Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3793 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:24

ҚАУІПСІЗДІК ЖҮЙЕСІ ӘЛЕМДІК ТАЛАПҚА САЙ

электролиз өндірісінен батыста қауіптенбейді

ЭКОЛОГИЯ

электролиз өндірісінен батыста қауіптенбейді

ЭКОЛОГИЯ

Соңғы кезде қоғам арасында электролиз зауыты жөнінде әртүрлі қауесет сөздер қаулап кетті. Әсіресе «сары» басылымдар алюминий өндірісінің қоршаған ортаға зияндылығы жөнінде небір алыпқашпа әңгімелер айтатын болды. Оларға салсақ, Павлодар жерінде электролиз зауыты іске қосылғалы оның табиғатқа да, халыққа да кері әсері байқала бастаған. Яғни ауа райының кенеттен құбылуына, тұрғындардың әртүрлі науқастарға шалдығуына осы өндірістің тікелей ықпалы бар көрінеді. Соңғы кезде аймағымызда онкологиялық аурулардың көбейе түсуінде де бір күдік бар. Алайда жел сөзді таратушылардың қайсысы болса да, біздің облысымыз табаны күректей қырық жыл бойы жүргізілген сынақтың құрбанына да жататынын естен шығарған сыңайлы. Экологтар оның салдары Павлодар облысында әлі ұзақ уақыт болатынын айтып, баяғыдан-ақ дабыл қағып келеді. Қазірде ел-жұрттың денсаулығында кінәрат көбейіп жатса, кешегі сынақтың қасіретін жұтып отырғанымыздың белгісі демей көріңіз. Оның жанында алғашқы кешені екі жарым жыл бұрын ғана іске қосылған заманауи зауыттың зияндылығы жөнінде бірдеңе деп кесіп-пішудің өзі ерте шығар.
Бірақ Қазақстан электролиз зауыты жоғарыда айтылған екіұшты әңгімелерге қарсы уәж айтып, дәлел іздеп, әуреленіп жатпады. Одан да халықтың өзі болмаса да, «көзі» саналатын облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттарын зауытқа шақыруды ұйғарған. Өндірісті көзбен көріп, өздері бағаласын деген ниет баяғы. Халық қалаулылары зауытқа барудан бас тартқан жоқ, бірауыздан келісімдерін беріпті.

ЖАС ӨСКІНДЕРІ ЖАЙҚАЛА БАСТАДЫ
Облыс орталығы Павлодар қаласынан шығып, электролиз зауытына апаратын бетон жолдың апшысын қуыратындай зырлап келеміз. Біраз жер жүрген соң алдымыздан су таситын көліктерді көзіміз шалды. Сөйтсек, бұл көліктер зауытқа жақын алаңқайларда отырғызылған жас талдарды суарып жүр екен. Қаз-қатар тігілген жас өскіндер сырттай қарағанда, қала жұртына таза ауа сыйлайтын, кез-келген өндіріс залалынан қорғайтын жолақтар сияқты. Есімізге түсті, бұл санитарлық қорғау аймақтары жөнінде электролиз зауыты салынардан бұрын өткізілген қоғамдық шараларда талай сөз етілген. Сол кезде болашақ алюминий өндірісінің зияндылығы жөнінде небір пікірлер бас көтере бастаған. Өндірісте әлемнің үздік заманауи технологиясы қолданылатыны, ондағы сүзгілер ешбір зиянды қалдықтарды өңдеусіз қалдырмайтыны жөнінде сол бір шақтарда қайта-қайта қанша айтылса да, алыпқашпа әңгімелер су сепкендей басыла қоймапты. Керісінше, кейбір ұпай жинағыштар халықтың күдігін одан әрі сейілткен.
Осындай оймен отырған біз лезде зауыттың көз тартатын көк шатырлы әкімшілік ғимаратына жетіп келдік. Зауыт басшылары жылы ұшырай қарсы алды. Депутаттарға алғашқы жаңалық осы кездесуден-ақ мәлім болды. Жаңа жолай көрген алаңқайларда 300 мыңнан астам жас тал егіліпті. Жел соқса, шаңы аспанға көтерілетін жазық даланы көп кешікпей жасыл желекті алқапқа айналдыруды көздейді екен бұл зауыт.

ФРАНЦИЯДАҒЫ ЗАУЫТ - ҚАЛА ІШІНДЕ
Облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамының президенті Алмаз Тұрдұметұлы Ибрагимов өндірістік цехтарға қарай бастады. Зауыт басшысы ел ішінде соңғы кездері өндіріске қатысты негізсіз әңгімелердің бой көтергеніне қынжылыс білдірді. Алайда зауытқа бас сұғып көрмеген болса, кім қандай дұрыс пікір айтсын?! Сондықтан зауыт басшысы алдымен халық арасынан сайланған депутаттарға алюминий өндірісін бастан-аяқ таныстырып көрсетуді жөн деп тапқан.
Алмаз Ибрагимов Елбасының қатысуымен іске қосылған электролиз зауытының цехтарындағы металл өндірісін мақтанышпен әңгімеледі. Қазандықтың есігін ашқанда алюминий шығаруда пайдаланылатын анодтар мен электролиттер бірден көзге түседі. Әрбір электролизер-қазандықтан тәулігіне 2400 килограмм металл өндіріліп шығады. Өнім одан әрі құю цехына жөнелтіліп, онда Қазақстаннан шығарылғанын білдіретін белгі соғылады.
- Әрбір электролизерде газ тазалайтын норвегиялық «Alstom» фирмасының электр сүзгілері жұмыс істеуде. Нәтижелілігі 99,7 пайыз болатын бұл жаңа технология бүкіл әлемде қолданылады. Зауытта тек өндіріс қазандарын ғана қытайлар жабдықтады, себебі олардың алюминий шығаруда тәжірибелері мол. Ал қалғандары - басқа да шетелдерден әкелінген құралдар. Қазір біз анод зауытын салып жатырмыз. Онда француздық технология қолданылады. Әзірге алюминий өндіруге қажет шикізат - анодты Қытайдан тасымалдауға мәжбүрміз, бірақ ол көп кешікпей өзімізде шығарылатын болады, - деді өндірісте қазақстандық тауарлар үлесін көбейту жөнінде әңгіме қозғаған А.Ибрагимов.
Қалалық мәслихаттың депутаты Ербол Арынов электролиз зауытында денсаулыққа зиян деп есептелетін электромагниттік өріс мөлшерден тыс көп деген сынды әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасымды екенін сұрады. Зауыт президенті өрістің залалы жөнінде әлем ғалымдары түпкілікті зерттеп болмағанын атады. Бірақ анау айтқандай небір адам сенгісіз құбылыстарды тексеріп, сынап көруге әбден болады. Осы жерде Алмаз Ибрагимов Францияда алюминий өндіретін, қолданатын электр қуаты 400-500 килоампермен өлшенетін «Дюнтер» зауыты қаланың аумағында салынғанын көлденең тартты.
- Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, егер соншалық қауіпті өндіріс болса, батыс жұрты тыныш қарап қалмас еді ғой, - деп түпкі ойын түйіндеді зауыт басшысы.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ САПАЛЫ АЛЮМИНИЙ
Бұдан соң депутаттар тобы құю цехында болды. Соғылған металл дыбысынан құлақ тұнады. Алмаз Тұрдұметұлы тиісті қалыпқа құйылып, белгі соғылып жатқан алюминий бөлшектерінің легін көрсетті. Бір металл құймасының салмағы 22 килограмм тартады. Алғашқы өнім шығаратын кешен 2007 жылдың 12 желтоқсанында қолданыла бастады. Зауыттың екінші кезегі биылғы жылдың 24-інші маусымында салтанатты түрде іске қосылды. Ел тарихында елеулі болып қала беретін екі оқиғаға да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қатысты.
Алмаз Тұрдұметұлының айтуынша, тұңғыш электролиз зауытының өнімі бүгінде ең сапалы тауар болып саналады. Алюминийдің ең жоғарғы стандарты А-9 маркасы болса, бүгінде ҚЭЗ-да А-85 маркалы метал өндіріледі. Әдетте, жаңа салынған өндірістер А-6 секілді маркалы өнімдер шығарудан бастайды, құрал-жабдықтарын сынайды. Ал біз болсақ бірден А-8, А-85 шығаруға кірістік. Өнім халықаралық стандартқа сәйкес деп танылып, Лондон металдар биржасына тіркелді. Мұның бәрі - заманауи жоғары технологияның жемісі. Бүгінде электролиз зауытында 2200 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық еңбекақысы- 98 мың теңге. Өндіріске қажетті мамандарды зауыт шетелдерге жіберіп оқытады. Жалпы, негізгі алюминий өндірісімен небары 600-ден астам маман ғана айналысады, ал қалғаны - қосалқы жұмыстарда. Мұның себебі өндірістің бастан-аяқ автоматтандырылғанымен түсіндіріледі. Тәжікстанда жылына 300 мың тонна өнім беретін осы тектес зауытта 13,5 мың адам жұмыс істейді, цехтарының саны да орасан көп. Бірақ өндіріс көлемі бізден еш аспайды. Себебі олар ескі технологияға қарап отыр. Қазақстан электролиз зауытында күніне 680 тонна құйма шығарылады, бұл дегеніңіз - 14 вагонға артылатын сапалы тауар.
- Ешқандай дағдарысқа қарамастан біз балабақша салып шықтық. Қазіргі кезде зауыт жұмысшыларына арналған 125 пәтерлі үшінші тұрғын үй салудамыз. Жағдайы келмесе, жұмысшылар баспананың коммуналдық қызметтері үшін ғана ақы төлейді. Егер он жыл өндірісте еңбек етсе, пәтерін өзіне сыйлаймыз. Мұндай қамқорлықты елімізде қандай ірі өндіріс ошағы жасап отырғанын айтыңыздаршы?! Мұнайшылардың өздері мұндай қадамға барған емес, - деді А.Ибрагимов.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Анатолий Гуськов пен Николай Шабрат зауыт басшылығының жұмысшылар мекендейтін қаланың шағын ауданын көріктендіруге байланысты ауқымды жұмыстарын оңынан бағалады. Талай жыл бойы қараусыз қалған Гагарин атындағы саябақты қалалықтардың игілігіне арнап көріктендірген, тұрғын үйлердің аулаларын талапқа сай жасақтап берген де осы өндіріс орны. «Әрине, әлі де болса жетпей жатқан кем-кетік тұстар бар. Бірақ олар да толығымен реттеледі», - деп уәде берді Алмаз Тұрдыметұлы.
Әртүрлі тақырыптар бойынша пікір алмасқан соң депутаттар өндірісті аралатқан, мән-жайға кеңінен қанықтырған зауыт басшысына ризалықтарын білдірді.

