Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Алашорда 5875 1 пікір 7 Сәуір, 2017 сағат 10:04

Тұрсын Жұртбай. «Заман еркесi» кiм? (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50447

II.

 

Қазiргi оқырманға «Сөнiп-жану» деген атпен мәлiм бұл әңгiменiң шығармашылық тарихын қозғағанда, көркем шығармадағы авторлық «меннiң» қаншалықты орын алатындығына орай пiкiрiмiздi сабақтаймыз. Өйткенi – Мұхтар өнердегi өзiн атақ-мансаптың жетегiндегi адам емес, өз өмiрiн өнерге ешқандай күмәнсыз, бар пейiлiмен берiле бағыштаған жан. «Өнер – құрбандықты қажет етедi» – деген қанатты сөздiң астары осында. Ол көркемдiк шындықтың шынайы шығуы үшiн, жүрегiне салмақ салып, қосымша жүк артып, орынды-орынсыз өкпе-ренiшке қалса да, көрген-бiлгенiн, көңiлге түйгендерiн жасырып қалмай, ағынан жарыла сырын ашты.

Әсiресе, жиырмасыншы жылдардағы әңгiмелерiнде ерекше ден қойғаны – жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлт интеллигенцияларының бойынан жылт етiп көрiнiп, дерт болып дендеп бара жатқан бос қылжақ, жалған серiлiк, жастыққа мастық сияқты жеңiл мiнездердi ұнатпады. Ел тағдыры талқыға түскенде жан ләззатынан халық мүлдесiн жоғары қоюды қалады. «Бұл мезгiл – халқымызға ақыры бұдан кейiнгi мiнез өмiр бойы мiнез болып қалатын мезгiл емес пе. Осыған қарағанда бiздiң көбiмiз де халыққа мiнезiмен жақсы болмақ түгiл, оқығандар деген атқа кiр жұққызатын жаман мiнездер көп, оның бiрi – қарта, газет бетiне қарамайтын қазақ iсiнен хабарсыздық басы құралмайтын берекесiздiк, өспейтiн маскарад» – деп газет арқылы пiкiрiн ашық бiлдiрдi. «Оқыған азамат», «Сөнiп-жану», «Заман еркесi», «Кiнәшiл бойжеткен», «Қазақ қызы» әңгiмелерiнiң атындағы мысқыл да соны танытады. Мұнда Абайдың «болыс болдым, мiнеки» дейтiн өлеңiндегi әжуа бар. «Мiне, оқыған азаматтың, заман еркесiнiң қазақ қызының сиқы. Солар өзiн осылай атап жүр-ау!» – деген ашынудан туған ренiштiң табы жатыр.

Сол идеяны жеткiзу үшiн Мұхтар өз өмiрiндегi күйiнiш-сүйiнiштi де жасырмай, шығармасына тұздық есебiне пайдаланады. Соның бiрi – «Заман еркесi», яғни – «Сөнiп жану». Бiз бiр әңгiменiң екi тақырыбын әдейi жарыстырып берiп отырмыз. Себебi автордың айтайын деген ойын шығарманың аты ашып берiп отыр ғой. «Заман еркесi» – әуел баста «Роман. Жалғасы бар» – деген ескертумен жарияланған. Жазушы бұл ниетiнен бас тартты ма, жоқ, қилы-қилы жағдайлар қыспаққа алып, жазбауға мәжбүр еттi ме? Мүмкiн, баспа бетiнде жарық көрмегенмен, қағазға түскен тараулары бар шығар? Өкiнiшке орай, ендi оның анық-қанығына жету мүмкiн емес. Қолжазбалары сақталмаған. Автордың өзiнiң естелiгi жоқ. «Заман еркесi» деп оқыған азаматты тұспалдап, интеллигенция өмiрiнен үлкен шығарма жазбақ болған ниетi анық. Мұхтар жастық шағы революцияға дейiн өткен жiгiттiң махаббатын бейнелеп, төңкерiс тұсындағы әрекетiн ашуға келгенде тұйыққа тiреле берген сияқты. Екi әңгiменiң де сол тұсқа кеп кiлт тоқтап қалуының үлкен себебi де сол сияқты. Интеллигенцияның әлеуметтiк қақтығыстар мен айтыстардың қатты шиеленiскен кезiндегi психологиялық тебiренiстерiн, қателiктерiн ашып көрсетуден тайсақтаған тәрiздi. Ал, кейiнгi «Сөнiп-жану» деген аттың мағынасы одан сәл ауытқып, керi мағына бередi. Сыздықтың махаббаты да, өзi де сөнiп бара жатыр едi, сүйкiмдi сұлу Екатерина Павловна Лосовская оны қайта тiрiлттi деген тұспалы саяды. Бiлiмдi адамның рухани жан дүниесi биiк әйелге ғашық болып, табысуы – бақыт әкелдi деген емеурiн сезiледi. Өнердегi «тұрпайы социологизмнiң» салқыны тиiп, әлiптiң артын баққан сияқты. Тiптi, осынау әйел теңдiгiне арналған шағын шығармалардың өзi айып ретiнде тағылып, қақпайға түсiрген белгiлi. Әйгiлi ашық хатында оған: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарнамашылдық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып өсумен, осы салтты жақтаушыларды аз-аздап пiкiрi жолындағы құралсыздандырумен қатар, бәрiбiр мен өз шығармамның көпшiлiгiмен анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым» деп мойындауға мәжбүр еттi. «Заман еркесi» сондай «терiс» суреттiң бiрi – кейiпкер Сыздықтың ел аралап жүрiп қалындық iздеуi, қыз айттыруы едi. Әрине, сыңаржақ сынның кезеңi өттi, талабы өскiрдi. Келмеске кеттi. Ал Әуезовтiң шынайы да шұрайлы шығармасы қалды. Қаламгердiң нысанасы сол уақытта да дұрыс, тура бағыт алғандығын уақыт дәлелдеп отыр. Әттең, «солақай сынның» қақпақылына ұшырамағанда, «Заман еркесi» атты интеллигенция туралы тұңғыш романы сол заманда дүниеге келер ме едi, кiм бiлсiн.

