Сенбі, 4 Мамыр 2024
Рух 7180 0 пікір 11 Ақпан, 2015 сағат 11:40

МЕМХАТШЫ «АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АРМАНЫН» ТАМАШАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына арнайы ат басын бұрып, «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманы тамашалады.

Аталмыш өнер ордасына мемлекеттік хатшымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, сондай-ақ сенат және мәжіліс  депутаттары, елордадағы зиялы қауым өкілдері келді.

«Абылай ханның арманы» көрермендерге жаңа нұсқада ұсынылды, онда өткен мен бүгінгі күннің арасындағы үзіліс таппас рухани байланыс бар. Қойылымның авторы - белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы-режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. 

Шығарма Абылай ханның жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқын қорғауынан басталады. Онда Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелдерінен қалай аман-есен алып шыққаны, ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ақыл-парасаты,  ержүрек батырлығы мен кемеңгерлігін жан-жақты ашып көрсетеді.  

Қойылымда Абылай ханның ролін белгілі актер Қуандық Қыстықбаев, сонымен бірге, бас кейіпкерлерді Жанқалдыбек Төленбаев, Жәнібек Мұсаев, Қасымхан Бұғыбай, Айман Карпсейітовалар сомдады.

Кеш соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықоваға театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Халық артисі, режиссер Талғат Теменов алғысын білдіре отырып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Г.Н. Әбдіқалықова тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу жөніндегі тапсырмасы бойынша қойылып отырғанына алғысын білдірді.

САХНА СЫРТЫНДАҒЫ СЫР

 


Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА:

– Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша жыл бойы мәдени және ғылыми бағыттағы әртүрлі іс-шаралар болады. Ол іс-шаралар елордамыз Астанада, жергілікті жерлерде, аймақтарда да ұйымдастырылады. Сондай шаралардың бірі - бүгінгі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Абылай ханның арманы» атты қойылымымен басталуы. Бұл қойылымның жастар үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Абылай хан біздің тарихымыздағы ұлы тұлға. Елбасымыз айтқандай, Абылай хан тек найзаның ұшымен ғана емес, дипломат ретінде де көрегендігімен елді қорғап, Қазақ тарихында ұлы тұлғаға айналған адам.

Талғат ТЕМЕНОВ:

– «Хас сұлудың көз жасындай мөлдіреген театр» деп, ұлы Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтпақшы, ал Чеховтің тілімен айтқанда «Тобырды халық жасайтын – театр» деп айтқанына кейде таң қалам, кейде қиналам. Өйткені, бүгінде қазақ театр өнері екінші сорттық өнер болып қалды. Көбінде бұған қазақ тілінде сөйлейтін қазақ қана келеді деп жатады. Себебі, Мәскеудің бір жеңіл-желпі актерлері келсе, қалтасында ақшасының барлығы сол жеңіл желпінің қасында жүреді... Осындайда қиналасың, қынжыласың.   

Менің Астанаға келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Елбасының шақыртуымен келгеніме төрт-бес айдың жүзі болды. Қолым босай қалған шақта әсем қала, әдемі қала Астананы аралап жүріп, үлкен Жоғары прокуратураның ғимаратын көріп қызықтым. Қасында қауіпсіздік комитеті де бар. Оң жағында жоғарғы сот, министрлер үйі... Күндердің күнінде келе жатып, алдымнан қалалық прокуратураның ғимараты шықты. Көрдім де таң қалдым. Бір қалада қаншама прокуратураның барына. Өмір бақи бір түрмесі жоқ, бір прокуратурасы жоқ қазақ халқы ғасырдан ғасырға ұрпағына қандай тәрбие бере білген. Бір адамын шетке шығармаған. Бүгінде біз не болып барамыз деген ойда қалдым. Сол кезде ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі есіме келді. Бесік дегеніміз не? Ол – руханият. Бесік дегеніміз – әдебиет, біздің мәдениет, біздің тарихымыз. Оның ішінде бесік дегеніміз осы «театр». Сондықтан, құрметті Гүлшара Наушаевна, сіз бүгін осы руханиятты, мәдениетті, әдебиеттің барлығын қадағалап отырсыз. Бақылап отырсыз. Бүгінде бізге жетпейтіні не? Ол – ұлттық  стратегия. Бұл да руханиятқа жатады. Біздің кім болатынымыз сізге байланысты. Сіз отырған алтын бесікті сізге дейін қазақтың мықты-мықты азаматтары басқарды, қазақша айтқанда, сол бесікті сол азаматтар тербетті. Бірақ, ер адамның тербеткен бесігімен әйел адамның тербекен бесігі бөлек болады. Менің тілегім, осы өнерге сіз көз салуыңыз керек. Біздің театрдың іргесін қалаған Жақып Омарұлы, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, кешегі өткен Әшірбек Сығай осы театрдың жаңа ғимаратқа көшуін көре алмай-ақ кетті. Біз бүгінде республикадағы бірінші театрмыз. Осы қалада бастау алған алғашқы театрмыз. Осы тірлігімізді сіздер жоғары жақта айтарсыздар, қолдарыңыздан келгенше жақсылығын жасайсыздар деп, өнерсүйер қауымның атынан, барлық азаматтардың атынан біз сізге үкілі үмітімізді қанжығаңызға байлап отырмыз. Гүлшара Наушақызы, сіз кез келген жұмыста, кез келген қызметте  өзіңіздің ақылыңызбен, әдемілігіңізбен, сұлулығыңызбен алдымызда жүрген ару қызсыз. Сондықтан біз сізге қай биікте, қай шыңда болмасын жолыңыз болсын деп тілеймін!    

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1091
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 991
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 726
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 841