Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2996 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 10:03

БЕКЗАТ БОЛМЫС. Д.А.Қонаевтың Қостанайда болған сәттерінен

Мен бұрынғы МҚК Қостанай облыстық басқар­масында ширек ғасырдан астам қыз­мет етіп, зейнетке шыққан адаммын. Жұмыс бабымен жүргенде, алыстан да, кейде жақыннан да атақты кісі­лерді көріп, олардың ресми емес әң­гі­мелерін естіген кездерім көп бол­ды. Мысалы, 60-70 жылдары Н.С.Хру­­щевты, Л.И. Брежневті, тағы бас­қаларды көрудің сәті түсті. Со­лар­дың ішінде СОКП Орталық Ко­митеті Саяси бюросының мүшесі, Со­циалистік Еңбек Ері атағын үш мәр­те алған мемлекет және қоғам қай­раткері Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевтың шоқтығы биік тұратын еді.
Димекең адалдықты, адамдықты өмір жолының туы етіп ұстаған. Оның асып-тасқанын ешкім естіп, білген жоқ. Қашанда бір қалпынан таймаған адам. Ақыл-парасат, кең мінез келбетіне жарасып тұрар еді. Ағамыздың адамгершілігі, кемең­гер­лігі, бекзаттығы, кемел басшыға тән парасаттылығы, ғажайып кішіпейіл­дігі үшін халқы оны сыйлады, Ди­маш деп жақын тұтты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: “Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам”,– деп Диме­кеңе берген лайықты бағасын айта кету жөн болар.

Мен бұрынғы МҚК Қостанай облыстық басқар­масында ширек ғасырдан астам қыз­мет етіп, зейнетке шыққан адаммын. Жұмыс бабымен жүргенде, алыстан да, кейде жақыннан да атақты кісі­лерді көріп, олардың ресми емес әң­гі­мелерін естіген кездерім көп бол­ды. Мысалы, 60-70 жылдары Н.С.Хру­­щевты, Л.И. Брежневті, тағы бас­қаларды көрудің сәті түсті. Со­лар­дың ішінде СОКП Орталық Ко­митеті Саяси бюросының мүшесі, Со­циалистік Еңбек Ері атағын үш мәр­те алған мемлекет және қоғам қай­раткері Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевтың шоқтығы биік тұратын еді.
Димекең адалдықты, адамдықты өмір жолының туы етіп ұстаған. Оның асып-тасқанын ешкім естіп, білген жоқ. Қашанда бір қалпынан таймаған адам. Ақыл-парасат, кең мінез келбетіне жарасып тұрар еді. Ағамыздың адамгершілігі, кемең­гер­лігі, бекзаттығы, кемел басшыға тән парасаттылығы, ғажайып кішіпейіл­дігі үшін халқы оны сыйлады, Ди­маш деп жақын тұтты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: “Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам”,– деп Диме­кеңе берген лайықты бағасын айта кету жөн болар.
Қостанай облыстық партия ко­ми­тетінің хатшысы болып қызмет іс­теген П.М. Черныш “Эпоха Боро­дина, время Демиденко” деген кіта­бында: “Не сделаю никакого от­крытия если скажу, что каждый приезд в область Димаша Ахме­до­вича Кунаева воспринимался, и на деле был большим праздником. Мно­го раз мне приходилось быть на его встречах с активом –всегда он оча­ровывал нас своим нерисован­ным, а природным обоянием, эн­циклопедическим умом, подлинной интеллигентностью. Словом, он на деле был для нас живым примером, образцом партийного и государ­ст­венного деятеля. Зачем ему было ко­го-то запугивать, если его беспре­дель­но любили, уважали как авто­ритетного лидера, сделавшего для своей страны?...”дей келе автор аға­мыз­дың орнына келген кісіні жа­ғым­сыз жағынан суреттеп кетеді.
Димекең жылына екі рет көк­темде және күзде облысқа келіп, жұ­мысшы-шаруалармен кездесіп, ақыл кеңесін айтып тұратын. Облыс акти­він жинап сөз сөйлейтін. Бұл кісінің бағдарламалық терең мазмұнды сөзін магниттік таспаға жазып алып, ке­йіннен облыс, аудан басшылары, кең­шар директорлары, мамандар жұ­мыс орындарында мұқият тыңдап, маңызды деген жерлерін қағазға түр­тіп алып жатқандарын талай көрдім.    Ағамыздың тектілігіне, әдептілігіне, мінез байлығына тоқтала кетейін. Облысымызды А.М. Бородин деген кісі көп жылдар басқарды. Қазақ халқына көзқарасы терістеу ол рес­публика басшылығына да менменсіп қарайтын еді десем, көзкөрген аға буын өкілдері менің сөзімді жоққа шы­ғармас деп ойлаймын. Ол Мәс­кеудегі Бас хатшының атағын және өзі­нің онымен отбасылық сый­лас­тығы бар екенін көбіне орынсыз жерде көлденең тартып, өзіне жалған бедел жасап отыратын кісі еді.