«Сөнiп жанудың» қысқаша жазылу және жариялану тарихы осылай.

Ендi, жазушының қиялын қозғаған өмiрлiк оқиғаға келсек, бұл арада екi түрлi жорамал айтылады. Екеуiнiң де өз дәлелi мен тұспалы бар. Екеуi де шындыққа жақын қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деп жiлiктемей-ақ, сол пiкiрлердi келтiре отырып, әңгімемiздi сабақтағымыз келедi. Себебi – ешқашан да көркем шығармадағы кейiпкерлердiң прототипiн кесiп-пiшiп айтуға болмайды. Тiптi, мұқым өмiрi баршаға мәшhүр белгiлi адамдар туралы жазылған деректi шығарманың өзi жүйемен қиыннан қиыстырыла баяндамай ма? Онсыз қызықсыз әрi қиюы қашып тұрмай ма. Көркем дүниенiң талабы мүлдем бөлек те, ерекше емес пе. Осы бөлiмде, қайта-қайта, «авторлық менге» тоқталып, назарды аудара беруiмiздiң мәнi сонда жатыр.

Сонымен, «Заман еркесi» дегенде және сол шығарманы жазғанда Мұхтардың көңiлiнде кiм тұрды, көшпелi дәуірдiң қандай көрiнiстер көз алдынан кес-кестеп өтiп жатты? Жалғасы қандай оқиғаларды қамтымақ едi? Тiл ұшындағы сөзiмiз түсiнiктi болу үшiн әңгiменi мазмұндай кетейiк. 1916 жылдың жазы. Сыздық оқуын бiтiрiп келедi. Қалындық iздеп, ел аралайды. Жәмиланы ұнатып, айттырады. 1917 жылғы төңкерiстен соң қалаға барып, ел билiгiне араласады. Жәмилаға көңiлi суып, зиялы, тәрбиелi орыс келiншегiн құлай сүйiп, пейiлiн қосады. Рақат, нұрлы өмiр басталады. Жеке детальдарына талдау барысында тоқталамыз. Осы шығарма жарияланғаннан кейiн Мұхтармен қатты араласып, айнымас дос болған академик Әлкей Марғұлан ол кезең туралы өте қызықты деректер келтiрiп, ұзақ әңгiмелеп берiп едi. Шыңғысқа бiрге сапарында көптеген жайлардың аңық-қанығын бiлiп қайтыпты. Соның iшiнде, «Заман еркесi» (роман) – де қатысты деректер айтылды. Сыздықтың прототитi жөнiндегi бiрiншi жорамал – Әлкей Марғұланның естелiгiнен туындайды. Оны жазып алған – осы жолдардың авторы.

– Мен Мұхтарға екi аққасқа тазыны бергенiмдi айттым. (Ол естелiк кейiндеу «Көксерекке» қатысты тарауда берiледi. Т.Ж.) Содан Шыңғысқа бардық. Кәмеш қандай сұлу, сүйкiмдi. Ұзын  бойлы, аққұба, таза. Қолаң шашы тiрсегiне түседi. Әдептi, инабатты және өткiр едi. Шiркiн десеңшi... Қандай анадан тудың дегендей аяулы. Ол – Абай аулының қызы. Солай тәрбиелi болу керек қой... Әлгi аққасқа тазы менi иiскелеп, танып жатыр. Тектi хайуан. Әйтпесе, Мұхтарға берем бе?.. Шәкерім сұратқан екен қимапты... Сауық-сайран, аңшылық... Шәкерімге сәлем беруге шықтық... Кәмешттi оңашада Мұхтардың есiне түсiремiн. Маған сырын ашпайды, бiрақ, бiр суық лептi сезем. Мен бiлемiн ғой оны. «Замана еркесi» жарияланған. Сондағы Сыздықтың көңiл күйi өзiне ұқсайтын да тұратын бiрақ Кәмеш екеуi қатарласа жүргенде айтпа, керемет жарасатын мен, қиялға батып, сүйсiнiп тұрып қалатынмын. Мұхтар көреген ғой, байқап жүретiн. Содан кейiн: «Әй, Мұхтар қалай көзiң қиып кетедi. Кәмиланы – Жәмила деп неге жазасың? Күнә, ғой күнә» – дедiм. Және мен, иә, дәлелдеп айтам ғой, иә. Үндемей қалды да: «Иә, ол ойыма келмептi. Солай ойлап қалды-ау жұрт. Ұқсас екен. Мен әңгiмемде Халелдi тұспалдап едiм. Өзiме тиiп жатыр екен-ау. Кәмила түсiндi. Ренжимейдi», – дедi. «Е, бәсе жарайды» дедiм. Содан Көкен тауына келдiк. Жазықтың ортасындағы биiк төбеге шыққан соң Мұхтар маған: «Әне анау жалғыз төбе – сенiң Баянауылыңның тұсы. Дегелең сол. Ал мына Саржазықтың бiткен жерiндегi тау – Халелдiң қыстауы Шаған өзенi, Қаражан көпестiң жерi. Арғы тұмсығы – әлгi атақты екi байдың, Ике мен Мұсатайдың мекенi– дедi. Бұл екеуiн бiлмейтiн адам бар ма? Ике – кейiн арғы бетке өтiп кеттi ғой. Халелдi жақсы бiлем. Күнде көрiп жүрген адамым.

Ол өзi Шағандiкi. Ике – Мұсатайдың ауылының азаматы. Халел бiлiмдi ғой. Елде – өзi айттырып алған әйелi бар едi. Сал-серi, жақсы киiнетiн. Қаланың iшiнде қолына қаршыға ұстап, атпен серуендеп жүретiн. Сыртқа шығып құс салатын. Содан, ауылдағы әйелiн менсiнбей, жатырқап жүретiн. Қаланың оқыған әдемi қыздарын жағалап, некесiнен айнып, жиi толқитын... «Заман еркесi» сол ғой, сол. Семейде Мария Мотяш деген адвокаттың юрист қызы болды. Шашы қара, көзi тұнық, аяулы қыз едi. Мұхтар екеумiз Мариямен көпiрдiң үстiнде таныстық. Оған жазылған 25-тей хат бар. Мен өзiм почтаға салдым ғой. Кейiн Новосибирскiдегi орыс инженерiне тұрмысқа шықты. Шiркiн, сол хаттарды тапса. Ал әлгi «Заман еркесi» бiтпей қалды ғой. Мұхтар сол Қаражан көпес, Ике – Мұсатай, Халел хақында жазбақ едi. Ойы үлкен болатын кейiн де айтып жүрдi, әлi ораламын деп. Үлгере алмай кеттi-ау. Әттен, Мария Мотяшты тапса, талай сыр ашылар едi. Халел – Мұхтардың досы. Орыс халқы архивтi қадiрлейді ғой. Сақтаған шығар. Қара торы, қоңыр Маржан сияқты едi, Маруся. Ақылды адам, – деп жастық шығын сағына, сәл мақтанышпен айтып едi Әлекен.

Кейiн әр жүздескен сайын «Мотяшты таптың ба?» – деп жиi сұрайтын. Қайым Мұхаметхановқа тапсырып, айтып ем дейтiн. Семей қаласының анықтама бюросынан Мотяш фамилиялы бiраз адамның адресiн алып, сұрастырып ек, жай фамилиялас болып шықты. Кiм бiледi, уақыт шаңы өшiрген iз бiр күнi жаңғырып шыға келер. Әлкей Марғұлан сияқты ғұлама адамдардың ерекше назар қойып, қайта-қайта тәптiштей айтып, мазасыздана iздеуiнде үлкен сыр жатыр. Мұхтар екеуi де қол ұстасып, сол заманның еркесiндей сезiнген, «қайран жиырма бесiн» жиi сағына еске алатын. Әлекеңнiң естелiгi арқылы «Заман еркесiнiң» жалғасында қамтылуға тиiстi оқиғаның ұзын-ырғасын аңғарамыз. Мұның өзi де әдебиеттану үшiн тың тұспал. Ал Ике – Мұсатай, Қаражан көпестiң оқиғалары осы зерттеудiң әр тұсында ретiне орай баяндалған болатын.

Демек, «Заман еркесi» Халел болып шықты.

Алайда, дәл осындай бұлтартпайтын екiнші дерек бар. Мұндағы ұқсастық – оқиға емес, өмiрлiк құбылысты қабылдауға, сезiнуге, баяндауға қатысты. Яғни, шығармадағы «авторлық меннiң» үлесi. Жоғарыдағы Халелге тиесiлi деректердiң денi шығарманың сүйегiн ұстап тұрған, негiзгi айтар ойына тiкелей жол бастаған оқиғаның жүлгесi. Ешқашан да таза идея, жалаң дерек көркем дүниенiң көркiне көрiк қоспайды. Оған қосымша психологиялық көркемдiк компоненттер керек. Осы орайда өз басынан кешкен жайды Мұхтар әңгiме арасына кiрiктiрiп, үстеме бояу ретiнде пайдаланған. Кей тұстарда дәлме-дәл түсiп отырады. Мәселенiң басын аша кетсек, Сыздықтың Екатеринаға ғашық болатын соңғы тарауы Халелдiң махаббат хикаясына жатады. Ол кезде Мұхтар Ленинградқа әлi бармаған, Валентина Николаевнамен таныс емес. Сондықтан да, бұл арада жалған пiкiр тумауы керек. Бiздiңше, «авторлық меннiң» ықпалы әңгiменiң алғашқы жартысында басым сияқты. Оның дәлелiн сыдырта баяндаудан гөрi нақты адамдардың естелiгiмен салыстырсақ, мәселенiң басы анығырақ ашылатын сияқты. Қараңыз.

Бiрiншi оқиғаның болған жылы және желiсi туралы ұқсастықа тоқталамыз:

«Сөнiп-жану»: «Қазiргi мезгiл елге тегiс ауыр тиген 16-жылдың реквизиясы күшiне әбден келiп, дегенiн iстетiп жатқан кез болатын. Ырғайлының жiгiттерi топ-тобымен «прием» жасап жатқан. Ақтас бекетiне кеткен... Қолы жетiп оқыған жiгiттер елдiң бұл күйiн көзiмен көрсе де, өздерiнiң бас амандығына мәз. Және жаңада қырға келгендiктен ағайын-туысқанды аралап, қыдырып қана жүрген. Қазiргi келе жатқан беттегi көздеген мақсаттары – қыз көру, қатын алуды ниет қылып жүрген Сыздық едi. Бұл жiгiт ортасында үйiне келгеннен берi қарай ағайын-туысқан, жақындары: «ендi қыз көр де, ұнатқан кiсiңдi бiзге айт. Келiншек әперемiз» – деп ел iшiнде тәуiр деп жүрген екi-үш қыздың атын атаған».

Ақылия Тұрағұл қызының жоғарыдағы естелiгiнен бiр үзiктi қайталап келтiрейiк: «Есейiп, жiгiт-желеңнiң әңгiмесiн үзiп-үзiп тыңдап жүрген кезiм. Оразбайдың Медеуiнiң ұлы Саниязға ұзатылмақпын. Жасау, киiм дайындалып жатқан. Атақты 16 жылдың дүрбелеңi киiп кеттi. Мұхтар сол жазда ауылға келiп, Кәмила тәтеме сөз салды. Айттырылған жерi бар едi. Тұрағұл аға илiксе де, өзгелер көнбедi. Үлкен дау-дамай шығатын болды. Күдердi үзген Мұхтар ерегескендей боп, Шаған жаққа, Ақтастың баурайына Халелдiң үйi жағына кеттi. Бала оқытты. Бiрақ Тұрағұл ағасы қалындық iздеген Мұхтарды шақыртып ап, бар игi тiлегiн айтып, өзiнiң досы Торғай iшiндегi Кәкеннiң қызының әдебi ұнағандығын айтты. Қасына екi-үш жiгiттi қосып бердi. Iшiнде Ахмет Әуезов пен Ағзам бар. Қайтып келгенде, олар «қыз ұнасымды екен. Егер Мұхтардың көңiлiне ұнамаса, өзiмiз айттырамыз» дептi. Олар қызды қалай көргенiнiң өзiн жыр ғып айтты. Қарқылдап күлiсiп, Мұхтарды сөз етiп отырды. Қалыңдық iздеген жiгiттiң көңiл күйi белгiлi ғой.

