Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3929 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 14:04

А. Н. ПЫПИН Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов туралы

Қырғыз Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны өте қызықты құбылыс - азиялық және еуропалық қасиеттердің қосындысы. Шыққан тегі бойынша Уәлиханов өздерін Шыңғысхан тұқымымыз деп есептейтін қырғыз аристократиясына жататын (ол 1830 жылдың екінші жартысында туған)*1. Ол - қырғыздың соңғы ханы Уәлидің немересі және Орта жүз қырғыздарының Ресейге қосылуы орын алған кезде билік құрған Абылай ханның шөбересі. Шоқан қырғыз даласында, Құсмұрын (Тобыл губерниясы, Петропавлдан оңтүстік-батысқа қарай) мекенінде туған. Мұсылманша есімі - Мұхаммед-Ханафия; Шоқан - еркелеткен аты. Ол кезінде өз әкесі білім алған, қырқыншы жылдары казак әскери училищесінен кадет корпусы болып өзгертілген Омбы кадет корпусында оқыды. Шоқан бір ауыз орысша білмей корпусқа түсіп, 1853 жылы офицер болып шықты (өз қатарластарынан бір жыл ерте бітірді, себебі басқа ұлт өкілі болғандықтан арнаулы әскери ғылымдарды тыңдауға құқы болмады).

Қырғыз Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны өте қызықты құбылыс - азиялық және еуропалық қасиеттердің қосындысы. Шыққан тегі бойынша Уәлиханов өздерін Шыңғысхан тұқымымыз деп есептейтін қырғыз аристократиясына жататын (ол 1830 жылдың екінші жартысында туған)*1. Ол - қырғыздың соңғы ханы Уәлидің немересі және Орта жүз қырғыздарының Ресейге қосылуы орын алған кезде билік құрған Абылай ханның шөбересі. Шоқан қырғыз даласында, Құсмұрын (Тобыл губерниясы, Петропавлдан оңтүстік-батысқа қарай) мекенінде туған. Мұсылманша есімі - Мұхаммед-Ханафия; Шоқан - еркелеткен аты. Ол кезінде өз әкесі білім алған, қырқыншы жылдары казак әскери училищесінен кадет корпусы болып өзгертілген Омбы кадет корпусында оқыды. Шоқан бір ауыз орысша білмей корпусқа түсіп, 1853 жылы офицер болып шықты (өз қатарластарынан бір жыл ерте бітірді, себебі басқа ұлт өкілі болғандықтан арнаулы әскери ғылымдарды тыңдауға құқы болмады).

Ол сол кездегі Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа адъютант болып тағайындалды. Шоқанның дамуына ең алдымен оның өз табиғи дарыны себеп болса, екінші жағынан Омбы қоғамының біраз білімді адамдарының оған өзге ұлт өкілі ретінде ықыласы әсер етті. Гутковскийлер, Капустиндер, марқұм С. Я. Капустин оның ең жақын достары болды. Гутковский губернатордың жолдасы, Сібір қазақтары облысының меңгерушісі болған кезде, Шоқанмен арасы жақындай түсіп, оған қырғыздарды басқару туралы жазба дайындауды тапсырды1.

Сол жылдары Батыс Сібір өлкесін аралаған П. П. Семенов Шоқанға қызығушылық танытып, оны ерекше тұлға деп таныды, оның білімділігіне және Түркістан туралы әдебиеттерді көп оқығанына таңқалды. Уәлиханов қазанамасында айтылғандай (П. П. Семеновтың мәліметтеріне сүйене жазылған), 1858 жылы (Шығыс Түркістандағы үзіліссіз толқулар мен көтерілістер себебінен Батыс Сібір басшылығы) «Қашғар жағдайы туралы жергілікті жерден нанымды мағлұматтар алу үшін және бұл өзі әбден қолдан келетін, мүмкіндігінше жан-жақты зерттеп, біліп келетін, Орталық Азияның осы бөліктеріндегі сауда жолдарын зерттеу үшін сенімді адамды аттандыру қажет болды. Тапсырма өте қауіпті болды, оны орындайтын адам батыл шешімді, көреген, байқағыш, сонымен қоса татар тілі мен шығыстық салт-дәстүрді білуі керек болды, себебі азиялық киіммен жүру керек еді». Бұл шарттарға Уәлихановтан артық сай келетін адам табу қиын еді. 1858 жылдың маусымында ол семейлік бай сарт көпестің керуенімен ертеректе Қашғарда өмір сүріп, кейіннен Ресейге қоныс аударған отбасынан шыққан жас сарт саудагер ретінде. Әлім деген атпен аттанды. Уәлиханов шашын тақырлап алғызып, азиялықша киініп, Семейден керуенмен шықты. Керуен Қашғарға аман-сау жетті, ал 1859 жылдың көктемінде қазіргі Верный қаласына оралды. Қазанамадан: «Бұл саяхат географиялық ерлік болды. Марко Поло заманынан бері осы қалада өлтірілген бақытсыз Адольф Шлагинтвейтты айтпағанда, Қашғарға бірде-бір еуропалық кіре алған жоқ» - деп оқимыз. Шоқанды өзі атын алған Әлімнің*2 туыстары қарсы алып, оған қуанып, оның оралу құрметіне той жасалып, сұлу қалыңдық тауып (жергілікті салт бойынша қалада тұрған кезде) Шоқанды үйлендірді.