П.Черныш өзінің жоғарыда атал­ған кітабында А.Бородиннің іс-са­пармен келген республикадағы ми­нистрлерді айтпағанда, олардан да жо­ғары лауазымды кісілерге айтар сөзін екшемей, табалдырықтан тарпа бас салатын еді дейді. Бұл кісінің республика басшыларын тыңдамай кеткені туралы автор айтып өтеді. Ол Бородиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бі­рін­ші хат­шы­сы Юсуповпен де об­комның бю­ро­сында текетіреске түс­кенін жазады.
Бородиннің жұрттың көзінше еш­кімді менсінбей, өзін жоғары ұс­тап отырғанына шыдамай, Юсупов: “...вы, товарищ Бородин, зарвались, самоуправствуете, не признаете ЦК?..” деп қатаң ескерткен. Жоғары лауазымды кісіні мұндай ауыр сөз айтқызуға осының алдында бір негіз болған шығар.
Орыс халқының кейбір өкілдері Бородиннің мұндай “ерліктерін” іш­тей қолдайтын. Олар әңгімелесе қал­ғанда: “Бородин республика бас­шы­лығына пысқырмайды да, керек болса облысты Қазақстаннан бөліп алып Ресейге қосады”,– деп біздің шымбайымызға бататын сөздер ай­татын еді. Өкінішке қарай, осындай алыпқашты құпия ақпараттар ол кезде жиі естілетін.
Кітап авторы П.Черныш Боро­дин­нің: “Товарищ Юсупов! Пра­вильные указания ЦК я признавал и признаю, а неправильные не приз­навал и признавать не намерен!” деп жауап қайырғанының куәсі болып­ты. Осы екі кісінің орындарын ойша ауыстырып көріңізші. Осындай жұрт­тың көзінше дөрекі тартыс бо­лар ма еді? Бола қалғанның өзінде ол немен бітер еді? Менің пар­тиям басқа, сен­­дердің қағи­дала­рың өздеріңе деп айту үшін де қиқар мінез аз, жоғарыдағы сенетін мықтысы болу керек қой.
П.Черныш кітабында Бәйкен Әші­мов ағамызды Қостанай әуежайында Бородиннің қалай қарсы алғанын об­лыс басшысына іштарта жазады. Егін орағы аяқталып қалған кезде, облысқа іссапармен келген осы жоғары лауа­зымды кісіге Бородин әуежайда тұрған жұрттың көзінше амандық-саулық жоқ: “Егер сен үкіметке қосымша астық тап­сыруды сұрай келсең, онда само­ле­тіңнің моторын сөндірмей, осы жерден кейін қайта бер, сендерге бір түйір де дән бермеймін”,– деген. Ал шын­дығына келсек, ол кезде қо­сымша астық беретін об­лыста мүмкіншілік толығы­мен болыпты, себебі көп ас­тық қамбаларда, қырман­дар­да ысырап болып жа­тыпты. Бұл республиканың бір өңірін басқарып отырған басшының емес, ой-өрісі кем, кесір кісінің айтатын сөзі емес пе? “Менің сыйы­нарым да, сүйенерім де Мәс­кеуде отырғанда сендер ма­­ған не істей аласың­дар?”– деген шайпаулық оның әр ісінен білініп тұрар еді. Осындай кісілермен жұ­мыс істеу, Димаш ағамызға оңай түспегені белгілі.
Қостанайға келген бір са­парындағы активте Ди­маш ағамыз сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығын дамытудың кезек күттірмес міндеттері туралы өз пікірін ортаға салды. Зал толы аудан, ірі меке­ме басшылары, кеңшар директорлары. Бәрінің назары Димекеңде. Зал іші сілтідей тынған.