Мазмұндау, баяндау басқа болғанымен, әңгiмедегi Сыздықтың да, Мұхтардың өзiнiң де «қалыңдық айттыру» жылы бiр уақытқа тап келедi. Ал Халелдiң жасы үлкен болғандықтан да бұл кезде келiншегiн оң босағаға қондырып алған болатын. Бұдан автордың осы мезгiлдi алуынан-ақ оқиғаны сенiмдi, еркiн баяндауы үшiн өз өмiрiндегi көрiнiстi суреттеген деген қорытынды туады.

Екiншi сабақтастық: қызды көру рәсiмiне қатысты.

«Сөнiп-жану»: «Бұл күнi жiгiттердiң ойлаған ниетi орындалған жоқ. Қызды ешқайсысы да көре алмады. Бiрақта тыста өздi-өзi оңаша болған уақытта Есiмжанға: «таңертең ертерек тұрып, жеңгесiмен сөйлеп, қызды неғылсаң да бiзге көрiнетiн қыл!» – деп тапсырып қойды. Таңертең оқыған жiгiттер тұрып, киiнiп тысқа шыққанда, Есiмжан атын байлаған болып тыста жүр едi. Есiмжан қыздың жеңгесiмен сөйлесiптi... Мақыштың баласының отау тамға кiрген екен, қыз бен жеңгесi сонда отырады. Жiгiттер сол уақытта көрмекшi... Рабиғаның отауы жалғыз терезелi кiшкене там екен. Қонақтар төрге шығып отырғанда, үй iшiнде бұлардың көрмек болып келген қызы – Жәмила төсек жиып едi. ...Жәмила ұзын бойлы, жiңiшке денелi, түсi ақшыл, бетiнiң жұқалау тұтас қызылы бар, қыр мұрынды, қаракөз, сүйкiмдi пiшiндi, келiстi қыз сияқты көрiндi».

Ақылия Тұрағұл қызы: «Қалыңдық iздеген жiгiттiң көңiл күйi белгiлi ғой. Бiресе ұялып, бiресе орынсыз тесiле қарап, бұлтаңға салған жеңгенiң райын басып, үй иесiмен де сөйлесу оңай ма? Кәкеннiң өзi беделдi кiсi. Жай-жапсарды түсiнер. Бiрақ алғашқы күнi қызды көре алмай көп әуреге түсiптi. Аң аулаған боп қонаға барған. Жеңгесi арқылы iлдебайлап көрiп қалыпты. Райхан ұзын бойлы, үлкен қара көзді, талдырмаш, аққұба қыз болатын. Он алты жаста ғана едi, ұяң болатын. Бетiне қарсы келе алмайтын. Көрiп келген жiгiттер, шешудi Мұхтардың өзiне салды. Пәлесiнен аулақ дедi. Кәмешке алаңдайтынын бiлетiн. Неғылсын. Кiмдi кiнәлағандайсың. Тұрағұл ағасы келiсiмiн берiптi».

Мұғамила Мұхтар қызы Әуезованың естелiгiнен үзiндi: «Шешем Райхан 1976 жылы дүние салды. Ванна қабылдады да, өз бөлмесiне барып, төсегiне жатты. Әдетi, үйге келген адамдардан қымсынып, төсегiнiң тұсына шымылдық құрып алған. Соны түсiрдi. Сол күйi қайтып оянбады. Ұзын бойлы, тiп-тiк, жiңiшке, үлкен қара көздi адам едi. Сол қалпын өзгертпедi. Толмады да, әжiм де түспедi. Несiн қаза берейiн. Қайбiр көңiлдi оқиға дейсiң. Он алтыншы жылы қазақтан әскер алды емес пе. Соның тiзiмiне шешемнiң алты ағасы да iлiнiптi. Шешемнiң шешесi адуынды, беттi адам екен. Сондықтан да, қалыңдық iздеушiлер жүрексiнiп, келе бермейдi. Ұлдары «призывка» шақырылып, көңiлі алаң боп жүргенде, әкем келiптi. Жеңгелерiн жағаттап жүрiп, қонаға жатып, ертеңiнде көрiптi. «Мен төрдегi шымылдықтың iшiнде отыр едiм. Кiсiлер сау ете қалғанда жүздерiне қараудан именiп, жеңгемнiң үйретiп қойғанына қарамастан, төсектен тұрып, сыртқа бiр-ақ шықтым. Жерге кiрiп кете жаздадым. Тiптi, кейiн де Мұхтардың бетiне тура қарап сөйлеген емеспiн. Қатты қымсынатынмын» – дейтiн шешем. Содан араға бiраз уақыт өткен соң, Тұрағұл ағаның сәлемiн алап, құдалар келiптi».

Естелiк пен әңгiменiң арасында оңша алшақтық жоқ. Тiптi, көшiрiп алғандай боп ұштасатын ұқсастықтар кездеседi. Мысалы: «айттыра барған жiгiттердiң «екеуi Ырғайлы болысының оқыған жiгiттерi – Сыздық пен Сүлеймен. Үшiншiсi – ел iшiнiң жiгiтi, бұлардың жолдасы – Есiмжан». Ақылия Тұрағұл қызының куәлiгiнде – Ахмет пен Ағзам. Әрине, бiр болыстан. Ағзам – ел адамы, Тұрағұлдың әдейi ертiп жiберген кiсiсi. Тағы да әңгiмеде: «Үйде қонақтар келгеннен берi қарай қозғалмай түсiнен баласының қайғысы батқандығын бiлдiрiп тұр едi. Ешбiр сөзге, ешбiр жұмысқа араласпай, үндемей отырса да, анда-санда әжiмдi ашаң жүзi сұрланып, қабағы түйiлiп, ауыр-ауыр күрсiнiп қояды» – деп суреттеледi Жәмиланың шешесi. Мұғамила Мұхтар қызының сөзiндегi Райхан анасының сол күнгi көңiл күйiмен бiрдей. Бiз бұл ұқсастықтарды көркем шығармаға қандай қатысы бар деп сұрақ берiп, содан кейiн жауабын жазып бергенбiз. Сол айтқандарды, тиiстi шығарманы талдаған кезде салыстырып қарағанда, осыншама ұсақ-түйек көрiнетiн қосымша детальға дейiн нақпа-нақ ұқсайтынына өзiмiз де таң қалдық. Таңдана отырып, тағы да сабақтастықтар iздедiк.

«Сөнiп-жану»: «Кiсi қатынды әуелi ақылымен ойлап, көңiлдi бiр жерге тоқтатып алып, сонан соң тәуекелмен алады. Әйтпесе, әбден мiнездес, сырлас болып, таныстығы бар сыр-мiнез қызды алады. Қалай да болса – кiсiге көңiлiн бiр жерге байлайтын қанағат керек... Оқыған жiгiтке қатын тастағыш деген елдiң жаласы бар. Өз басың бiрдi, жас күнiнде айттырдыңдар деп, түсiн көрместен жiберiп отырсыңдар. Сен де сол жаладан аман емессiң. Үнемi елдiң жаманатына iлiне берген де жақсы емес қой. Жұрттың дәме қылған жiгiттерiсiндер. Ойланған жақсы, – дедi Есiмжан».

Ақылия Тұрағұл қызы: «Неге екенiн бiлмеймiн, Тұрағұл ағайым Мұхтардың мен өзiм бiлетiн екi некесi тұсында да қатты толқыды. Екеуiне де өзi себепкер болды. Кәмиланың үйленуi, ажырасуы тұсында да қатты-қатты сөйлейтiн ретi бар-ды. Өйтпедi. Алғашында Мұхтардың көңiлiн басқанда да, кейiн Кәмилаға қайта қосқанда да: «Сен, Мұхтар, қатты ойлан. Жiгiттiктiң желiгiне, қызба бастыққа ерме. Суыт көңiлiндi. Бұл, қазақтың жай қалыңдық айттыруы емес. Сенiң тұғырың биiкте, әлi ұшасың. Сонда әйелiң жерде қалмауы керек. Үлкен мәдениеттi ортаға араласасың. Әр тiлдi адаммен араласып қонаққа шақырасың. Солармен тез араласатын адам қажет етегiңнен төмен тартып, өкiнiп жүрме. Айнымайтын болсаң ғана – қолдаушың болайын. Бiздi ол үшiн кiнәлап, жерге қаратпа. Солардың сөзi қамшы болып едi дегiзбе. Ал, көнсең, оқуыңды үзбе. Өзiм реттеп берем. Малды базарлап, жасау-таралғысын дайындатам. Байқа, байқа. Кәмила, бүгiн айтып қояйын, ертең Мұхтар ұзаққа ұшқандай болса, етегiнен тартпа. Қарғама», – дедi. Райханға сөз салғанда. «Кәкен дос-жаран адам. Атыма кiр, бетiме шiркеу салғызба», – деп едi. Айныту үшiн емес, бекiту үшiн айтқан бұл сөздi».

Осы мазмұндағы сөз Есiмжанның аузынан әңгiмеде екi-үш жерде кезiгедi. Зады, Тұрағұлдың сол бiр тоқтау айтқаны жазу барысында жадында жаңғырып тұрған сияқты. Қайта-қайта оралып соғуы. Соның бiр сарынының көкейде үйiрiлiп тұруынан да болар, мүмкiн.

«Сөнiп-жану»: «Мен биылғы жылы жалғыз ержеткен балам солдатқа кетiп, жабыққан жылым едi. Қазiр көңiлдiң үмiтi үзiлiп, тiрегi сынғандай болып отырған кезi» деп қыздың әкесi тойды келесi жылға қалдырады. «Қыс ортасына жеткен соң бiр күнi екi жолдаспен сөз байласып, ауылдың үлкендерiнiң тиiстi рұқсатын алып... ел салтына лайықты әдеп-ғұрыптың бәрiн ойша мойындап... Сыздық бұл жолы ұрын баратын болған». Содан кейiн, «жаздың ортасында бiр-ақ келiп, он шақты күндей ағайын-туысқандарымен қайындап жатып, қалыңдығын өз ауылына алып қайтты. Бұдан бұрын, жазғытұрымғы уақытта Сыздық қырда жүргенде 17-жылдың февраль өзгерiсi болған хабарын естiп, қалаға барып қайтып едi».

Ақылия Тұрағұл қызы: «менiң ұзатылуым мен Мұхтардың үйленуiнiң арасы онша ұзақ емес. Қарайлас. Менi 1917 жылы маусымның 7 күнi ұзатты. Өзгерiстен соң әлгi әскерге кеткен жiгiттер де келе бастады. «А, құдайласып, әруақтасып», патшадан құтылдық деп мәз болысты. Қуанышты өттi. Ел сергек болатын».

«Сөнiп-жану»: «Өзгерiстiң артынан былтырғы жыл солдатқа алынған жiгiттер де елге топ-тобымен келiп, жиi-жиi той жасалып, ат шауып, дырдулы жаз болып жатыр едi... Осы қалыппен жаз өттi. Шырмауықтың сабағындай созылып-айналып, күннен күнге дүниенi сұрландырып, жүдетiп күз жеттi. Сол мезгiлде Жәмиланың жерiк бола бастағаны бiлiнiп, үй-iшi ауыл-ауданы қуаныш қылып жатты».

