Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3478 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 17:57

Қызылағаштағы кезекті қуаныш

Орталық көшелері асфальтталып, көше бойлай сап түзеген сәулетті үйлерге қоныстанушылардың қатары артқан Қызылағаштағы тірлік бұрынғы қалыпты ырғағына түсті деуге болады. Өзен жақтан жоғарыға көшірілген көшелер орнына егілген саябақтағы көшеттер де көктеп, жасыл жапырақтары самал желмен тербеліп, тірі жанға тірлік барлығын білдіреді. Осының алдында жазғандарымызда күні бүгінге дейін Қызылағаштағы 139 үйде, Ақтоғандағы 6 үйде қоныстойы аталып өтілгенін, жаңа баспаналарға ие болғандардың қуаныштары кемерінен асып төгіліп, олардың жерлестері өздері үшін жаңа үйлердің есіктері ашылар күнді асыға күтіп жүргенін айтқан едік. Облыс басшысы құрылысшыларға сенім білдіріп, Қызылағаштағы құрылыс жұмыстары шілдеге дейін аяқталады деген еді. Серік Әбікенұлының сол айтқаны орындалары анық. Күні кеше ауылда тағы да 200 отбасыға жаңа үйлердің кілттері тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, 188 баспана Қызылағашта салынса, қалған 12-сі Ақтоғанда пайдалануға берілді. Осылайша сәрсенбінің сәтіне дейін су тасқынынан зардап шеккендердің 345-і су жаңа баспаналарға кіріп, мәре-сәре күйді бастан өткерді. Амандық болса, шілдеге дейін қызылағаштықтар түгелімен жаңа үйлерге қоныстанады.

Орталық көшелері асфальтталып, көше бойлай сап түзеген сәулетті үйлерге қоныстанушылардың қатары артқан Қызылағаштағы тірлік бұрынғы қалыпты ырғағына түсті деуге болады. Өзен жақтан жоғарыға көшірілген көшелер орнына егілген саябақтағы көшеттер де көктеп, жасыл жапырақтары самал желмен тербеліп, тірі жанға тірлік барлығын білдіреді. Осының алдында жазғандарымызда күні бүгінге дейін Қызылағаштағы 139 үйде, Ақтоғандағы 6 үйде қоныстойы аталып өтілгенін, жаңа баспаналарға ие болғандардың қуаныштары кемерінен асып төгіліп, олардың жерлестері өздері үшін жаңа үйлердің есіктері ашылар күнді асыға күтіп жүргенін айтқан едік. Облыс басшысы құрылысшыларға сенім білдіріп, Қызылағаштағы құрылыс жұмыстары шілдеге дейін аяқталады деген еді. Серік Әбікенұлының сол айтқаны орындалары анық. Күні кеше ауылда тағы да 200 отбасыға жаңа үйлердің кілттері тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, 188 баспана Қызылағашта салынса, қалған 12-сі Ақтоғанда пайдалануға берілді. Осылайша сәрсенбінің сәтіне дейін су тасқынынан зардап шеккендердің 345-і су жаңа баспаналарға кіріп, мәре-сәре күйді бастан өткерді. Амандық болса, шілдеге дейін қызылағаштықтар түгелімен жаңа үйлерге қоныстанады.