–Еліміз қостанайлықтардан жыл сайын мол астық күтеді. Сондықтан сіз­дер гектардың құнарлылығын арт­ты­рудың нақты істерін жүзеге асы­ру­ларыңыз керек. Тек сонда ғана гектар берекелі болады”– деп бір түйіндеп қойған Димекең онан әрі:
– Біз мал шаруашылығын өркен­детудің озат, жаңа тәсілдерін кеңінен қолдана отырып, қоғамдық мал басын күрт арттыруымыз керек,– деп сөзін жалғастырып еді, А.М. Бородин:
– Димаш Ахметович, сіз кен инже­нерісіз ғой, мал шаруашылығын жете білмеуіңіз айып емес,– деп сөзін бөлді де: – Сіздің мына айтып тұрғаны­ңыз­ды қабылдау қиын. Кеше мен Леонид Ильичтен хат алып едім. Онда бұл мә­селе туралы оның ойы басқа екенін ай­тыпты”, – деп бес-он минуттай аға­мызды мінбеде тұрғызып қойып, өзі ақылсынды.
Мәскеудегі басшы Қостанайдағы об­ком хатшысының жұмысында, үйін­де, саяжайында, машинасында үкі­меттік тіке “ВЧ” телефон байланысы тұр­ғанда, үйіне хат жазып отыра ма? Бұл миға қонбайтын жағдай ғой. Бірақ амал не, “аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін” деп қазақ осындайларды айтқан.
Ал Димекеңнің орнында басқа бір тығыз мінезді кісі болса, өзіне бағы­ныш­ты шенеунікке: “Сабыр етіңіз, соңы­нан кабинетте сөйлесерміз”,– деп тыйып тастар еді ғой. Ішкі мәдениеті тө­мен бұрынғы мал дәрігерінің соншама еркінсіп кеткені, ағамызды мінбеде сон­ша телміртіп қойғаны, отырған­дар­ды да ыңғайсыздық жағдайға қал­дыр­ды. Бірақ, Димекең лауазы­мының биік­тігіне, ресми құқығының жоғары екеніне қарамастан ашу шақыр­мады, оғаш мінез көрсетпеді, сабырлы, сал­мақты қалпынан таймады. Мінеки, Ди­мекең ұлылығын, бай мінезділігін, са­бырлылығын осылай көрсетті.
Кешкі тамақ кезі. Жоғары ресми қонақтарға арналған қала сыртындағы коттеджде біз ішкі күзет қызметкерлері өз ісімізбен айналысып жатқанбыз. Алдында Димекең алыс бір ауданнан келген еді. Жанында облыс хатшысы Бородин, республикалық МҚК-нің төр­ағасы В.Т.Шевченко облыстық мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің бас­қарма бастығы И.И.Петрович, тағы бас­қалар бар. Біз, арнаулы күзет адам­дары не болып жатқанын алысырақ жерден бақылап, кейде керек-жарағына қолғабысымызды да тигізіп қоятынбыз. Ауызша тапсырыс және жазбаша нұс­қаулар бойынша, бізге бұл кісілердің сөзіне араласуға болмайтын-ды.
Асқа отырды-ау деген кезде кот­тед­жден атып шыққан полковник Пет­рович бізге қатаң үнмен:
– Аспазшы қайда, жылдам маған жеткізіңдер! – деп бұйырды. Біз не істе­рімізді білмей, ә, дегенде абыржып қал­дық. Бір төтенше оқиға болып қал­ды ма, күзетіп жүрген кісімізбен бай­ланысты күтпеген тосын іс болды ма деп алаңдадық. Бірер минуттың ішінде, дедектетіп жаңағы байғұсты басты­ғы­мызға алып келдік. Егде жасқа келген кісі он бес-жиырма жыл бойы облыс­тық партия комитетінің асханасында аспазшы болып істейді екен. Ұлты ев­рей еді, облыс басшысына жақындығы болуы керек, сірә, қазанның басында шөміш ұстап жүріп-ақ ордендермен марапатталыпты. Өзінің де­не бітімі толық кісінің ба­лаша асып-са­сып, есі шыққаны соншама, шақырған жерге әрең жетті. Шені төмен адамдардың мұндай жағ­дайда әңгімеге қатысып тұруы артық болатын, сондықтан біз бөлмеден шы­ғып кеттік. Біраз уақыттан кейін аспаз­шымыздың салы суға кеткендей сүмі­рейіп оралды.
–Не болды? Табақ дұрыс тартыл­мады ма?– деп сұрақтарды жан-жақ­тан жаудырып жатырмыз. Аспазшымыз әрең дегенде: “Бас тарту дәстүрін бұ­зыппын”,– деп үн қатты. Біз таңданып бір-бірімізге қарастық.
–Не болғанын ашып айтшы, біл­генше мазамыз кетіп тұр,– дедік. Се­бебі, бұл біз үшін тосын оқиға еді.