Мұғалима Мұхтар қызы Әуезова:

«Шешемнiң ағасы солдатқа кетiп, тойды келесi жылға қалдырыпты. Мал сатып, Семейден татар, ноғай, қазақ көпестерiнен бұл алдырып, жасауға кiрiстi. Салт бойынша қыс ортасы ауа әкем ұрын кептi. Менi сол кезде көтерiптi. Он сегiзiншi жылдың басында дүниеге келдiм. Жаз айында үйлендi. Сәлден кейiн қалаға, оқуға кетiптi. Қызметке араласты. Емшек сүтiмен екiншi баласы Шоқанды көтередi шешем. Ол менен бiр жастай ғана кiшi».

Егерде, осы оқиғалар баяндалып отырған кездегi Сыздықтың көңiл күйiн, автордың түпкi нысанасын есептемесек, тура өзiнiң үйлену тойын айнытпай түсiргендiгiне күмәнданбайсың. Онсыз да анық нәрсенiң түбiн қазбалап, анықтамай-ақ қояйық. Жәмиланы өзi таңдап, өзi суынған Сыздықтың психологиясын, ойын оқырман емеурiнмен де түсiнер. Жалпы алғанда, тез тұтанғыш жастықтың осынау бiр аумалы-төкпелi күнiндегi бозбаланың сезiм құбылысы нанымды берiлген. Сыздықтың Жәмиладан суынуы тiкелей төңкерiс күнiмен қабаттаса келедi. Тарихи оқиғаның адам психологиясына, өмiрге көз-қарасына әсерiн де қамтиды. Iрi-iрi әрекеттерге ұмтылған Сыздықтың тiршiлiктегi тұрмыстық қарым-қатынастарға мән берiп, ол түсiнген әлеуметтiк төңкерiстердi жарының түсiне алмауы рухани тұрғыдан соққы тәрiздi әсер қалдырыды. Әрине, бiздiң мақсатымыз шығарманың көркемдiк қасиетi мен идеялық нысанасын талдау емес. Сондықтан да, тақырып шеңберiмен шектеле отырып, мұғамила Мұхтар қызының:

 «Семья тағдырының iшкi психологиясың кiм түсiнiп, жiктеп бередi. Әкемнiң аса қуатты таланты, өскен мәдениетi, рухани талабы биiк, шешемнен жоғары едi. Әрi шешем екi баланың анасы болса да, он сегiз-он тоғыздағы қыз ғой. Менiң ойымша, сол оқымағандығы, қала тәрбиесiнен кенжелiгi әкемнiң көңiлiне толмаған сияқты. Өңсiз, мiнезсiз емес едi. Арабша сауаты бар болатын. Өзi таңдап жүрiп ұнатқанмен де тез суынуына Кәмила тәтеме деген құштарлығы да әсер еткен шығар. Керемет тартымды, ажарлы, мейiрiмдi әйел едi. Қолында еркелеп өстiм ғой» – деген сөзiмен нүкте қойсақ деймiз.

«Сөнiп-жануда» да Сыздықтың көңiлiне алған бiр қызды көре алмай, кейiн: «Бұл қыз осы ортадағы барлық әйелден сұлу, келбеттi, киiмi өте сәндi, келiстi қалыңдық екен» – дегенде «iштей бұл жердегi кiнәнiң бәрiн өз мойнына алса да, сыртына ешнәрсенi шығармай, үндемей отырып қалады». Мұның астарында да Мұхтардың өз көңiлiндегi алаң мен өкiнiш қаламына ерiксiз iлiнiп кеткендей.

«Сөнiп-жанумен» Мұхтар өмiрiнiң арасында тағы бiр үлкен байланыс бар. Ол – кейiпкер Сыздықтың қиялындағы өмiрi. Осындағы кейiпкердiң ойлары, түрлi жиналыстағы сөздерi, iс-әрекетi тура өзiнiң басынан өткендей баяндалады. Сол жылдардағы мақалаларындағы пiкiрлерi әңгiмеде жолма-жол қайталанады. Кейде сәл редакциялап, әңгiменiң iшiне енгiзе салғандай әсер қалдырады. Бұдан Мұхтардың iскерлiк, қайраткерлiк әрекеттерi мен ақыл-ой жүйесiнiң қалыптасуы аңғарылады. Әсiресе, «Заман еркесi» атты алғашқы нұсқасындағы кейiн қысқарған тұстарда бiрден көзге көрiнедi. Бiз, бiраз үзiндiнi бiрiншi басылымнан алғандықтан да, сол атпен келтiремiз.

«Заман еркесiнде»: яғни «Сөнiп-жануда»: «Осымен жолдастарына берген уәделi күнi жеткен соң Жәмиланы ауылына тастап, өзi қалаға жүрiп кеттi. Қалаға келiп жайланып тұрып, жолдастарының арасына бұрынғыдай араласқан соң, Сыздық жаратылысындағы зеректiгi, сөзшеңдiгiнiң арқасында сол жастардың арасындағы көрнектi жiгiт бола бастады».

Өмiрде шынында да Мұхтар күзге қарай қалаға келдi. Қыркүйекте «Адамдық негiзi – әйел», iле-шала «Оқудағы құрбыларына» арнаған мақалалары газетке жарияланып, алдыңғы қатарлы белсендi азаматқа айналды. Ақыл, зеректiк, шешендiк жағынан табиғат Мұхтарды о бастан-ақ молынан пiшiп берген. Ұқсай ма – ұқсайды.

«Заман еркесiнде»:

«Бiз жаспыз ғой, алдымызда бiзден бұрын сыннан өткен үлкендер де өз басының қамымен жүр ғой. Ел қамы дегендi бәрi де тiлiнiң ұшымен айтады... Осындай тосыннан ел бұзылып жатқан уақытта адамшылығымызды аман сақтасақ  – о да олжа. Түбiнде бiздiң сыналатын күнiмiз алдымызда ғой...»

