Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 9164 0 пікір 7 Ақпан, 2015 сағат 10:37

ШОҚАННЫҢ «АҒА СҰЛТАН» СУРЕТІНДЕГІ ТЕЗЕК ТӨРЕ МЕ?

 

...Алдыңғы кітабымызда Тезек төренің суреттері жөнінде де ойларымызды білдірген едік, сол суреттерді бұл жерде де салған авторларын көрсетіп, түсініктерімен бірге келтіре кетелік (А.Ақылбековтың «Тезек төреге қатысты жыр-айтыстар антологиясы», 2014. Алматы кітабы).

 

1. Тезек төренің Шоқан Уәлиханов салған суреті.

 

2. Тезек төренің П.Семенов-Тянь-Шанскийдің көмекшісі

П.Кошаровтың салған суреті.

Тезек төренiң көзi тiрiсiнде салын­ған екi суретi бар. Бұл екеуi де бiзге аман-есен жеттi. Бiрi – тура қарап отырған, екiншiсi – қырынан салынған сурет. Суреттердiң құндылығы мынада: бұл суреттер суретшiлердiң қиялынан салынған туындылар емес, төренiң бет-әлпетiне, киiмiне, бой-басына қарап отырып салынған.

Қазақстан зерттеушiлерi Тезек төренiң қырынан қарағандағы суретiн атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың салғанын дәлелдедi. Бұған ешкiмнiң де таласы бола қоймас. Бақ пен өнер қатар қонған Шоқан Уәлихановтың суретшiлiк өнерi де зор болғаны баршаға мәлiм. Әкесi Шыңғыс сұлтанның “Құдай маған бақ берсе, iнiм Ханқожаға (дәулескер күйшi) өнер берген” деген сөзi бар емес пе?!

Шоқан Уәлихановтың “Тезек төре” атты суретiне мамандар былайша баға бередi: “Ш.Уәлихановтың үздiк туындыларының бiрi –“Тезек төре” (портретi) кескiнi. Мұнда қазақтың белдi сұлтаны, үлкен дипломат бейнесi айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескiнделген. Шоқан суреттерiн мұқият қарар болсаңыз, оның ұлы суретшiлерге тән әдiс-тәсiлiн байқайсыз. Оның көптеген суреттерi “Қайта өрлеу дәуiрi” суретшiлерiнiң туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдiстерiн қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшiлер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидiң графикалық суреттерiмен таныс болғанын бiлдiредi. Әсiресе, оның долбар суреттерi (наброскiлерi) Леонардо да Винчидiң эскиз суреттерiне өте ұқсайды. Шоқанның шоқтығы биiк жұмыстарының бiрi де – оның осы нобай суреттерi”[20] .

1) Бiздiң ойымызша, бұл сурет Шоқан Уәлиханов пен Тезек төренiң алғашқы кездесулерiнiң бiрiнде, 1850-жылдары салынса керек. Оны Тезек төренiң бас киiмiндегi Қытай өкiметi берген (билiк­тi бiлдiретiн) асыл тас та бiлдiрiп тұр. Ол тұста Ресей билiгi қазақ арасына толық дендей қоймаған-ды.

2) Тезек төренiң тура қарап отырған суретiн П.Семенов-Тянь-Шанскийдiң көмекшiлерiнiң бiрi, томскiлiк суретшi П.М.Кошаров сал­ған. “Алатау­ские очерки” еңбегінде Тезек төренің суреті былайша сипатталады: “...қымбат, жылы шапан киiп, асыл, жалпақ белбеумен буын­ған. Кең өрнектi шалбар киiнiп, басындағы бөркi бағалы терiлермен әдiп­телген. Ашық көздерiнiң жанары өткiр. Бастырылған мұртты, сиректеу сақалды. Ашаң өңдi, өр мiнезi шешiмдi, ақылды кiсiнi көрсетiп тұр. Бет-әлпетi бiр қарағаннан-ақ ұнамды және тумысынан асып туған зерек екендiгi байқалады”.

Кейiнiрек А.Гейнс Тезек төренi “...орташа бойлы. Өткiр көздi, тiке қарағанда жанары өңменiңнен өткендей. Сөйлегенде шешендiкпен ағылып, өз ойын анық жеткiзедi...” деп суреттейдi. Семенов-Тянь-Шанскийдiң өзiнiң айтуынша: “Тезек – Ұлы жүздiң сұлтандарының iшiндегi ең ержүрек әрi алғыр адам. Қазақтың кең даласына тегiс танымал кiсi”.

П.Кошаровтың суретi Семенов-Тянь-Шанскийдiң Ыстықкөл саяхаты кезiнде, яғни 1857 жылы салынған. Осы сурет 1889 жылғы Ташкентте шыққан Е.Т.Смирновтың “Султаны Кенисара и Садык” атты кiтабына енген. Суреттiң астына “Тезек торе. Потомок Чингис хана” деп жазылған. Бұл кiтапта Тезектен басқа Абылай ханның, Кенесары ханның, Сыздық сұлтанның, Шыңғ­ыс Уәлихановтың суреттерi де басылған [4].

3) Осы жерде өз тарапымыздан қосымша тың ой (әзірге біреу айтқанын естімедік) ұсынбақшымыз. Ол Тезек төренің (болуы мүмкін) үшінші суреті туралы. «Шоқан және өнер» кітабында [20] «Аға сұлтан» атты 1864 жылы Шоқанның салған суреті бар.

3. 1864 жылы Шоқан салған «Аға сұлтан» суреті.

Сол кездегі (1864 жылғы) Шоқан өміріне ой жүгіртіп көрелік, бұл жөнінде тарихшы С.Өтениязов былай деп жазады: «1864 жылы 10 маусымда Шоқан Әулиеата қаласын қоқандықтардан босатқан  соң, Черняев отрядынан шығып, Верныйға, содан соң Жетісудағы Тезек төренің ауылына келіп, оның қарындасы Айсараға үйленді. Айсараны жақын білетін Шоқанның достары оның өте ақылды әйел болғандығын айтады»[9].

Олай болса, Шоқан 1864 жылы қай аға сұлтанның суретін салуы мүмкін деп ойлайсыздар?

Бұл жылы атақты ғалымымыз Ұлы Жүз ішінде (Жетісу, Түркістан маңы) болды, яғни Орта Жүздің сұлтандарымен кездескен жоқ деп есептейміз. Ал Ұлы Жүздегі аға сұлтан Әли Әдиловті көрді десек (егер тірі болса), ол кісі 1864 жылы 78 жаста (1846 жылы 60-та) болуы керек (суретке келмейді). Ал Әулие Ата, Түркістан, Шымкент жағында аға сұлтан ол кезде жоқ екенін (Ресей империясы жаулап, ұрыс қимылдары жүріп жатты) ескерсек, суретте салынған Жетісудың атақты сұлтаны - Тезек төре болар деп пайымдаймыз.

Бұған осы үш суретті салыстыра қарап, кәсіби суретші (ұқсас штрихтарын анықтап) бағасын берсе оң болар еді.

Міне, дәл осы сұрақ бойынша маман ретінде белгілі тәуелсіз суретші - Берік Жанке Бердешұлына жақында әлеуметтік желілер арқылы суреттерге өз бағасын сараптау ретінде беруін сұраған едік. Ол кісі былай деді:

«...Шоканның шамамен 1850 жылдары салынған Тезек төре сұлтанның суретi мен 1864 жылы салынған (автордың пайымдауы бойынша - Тезек төре сұлтан) портретiн салыстырғанда салыну қолтаңбаларының өте ұқсастығы тайға таңба басқандай-ақ бiлiнiп тұр.

Суретшiнiң (Шоқан) техникалық салу әдiсi бiр iзбен өрiлген. Мысалы, бас киiм мен үстiге киген киiмнiң қалың контурлық сызықтарының ұқсастығы, штрих бояуларынын бiр iздiлiгi, сондай-ак бет әлпетiнiң арада шамамен он төрт жыл уақыт өтiп салынғанымен де, қастың, қыр мұрынның, мұрт пен сақалдың ұксастықтарында дау туғызар элемент жоқ, яғни нағыз ұқсастық байқалады.

Қыр мұрын мен иектiң П.Кошаров салған суретте де қайталануы, бәрi - бiр тұлғаның бейнесiн ашық көрсетедi.

Бiр қызығы, осы үш суреттiң салыну кезеңдерiнiн арасы жетi жылдан екен, яғни 1850 жылғы салынған суреттегi адамның жас шамасы шамамен 30-35 жас деп алсақ, П.Кошаров салған 1857 жылғы суреттегi адамның жасы шамамен 37-42, ал 1864 жылы салынған портреттегi жас 44-49 жас аралығын көрсетедi. Әрине, ақшыл-қара графика жас мөлшерін нақты анықтауға қиындау, әйткенмен солай болжамдаймын.

Сол себептi, осы салынған үш суреттiң бiр адам бейнесi екендiгiне еш шүбә келтiруге болмайды, сондықтан өз тарапымнан бұл үш сурет те бiр - аға сұлтан Тезек төренiң портретi деп айта аламын.

Қазiргi дамыған заманда, мүмкiн, компьютерлiк эксперт арқылы да анықтауға болатын шығар, алайда ол сурет әлемiнде өмiр сүретiн адамға артық болар деп есептеймiн...»

Алматы. 2015.

Құрметті оқырман, тарихшы, суретші ағайындардың осы пайымдауымызға алып-қосарларыңыз бар ма екен деген оймен, сіздермен бөлісіп отырмыз.

 

Азамат АҚЫЛБЕКОВ.

Талдықорған.

 

Абай.kz

0 пікір