Жұма, 26 Сәуір 2024
Аласапыран 6986 0 пікір 29 Наурыз, 2017 сағат 13:49

П.К.Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/49234)

Саржанның өлімі. Қасымның аманаты

Абылай хан  1781 жылы өлді. Осы уақыттан дәл елу жыл бұрын Кіші жүздің ханы Әбілқайыр барлық ордалықтардың атынан Ресейдің боданы болуға ант берді және Абылай хан мен Ұлы жүзді Ресейге бодан болуға шақырды. Ресейге бодан болсақ бізге орыстар қалмақтарды жоятын әскер мен зеңбіректер береді деп үгіттеді. Әбілқайыр ханның өз атынан берген уәдесі бойынша Ресейдің сөзінде тұрмағанын көрген Абылай хан, орыстарға ант бермегендіктен өз жүзін қалауынша басқара берді. Абылай өлген соң Орта жүзді оның үлкен баласы Уәли басқарды. Уәли Абылайханұлы Ресейге бодан болуға ант берген соң орыс өкіметі оны хан деп бекітті. Уәлиге әкесінің бірде бір қасиеті дарымаған болатын. Ол басқарған кездегі (1781-1821) уақытта ханның мәртебесі халықтың алдында барлық мәртебесін жоғалтты. Уәли ханды ешкім тыңдамады, оның қолынан өзімен бірге көшіп жүрген ауыл адамдарын соттау мен жазалау ғана келді. Хан өз аймағында тәртіптің сақталуын еш ойламады, бар атқарғаны өткен кеткен керуендерден алым салықты жинауды ғана білді. Кейбір кезде керуендердің керуенбасыларының өзіне сыйлаған сыйлықтарына көңілі толмаса оларды тонап та жіберетін. Орыс өкіметінің қойған талаптарын өзінің тәуелсіз қожайын екендігіне қол сұғу деп санады. Марқұм болған патшаның шешімімен, Уәли ханның тірі кезінде кейбір қазақ руларына өздеріне басқа хан сайлап алуға рұқсат берілген болатын.  Таңдау сол кездегі ең атақты қазақ фамилиясының  өкілдерінің бірі, сексен жастағы Бөкейге түсіп хан сайланды. Сүйтіп Орта жүзде бір уақытта, бір мезгілде екі хан болды. Екеуінің де халыққа ықпалы өте аз болды. Бөкей мен Уәли, екеуі де бірінен соң бірі өлгеннен кейін, Орта жүзде хан мәртебесі жойылды. Себебі, хан мәртебесін иемденген кісілер шын мәнінде өздеріне тиесілі қызметтерін – орыс өкіметі мен ордалықтардың арасында делдалдықты атқара  алмады.

1824 жылы Орта жүзді басқару жүйесі  жаңа өзгеріске ұшырады. Бұл өзгерістердің мақсаты бойынша, болашақ уақытта дала халқын тыныштандырудың ең тәуір жолдары жасалмақшы еді. Бұған дейінгі тәжірибелер көрсеткендей, Орта жүзді басқаруды тек бір адамның қолына тапсыру мүмкін емес болатын. Мейлі, болашақ сайланған ханның елді басқару дарындылығы барлық жағынан керемет болып өкіметтің сенімін ақтаса да, ханды тек өз ортасынан ұсынған рулардың ғана қолдайтыны, тек солардың ғана оған бағынары анық еді. Басқа рулардың оған бағынбайтындығы, тіпті бағыну емес, бұрынғыша оған қарсы дұшпандық бағытта іс-қимылдар жасайтыны айдан анық. Қазақ даласында басқа рулармен түгелдей достық қарым-қатынасы бар бірде бір руды таба алмайсың: ғасырлар бойында бір біріне деген іштей араздық ұмытылмай олардың араларын жіктеп тұрады. Араларында пайда болған кішкентай ғана жаңа араздық баяғыдан бері ұмытылып, ішінде тығылып жатқан оқиғаны қайта қоздыратын. Бұрынғы араздықтар ұмытылып кетер ме еді, бірақ тоқталмай келе жатқан, қайта жасалған барымталар жаңа араздыққа желеу болады. Бұл халықтың осы мінезі  өлкені қайтадан бөлшектеп басқару қажеттігін тудырды. 1822 жылы Жоғары мәртебелі басқарушы жарлық шығарып сібірлік қазақтар жайлы жаңа жарғыны бекітті. Жарлық бойынша қазақтар бірнеше округке бөлінетін болды. Әр округті басқару жеке приказға (жеке аймақты басқаратын мекемелерді орыс мемлекетінде приказ деп атаған, - С.Ж.) бекітілді, қазақтар оны дуан деп атайды, дуанды аға сұлтан басқарады. Аға сұлтанды үш жылға дуанның қарамағына кіретін болыстар сайлайды. Әрбір приказдың өзінің қазақтан және орыстан заседательдері  және тәртіпке қарайтын әскери отряды бар. Бұл жарлықты жүзеге асыру  1824 жылы екі округті – Көкшетау мен Қарқаралы округтерін ашудан басталды. Бұдан кейін біртіндеп тағы төрт округ (1844 жылы Көкпекті округі ашылған соң  Орта жүзде барлығы жеті округ ашылды, авт. ескертуі) ашылды. Барлық округтерді басқару Омбыда тұратын Сібір қазақтарының бастығының қолына берілді.