–Қойдың басын жағын айырмай, тісін қақпай асыппын. Сол домалақ қалпында табақ тартыппын. Бұл, әрине барып тұрған сорақы іс еді,– деп бізге түсіндіре бастады. Оның айтуынша, еттің нанын сопақша шағын фарфор табаққа салып, үстіне қойдың етін ту­рапты. Табақтың жиегін аршылған кар­топпен әсемдеген. Үстіне басты до­малап кетпесін деп жатқызып қойып­ты. “Домалап” деген сөзді естігенде мен:
–Сен оның жағын бөлген жоқ па едің?– дедім.
–Жоқ, ауданнан сойып, басын үй­тіп әкелген мал болған соң, бәрі дайын шығар деп, сол қалпында пісіріп қо­нақтарға апарып бердім,– деді. Бұрын қойды қазаққа бауыздатып, сойғыза­тын. Ет көбіне аудандардан дайын күйінде келетін. Неге екені белгісіз, бұл жолы олай болмаса керек.
Облыс басшыларының ағамызға дұрыстап бас тарта алмағанына ішіміз қазандай қайнап, күйіндік, бірақ бізде дәрмен бар ма? Ол кезде, осындай үл­кен лауазымды кісілерге ас пісіруге де қазақ ұлтының өкілдерін жақындатпай­тын. Оны айтып жатудың қажеті де жоқ. Қазан-ошақтың қасында бір қазақ жүрсе мынандай ұят жағдайға қалмаған да болар едік.
Бұл оқиғаны еске алғанда тағы да Ди­мекеңнің ұстамдылығын, мәдениет­ті­лігін айтайын деген едім. Ол кісі сыпайы түрде ғана: “Мына басты қазақ дайындамаған екен”,– депті. Табақтың мүмкін басқа да кемшіліктері болған шығар.
Неге екенін білмеймін, басшылар Димекеңе үш мезгіл десем артық бол­мас, бас тартумен болатын. Сонда қа­зақтың ұлттық тағамы осы ғана деп ой­лағандары ғой. Кейде ағамыз, қасында­ғыларға ойын-шынын араластырып: “Қазақстанда қойдың санын 50 мил­лионға жеткізу үшін бір мезгіл украин­дық борщ ішуге де болады ғой”,– дей­тін көрінеді. Бірақ оның мәнін, ішкі сырын түсініп жатқан кім болды десеңші.
Димекеңді бірінші рет, ұмытпасам, 1964 жылы Көкшетау қаласында көрдім.Ол кезде бірінші хатшы Юсупов та, ал Димекең болса Қазақ ССР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы болатын. Күзге қарай Хрущевті Көкшетауда қар­сы алу үшін, біздер оншақты облыстық МҚК-нің қызметкерлері Бурабай ку­рортында бірер күндей күтіп отырдық. Жоспар бойынша Бас хатшы осы жер­де бірнеше күн демалуға тиіс екен. Ол кісі күткен күннен кешігіп келді, оның себебі, Қостанай мен Ақмоланың ара­сындағы теміржол бір-ақ тармақ бо­латын. Қостанайдан Ақмолаға дейін жүз­деген составтарды жүргізбей стан­ция­ларға, разъездерге лық толтырды. Рельс­терді ауыстыратын жерлерді кос­тыльдермен шегелеп тастаған, қырағы күзет.
Жол бойы араққа тойып алған Хру­щев көзін сәл жұмса болды, жанын­дағы жағымпаздар пойызды тоқтататын кө­рінеді. Не болып қалды десе: “Ники­та Сергеевич вздремнул”,– дейді. Ел жоқ, жұрт жоқ жерде патша көзін аш­қан­ша пойыз тоқтап тұратын көрінеді. Ал, пойыздың бір минут тоқтап тұрғаны бәленбай миллион шығын әкелетіні белгілі.
Сонымен, арнайы пойыз түс ауа Көк­шетау станциясына да жетті. Пер­ронның екі жағы лық толған адам, ми­лиция әрең ұстап тұр. Жарты сағаттан кейін басы жалтырап, қолына шля­пасын ұстап Никита Сергеевичтіңі өзі шықты. Ортаға келіп, жақын келіңдер дегендей екі жақтағы кісілерге белгі берді. Сол-ақ екен, жұрт бізді баса-маса перронның ортасына қарай жүгірді. Бас хатшының тапталып қалу қаупі төнді. Біз бір біріміздің қарымыздан ұстап топқа тегеурін боламыз ғой деп едік, онымыз күткендей нәтиже бермеді. Алдымыздан мәскеулік МҚК органының адамдары бізді басқаға санап ұрып жатса, артымыздан басып-жаншып бара жатқан тобыр. Мен иығыма иығым тиердей болып Хрущевтің жанында тұрдым. Аласа бойлы, басы жалтыр, боз костюм киген толық кісі, омырауында Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы.
Осы кезде жанында Юсупов бар Қонаев келді. Ағамыз ұзын бой­лы, сыптай түзу, келбетті, арықша кел­ген, қозғалысы ширақ кісі екен. Лез­де қиын жағдайды қолына алып, Хру­щевті тез машинасына мінгізіп, ызалы тобырдан аман-есен шығарып жіберді. Бұлай дейтінім, тың игеру­шілердің тұрмыстық әл-ауқаты ол кезде нашар болатын. Алдында үлде мен бүлдеге оранасыңдар, барлық жағынан жақсы жағдай жасаймыз деп шеттен әкелген, ішінде тіпті сотталғандары да бар көпшіліктің іс-қимылын алдын ала болжау қиын болатын. Көрініс онша ұнамсыз, у-шу, шаң, кім не істеп жатқанын білу қиын. Егер де бір қастандық бола қалса, кімнен келгенін де білмей қалу мүмкін еді.
Мәскеулік қонақ жұмысын асха­на­дан бастады. Күн сіркіреп жауып тұрған болатын. Біз есіктің маңа­йында, сырттан бақылап жүргенбіз. Қонақтардың саны аз болса да гуілі ұлғая түсті. Аспазшылар себетке сал­ған бос шөлмектерді алып біздің жа­ны­мыздан өтіп жатыр. Даяшылар­дан:
– Никита Сергеевичтің ішіп-жеуі қалай?–деп сұрап қоямыз.
–Жақсы қызды, қырлы стақан­мен ішеді екен,– дейді.
Бір кезде көмекшілерінің біреуі келіп, Хрущевті Мәскеуден теле­фонға шақырғанын айтты. Қызара бөртіп сыртқа шыққан ол, көмек­ше­сімен бірге “ВЧ” аппараты орналас­қан ғимаратқа беттеді. Он-он бес минуттай телефонмен сөйлескеннен кейін, ол асханаға соқпай тікелей машинасына мінді де кетіп отырды. Жұрт оның кеткенін білмей де қал­ды, себебі қорғаушысының өзі асха­нада қалып қойған болатын. Бұл кезде Қонаев пен Юсупов асханада жоқ болатын. Олар қонаққа ертеңіне көрсететін жақын жердегі кеңшарға кеткен екен. Ал Хрущев Көкшетауда тұрған арнайы ұшағына мініп, еш­кім­мен қоштаспай ұшып кетіпті. Ке­лесі күні оның Тбилиси қаласын­дағы бір жиында сөйлеп жатқан дауысын радиодан естідік. Осындай құйын мінезді кісімен тіл табысып жұмыс істеу Димекеңе оңайға түспе­ген болар. Оның бер жағында М. Горбачевтың ағамызға көрсеткен қор­лығы ол өз алдына бөлек әңгіме.
Қазақ халқына негізсіз ұлтшыл­дық күйесін жаққан 1986 жылғы желтоқсанда жастарымызды қанға тоғытқан, Димекеңнің ар-ожданын аяққа басып, терең ор қазған Гор­бачев кейін Алматыға сыйлы қонақ болып келгенде Димекеңнің Кең­сайда жатқан қабіріне барып, аруақ­қа бас иіп, тағзым етуді де білмеді. Мұндай кісілік оның қолынан кел­ген жоқ. Алатаудың асқақ шыңын­дай Дінмұхаммед ағамыз, еліне ең­бегі сіңген ұлтымыздың рухани тә­лім­гері, адалдық пен адамгер­ші­ліктің, бекзаттық пен кемеңгерліктің белгісі десем артық айтқандық бол­мас. Осы асылымызды ардақтау, бү­гінгі ұрпақтың парызы мен қарызы.
Елімізді ұзақ басқарған тұлға жә­не кіршіксіз тазалықтың символы ретінде Димекеңе табанының табы қалған Қостанайда бір көркем көше­нің аты бұйырмағаны жанымызға ба­тады. Ал облыстық Қонаев атын­дағы қордың материалдық мүшкіл жағ­д­айы қалталы балаларымызға үлкен сын. “Өлі риза болмай, тірі бай­ымайды”, – деген, ағайын. Ірге­лі ел, шоқтығы биік, мәдениеті жоғары ұлт боламыз десек осыны естен шы­ғармайық.

 

 

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,  ҰҚК-нің отставкадағы подполковнигі.. Қостанай.

0 пікір