Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әкім мен халық 9207 15 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 11:45

«Маған десең Путинге бар»

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың назарына!

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округіне қарасты 4 ауылдың 5 көшесіне асфальт төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2016 жылы «Өңірді дамыту» және «Жол картасы - 2020» бағдарламаларының аясында бюджеттен 25 миллион 575 мың теңге бөлінеді. Ал, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақтың халық алдында есеп беру жиналысында төрт ауылдың бес көшесіне афальт төселіп, қазына қаржысы ел игілігіне жұмсалғаны айтылады (суретті қараңыз). Әкімнің есебінде бәрі «чики-чики» болған көшенің бірі – Бірлік аулындағы Абай көшесі. Бірақ, ұзындығы 1800 метр көшенің 700 метріне асфальт былай тұрыпты, ұсақ тас та төгілмеген. Баяғы ойдым-ойдым қалпында қала берген. Жолдың азабын әбден тартқан тұрғындардың бірі -  Надежда Арестархова 700 метрге жетпей қалған асфальттің мәнісін сұрап білмекке аудан әкімінің есептік кездесуіне барады.

Надежда Арестархова, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Жолдың мәселесін айтуға аудан әкімнің есеп беру жиналысына бардым. Онда ауыл әкімі Бақытгүл Дүйсебекова (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округінің әкімі) Абай көшесіне толық асфальт төселді деді. Мен қолымды көтеріп, сөйлемекші болып едім, дереу орныма отырғызып «регламент сақтау керектігін, сөз берілгенде ғана сөйлеуге болатынын» ескертті. Регламенттің аяқталуын күттім. Баяндамалар, сөз сөйлеулер аяқталған соң жиналғандардың бәрі бір кісідей орындарынан тұрып, тарап жатты. Жиынның тарап жатқанын көрген соң мен билік өкілдерінің жанына барып: «Абай көшесі түгел асфальтталды деп есеп бердіңіздер. Онда неге көше толық жөнделмейді?» деп сұрап едім ауыл әкімі: «Ол көшеде 300 метр ғана қалды емес пе?» деді. «300 метр емес, 700 метр жол сол қалпы жөнделмеген. Біз машинамен жүріп өлшедік» дедім. Сөйтіп олар бізге «айқай-шу көтермеңдер, қаражат бітіп қалды, бірақ қалған жолды қосышма жасап береміз» деп уәде берді.

Есеп беру жиналысына қатысқандар тек мақтау сөздер ғана айтты. Өздерін толғандыратын мәселелерді көтермек болған бірлі-жарым тұрғындарға сөз бермеді.

Жергілікті биліктің халық алдындағы есебінің түрін көріп түңілген Надежда Арестархова әкім-қаралардың берген уәдесін амалсыз алып үйіне қайтқан. Арада біраз уақыт өтеді. Уәде орындалмайды. Жол болса, «әкім қашан уәдесін орындап, мені жөндейді?» дегендей ой-шұңқыры көктемнің лайсаң жаңбырына толып, батпаққа айналып жата береді.

Абай көшесінің жыры мұнымен бітпейді. Надежда Арестархованың сіңлісі – Наталья Бояркина әкімнің әпкесіне берген уәдесінің ізімен ауыл әкімшілігіне барады.

Наталья Бояркина, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Ауыл әкімі Бақытгүл Дүйсебековаға барып: «Күн жылынды. Уәде еткеніңіздей, жолдың жайын білуге келдім» деп едім ол: «Ақша жоқ. Қаражат болғанда асфальт төсейміз» деді. «Онда бәлкім жоғары жаққа айтармын, мүмкін сол жақтан бір нәрсе шешер» дегенімде әкім: «Маған десең Путинге бар» деп менің құқымды таптады. Менің ұлтым орыс болғанмен, Қазақстан азаматымын! Бұл аз десеңіз, «сендер салық төлемегенсіңдер» деп шықты. «Салықтың бәрі төленген» деген сөзімді естіп «Онда жолды да өздерің салып алыңдар» деді. Өзінің берген уәдесіне орай, өтінішпен алдына барған тұрғынға әкімнің осындай қарым-қатынас көрсетуге қандай қақысы бар?! Керек десеңіздер, әкімнің маған не дегені телефоныма жазулы тұр.

Біз бұл мәселеде ауыл әкімі Бақытгүл Дүйсебекованың әрекетіне баға беруден аулақпыз. Оның үстіне «Өңірді дамыту» және «Жол картасы - 2020» бағдарламаларының аясында бюджеттен жол салу мен жөндеу жұмысына бөлінген қаржы Бірлік ауылына толық жетпей қалуы да мүмкін. Біздің елде ортақ игілікке бөлінген қаржыға бөрідей тиетіндер аз ба? Сондықтан бұл мәселеге ауыл әкімін бір жақты кінәлі деп тану дұрыс емес. Мәселенің мән-жайын облыс әкімі Амандық Баталов мырза анықтай жатар дей келіп, біз төменде Наталья Бояркина ұсынған аудио жазба мен суреттерді оқырман назарына ұсынғанды құп көрдік.

Нұра Матай

Abai.kz

 

  

 

15 пікір