Жаңа жарғының енгізілуі кейбір қазақ сұлтандарына ұнамады. Иа, шындығында жаңа жарғы осы кезге дейін қалыпты жағдай саналатын, бүкіл халықтың болашағына қауіпті зияндылығымен әсер етіп келген басбұзарлыққа тиым салды. Өз еркімен өмір сүріп үйренген басқа да жабайы тайпалар сияқты, қазақтар да шапқындық пен қарақшылықты ұят іс деп санамайды, керісінше оны батырлыққа . балайды. Атын шығарып, абыройын арттыру мақсатында қазақтың жас жігіті көршілерін үрейлендіріп, қорқытып жүруі тиіс, неғұрлым көбірек талау мен тонауға қатысса, соғұрлым абыройы мен даңқы артып, сый құрметке бөленеді. Жаңа жарғы мұндай батырлыққа басқа тұрмыстық көзбен қарады,  батырларға Шығыс Сібірге жер аудару немесе солдаттыққа жіберу қаупі төніп, олардың наразылығын тудырды. Наразылардың басында Қасым Абылайханұлы тұрды, оның шыққан тегі жайлы жоғарыда айтып өттік (сілтемені қараңыз: http://abai.kz/post/49234 - ред.

1824 жылдан бастап өкіметтің барлық жарлықтарына қарсы іс-қимылдар басталды. Қасымның үлкен ұлы Саржан қасына жинаған батырларға бас болып керуендерді тонап, өкіметтің айтқанын орындап жатқан қазақтардың малын барымталай бастады. Саржанның шайкасын орыс казак отряды далада қуып жетіп екі-үш картешпен оқ атып бытыратып қуып таратты. Саржан бірнеше жылға тынышталып 1830 жылы  Ресейге бодан болуға ант берді де, бір жылдан кейін Қоқан ханының қол астына,  Ташкентке кетіп қалды. Ташкентте Қоқан ханының құсбегісі, Ташкент қаласын басқарып отырған Лашкермен өте жақын қарым-қатынас құрды. Бұл құсбегі Қоқанда аты шығып тұрған кісі еді. Айтуларына қарағанда, Лашкер шыққан тегі бойынша парсылық, жас кезінде түрікмендер тұтқынға түсіріп, бірнеше рет қолдан қолға сатылған, азиялық тұтқындықтың барлық азабы мен қияметін көрген, өмірінің жартысы ауыр жұмыспен өткен адам. Неше түрлі  жазалаудың барлығын басынан кешкен ол  бір күні Қоқан ханының көзіне түсіп қалады, оған ерекше құлшылығымен ұнаған болса керек, бірнеше жылдан кейін хан Лашкерді қарамағындағы бірінші санаттағы шенеунік дәрежесіне көтереді. Лашкерге Қоқанның ең басты қаласы – Ташкентті басқаруды тапсырады, ол өзіне берілген шексіз билікке қожайын болады. Лашкердің ханмен қарым-қатынасы мынаған саятын болған – жылына екі рет ханға барып өте қымбат сыйлықтар береді, өзін қорлайтын әртүрлі салтанаттар жасап ханға бағынышты екенін дәлелдейді.  Хан одан басқа ештеңені талап та етпеген; сондықтан ол жаңа Сарданапалға ұқсап аңға шығып, шарап ішіп, әйелдер гаремі сияқты рақаттардың ортасында ләззатқа батып жүрді, халқын басқаруды, қамын жасауды  ойлаған жоқ. Құсбегінің халықты алдай алатын  да ақылы бар болатын. Іскерлігі де болды, сауда мәселесін қамқорына алды, тіпті өзінше әділ болуға тырысты. Ғайыптан келген бақ құсының басына қонғанына көңілі толмай, одан да жоғары қиялға – әсіресе жаулап алушының даңқы еліктірді.  Күнде таңертең Ташкент базарына барып ашық аспанның астында сот құрып, айыптыларды жазалады, арасында Ресейдің Нижегород қаласына жәрмеңкеге барып жүрген көпестерді әңгімеге тартатын еді. Көпестер де қу ғой, оның әлсіз жағын байқап өтірік мақтап Лашкерді Ресеймен соғысуға, Ресейден Қазақ даласын тартып алуды көкейіне қондырды. Міне, осындай адамға әкесі мен аға-інілерін алып келген Саржанды құсбегі құшақ жайып қарсы алды.