«Оқудағы құрбыларына», 1917 жылы: «Рас, туғаннан бiлiмдi, ұлт iсiне екпiндi ақ жүрек болып туа қоймалық, бiрақ алдыңғы оқыған қамқор ағалар не ойлап, ненi iстеп, ненi арман қылып жүр. Соны бiз iстемесек те бiлу, бетiн ұғұ керек емес пе?.. Қашан да болса ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса ұлтын сүюге, адамшылыққа жетекшi емес пе? Жiгiттер, ендiгi уақыт күншуақтай жанға жайлы емес пе? Осы рахымды күннiң шуағына қызып бiр аз ғана бiлiмiмiздi, аз ғана қайратымыздың кiшкене қызметi адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмылайық. Халықты түзеудi қолға алайық»...

«Заман еркесiнде»: «Сондықтан жолдастарымен бiрiн-бiрi жұбатып: араласа жүрiп үйренемiз, қазаққа теңдiк, бостандық әперемiз, құлдықтан, зорлықтан құтқарамыз деген сөздерiмiз iске асатын болса, осы заманда ғана асады. Әйтпесе, бұдан артық қазаққа келетiн игiлiк жоқ десiп, ендi бас алмай iс iстемек болған ниеттерiн айтысты».

«Ескеру керек», 1918 жыл: «Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуiне келiп қайтты. Бұл уақытта заман ол тұманды сейiлттi. Ендi қандай өзгерiстер болса да халықтық жоғалмайды. Бақыт қайта оралып қарайды деген үмiт халық жүрегiн қуантып тұр... Ендi бұл соңғы айтқан дәуiрге басымызда оқыған бiлiмiмiз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз бар бiз келiп iлiнiп отырмыз...»

«Қазақ оқығандарына ашық хат», 1920 жыл: «Қазiргi заман қазақтың басына келiп тұрған ең қиын әрi ең пайдалы, жайлы заман, ет азу келген заманда ғана оны iстеймiн, мұны iстеймiн деп, анығында еш нәрсенi iстей алмай, шағулы заман келгенде қашып жүрсек. Елдiң қамы деген сөздi айтып не керек».

«Заман еркесi»:

«Сыздық қалада, жолдастарының тобында жүрiп, болып жатқан облыстық съезде болды... Жиындарда көбiнесе жастар ортасында сөз сөйлеп шығатын Сыздық болып, кейде ауыр iстердiң кезi келгенде үлкендерге де қызу берiп сөйлеп, iркiлмей, қауiп-қатерден қорықпай iс қылатын отты жiгiт сияқтанып көрiне бастады... Үлкендердiң әрқайсысын жiк-жiк сынап, кемшiлiгiн терiп айта бастады... Осы күнгi адал, жақсы қызметкер деп жүрген адамдарымыздың көбiнiң адалдығы, жақсылығы жаңғыз ғана пара алмағандығында болып шығады... Олар параны тазалықпен алмады ма, қоқақтықтан алмады ма? Жандарал, оязнойға жақпақшы болып ел шеңберiн бұзбай, жұртты тұтас қылып ұстауымыз керек қой».

«Ескеру керек»: «Көкiректi қарс айырған арман қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып қолға елпiндеп келе жатқанда бiздiң қолға қазақ қандай күйде тиедi. Соған сын көздi салу керек... Ендiгi халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе – құрыш құрсаулы әдiл, қатал билiк. Нашар мен жуанды теңестiрiп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып әлсiрету керек... Бұлай болмай... жуанды басшы қылатын болса ел iшiн сары су кеулеп, жұрттың буының бекiтiп, бойын өсiре алмайды... Биылғы жастар съезiнiң қаулысындағы Николай заманында iс басына келгендер ендi ел iшiндегi кiсiлiкке сыйынбасын деген қауым осы негiзге тiрелетiн. Бұл халда hаркiм түсiну керек».

«Заман еркесi»:

«Оқығандардың үлкен-кiшiсiнiң бiр-талайында төре болып, қазақтың қалың iшiне барып көрiну және әртүрлi жұмыстарды сылтау қылып, жаздың қызықты кезiнде елде болуы мақсаты да бар едi... «Ұлт бақыты, ел қызметi» деп сол күндерде жаттап ап, ел жуандарымен бiрге ауыздарынан тастамайтын ...оқығандардың әлгiндей ауруын жарастықты iстей көрiп жүрдi... Жастардың ұғымынша үлкендер деп жүрген үмiт қылған адамдардың iшiнде талай еңбексiз, бейнетсiз орын алып, мақтанға iлiнiп жүрген осы артық адамдар көп едi».

«Қазақ оқығандарына ашық хат»: «Жә! Кешегi сол жуандардан көпшiлiк бұқарамен қатар қуғын көрiп, соққы жеген кең замандағы басшысы, оқығандары қайда? Олар неден қашып жүр?... Бұл жаңалық, елдiк сезiмнiң әлi күнге «басшы мен» деп жүрген оқығанның өз бойына сiңбегендiгi. Әйтпесе, осынша сыңар езу болуға мүмкiн бе?»

«Ескеру керек»: «Бiзде не сөзуар, не малды кiсi болса – әуелi ауылына қожа болып, одан ағайынына, одан ауылнай, болыс iсiне қожа болғысы келедi... Бiздiң ендi ескеретiн нәрсемiз – сол жуан мен нашар арасындағы айырмашылықты жоғалтып, жұртты бүлiксiз тыныштық өмiр қалпына түсiндiру».

Егер де тiрнектеп тiзе берсек, әңгiме мен он жетiншi-жиырмасыншы жылдардың арасында жарияланған мақалалардың өзара ой-пiкiр ұқсастығын одан әрi жалғастыруға болады. Сөз, сөйлем, құрамының айырмашылығы ғана қылаң бередi. Айырмасы – бiрiнде жазушы Әуезовтiң өз кейiпкерiн сипаттаған мiнездемесi, екiншiсiнде – сол кейiпкердiң iс-әрекетiн өз басынан кешiрiп, тiкелей жүзеге асырып отырған «жас оқыған» журналист қайраткер Мұхтар Әуезовтiң өзiнiң пiкiрi. Кейiпкер өмiрiн көркем баяндағанда өзiнiң төңкерiс тұсындағы толғаныстары арқылы суреттеген. Бұл арада Әуезовтiң авторлық менi кейiпкердiң қаракетiмен, ойлау жүйесiмен кiрiгiп, тұтасып кеткен. Сыздықтың жан дүниесi, махаббатты түсiнуi, ғашықтығы бөгде оқиғаны желiге тартса да, iшкi иiрiмдерiнiң ағысы автордың өз тұлғасын еске түсiредi.

