Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Өмірдің өзі 4704 0 пікір 6 Ақпан, 2015 сағат 19:27

ӘҢГІМЕДЕГІ АҚИҚАТ

Мен онымен әңгімелестім. Негізінен әңгімені айтқан Ол.

– Сіз өзіңіздің екі адам екеніңізді белесіз бе? – деді Ол.

Екі адам... Мен оған аңтарыла, әрі таңырқай қарадым.

 – Білмейсіз, – деді Ол. – Сізде тіпті мен екі адаммын-ау деген ұғым да, түсінік те жоқ. Егер білсеңіз ғой...

Мен оны үнсіз тыңдағанды жөн көрдім.

– Екі адам – екі өмір. Алайда сол екі өмір – бір адамға тән. Иә, түсінген жоқсыз. Сіз осы күнге дейінгі өмірбаяныңызды маған жіпке тізгендей етіп айтып бере аласыз. Солай емес пе? Егер мен сізге сол жүріп өткен өмір жолыңыздың тура содан айна қатесіз тағы бір көшірмесі бар десем, соған иланар ма едіңіз? Үндемей-ақ қойыңыз. Әрине, иланбайсыз. Бірақ бір адамдағы сол екі өмір ұдайы қатар жүреді. Ол екеуі бір-бірінен мүлде айнымайтындықтан оның екеу екендігін ешкім біле алмайды. Шындығында ол – екеу. Біреуі – шын, екіншісі – өтірік. Біз бірде оған, бірде бұған алмасып отырамыз. Ол екеуі біз өлгеннен кейін ажырайды. Біреуі осында қалады да, екіншісі о дүниеге аттанады.

Мен оның ақыл-есінің дұрыс-бұрыстығына күмәндана бастадым. Алайда Оның мені тап өзі сияқты түсініп тұрғандығын ішкі түйсікпен сезіндім. Менің бірнәрселерді ұғына бастағанымды ол да аңғарған тәрізді. Өз ойымнан арылып, әңгімеге қайта құлақ түрдім.

– Екі адам. Екі адамда бір жан. Қайсысын таңдайсың. Қалау өзіңде. Сондықтан бар, бірақ жоқ адамдар болады. Сондай-ақ жоқ, бірақ бар адамдар болады. Бұл жайт әлгі екеудің қайсысын таңдауыңа байланысты көрініс береді. Солай.

Ол ғайып болды. Өз-өзіме келдім. Жоқ әлде, өз-өзіме әлгінде келдім бе? Мен кіммін? Мен емес, Ол кім? Екі адам... Екі адам емес, бір адам. Иә, бір адам. Бірақ екеуі екі адам. Мен және Ол. Мен бармын, ал Ол жоқ. Демек, мен мұнда қаламын да, Ол ана жаққа кетеді. Иә, о дүниеге.

Кетсе барсын. Ол мен емес. Тоқта... Ол да мен. Сонда ол боп та кететін мен. Егер мен ол болсам онда, Алланың алдына қай бетіммен барамын? Себебі, мен ешқашан Ол болып көрген жоқпын. Ал мұнда қалатын мен Алланың алдына баруға жарамайды. Жалпы оның мына жұмыр жерден ажырағысы жоқ. Оған басқа ешнәрсе тіпті, жәннат та қажет емес. Сондықтан ол осында қалады. О дүниеге кететін анау. Мен оны танымаймын. Мені Ол да танымайды. Солай бола тұра мен үшін ол жауап береді. Өйткені Ол – мен. Бірақ мен Ол емеспін.

Әй, Ол! Тоқта! Мен сен болғым келеді.

Құдияр БІЛӘЛ.

 

Абай.kz 

0 пікір