Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4201 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:22

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕРДІҢ ҚАЙТАРЫМЫ ӘЛІ АЗ

Ал, оның қысқа дайындыққа кері әсері болғалы тұр
Бұл жолы селекторлық кеңесте қаралған мәселе де қазіргі өңірдің өзекті проблемасы болып тұр. Ол алдымыздағы қысқа дайындықтың бір тарауы ретінде бағаланбақ коммуналдық төлемдердің өтелуіне арналды. Ал, бұл жай, турасын айтқанда, әлі де толық реттелмеген.

Жалпы, селекторлық кеңесті кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ бұл мәселенің Үкімет тарапынан да аса назар аударылып отырғандығын атап өтті. Демек, коммуналдық төлемдердің уақытында өтелмеуі - республикаға ортақ проблема. Алайда, біздің өзгелерде ісіміз қанша, алдымен өзіміздің берешегімізден құтылғанымыз жөн емес пе еді? Оның үстіне, Атыраудағы коммуналдық қызмет тарифі өзге облыстармен салыстырғанда анағұрлым төмен. Бұл, біріншіден, ауыз су, табиғи газ, электр және жылу энергиялары өзімізден шығып жатқандықтан болса, екіншіден жергілікті атқарушы билік монополия мекемелермен жүйелі жұмыс жасап отырғандығынан.

Соның өзінде де, осы төменгі тарифті де төлемей, монополия мекемелерді қыруар шығынға батырып отырғанымыз жасырын емес.

Ал, оның қысқа дайындыққа кері әсері болғалы тұр
Бұл жолы селекторлық кеңесте қаралған мәселе де қазіргі өңірдің өзекті проблемасы болып тұр. Ол алдымыздағы қысқа дайындықтың бір тарауы ретінде бағаланбақ коммуналдық төлемдердің өтелуіне арналды. Ал, бұл жай, турасын айтқанда, әлі де толық реттелмеген.

Жалпы, селекторлық кеңесті кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ бұл мәселенің Үкімет тарапынан да аса назар аударылып отырғандығын атап өтті. Демек, коммуналдық төлемдердің уақытында өтелмеуі - республикаға ортақ проблема. Алайда, біздің өзгелерде ісіміз қанша, алдымен өзіміздің берешегімізден құтылғанымыз жөн емес пе еді? Оның үстіне, Атыраудағы коммуналдық қызмет тарифі өзге облыстармен салыстырғанда анағұрлым төмен. Бұл, біріншіден, ауыз су, табиғи газ, электр және жылу энергиялары өзімізден шығып жатқандықтан болса, екіншіден жергілікті атқарушы билік монополия мекемелермен жүйелі жұмыс жасап отырғандығынан.

Соның өзінде де, осы төменгі тарифті де төлемей, монополия мекемелерді қыруар шығынға батырып отырғанымыз жасырын емес.

Осы орайда баяндама жасаған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан ЖАЙСАНОВТЫҢ айтуынша, биылғы 10 қыркүйектегі есеп бойынша облыста коммуналдық қызметке берешек барлығы 567 млн. 745 мың теңгені құрады. Соның ішінде тұтынушылар табиғи газға 130,781; электр энергиясына 201,629; ауыз суға 200,243 және жылу энергиясына 35,092 млн. теңге қарыз.

Рас, бұл мәселе биылдың өзінде бірнеше рет талқыланып, облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар берілгендіктен, іс сәл де болса ілгері жылжыды. Соның нәтижесінде, еліміздің Құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы істері агенттігінің мәліметіне қарағанда, республика бойынша коммуналдық қызметке берешектің аздығы жөнінен Алматы мен Қарағанды облыстарынан кейінгі үшінші орында екенбіз. Яғни, қарызға бізден де белшесінен батқан өңірлер бар. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, Атыраудағы коммуналдық қызмет жағдайының басқа облыстармен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Осы орайда Атырау қаласы бойынша коммуналдық қызметке берешек 367 млн. 705 мың теңгеге жеткен. Соның ішінде "Таза құбыр" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "ЭнергоСбыт" және "ОблТрансГаз" мекемелеріне сан миллиондаған теңге берешек. Бұл ретте мәжбүрлеп төлеу жөнінде шығарылған сот шешімі де бар. Бірақ, "Таза құбыр" ЖШС-де монополия мекемеге аударатын мұндай көлемді қаржы жоқ. Ал, ол өз кезегінде тұтынушылардан алажақ. Қазір мәселе тиісті заң орындарымен шешіліп жатқанымен, іс ілгері жылжыр емес.