Қашғар өлкесі бұл кезеңде енді ғана төңкерісті бастан өткерген болатын, оны жасаған көтерілісші Якуб бек2 еді, сондықтан өрттің жалыны әлі басыла қоймаған. Уәлиханов Қашғар алаңынан адамның бас сүйегінен тұрғызылған пирамиданы көрді, тұрғындар солардың арасында Шлагинтвейттың да басы бар десті. Қашғардағы билік басындағылар Әлім атын жамылған орыс офицері жасырынып жүр деген хабар алды, бірақ ол тым кеш жетті: керуен Ресейге оралып үлгерген еді. Қашғардан қуғыншылар жіберіліп, алайда олар керуенді қуып жете алмады, ол орыс шекарасынан өтіп кетті.

Шамасы кадет корпусының тас қабырғасындағы өмірден бастап Шоқанның денсаулығына зиян келген болар. Оны әр жаз сайын туған жеріне жіберіп тұрғанымен, бірақ бұл сапарлардан жинаған күш-қуат ол қыс бойы жоғалтқан денсаулығын қалпына келтіре алмады. Қашғар сапары аяқталғаннан кейін оны Петерборға шақырды, бірақ астананың ауа райы мен өмірі оның денсаулығын одан әрі төмендетті: одан өкпе ауруының белгісі табылып, дәрігерлер келесі жылы туған даласына қайтуға кеңес берді. Бұдан кейін ол қырда өмір сүрді (Көкшетау округінде), қыста Омбыға барып тұрды. Генерал Черняев Ташкентке алғашқы экспедиция шығарған кезде, Уәлиханов бұл сапарға шақырылды, бірақ әскери жорықтарға төзбей және генерал Черняевпен іс жүргізу барысында келіспеушіліктер туып Верныйға оралды. Оның дерті меңдеп (Құлжа өлкесімен шекаралас) қырғыз ауылында 1864 жылы 31 жасында дүние салды3.

Уәлихановтың баспа бетінде жарық көрген жазбалары санаулы ғана, олар Географиялық қоғамының басылымдарында жарияланды: «Жоңғария очерктері» («Жазбалар», 1861 ж., I II кітап), «1858-59 жылдардағы Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхара) алты шығыстық қаласының жағдайы туралы» (сонда, ІІІ кітап), 1868 жылғы «Географиялық қоғам хабаршысында» (ІV т. 2 бөлім) Уәлихановтың Қашғарға сапары туралы хабарландыру басылған*3.

Бірақ Уәлиханов жинаған мағлұматтардың бәрі басылған жоқ. Оның қолжазбалары із-түссіз жоғалып кетті4. «Орта Азия тарихы, этнографиясы және географиясы жайлы материал жинау үшін Уәлиханов ешнәрседен аянбады, - делінген қазанамада, - өз халқының аңыз, әңгіме, поэма, қисса-дастандарын мұқият жазып алды, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ескі жәдігерлерді сатып алып, көне қолжазбаларды жинады... Уәлиханов өз еліне терең адалдығын сақтады, ол қазақ өмірін сүйді, сонымен бірге батыс өркениетін бағалай алды, өз халқының болашағын тек Ресей қанатының астынан көрді». Уәлихановты жақсы білетін адамдар оның ақыл-ойының келістігі және бағыт-бағдары жағынан орыс батысшылы болғандығын айтады: Ол Ресейді шын жақсы көрді, оның кемшіліктерін көре білді, жақсы адамдармен бірге оның жаңаруын шын жүректен тіледі. Шоқан алпысыншы жылдардағы қозғалысқа қызығушылық танытты. Діни тұрғыдан алғанда ол еркін ойшыл болды, бірақ өз халқымен байланысын үзбес үшін мұсылман болып қалды.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1496
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1349
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1096
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1137