Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Дін 4516 3 пікір 11 Мамыр, 2017 сағат 08:35

Жүректер неге жылады?!..

Алланың үйінде мыңдаған адамның жанарына жас іркіліп, жүректері жылағанын алғаш көрдім. Бір адам емес, жұма намазына келген бірнеше мың намазхан шынайы толғанысты бастан өткеріп, жылап жатты... Маған жүректері де, өздері де жылап жатқандай көрінді.

Бұл бір дін тақуасының мейірбан ісін көріп, тамсанғаннан жазып отырған толғаныс та емес. Қасиетті жұма күні Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешітіндегі әсерлі оқиға осылай тағылым болып, көптің жүрегін бір тербетті.

Ақмола облысында ұзақ жыл бас имам болған Қанат қажы Қыдырмин осы күні Бас мүфтидің бұйрығымен елордадағы діни-рухани орталық – Әзірет сұлтан мешітіне найб имам болып бекітілгені жөнінде бұйрықтың таныстырылымы өткен еді. ҚМДБ-ның Найб мүфтиі, Әзірет сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз өзі арнайы келіп, Көкшетау қаласының жамағатымен жүздесіп, Қанат Қыдырминге өзінің ризашылығын білдірген-ді.

Хан көрген, хазірет көрген қасиетті Көкше жұрты өз ұланын осындай мәртебелі қызметке асқақ рәуіште шығарып салды. Жұма намазына қатысқан мыңдаған адам Қанат имамның асыл дінімізге жасаған еңбегіне зор баға берді. Туған жұрты онымен қимай қоштасып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, астына темір тұлпар сыйлады.

Менің есіме осыдан тоғыз жыл бұрынғы бір оқиға оралды. Көкшетаудағы Науан хазірет мешітіне бас имам болып сайланған Қанат Қыдырминге сол жолы да жаяу жүрмесін деп астына шетелдің көлігін мінгізген еді.  Бірақ, Қанат бауырымыз ол көлікті басқаға сыйлап, бір ғасырлық тарихы бар жүдеу тартқан мешіттің жайын көріп, шетел көлігімен көсіліп жүруді өзіне ар санаған еді.

Бірақ, бұл оқиғамен оның жанында жүрген бір топ адам ғана хабардар болғанын тоғыз жыл өткесін барып айтып отырмын. Ал, бүгінгі қызмет ауысар сәтте елордаға жаяу кетпесін, сол жолы мінбеген көліктің енді реті келіп тұр деп тілеулес болған жандардың бұл көлігін де жаңа мешіт ашылғалы бері дәретханасын тазалап, тазалығына үлес қосып жүрген қарапайым жесір анаға сылап, дархандық танытты.

Асыл пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның өнегелі бір оқиғасын айтты. Бірде мешітте тазалықшы болып істейтін әйел адам көрінбей кеткенде, оны пайғамбарымыз сұрайды. Сонда сахабалары ол әйел адамның қайтыс болғанын жеткізеді. Сонда Алланың елшісі ашуланып, ол қарапайым адам болса да, Алланың құлы емес пе еді, мен жаназасын шығаратын едім ғой деп қапаланған хадис әңгімені айта келіп, ол: «Мен осындай барлық балалары тақуа, өзі де намаз оқитын ана үйсіз-күйсіз жүргенде қалай бұл көлікті мініп жүре аламын. Мен елден елордаға кетіп барамын. Ал, жаңағы анаға ұдайы қолымнан келген қамқорлығымды жасаушы едім. Енді оған кім қарасады» деді.

Бұл әсерлі сәттің куәсі болған мешіт толы адам жанарларына жас алды. Пайғамбар өнегесін ұлықтап, бұл дүниеге де қызықпай, бар жан-тәнімен Алласын ойлаған Қанат бауырымыздың жүрегі езілген шынайы қадамы осылай адамдарға терең ой салды.

Жұрттың бәрі жылады, біз де жыладық... Өз имамының ізгілік пен мейірімділікке қамқорлығына куә болған жаңағы ана да, балалары да ағыл-тегіл жылады.

Ей, мұсылман бауырлар! Нәпсінің жетегінде жүріп, жанымыздағы жабырқаған мүскін адамдарды неге байқамайды екенбіз. Сүрініп жатса, демеу бол деген Алланың елшісінің аманатын қаперден шығарғанымыз ба,бұл. Пайғамбарымыздың өзі қалтасындағы соңғы динарын осылай кедей-кепшікке таратпаушы ма еді?!

Қанат Қыдырминнің бұл ісі пайғамбар салған өнегелі ізі емес деп көрші. Өзінің астында көлігі, басында үйі болмаса да, басқаның пана тапқанына қуанған осындай тақуа имамдар некен-саяқ екенін несіне жасырамыз. Бір сәт біз де аттан жерге түсіп, Қанат бауырымыздың кейпін киіп көрелікші. Бәлкім, сонда иманды адамдар да, тағылымды жолдар да алдымызды орар ма еді, шіркін!

Менің де, Көкше жұртының да жүрегінде облыс имамы болған Қанат Қыдырминнің тақуалық өмірі ұлағат болып қала бермек. Бұл кешегі аласапыран кезеңде өз туған жұртын шоқындырудан сақтап қалған Науан хазіреттің өшпес ізі, бір ғасырдан кейінгі оның орнын басқан Қанат хазіреттің өнегелі ісі деп білеміз. Осы бір екі ғасырдың басында елін иманға ұйытқан қос ұлық тұлғаның ғибратты жолдары ешқашан санадан өшпейді. Бұл қасиетті Көкшенің ешкімге ұқсамас өзіндік бір болмысы. Қанаттай тақуалар арамызда шынымен көп болса ғой, шіркін!..

Бақыт Смағұл

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1356
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1195
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 941
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1045