Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 4784 0 пікір 4 Наурыз, 2015 сағат 11:27

ҚАЙЫР ПОЛКОВНИК ҚАЙДА ЖҮР ЕКЕН?

Тәрізі, ешкім ұмытпаған болса, баяғыда «ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген жап-жақсы сөздер бар еді – нақылға айналып кеткен. Осының орайы ойымызға оралғандықтан ба, қайдам, кеше біз еліміздің қорғаныс саласындағы «мафия» туралы материалдар бастамасының кіріспесін жариялаған едік – осы «АБАЙ.KZ-нің бетінде – «МЕМЛЕКЕТТІ «МЕТАЛЛОЛОММЕН» ҚОРҒАЙМЫЗ БА?» (http://abai.kz/post/view?id=3036) деген. Бүгін осы тақырыпқа қайта айналып соғып отырмыз.

Қорғаныс министрлігін басқарып-басқарып, күндердің бір күнінде әжептәуір айқай-шумен біздің үкіметіміздің айналасынан көрінбей кеткен Даниал АХМЕТОВ мырза араға жылдар салып барып... қайта оралды мемлекеттік қызметке – Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып. Дауымыз жоқ, егемен еліміздің қабырғасын қаласуға кәдімгідей-ақ еңбегі сіңген шығар, өйткені, кезінде Үкіметімізді де басқарған болатын. Жаманды-жақсылы болсын. ХОШ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы ДАНИАЛ мырза қайбір жылдары Қорғаныс министрлігін басқарып тұрған кезде қандай қаржылық талан-таражға жол берілгенін жоғарыда аталған материалымызда келтіріп кеткен едік. Бүгінгіміз соның заңды жалғасы десек те болар. Мәселен, қолымызда бар мәліметтерге жүгінетін болсақ, осы кісінің басшылығы тұсында ешкім естіп-білмеген «КЛЕН», «ОРЕОН» және «ПРОМЕТЕЙ» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болыпты – тікелей Қорғаныс министрлігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген. Қожайыны – отставкадағы полковник Қайыр РАҚЫМОВ деген мырза.

2005 жылы осы Рақымов аталмыш фирмалары арқылы негізсіз келісім-шарттар түзу «нәтижесінде» министрлікке 17 миллион теңгенің әскери-техникалық құрал-жабдықтарын жеткізіп береді. Алғашқы «операциясы ойдағыдай» өткендіктен, Рақымов екінші «махинациясында» құлашты тіпті кеңге жаяды – әскери мекемемен 490 миллион теңгенің қару-жарағын жеткізіп беру турасында келісім-шарт жасасады. Айтып-айтпай не керек, «дүниесі дөңгеленіп» жүре берген ҚАЙЫРекең айналасы үш жылдың ішінде Қорғаныс министрлігінің ракеталы-артиллериялық қару-жарақтарға арналған қоймасын 10 мыңнан астам «әжетке жарамсыз» әскери құрал-жабдықтармен толтырып тастайды. Есеп комитетінің тексерулері барысында 2006 жылы еліміздің әскери басшылығы мемлекет бюджетінде қаралмаған болса да... жарты миллиард теңгені «әскери қажеттілік үшін» деп... жаратып жіберіпті. Жалпы, жоғарыда аталған үш фирманың өзімен ғана министрлік ұзын саны 57 келісім-шарт жасасқан екен. Оның үстіне, ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, Рақымовтың «қағазда бар, істе жоқ» аталмыш фирмалары еліміздің қорғаныс саласына жеткізіп берген әскери құрал-жабдықтары бүгінгі күнге дейін қоймаларда ШАҢ басып жатыр. Яғни, олардың барлығы да мерзімі өтіп кеткен, «заманауи» емес әскери құрал-жабдықтар, қысқасын айтқанда.

Міне, қорғанымыз болады деген Қорғаныс министрлігіндегі «бітіп болмай жатқан былық-шылықтардың» кішкентай бір көрінісі ғана бұл. Естуімізше, Рақымовтың аталмыш фирмалары еліміздің әскер саласына шамамен 3,6 миллиард теңге шығын келтірсе де, түк болмағандай... тендерлерге әлі қатысып жүрген көрінеді. Ал енді осынау фирмалардың қожайыны қайда дегенге келетін болсақ, қожайыны Қайыр РАҚЫМОВ баяғыда-ақ Қазақ елін тастап, қашып кеткен. Кейбір деректерге қарағанда, 2009 жылы «тескен тау асып» кеткен көрінеді. Өзіне халықаралық іздеу жарияланған. Әйтсе де, оны шын мәнісінде ешкім іздеп жатқан жоқ, егер тиісті орындар тапқысы келетін болса, баяғыда-ақ Болгарияда (осы елге тұрақтапты, естуімізше) бизнес жасап жүрген жерінен «қылқындырып тұрып» алып келер еді. Демек, Рақымовты елімізге экстрадициялау мәселесіне қазіргі қорғаныс саласындағы кейбір лауазымды тұлғалар мүдделі емес деген сөз. Оны алып келетін болса... әлбетте ол түсінік береді – тиісті органдар алдында. Ал ол түсінік бере қалса... талай да талай генерал-пенералдардың аты-жөндері «сорпа бетіне» қалқып шығары айдан анық.

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1446
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1292
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1047
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1098