«БІЗ БӘРІНЕ АШЫҚПЫЗ!»
- Бұл жолы біз облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын шақырдық. Ендігі кезекте электролиз өндірісімен өзіміздің мұғалімдерімізді таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Одан кейін оқушылар да заманауи үлгіде жабдықталған зауыттың босағасын аттайтын болады. Сөйтіп біз қарапайым халықты қанатты металдың қауіпсіз өндірісімен кеңінен таныстырып қана қоймай, болашақ металлургтерді тәрбиелейтін боламыз. Біздің өндірісімізді көзбен көріп, көңілдерімен сезінген жастар күні ертең алюминий өндірісіне байланысты мамандықтарға баратын болады, - деді депутаттарды шығарып салған «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті Жұмабек Қамзин.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

ДЕПУТАТТАР ПІКІРЛЕРІ
Гүлнар Досжанова, облыстық мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы:
- Біз ең алдымен өз сайлаушыларымыздың, облыс тұрғындарының мүддесін қорғаймыз. Көпшілікті зауыттың экологияға, халықтың денсаулығына әсері алаңдатады. Сондықтан депутаттық сауал жолдап едік, Алмаз Ибрагимов оған бірден жауап берді. Өндіріс ошағы халықаралық деңгейде сертификатталған. Бүгін біз мұнда экологиялық қауіпсіздік мәселесі кеңінен ескерілгеніне куә болдық. Зауыттың қаладан 12 шақырым қашықтықта орналасқаны да талапқа сәйкестік. Көріктендіру жағдайына да көңіл толады.

Арман Әлиақпаров, қалалық мәслихаттың депутаты:
- Баспасөз беттерінде өндірістің қауіптілігі туралы небір әңгімелер айтылды. Бәрін өз көзімізбен көргіміз келді. Көргенімізге таң қалдық. Әлемдік стандартқа сәйкес заманауи өндіріс. Мұнда барлығы бастан-аяқ автоматтандырылған, жұмысшылар да көп емес. Айналасы толған жасыл желек пен гүлзарлар. Ауасы да таза. Маған ұнады.

Қанат Әлтаев, облыстық мәслихаттың депутаты, Лебяжі ауданы:
- Зауытқа бірінші рет келіп тұрмыз. Экологиялық мәселе жөнінде түрлі әңгімелер болады ғой, шындығында жағдай қалай екенін біз өз көзімізбен көрдік. Зауыт басшысы А. Ибрагимовтың айтуынша, айына екі рет келіп түрлі мемлекеттік органдар тексеріп отыратын көрінеді. Яғни, барлығы бақылауда. Біз зауыттың Қазақстан атын әлемдік деңгейге паш етіп жатқанына мақтануымыз керек.

Николай Шабрат, облыстық мәслихаттың депутаты:
- Мұндағы өндірісті аралай келе, ондағы мәдениеттілікке, басшылардың өндірістік процеске деген адал қарым-қатынасына тәнті болдық. Өз басшылығымен мынандай алып кәсіпорынды құрғаны үшін Алмаз Ибрагимовке шын жүрегімнен алғыс айтқым келеді. Еліміздің көркеюіне осы өндіріс орны қызмет ете берсін. Зауыттың қалалықтар үшін балабақша салғанын, жұмысшыларына баспана тұрғызып жатқанын білеміз. Бұл әр кәсіпорынның қолынан келіп жатқан жоқ.

 

0 пікір