Жазушының сезiм толғаныстарының көркем шығарма кейiпкерлерiне ауысып кетуi – Әуезов шығармашылығының ерекшелiгiне жатады. «Сөнiп-жануда», әсiресе, «Заман әркесi» деп аталған алғашқы нұсқасында бұл әдеби құбылыстың әсерi өте күштi ықпалын тигiзген. Сюжеттiк желiге Халел досының «махаббат хикаясын» пайдаланғанымен, оған өзiнiң тебiренiсi-толғанысы арқылы, «дем салып», шығарма қаhарманына жан бiтiрген деген тұжырым жасаймыз.

Демек, «Сыздық – менiң өзiмiн» – деуге Мұхтардың да толық қақысы бар.

1922 жылдың күзi мен 1923 жылдың жаз айларына дейiн Ташкентте тұрған Мұхтар Әуезов «Шолпан» журналымен тығыз байланысының нәтижесiнде «Қыр суреттерi», «Қыр әңгiмелерi», «Жас жүректер» («Үйлену») «Заман еркесi» («Сөнiп-жану»), «Кiм кiнәлi» атты шағын жанрдағы классикалық шығармаларын жазды. Аз уақытта мол рухани қазынаны қазақ әдебиетiнiң еңшiсiне ұсынды. Ташкент университетiнiң еркiн тыңдаушысы бола жүрiп, тегi француз, Ленинград университетiнiң профессоры, қазақ өмiрiн зерттеушi ғалым Роберт Куллимен танысып, қатты сыйласады. Бұл достықтың ықпалы 1923 жылы жазда Мұхтарды Балтық жағалауына жетелейдi.

Ташкентте жазылған «Кiм кiнәлi» әңгiмесiнiң ғана жазылу тарихын анықтаудың мүмкiндiгi болмады. Ол – келер күндердiң сыбағасы. Осы бетiнше, жұмбақ күйiнде қалуы да ғажап емес. Әңгiменiң байбына барып, өткендi еске түсiретiн жазушының таныс-туыстары, жол сiлтейтiн көне сиреп қалды. Әдеби-мемориалдық музейдегi әлi ғылыми айналымға түспеген хаттардан, жазбалардан бiр дерек табылып жатса – нұр үстiне нұр.

Сол жылдары «Шолпан», «Сана» журналдарының әдеби саясатын, әлеуметтiк бағытын анықтап, ерекше ықпал жасаған Мұхтардың кейiнгi өмiрiне көп қырсығын тигiзiп, зықын шығарған мақаланың бiрi – «Қазақ қалам қайраткерлерiне ашық хат». Ол 1922 жылы «Шолпан» журналының № 2–3 санында жарияланды. Көлемi жағынан шағын, таза әдебиеттiң мүддесiн көздеген, тiптi қазақ жазушыларына өздерiнiң көркем шығармаларын жiберу туралы «құлаққағыс» жасаған бұл хаттың соншама дау-шар тудырып, жеке басына найзағай ойнататындай iлiкке себеп тауып беруiнiң мәнiсi солшыл, әсiре әлеуметшiлердiң байбалам салуы – сол кездегi мәдени мұраға деген көзқарастың толық қалыптаспауында едi. Түрлi үгiт-насихаттың, таптық күрестiң ашық мiнбесiне айналған баспасөз орындары көркем творчествоны ұмыт қалдырды. Тек қана жалаң ұрандармен жалаулата сөйлеп, қоғамдық тiршiлiктегi көкейкестi мәселелердi, оның кемшiлiктерiн көрмедi. Рухани мұраның құнын төмендетiп, кемсiте бағаланды. Тiптi, Абайдың өзi «феодалдық-буржуазиялық идеологияның жыршысы, көсемi» ретiнде шетке қағылды. Ал, төңкерiстен бұрын қалам ұстағандарды 1922 жылдан бастап басқару аппаратынан, оқу-ағарту комиссариатынан ақырын-ақырын қақпайлап шығарып, жауапты қызметтерден босатты. Олардың денi Түркістан республикасының астанасы Ташкентке жиылды. Қазақ автономиясының құрамында Ахмет Байтұрсынов сияқты аса дiлгiр мамандар ғана қалды. Оның өзiнде Орынбордағы «қазақ институтының» мұғалiмi боп iстеген. ТурЦИК-тiң қолдауымен таза әдеби мүдденi көздеген «Шолпан», оқу-ағартуды мақсат еткен «Сана» журналы шығады. Екеуiнiң де әдеби бөлiмiн Мұхтар жүргiздi. «Аұжол» газетiне де белсене араласты.

Мiне, осындай толқымалы тұста туған халқының өнерге деген ықыласын өшiрiп, жалаң айқаймен жүрiп жан дүниесiн жалаңаштап алмауына қатты алаңдаған Мұхтар саясаттан тыс, тек көркем өнердiң мұрат-жолын қуатын, ел-жұртың тарихын, мәдени жәдiгерлiктерiн жариялайтын «Шолпан» журналы арқылы жазушыларға ашық хат жазды. Таптық күрестi, теңдiктi – көркем тұрғыдан жырлауды құр сүреңсiз айғайға айналдырған, идея үшiн көркемдiктi құрбан еткен творчество иелерiнiң шығармаларының жұтаңдығын сынайды. Олардың шынайы жазуын талап етедi. Баспасөздiң «жалаң ұраннан» арылып, «ары-берi сандалуды» қойып, «таза әдеби бұйымға» бет бұруын тiлейдi. «Шолпанның» әдеби бағдарламасын солай түсiндiрдi.

 

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар