Жұма, 26 Сәуір 2024
Ел іші... 9600 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 14:30

ОРАМАЛ ТОН БОЛМАДЫ... ДАУ БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында екінші сыныпта оқитын кішкентайдың қыздың ата-анасы балдырғанның басына орамал тартуына рұқсат беруді талап етіп отыр.

 

Екінші сынып оқушысы Айша Ескермес 17 қаңтар күні мектепке... алғаш рет басына орамал салып келді. Білім ордасының басшылығы, әрине, басындағы орамалын шешпесе, қыздың сабаққа қатыстырылмайтынын ескерткен. Бұған қыздың әкесі Русланбек Әбілов мынадай уәж айтыпты: «Біз ислам дінін ұстанамыз, ал қасиетті Құранда – «Нұр» сүресінің 31-аятында – барлық әйел заты басына орамал салып, ұзын көйлек киюі керек делінген. Біз қыз бала әуретті жерлерін жауып жүру керек деп есептейміз, сөйтіп, осындай шешімге келдік».

Білім ұясының басшылығы Айшаның мектептегі қалыптасқан киім үлгісін бұзып отырғанын айтады. Оның үстіне, жарғы бойынша ұлдар да, қыздар да сабақ үстінде бас киім киіп отырмауға тиіс.

«17 қаңтардан бастап Айша мектепке орамал тартып келетін болды. Ата-анасын шақырып алып, сөйлестік, еліміздегі білім беру туралы заңнамаға сәйкес оқушылардың бәрі де мектептің ішкі тәртібі мен ережесіне бағынуға тиіс екенін түсіндірдік. Сосын ата-аналар жиналысын өткіздік, ал олардың 99 пайызы мектеп басшылығының ұстанымын қолдады. Тіпті «Айша Ескерместі басқа мектепке ауыстыру керек» деушілер де шықты», – дейді мектептің оқу ісінің меңгерушісі Талғат Ахметов.

Қалалық білім беру басқармасы да мектеп басшылығының көзқарасын қолдайтынын білдірді, бірақ «орамал тартуға болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымның да заңнамада жоқ екенін аңғартты. ОҚО бас имамының көмекшісі Өркен Сапарқұлов та мектеп ұстанымы жағына шығыпты. Ол қыздың ата-анасына: «Елдегі қалыптасқан ереже мен мектептегі тәртіп тіпті де ислам қағидаттарына қайшы емес, ал орамалды қыз балалар сабақтан тыс уақытта тарта беруіне болады», – деп түсіндіріпті.

Екі жақта өз ұстанымдарынан айнымай отыр. Енді Русланбек Әбілов прокуратураға шағым түсірсе, ұстаздар қауымы құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінбек.

 

Abai.kz

0 пікір