы оқиға жөнiнде деректi фильм түсiрсе болар едi. 
Елiмiздiң кiтапханаларында Момышұлына арналған бұрыштар ашылса, буклеттер шықса. Онда Бәукеңнiң өмiрi турасында мол мағлұматтар берiлiп, жұртшылықтың рухани азығына айналса қандай ғанибет. Жастардың арасында байқаулар өткiзiлсе, Бәукең есiмi жас көңiлдерге жiгер берер едi ғой. Елбасы жақында журналистермен кездесуiнде кiтапқа, кiтап оқуға қатысты өз ойларын айтты. Сондықтан жастардың ой-өресiн кеңейтетiн келелi шаралар көптеп өткiзiлуi қажет.
– Өзiңiз басқарып отырған Төле би қорының жұмысы жөнiнде айтып өтсеңiз?
– 1991 жылы 25-қаңтарда «Бауыржан Момышұлы» қорын аштық. Ол кезде мен қалалық кеңесте депутат едiм. Бәукеңнiң Кеңес одағының батыры атағын алуға бiраз жұмыс iстедiк. Бәукеңе бұл атақ берiлгеннен кейiн Жуалыда үлкен той болды. Тойға қазақтың бiраз зиялылары қатысты. Сол жиында ғалым, математик Мұхтар Өтелбаев пен ҚазҰУ-дiң ұстазы Әбдiғани Жиенбаев деген азаматтар маған: «Сен осынау үлкен iспен тұрақты түрде айналысып келесiң. Бәукеңнiң қорын аш» деген ұсыныс жасады. Осылайша осы жылы қор ашылды. Республикадағы тұңғыш қорлардың бiрi болды. Алайда екi-үш жылдан кейiн қор жабылып қалды. 1993 жылы Төле би бабамыздың 330 жылдығы республика көлемiнде аталып өттi. Мамырдың 21-i  күнi Шу бойында, 28-i күнi Ордабасыда үлкен той өттi. Ордабасыдағы тойға өзбек пен қырғыз елiнiң басшылары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Осы мерейтой қарсаңында, 1992 жылы Төле би қоры ашылды. Осы қор аясында «Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие» атты бағдарламаны жүргiзiп жатырмыз. Бәукеңнiң негiзгi аманаты – тiл мәселесi. Сондықтан бiз мемлекеттiк тiлдiң мерейiн арттыру мақсатында «Мемлекеттiк тiл бағдарламасының бiр үлгiдегi шаралары және механизмi» деген жоба әзiрледiк. Бұл құжаттың ана тiлi абыройының асқақ болуына қызмет етерiне сенiм мол.

 

Сұхбаттасқан – Азамат ҚАСЫМ

0 пікір