Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 5006 0 пікір 8 Мамыр, 2017 сағат 11:24

"Мүмкіндік берілсе, шетелге кетіп-ақ қалар едім"

"Мүмкіндік берілсе, шетелге кетіп-ақ қалар едім" деген пікірді көп оқитын болдық. Жай адам емес, аузына жұрт қарайтын кісілердің өзінен. Қазақстаннан қажыған шығар деп ақтармыз, жарайды.

Өткенде оныншы сыныптың баласы: "Америкаға барып, сонда қалғым келеді, қандай жолдары бар?" деп сұрақ қойыпты жеке чатта. "Шырағым, адрестен қателестің" дедім ішімнен. Сырттай да ол ойымен келіспейтінімді, мақсатты елден кетем деп емес, білім, тәжірибе жиып, елге оралам деп қою керек деп ақыл айтқан болдым. Хош, әлгі бесіктен белі шықпаған баланы елінен бездіріп тұрған не? Меніңше, жоқшылық та, тоқшылық та емес, сөз басында айтқан, "аузы дуалы" адамдардың насиxаты.

Баяғыда ғой, елге деген маxаббатың майданда сыналатын еді. Соғыстан қаштың ба, болды, сен қанша жерден кеуде соқ, қолбасының тактикасын сына, ақылды сөздер айт, бәрібір ер емес, езсің. Ол заманда отан үшін жан қиюға, балаңды жетім, жарыңды жесір етуге мәжбүрсің. Жеңіс құрбандықсыз келмейді. Кебініңді ала кетесің қайда кетсең де.

Қазір бейбіт заман. Бірақ бұл да бір майдан. Мұндай кезде дұшпаның "жемқор қызметкер", "әділетсіз сот", "дөрекі полицай" болып жолығуы мүмкін. Не істейсің? Отаныңды тастай қашасың ба? Әлде, ертең ұрпағым өмір сүретін ел деп кіндігіңді байлап, тым құрыса бір ағашына су құйсам да үлесімді қосайын дейсің бе? Отан үшін жан қию сұралып тұрған жоқ, аздап жан қинау сұралып тұр, бәлкім. Оған шыдамасақ, ертең, құдай сақтасын, анау мынау заман туса, ауа көшеді екенбіз де шетелге.

Пысы. АҚШ азаматтығын алу - қалаған кісі жететін шаруа емес. Оған аздап сатқындық, өтірікшілік немесе америкалық бай яки жұбай керек. Ол туралы тағы бірде жазармын.

Мереке құтты болсын! Отанымызды жаудан қорғайтын күн ешқашан келмесін. Даудан қорғап алсақ та жарағанымыз.

Мұрат Есжан

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар