Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2851 0 пікір 8 Қазан, 2010 сағат 05:19

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. ТІЗЕ БЕРСЕҢ, МОНШАҚ КӨП

Әдебиет - адамзат мәдениетінің негізі және ақыл-ойының қоймасы;

әдебиет - барша  өнердің бастауы, қорегі;

әдебиет - адамзат тарихының шежіресі;

әдебиет -халықтың жады, оның бүкіл қасиетті құлшыныстарына және  келешекке  ұмтылған  ұлы  әрекеттеріне  ортақтасқан куәгер.

Әдебиет - адамзат мәдениетінің негізі және ақыл-ойының қоймасы;

әдебиет - барша  өнердің бастауы, қорегі;

әдебиет - адамзат тарихының шежіресі;

әдебиет -халықтың жады, оның бүкіл қасиетті құлшыныстарына және  келешекке  ұмтылған  ұлы  әрекеттеріне  ортақтасқан куәгер.

Бұл - мемлекет және қоғам қайраткері болған қаламгеріміз Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың пікірі. Әдебиеттің өмірдегі мәні туралы әрқилы тұжырым бар шығар, алайда бәрі де осыған саятыны сөзсіз. Қай халықтың болсын тарихы ең алдымен оның ауызша, одан соң жазбаша әдебиетінде қалыптасады да, ертеңгі ұрпағының көркем игілігіне айналады. Баршасы тоғысып, Әнекең айтқандай, адамзат тарихының  шежіресі болады. Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінің бұл шежіреге қосар үлесі соңғы жылдары шымыр қасиетінен, мол ауқым-салмағынан айрылып қалды. Оның себебі  «өз күніңді өзің көр» деген шалағай ұстанымның үстемдік алып кеткенінде. Әдебиет бүгінде дүмбілез ойдың жетегіне ілескен, кешегі кеңестік дәуірді іске алғысыз етіп жамандауды кәсіп еткен дүбәрәлардың көбіксөзіне жем болып жатыр. Кітап дүкендерінің сөрелеріне көз жіберсең, мұқабасы алтын-күміс, ал іші балдыр-батпақ томдарды көресің. Халыққа белгілі қадірменді бір ақын-жазушының кітабы қатарында беймәлім біреулердің бірнеше «кітабы» тұр. «Кім екен деп келіп ем түйе қуған...» дегендей (Абай), бұл кім, не жазыпты деп  алып байқасаң: көпке беймәлім пәлен батыр мен бидің, пәлен шешен мен әулиенің, пәлен жыл: министр, хатшы, төраға, директор, бастық болғандардың ата-бабаларының, әке-шешелерінің өмірбаяндары, - өздерінен өзге ешбіреуге қажеті жоқ мәліметтер жинағы. Кім, неге  шығарды, - оны шығарған балалары, немерелері біледі. Қалай шығарды, - соларының қалтасы біледі. Қысқасы: қазірде әдебиеттің қожасы - қалта. Үкіметтің жолымен бір жылда, мысалы, 500 кітап шықса, қалтаның  күшін пайдалаушы жекеменшік баспалардың (олар - барша баспаның  90 пайызы!) қалауымен 5000 «кітап» шығып келеді. Министрлікте, мемлекеттік баспаларда болған көркемдік-сыни талап-талғам алқалары қазірде жоқ. Әдеби гәзет-жорналдар болса, олар «сен тимесең, бадырақкөз, мен де тименге» көшті. Немесе «өзіміздікін» беталды мақтайтын әдет тапты. Айына, жылына бірер рет «Дөңгелек үстел» (мұның дұрысы - «Үстелбасы әңгіме») өткізген болады, оны-мұныны тиіп-қашып сөз етеді, сөйтіп, «әдебиеттің пәлен жанры жан-жақты әңгімеленді» деп бекерден-бекер тоқмейілсиді. Ал әділ де батыл әдеби сын бетін басып қала бергелі қашан!  Оның орнын жыпырлаған жапырақтай гәзеттерді иектеп алған итаршы, есепшіл, жалдамалы, қолшоқпар әдебиетші-сыншысымақтар шала-шатпақ шимайларымен толтырып жүр.

Осындай берекесіздік ойлантқанда әдеби сынның, әдеби байланыстың мерейі үстем болған сонау бір жылдарды сағынамын. Баспасөзіміз орнықты, салауатты әдеби сынға кенде емес еді. Одақтас республикалардың «Әдебиет пен өнер онкүндігі» бір-бірінде кезекпен өтіп жататын. Бізде не бар, оларда не бар деген жақсы бәсеке болатын. Біріміздің кітабымызды біріміз өз тілімізге  аударып, қаламдас дос-жолдастар көп болғанбыз. Мәселен, менің: орыс, украин, молдаван, саха, коряк  таныстарым бар-ды, Амал не, мәні тәтті де қымбат тәуелсіздіктің түсінікті де түсініксіз әсерімен, ықпалымен байланыс атаулы ыдырап, әрқайсысымыз өз ауламыздан шыға алмай қалдық. Онкүндіктер, әдеби кездесулер елеске айналды...

Сөзімді Әнекеңнен бастадым ғой, Әнекеңмен аяқтайын. Әлемнің алпыс шақты елінде болған, бәріне де Қазақстанының, қазағының тарихын, мәдениетін танытқан, ұлы бабамыз Мұхаммед әл-Фарабидің бейне-суретінің, шығармаларының туған топырағына оралуына бірден-бір себепші болған Әнуар, есен-сау жүрсе, жасы 80-де болатын еді. Тағдыр тарынып, небары 63 жасында бақиға алып кетті ғой. Кезінде ұстазы Мұхтар Әуезов: «Егер I-Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар - Азияға айқара ашты» деген екен. Мұхаң шәкіртінің жаңа оянған Африка құрлығының жас мемлекеттерінің бәрінде дерлік болып, олармен әдеби байланыс орнатқанын, өзінің Алматыда Азия мен Африка елдері жазушыларының кезекті конференциясын өткізу өсиетін орындағанын көрсе: «...Әнуар - Азия мен Африкаға айқара ашты» дері сөзсіз еді.

Әнекеңнің туғанына 70 жыл толуына арнап «Әлем таныған Әнуар» деп аталған естеліктер жинағын шығардым (2000-жылы; қазақ және орыс тілдерінде). Оның іске асуына әдебиеттің жанашыры Нұрлан Балғынбаев мырза жәрдем жасады. Әнекеңнің  жерлестерінің - Алматы облысын жалпағынан басып жүрген қалталылардың ешқайсысы қолұшын бермеді, «көрейікпен» қыр асып кете барды. Солардың және облыс басшыларының «арқасында» Әнекеңнің  70 жылдығы жетім қыздың тойындай болып өтті. Шағын залдағы үйреншікті жиналыс пен арақ-шараптан өзге шара болмады. Мен алдын ала берген «Әлем таныған Әнуар» (200 дана), «Екі хикаят» (200 дана; Әнуардің Мұхтар Әуезовті КГБ-ның  қақпанынан қайтіп құтқарып, Мәскеудегі достарына қалай аттандырып жібергені туралы деректі әңгіме бар)  жинақтарым  жұтаң «Кітап көрмесіне» қойылмады, себебі ол кітаптар сақтаулы қойманың кілтшісі сырқаттанып қалыпты-мыс.

Жазушының көзі тірі дос-жолдастарының қалауымен оның 75 жылдығына естелік жинақты толықтырып шығару туралы Алматы әкімдігіне хат жазып едім (2004-жылы), басшылары үйіме дереу телефон шалып: «Бәрекелді! Көмектесеміз!» деп құлшынып шығып...  бұғып қалды. Бұл «тығылмақтан» хабардар болған сенатор Қуаныш Сұлтанов мырза: «Әнекеңді бағалай алмай жүрміз-ау!» деп өкініш білдірді. Алайда ол өкініштің орны толды: Әнекеңнің аруағын ардақтаушы азамат, жерлесі, қоғам қайраткері, парламент Мәжілісінің депутаты Бижанов Керімжан мырза демеу жасап, «Біздің Әнуар. Наш Ануар» атты көлемді кітап  шығардық.  Ол  Әнекеңнің 80 жылдығына (12. 05. 2010 ж.) байғазымыз еді. Ал  республика деңгейінде атап өтілуге тиіс 80 жылдықтың тіпті аталар-аталмасы әлі белгісіз.