Бір жылдан соң, яғни 1832 жылы құсбегі өрескел мазмұнда хат жазып оны қазақ даласына таратып, онда оларды кәпір орыстарға қарсы көтерілуге шақырды. Артынша құсбегі мен Саржан Орта жүздің ауылдарына келді, қастарында қолдарына іліккен әр түрлі қару ұстаған үлкен қолы бар. Олардың тонаушылығын тоқтату мақсатында генерал Вельяминов казактардан құралған отрядты жұмсады. Казактар алғашқы кездесуде-ақ ташкенттік жексұрындарды қуып жіберді, Сарысу өзенінің бойында құсбегі салған екі бекінісін қолға түсірді. Ел ішінде бет-беделі бар бірнеше ташкенттікті тұтқынға алып, Омбыға жеткізіп, абақтыға  жапты. Олар өмірлерімен ойша қоштасып, орыс жеңімпаздары қандай жолмен өлтіреді екен деп күтіп отырғанда, генерал Вельяминов Ұлы Мәртебелі  императордың атынан 22 тамызда кешірім жасап,  елдеріне қайтуға рұқсат берді. Көпке дейін ташкенттіктер  мұндай рақымшылыққа сене алмады, олардың түсінігінше, істеген істері  мұндай аяушылыққа сәйкес емес еді.

Біздің үкіметтің бұл жұмсақтығы құсбегіге жаңадан дұшпандық іс-әрекеттер жасауға ынталандыру сыйындай әсер етті.  1834 жылы құсбегі қасына Қасымның балаларын ертіп Орта жүздің аймағына екінші рет келіп, тағы да жолындағы қазақ болыстарын тонай бастады. Даланы ташкенттіктерден тазарту үшін оларға қарсы генерал-майор Броневский бастаған қол жұмсалды. Отрядтың жолға шыққанын естіген заматта құсбегі Ташкентіне зытып кетті. Бірақ Ұлытау тауында бекініс салып оны қорғауға мың ташкенттікті және бірнеше зеңбіректі қалдырып кетіпті. Генерал Броневский бекіністі, зеңбіректері мен адамдарын  еш қиналмай алып, ұсталған ташкенттіктерді бекіністі нығайтуға жұмысқа салады да, қазу жұмыстар біткен соң бәрін де қайырымдылық жасап қайтарып жібереді. Бұл сәтсіздіктерден кейін құсбегі Қазақ даласын Ресейден бөліп аламын деген арманынан бас тартуға мәжбүр болады, бірақ жауынгерлік қызбалығын қоймады. Ол 1836 жылы Ұлы жүздің өлкесіне жорыққа шығады, ол жақта орыстар жоқ, сондықтан бұл жорығым сәтті болады деп ойлаған еді. Шынында да орыстарды кездестірген жоқ, бірақ бұл жорығы да сәтті болмады, құсбегі бұл сәтсіздігін қасында әрқашан еріп жүрген Саржанның сатқындығы деп бар пәлені соған аударды. Ташкенттің басшысына осы бір күдікті күмән туған күннен бастап Саржанның тағдыры шешілген болатын. Құсбегі кегін ішіне жинап, үйіне қайтып келгенше білдірмеді. Себебі басым көпшілігі қазақтардан тұратын отрядта Саржанды қолдаушылар көп болатын. Құсбегі Саржанға жылы мейірбандық білдіруін тоқтатпады, жұбы жазылмады, ақылын тыңдап отырды, күзде екеуі Ташкентке бұрынғы достар есебінде оралды. Біршама уақыт өткен соң құсбегі Саржанды кешкі асқа шақырып, дастархан басында достық әңгімені күрт тыйған құсбегі оған «сен сатқынсың» деп айып тағып, сол үшін өлер шағың келді деп хабарлайды. Жасалған белгі бойынша жендеттер кіріп келіп Саржанды, інісі Есенгелдіні және үлкен ұлы Ержанды  шауып өлтіреді. Саржанның інісі Кенесарыны зынданға салады. Абылай ханның ұлы Қасым шал ол кезде өз ауылымен және ұлдарымен Ұлы Торғай өзенінің бойында көшіп жүрген болатын. Көп ұзамай Қоқан ханы өзі жақсы көретін Лашкердің өз бетінше Қазақ даласына жорық жасауы Ресейдің Қоқаннан кек алуына әкеп соғады деп қорқып, Лашкерді орнынан алып тастап, оның орнына Юлдаш молданы датқа етіп тағайындайды.

Саржанды өлтіріп одан өз кегін алған құсбегі Лашкердің бұл әрекеті бүкіл Ташкент үшін тиімсіз салдарды туғызды. Ташкенттің төңірегінде көптеген қазақ болыстарының тұрғындары көшіп-қонып жүретін. Олар басқарушыға қомақты зекет төлейтін, бұл зекет Ташкенттің басқарушысының қазынасын толтыратын табыстың басты бөлігі еді. Ташкенттік қазақтар атақты Абылай ханның ұрпағы саналатын Қасым ханның отбасына өте жақын болатын. Сондықтан да Саржанның өлімі оларды қатты дүрліктірді. Оларды бір жағынан тыныштандыру, екінші жағынан олардың көшіп кетіп қалуын тоқтату мақсатында Ташкенттің жаңа датқасы Қасыммен достасуға бел байлады. Бұл мақсатта ол Кенесары Қасымұлын зынданнан босатып, мол сыйлықтар тарту етіп әкесіне жібереді және әкесіне достық дұғай сәлем жолдап, екі ұлы мен немересінің өлімі үшін өтем төлейтінін хабарлайды. Ташкенттің ең атақты адамдарының бірін Кенесарының қасына қосып Қасым Абылайханұлынан жауап әкелуді тапсырады.

Саржан – Қасымның сүйікті баласы еді. Баласының өлгені жайлы қайғылы хабарды естіген шал өмірден торығып кетті. Қасындағылар бұл қайғыны шал көтере алмас деп ойлады. Енді тірі кезінде көрмеспін деген Кенесарының аман келгеніне жұбанған болса керек. Ташкенттен келген кісіге «балаларым мен немеремнің өліміне кінәлі деп құсбегі Лашкерді санайтындығын» айтқан, кек қайтаруға кәрімін, Құдайдың өзі  жазықсыздардың қанын төккен құсбегі Лашкерге жазасын беріп Қоқан ханының мейірімінен тайдырды. Тағы қосарым, «Ташкентке оралып жаңа басқарушымен достық шартқа отыруға дайынмын, мәртебесін көтермелеу үшін қаланың ардақты адамдары Шу өзенінің бойынан алдынан шығып күтіп алсын» деп хабар қайтарады.