Шатырлы қалашық алдындағы далалық сахна төріне көтерілген ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің Бас инспекторы Мұхамеджан Абауов, облыс әкімі Серік Үмбетов пен Ақсу ауданының әкімі Әскербек Дүйсембіновтер баспаналы болып жатқан жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады. Бірінші болып сөз алған облыс әкімі төмендегіше толғанды:
- Құрметті халайық! Наурыздың 12 жұлдызында болған су тасқынынан соң да біраз уақыт өтіп кетіпті. Апат зардаптарын алғаш көрген кезде-ақ ел-жұртты сабырға шақырып, үш айдың ішінде Қызылағаш қайта қалпына келеді деп уәде берген едік. Елбасының қолдауымен, Үкіметтің жәрдемімен және облыстың өз күшімен сол уәдемізді іс жүзіне асыруға бірден кіріскен болатынбыз. Сәуірдің соңы, мамырдың басынан бері сол уәденің орындалу нәтижесін өз көздеріңізбен көріп, куә болып келесіздер. Алғашында 45 үй, онан соң 100 үйді пайдалануға бердік. Енді міне, тағы 200 отбасы жаңа шаңыраққа кірмек. Барлығы дұрыс болып, құрылысшылар қарқынын жоғалтпаса, шілдеге дейін Қызылағашта салынуға тиісті үйлердің барлығында қоныстойы аталып өтіледі. Оған мүмкіндігіміз де, ынтамыз да бар.
Бірінші кезекте Елбасының өзі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен ұдайы танысып отырғанын айта кеткім келеді. Жүздесу сәті түскен кездері ауылдарды тез арада қалпына келтіріп, олардағы жұрттың жағдайын жасау қажеттігін үнемі ескертеді. Соның нәтижесін сіздер де көріп отырсыздар. Жаңа үйлерге күнделікті тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттардың жиынтығын әкеліп қойдық. Осының алдындағы кездесулер кезінде мұздатқыш, теледидар, еденге төсейтін кілем мәселесін айтқансыздар. Ол да мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Облысымыздың, еліміздің қалталы азаматтарымен хабарласып, өтініш білдірдік. Соның арқасында өткенде Алматы қаласының кәсіпкерлері 95 теледидар әкелсе, бүгін тағы 160 теледидар жеткіздік. Мұздатқыш мәселесі де реттеледі. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын. Азаматтарымыз ауыл тұрғындарын қамқорлықсыз қалдырмайды. Үкіметтен, облыстық бюджеттен бөлінген, қайырымдылық қорына жиналған қаражаттың бір тиыны шашау шықпайды. Оны арнайы құрылған комиссия қадағалай- ды. Қызылағаш әлі-ақ Қазақстандағы ең көрікті елді мекендердің бірі атанады. Оған мен кәміл сенімдімін. Сондықтан бүгінгі қоныстойларыңыз құтты болсын! Ауылдарыңыздан береке мен бірлік кетпесін, - деген облыс басшысы құрылысшылар еңбегін айрықша атап өтті.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Сайлаубек Сағымбекұлы жерлестерінің бүгінге күнге деген разылығын жайып салды. «Шындығында, қираған ауылды алғаш көргенде, оны бірер айда қалпына келтіру мүмкіндігінен күдіктендік. Сол кезде сабырға шақырған облыс басшылары үш айда үлкен жақсылық болатындығына уәде берген еді. Сол сөздерін орындаған оларға және күндіз-түні тыным таппай жұмыс істеген құрылысшыларға алғысымыз шексіз. Ауылымыз бірер айдың ішінде адам таңданарлықтай болып өзгерді.
Ертеңгі күнге деген үмітіміз артып, жүзімізге күлкі оралды. Ендігі мақсат - құр сөзді, жөнсіз өкпені қойып, бірлік пен тірлікті ойлау», - деді қызылағаштықтар атынан сөз алған ақсақал.
Мұнан соң жаңа баспаналы болған еңбек ардагері Василий Галушенков, жас маман Нұрлан Досмақов көпшілік алдына шығып, ел ағалары мен құрылысшыларға алғыстарын арнап, жұртшылыққа ізгі тілектерін жеткізді. Ақсу ауданының Құрметті азаматы Дубек Мұсанов қуанышты күнге орай ақ батасын берді. Сөйлеушілердің барлығы Елбасы мен облыс жетекшілігі және құрылысшы қауымға шын ниеттерімен ризашылықтарын білдіріп жатты.
Расында, Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс басшылығына дереу тапсырма беріп, арнайы комиссия құрмаса, Елбасының айтқаны мүлтіксіз орындалмаса, қуанышты күндердің біршама кейінге қалары сөзсіз еді. Сондай-ақ, құрыш білек құрылысшылар да су тасқыны алған ауылдарды қалпына келтіруде уақытпен санаспай еңбек етті. Әсіресе, «Алматықалақұрылыс», «Алматыауылқұрылыс», «Пелестрой», «БН Инвест» сынды компаниялар Қызылағашты қайта қалпына келтіруге айрықша атсалысты десек, артық айтқандық бола қоймас. Бұл жолы да осы үш компания мен тағы басқа да құрылыс ұйымдары салған жаңа үйлерде қоныстойлары болды. ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің Бас инспекторы Мұхамеджан Абауов, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған топ солардың бірнешеуіне кіріп, ақ дастарқаннан дәм татып, шаттықты шаңырақтарға мол бақыт пен береке тіледі. Жаңа баспаналардың көлемдері болмаса, негізгі сыртқы келбеттері мен ішкі жағдайлары ұқсас. Сондай-ақ, барлығының жанында аумақты бақшалық және қосалқы құрылыстарға арналған жерлері бар. Бұрынғы ауылда үйлер ретсіз салынып, көшелердің ажарын қашырса, жаңа елді мекенде баспаналардың барлығы бір сызықтың бойына орналасқандықтан, көшелер де кеңейіп қалыпты. Алматы - Өскемен автотрассасы өтетін орталық көшенің екі жағынан жаяулардың жүруіне арналып асфальт төселген соқпақтар жасалыпты. Сонымен бірге, әр үйдің есігінің алды машина кіретіндей етіп ыңғайластырылған. Көшелер бойына орналасқан колонкалардан тап-таза, суықтығы шекеңнен өтетін мөлдір су үзілмейді. Қазірдің өзінде тірлігі тап-тұйнақтай шағын ғана қаланы көзге елестететін Қызылағаштың толық қалпына келген соң көз тартар елді мекенге айналатындығына деген сенім арта түседі.
Сәрсенбінің сәтті күніне тап келген сапар соңында журналистерге арнайы сұхбат берген облыс басшысы су тасқыны алған ауылдарды қалпына келтіру жұмыстары белгіленген кестеге сай жүзеге асып жатқанын айтты. «Үш елді мекенде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Зардап шегушілердің бірде-бірінің өтініші қараусыз қалмайды. Барлық мәселені мүмкіндігімізді саралай отырып, шешіп жатырмыз. Мана өздерің көргендей, жаңа үйлерде адамға алғашқы кездері қажет болатындардың барлығы бар. Қалғанын алдағы күндері реттей жатамыз. Аман қалған мал бағымға алынған, егістік себіліп, күтіп-бапталуда. Тағы басқа да шаруалар ретімен жүзеге асырылуда, - деген Серік Әбікенұлы маусымның соңына дейін тағы да жаңа үйлер берілетіндігін де еске сала кетті.
Осылайша, Қызылағаш пен Ақтоғанда тағы да қоныстойлары болды. Бір күнде барлығы 200 отбасы жаңа баспаналарға кірді. Тағы бір қуанышты жағдай - тасқын болған кезден бергі уақытта қызылағаштық аналар өмірге 21 сәби әкеліпті. Соның арқасында ауыл тұрғындары қатары толыға түскен. Егінсуда да баспаналы болғандардың қуанышына куә болар күн жақын.

Болат АБАҒАН

 

0 пікір

Үздік материалдар