(Сөздің ретіне қарай айта отырайын: кейбіреулер «Әнуар Әлімжанов 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасын түсінбеді, «Литературная газетада» шыққан мақаласында жастарымызды жазғырды» дейтін көрінеді. Ол туралы шындықты Әнекең хақында былтыр, биыл гәзет-жорналдарда жарияланған мақалаларымда айтып бергенмін, қайталамай-ақ қояйын. Оның есесіне «Комсомольская правда» гәзетіндегі мақаласынан мына үзіндіні ұсынайын:

«...К толпе примкнули хулиганы, пьяницы и другие антиобщественные лица. Разгулявшиеся дебоширы, вооружившись металлическими стержнями, палками, камнями, избивали и оскорбляли граждан, опрокидывали и поджигали автомобили, разбивали стекла в магазинах, общежитиях и других общественных зданиях...

...Это страшнее, чем грандиозное стихийное бедствие... во время стихийных бедствий люди проявляют лучшие человеческие качества, свое единство. А декабрьские события вселили в нас тревогу, отчужденность, показали, насколько зачерствели, заплесневели наши души. Зараза приспособленчества и потребительства, протекционизма и родофильства очень живуча. Она порождает клановость, вождизм... В морально-нравственном падении высших кругов нашего республиканского руководства, в коррупции и трайбализме, землячестве и взятничестве, охватившим высшие сферы нашего общества...  виновна не молодежь. В этом отчасти виновны и мы с вами, но больше все те же чиновники, сидевшие на хломе власти».

Ә. Әлімжанов бір жәйтті әр гәзетке әрқалай жазған емес!

Қашан, қайда болсын қатты толқынысты үлкен жиындарға шошымалы билік өзінің жалдамалы арандатушыларын жіберетіні ежелден белгілі. Соңғы мысал - күні кеше Қырғызстанда болған қанды оқиға. Ал 1986-жылы біздің жастарды жазалауға қалалық, аудандық партия комитеттерінің нұсқауы бойынша темір таяқпен қаруланған  жұмысшылар (негізінен орыстар) қарсы шығарылғаны кейінгі тексеру барысында мәлім болды. Әнуардің: «...К толпе примкнули» дегені - сол сойқандар.

Сондай-ақ, кейбір жазғыштардың:  Мұхтар Әуезов Әлімжановтан өте қорқатын, оны маңына жолатпайтын, себебі Әлімжанов КГБ-ның жансызы екенін білетін, деп  өсек-өтірікті бықсытып жүргендерін естідім. Әнуардің Мұхаңды КГБ-ның қақпанынан құтқарып жібергені - болған, сан айтылған, жазылған ақиқат. Өзгені былай қойғанда, баласы Мұрат Әуезов айтып бере алады. Көпшілікке белгілі шындықты не әлдекімнің тапсырмасымен, не әлдекімге жағыну үшін әдейі бұрмалау, сөйтіп Мұхаңның да, Әнекеңнің де аруағынан аттап кету -  мұсылмандыққа кереғар қарекет!

Иә, «қазекемнің  өзі жоқтың көзі жоқ» дегені рас. Әнуардің көзі тірі қаламдас інілерінің 60-70 жылдықтары дабылдатыла  өткізіліп, кітаптары том-том болып шығып  жатыр. Мұны қызғанышпен айтып отырған жоқпын, тойлары тойға ұлассын, жинақтары шыға берсін! Тек ойымның, сөзімнің астарында Әнуардің көптомдығын шығару ұмыт қалғанына қынжылыс бар... Әнекең ғана ма, көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленген, мысалы: Жұмекен Нәжімеденовтің, Сабырхан Асановтың, Сағи Жиенбаевтың, Оралхан Бөкеевтің, Шона Смаханұлының, Оспанәлі Иманәлиевтің...  көптомдықтарын шығару Бұқаралық ақпарат, Мәдениет министрліктерінің де, облыс әкімдерінің де қаперіне кіріп-шығар емес. Әзіл-сықақтың туы болған Оспанхан Әубәкіровтің төрттомдығын мемлекет тарапынан шығару қолға алынғалы 10 жыл. Алғашқы екі томы «Қазығұрт» баспасынан әупіріммен шықты да, соңғы екі томының қолжазбасы сол баспада күні бүгінге дейін қозғаусыз жатыр. Себебі сан-сапалақ. Шын мәнінде классик Осекеңнің шығармалары барынша шығарылса (6-7 том), халқымыздың да, әдебиетіміздің де мерейі болар еді...

Тізе бесең, моншақ көп, қайсыбірін іздерсің! Іздегенмен таба алмасың - бір азап.

 

25. 09. 2010 ж.

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1968
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2323
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1903
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1562