Сол заматта ташкендік елші Юлдаш молдаға достасу жөніндегі қуанышты хабарды алып кетеді де, бұл кезде Қасым ханның ауылдары Ташкент бағытында көшін Шу өзеніне қарай түзейді.  Юлдаш датқа шалдың өтінішін орындауға көп ойланбайды, азиялық этикет бойынша, салтанатты кездесулер мен шығарып салу дәстүрі бойынша мұндай салт-дәстүр ежелден қалыптасқан жағдай болып саналады. Шу өзені Ташкенттен 200 шақырым жерде, қонақтың аты неғұрлым жер жарған сайын соғұрлым алыстан күтіп, алысқа шығарып салады. Ташкенттен шыққан 40 адам Шуға аттанып сол жерде Қасымды кездестіреді. Шал оларды жақсы қарсы алады; балалары мен немересінің өліміне өксіп жылап алады, бірақ бұрынғы айтқан сөзін, Лашкер құсбегі Ташкенттен кетірілген соң оның одан басқа бұл қалада дұшпаны жоқ екенін тағы айтады. Даңғаза сән-салтанатқа толы дастархан асы, бір бірлеріне айтқан мақтау және құттықтау сөздер төгіліп той түн ортасына дейін жалғасып, бір кезде ташкенттіктер ұзақ жол мен думанды дастарханнан әбден шаршап демалуға жатып бірден қатты ұйқыға кетеді. Тігілген киіз үйлерді өлі тыныштық басады, тек Қасым ғана ұйықтамаған. Түн ортасында ол төлеңгітінің (қарулы нөкер) құлағына бірнәрсе деп сыбырлады. Бірнеше минуттардан кейін жақын жердегі  қамыстың арасынан бір топ қарулы кісілер шығып, артынша жандары ышқынған ташкенттіктердің жан айқайы қарат түнді қақа жарады. Қазақтардың айбалтасы қонақтардың тәтті ұйқысын бұзып оларды қайтадан ұйықтауға, енді мәңгі ұйқыға аттандырады. Олардың тек біреуін ғана тірі қалдырады. Қасым оны  құлағы мен мұрнын кестіріп  Ташкентке қайтарады да: «Айта бар басқарушыңа, мен өз балаларым мен немеремнің өлімі үшін ташкенттіктерден кек алуды тоқтатпаймын, кек алуды ұрпағыма тапсырып кетемін» дейді. Осылай деп асығыс түрде  ауылдарын Ташкенттен жырақ солтүстік жаққа көшіріп алып кетеді.

Міне, осылай Қасымдардың отбасын Ташкенттің басқарушысымен байланыстырған барлық қатынастар үзілді. Келесі 1837 жылы Кенесары Қасымұлы Кіші жүздің ішінен үлкен әскер жинап, Сібір ведомствосына бағынатын қазақ даласына шабуыл жасады. Қазақ сұлтандарының көпшілігімен туысқандық байланыстарын пайдаланып ол өз жағына бірнеше болысты қарата білді.  Бірақ оған қарсы жіберілген отрядтардан бірнеше ауыр соққы көріп жеңілген соң содырлар өз округтеріне қайтуға мәжбүр болды,  оларға мәртебелі патшамыз кешірім жасады. Бірақ, Кенесары інілерімен бірге даланың алыс аймақтарында бұрынғы қарақшылық қызметін жасай берді. Оның жан-жаққа жіберген содырларын ұстау үшін, бейбіт халықты тонаудан қорғау мақсатында қазақ даласына әр жазда казактардың отрядтары жіберіліп тұрды. Осындай отрядтың біріне мен 184.. жылы қосылып сапарға шықтым.

Ақмола облысы, Бұқар әмірлігі, Қазақ даласы, Қытай Жоңғариясы, Қытай Түркістаны, Қоқан хандығы, Семипалатинск облысы, Хиуа хандығы, 18-ғасыр, 1801-1825, 1826-1850, Қарқаралы, Омбы, Петропавл, Семипалатинск (Семей), Ташкент, Әкімшілік басқармасы, барымта (аламан), қарақшылық, соғыстар (Түркістан жорығы, көтерілістер (бүліктер) бүлікшілік, қалалар (бекіністер), Қазақстанның тарихы, Өзбекстанның тарихы, қазақтар, өлім жазасы, азаптаулар, монғолдар, батыс қалмақтары, құлдар, ата-мекен жазбалары, парсылар, Ақ патшаның қол астында, басқарушылар, әділ сот, орыстар, Услар Петр Карлович.

(Жалғасы бар)

Орыс тілінен аударған Сағат Жүсіп

Abai.kz 

0 пікір