Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 4849 0 пікір 7 Наурыз, 2015 сағат 12:39

ОРТАЛЫҚТАРДЫ САТУ ТІЛ ҮЙРЕНУДЕН БАС ТАРТУ МА?

Осылай демеске амалымыз жоқ.

ӘЛҚИССА:

Қазақ елінде бәрі де сатылады, бәрін де сатып алуға болады. Тіпті МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ де – әңгіменің ашығын айтайық! Сенбейсіз бе, айналайын оқырман? Сенбесеңіз – Үкіметіміздің мемлекет меншігіндегі бірқатар нысандарды жекеменшікке сату турасындағы соңғы құжаттарын ақтарыңыз. Ақтарсаңыз – ол құжаттардан тайға басқандай ап-анық көрсетілген мынандай деректерге көзіңіз түседі: мәселенки, жекеменшікке сатылуға тиісті мемлекет қарамағындағы көптеген нысандардың ішінде... Мемлекеттік тілді меңгеру жөніндегі орталықтар (Центры по изучению госдарственного языка) да бар екен. «Орталықтар» деп отырған себебіміз – мұның бүкіл еліміз бойынша облыстық, қалалық және аудандық бөлімшелері бар. Осылардың барлығы да әдемілеп түзілген тізім бойынша жекеменшікке сатылмақшы! Сонда дейміз-ау, осынау орталықтардың барлығы... бірі қалмай жекеменшікке сатылып кетсе, мемлекеттік тіліміз сатылуға түсті дегеніміздің өзі осы емес пе! Ал енді бұлар «түп-тұқиянымен» жекеге кетсе, онсыз да қалт-құлт етіп, мемлекеттік дәрежеге жете алмай келе жатқан «мемлекеттік тіліміз» мүлде мүрдем кетпей ме? Жақсылы-жаманды болсын, мемлекетіміздің мемлекеттік қызметіндегі мемлекеттік тілді білмейтін «шала сауатты» қызметкерлерінің «сауатын ашуға» аз да болса септігін тигізіп жатқан осынау орталықтар жекеге кетсе, мемлекеттік мекемелердегі қазіргі «ақсақ-тоқсақ» азын-аулақ қазақ тілімен жылап көрісетін шығармыз?!

Рас, ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, жекеменшікке сатылған күннің өзінде де аталмыш нысандарды сатып алғаннан кейін ҚОЖАЙЫН белгілі бір талаптар бойынша аталмыш нысандар ішінде мемлекеттік тілді үйрету мәселелеріне шектеу қоймауға тиіс көрінеді. Жарайды, жөн-ақ дейік мұны да. Ал сонда бұған дейін мемлекеттік тілді ықыласы ауған кез-келген адамға су тегін үйретіп келген Орталық пен оның бөлімшелеріндегі қызмет жекеменшік қожайын келген соң, әлбетте, ақылы негізге көшеді. Бұл енді айтпаса да түсінікті нәрсе. Демек, мұндай жағдайда мемлекеттік тілді үйренгісі келгендердің саны күрт азаяды деген сөз. Мемлекеттік тілді үйретіп-оқытып келе жатқан кәсіби маман-оқытушылардың ықыласы күрт төмендейді деген сөз. Еңбекақы азайып, қажетті әдістемелік оқу құралдары да көзден бұл-бұл ұшады деген сөз.

Тағы бір мәселе:

Үкіметтің аталмыш құжаттарына сенетін болсақ, Мемлекеттік тілді меңгеру жөніндегі орталықтарды жекешелендіру мәселесі 2016 жылы толық аяқталуға тиіс көрінеді, демек, бұл мәселені қайта қарап, оң шешім шығарып үлгеруге уақыт бар, біздің ойымызша. Әлде МӘСІМОВ ҮКІМЕТІ осылайша... мемлекеттік тілді жайлап-жайлап... тірсектен қаға бере ме? Бұл болмайтын тірлік, сөздің тоқетері.

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1334
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1186
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 929
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1041