Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 8482 0 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 15:11

КРЕМЛЬДЕ ОҚЫЛҒАН НАМАЗ

 

Жамбыл баба туралы баллада

 

Өзі дана, сөзі асыл, жыры даңғыл,

Қаймықпайтын дұшпанның қырынан бір.

Қан қақсатқан талайды Кремльде,

Сәждесіне бас иді ұлы Жамбыл.

 

Періштедей күнәдан азат пенде,

Серт еткен жан Намазын қаза етпеуге.

Кремльде жаңғыртты Алла есімін,

Құдіретін көрсетіп "кәззаптерге".

 

"Аллалаған" өр үні шарқ ұрады,

Қабырғасы кең залдың қалтырады.

Намазына ұйыған пендесінің,

Маңдайы да жұлдыздай жарқырады.

 

Айналасын бір ғажап нұр бөледі,

Тоқсандағы Жәкең бір түрленеді.

Аң-таң болып, бөленіп бөлек күйге,

Күбірлесер қалың топ "бірдеңені".

 

Қарт жыраудың от шашып жанарынан,

Жарқылдайды жасындай дана-қыран.

Құбылаға көз тікті "бәтшағарлар",

Есі кетіп ескен нұр самалынан.

 

Сезді, бәлкім, сезбеді шуақ-нұрды,

Бойларына әйтеуір қуат кірді.

Болмаса да мұсылман жүрегімен,

Аллаға аян, олар да құлап-тұрды.

 

Ұлы Құран бәрін де иілдірді,

Жан сарайын жаңғыртты, күйін күллі.

Түсінді олар Құдайдың қайда екенін,

"Құдай" санап жүргенін бұрын кімді...

 

Төңкерісті дей алман түсінбеді,

Мойындады бір Хақты ішіндегі.

Ұқты, бәлкім, Жалғанның жалғандығын,

"Көсемнің" де өтірік "ісінгенін".

 

Адамдары сезініп бір жылылық,

Надандары ішінен тұрды күліп.

Пенделерін кешір деп Жаратқаннан,

Абыз ақын бір тұрды, бір жығылып.

 

Өр дауысы саңқылдап Кремльде,

Бір мейірім төгіліп реңінде.

Құлшылығын жасады қаймықпастан,

"Құдайсынған" күнәһар бұл елінде.

 

Қаһарынан көсемнің қысылған жоқ,

Іздемеді өзге орын ісім бар деп.

Дәл сол сәтте "жез мұрт та" Құдайына,

Мойынсұнған секілді мұсылман боп.

 

Әлде, әлде тұрды үнсіз отқа оранып,

Қаһарының қылышын боққа малып.

Ұлы Жамбыл дәл осы мінезімен,

Кәпірлердің ордасын таптады анық.

 

Өр мінезін дәлелдеп Хаққа жақын,

Тексіздіктің сарайын таптады ақын.

Алданаған жоқ құрметке, мәртебеге,

Табанының астында жатса да алтын.

 

Алла есімі асқақтап тұрды биік,

Жамбыл, Жәкем болған соң құлдық ұрып.

Бетін сипап, жымиып "мына енеңнің",

"Шешесі бар ма екен"  деп тұрды күліп...

 

Серікжан ҚАЖИ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


Abai.kz 

0 пікір