Бұл жөнінде түсінік берген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ проблема шешіліп жатқанын айтқанымен, нақты шешім де анық емес. Яғни, ендігі мәселе тариф жайын анықтауға тіреліп тұрған тәрізді. Оның үстіне, "АтырауСуАрнасы" кәсіпорнына мақаттық тұтынушылар да қарыз.

Алайда, Асқар Әбдіров тарифтің жыл басында өзгергенін, ал қазір күз екендігін айтып, мәселені түпкілікті шешуге екі ай ғана мерзім берді.

Жылыой ауданы бойынша коммуналдық қызмет берешегі 23 млн. 755 мың теңгеге жеткен. Қазір ауданды табиғи газбен "ЖылыойГаз" және ауыз сумен "ЖылыойСу" мекемелері қамтамасыз етіп отыр. Бұларда айтарлықтай проблема да жоқ. Алайда, Құлсары орталық жылу қазандығын пайдаланып отырған "ЭнергоТепло" мекемесі "ЭнергоСбыт" кәсіпорнына берешек. Бұл мәселе де біраз уақыттан бері қозғалып келе жатқанымен, әлі шешілмеген.

Осы орайда Жылыой ауданы әкімі Рахметолла НҰҒЫМАНОВТЫҢ айтуынша, біраз борыш ілгергі жылдардан қалған. Қазір олардың көлемі кеміп келе жатқанымен, кейінгі уақытта тағы да жиналып қалып отыр.

Индер ауданы бойынша 10 млн. 811 мың теңге берешек бар. Мұндағы өзекті мәселе "ИндерКомСервис" кәсіпорнында қалыптасқан. Өйткені, қазір аталмыш мекеме банкротқа ұшырап, оның орнына "ИндерГаз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылмақшы. Демек, жаңа мекеме пайда болса, бұрынғы кәсіпорынның қарызы өтеусіз қалмақ. Мәселен, бұған дейін осы аудандағы "Ахметжанов", "Дильдабеков М", "Индерводоканал" кәсіпорындары банкротқа ұшырап, олардың 8 млн. 29 мың қарызы қайтарусыз кеткен. Демек, тағы да осындай жағдай қайталанғалы тұр.

Жалпы, аудан әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, мұндағы коммуналдық қарыздың басым бөлігі сонау 2005 жылдан қалған көрінеді. Мұның басты себебі - халықтан ақша жиналмайды. Сондықтан өңірдегі коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар тұрғындарға таратқан электр энергиясы мен ауыз суға берешегін де өтей алмайды. Қазір мұндағы жергілікті коммуналық кәсіпорындар алдымен жұмысшылардың мезгілінде төленбеген жалақыларын өтеуде. Содан соң ғана әріптестеріне берешегінен құтылмақ. Ал, қажетті қаржы жинақталғанша қызметкерлердің келесі еңбекақысын төлейтін де уақыт келмей ме? Сонда, бұл мәселе тіпті де шешілмейтін секілді.

Исатай ауданында коммуналдық қызмет берешегі 7 млн. 440 мың теңгеге жетіпті. Әрине, өзге өңірлермен салыстырғанда аса көп те емес. Бірақ, соның басым бөлігі "Әдемі үй" кәсіпорнына қатысты екен. Рас, қазір бұл ұйым "ОблТрансГаз" мекемесімен келісім жасап, қарызын кесте бойынша өтеп келеді. Әйтсе де, Асқар Әбдіров бұл жайды назарға алып, бақылап отыруды тапсырды.

Әзірге Қызылқоға ауданында коммуналдық төлемге қатысты туындап отырған мәселе жоқ. Бірақ, малды мекенге табиғи газ тартылып, енді оны тұрғындар пайдалана бастағанда мұндай проблема туындап кетуі де ықтимал. Мамандар осы жайды қазір-ақ құлаққағыс ретінде айтып отыр. Сондықтан, монополия мекемелер өз қызметін көрсете бастаған сәтте-ақ тұтынушылармен келісім жасаулары керек. Әйтпесе, соңынан төлемдерін қалай жинауды да білмей қалады.

Мақат ауданында коммуналдық қарыз 131 млн. 975 мың теңге болыпты. Соның көбі "АтырауСуАрнасына" берешек. Рас, бір қарағанда қарызға белшесінен батып отырғандар да жоқ. Бірнеше мекеменің азды-көпті борышы мен тұрғындардың бережағы ғана осындай қомақты цифрды көрсетіп тұр.

Алайда, осы орайда аудан әкімі Сырым РЫСҚАЛИЕВТІҢ айтар өз уәжі бар. Мәселен, облыстан "АтырауСуАрнасы"мекемесінің мамандарын шақырып, олармен қайта есеп жүргізгенде бұған дейін берешек ретінде аталып жүрген қаржының кейбірі негізсіз болып шыққан. Оның үстіне, кейбір шағын мекемелер әлдеқашан банкрот болып кеткен. Мәселен, аудандағы іргелі саналған "МақатСуАрнасы" өткен жылы осындай күйге ұшыраған.

Ақырында, Махамбет ауданында 14 млн. 553 мың коммуналдық қарыз жинақталған. Мамандар мұндағы шешімін күткен проблема ретінде мойнындағы қарызын өтемей "Ауыз сумен қамтамасыз ету" мекемесінің "Махамбет" кәсіпорнына қосылып кеткендігін айтады. Енді бұрынғы ұйымның берешегін кім төлемек?

Ал, аудан әкімі Өмірзақ ЗИНУЛЛИН бұдан бес-алты жылдан бері жинақталып қалған қарыздардың да бар екендігін айтып отыр. Қазір соларды өтеудің барлық мүмкін шаралары алынып жатқан көрінеді.

Жалпы, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан ЖАЙСАНОВТЫҢ айтуынша, тұтынушылардың коммуналдық қызметке берешегі монополия мекемелердің қысқа дайындығына кері әсерін тигізетін түрі бар. Өйткені, ескірген жабдықтар мен құралдарды жаңарту үшін қыруар қаржы қажет. Ал, оның бір бөлігі жұрттан жиналар коммуналдық төлемге байланысты.

Осы орайда селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ ортаға оралымды ой тастады.

Жалпы, жоғарыда айтылғандай, біздің облыстың республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда коммуналдық төлемдері аса көп те емес. Қолымыздағы құжаттарға қарағанда, кейбір қалалар мен облыстарда миллиардтаған берешек жиналыпты. Бұл - бізде аталмыш мәселеге облыстық әкімдік тарапынан ұдайы назар аударылып отырғандығының нәтижесі.

Әйтсе де, коммуналдық қызметтің қомақты болып отырғаны - осы сомада әлдеқашан банкрот болып, ендігі тарап кеткен кәсіпорындардың да берешегі жүр. Сот шешімімен жұмысы тоқтатылған мекеменің қарызын енді кім өтемек? Бұл ретте заңның нендей тетіктері бар? Сайып келгенде, соттасқан қос кәсіпорын алдағы уақытта мұны өздері шешуі тиіс емес пе? Ендеше солардың борышын облыстың көрсеткішіне қосудың еш реті жоқ.

Оның үстіне, ағымдағы коммуналдық қарыз деген тіпті айтылмауы керек. Өйткені, әр айдың ортасына дейін төленетін төлемді сол айдың осы уақытқа дейінгі көрсеткішімен берешек санауға бола ма? Бұл да облыстың жалпы мәліметіне нұқсан келтіріп, кері тартып тұр.

Міне, осы жайларды жиналғандардың қаперіне салған облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров барлық мемлекеттік және коммуналдық құрылымдар басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сайып келгенде, қазіргі басты міндет барлық берешектен дер кезінде құтылып, алдымыздағы қысқа тыңғылықты дайындықпен келу керектігі айтылды.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

 

0 пікір