Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
46 - сөз 4884 1 пікір 4 Мамыр, 2017 сағат 11:40

Контор

Осыдан он-он екі жыл бұрын "Алматы ақшамы" газетінің редакциясында бір кабинетте төрт-бес адамнан отыратын едік.

Біздің кабинетте өзінен сейфі мен креслосы үлкен Айнабай Мəди, оған қарсы қарапайым ғана үстеліне қағазы мен қаламынан басқа ештеңе қоймайтын, сол жылы Созақтан Алматыға қоныс аударған, əлдекімге звондаса "Бұл - Қырғызбаев" дейтін Өтеш Қырғызбай ағамыз, олардан сəл төмен мен, менен кейін Мəншүк Бекбосын отыратын. Кейін Əсия Бағдəулетқызы, Динара Мəлікова қосылды. Өркен Жоямерген мен Азамат Қасым басқа кабинетте-тін. Бірақ олар да Өтеш аға мен Айекеңнен басқасы ылғи жастар болған соң біздің кабинетке келгіштей береді. Мен музыка қойып, əртіс Өркен əдеттегідей ариясы мен пародиясын кезек айтып, қыздар сықылықтап, барлығымыз мəз-мейрам болып жататынбыз. Біріміз енді оқу бітірген, біріміз əлі 3-4 курстарда оқып жүрген кезіміз ғой. 20-ның ар жақ, бер жағында жалындап тұрған шақ. Бірде сөйтіп кезекті рет дуылдап отырып, қатты кетіп қалыппыз.

- Шуламаңдар, түге!, деген дауыс шықты.

Бəріміз қарап қалдық.

- Бұл - мемлекеттік контор!, деді зілді үн.

Жым болдық. Басқа кабинеттен келгендер жылыстап шыға жөнелді. Арамызда үлкен кісі бар екені де естен шығып кетіпті. Ағамыз болса түсін суытып алған. Өркен досымыз Өтеш ағаның осы сөзін де əзілге бұрып, кейіннен отырыс сайын "контор" деп есімізге жиі салып жүрді.

Қазір "конторда" өзіміз де артық-ауыс шуды жақтыртпайтын болыппыз...

Думан Анаш

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар