Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Мәйекті 7922 0 пікір 7 Наурыз, 2015 сағат 12:49

ОТАНДЫҚ КИНОЛАР ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ОЯТА АЛМАЙДЫ

Биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығы. Осы мерейтойға байланысты тарихи-драмалық телесериал көрерменге ұсынылады. Басында 20 серия болады деп жоспарланса, кейіннен 10 серия болып бекітілді... дегенді Аbai.kz-тен оқып ойланып қалдым. Тағы сол баяғы «жалтақ» сериал болады деген өкініш өзегімді өртейді.

Кеңес одағы орнап жетпіс үш жыл билік құрып тұрғанда қазақ халқы: «Кеңес Одағы орнаған соң, большевиктердің арқасында «бостандық», азаттық» алдық», – деп жазған «аса» дарынды аталған ақындар, «классик» жазушылар, Лениннің еңбектерінен «қорғаған» академиктер, салақұлаш баяндамалар жазған зиялысымақтардың бірде-біреуі бізге: «Қазақ азаттықты орыстан алды» деп айтқан емес. Сондықтан да кезінде Алаш мемлекетінің негізін қалап, алаш арыстары құрған қазақтың дербес әскерін сауатсыз кедей-кепшіктен құрылған қызыл әскерлер көзін жойды. «Азамат, жүнжіме, жүрме бос, Қол ұстас, бірігіп тізе қос. Ту ұстап дұшпанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. Тізесін батырған залымнан, Күн туды, біз теңдік алайық» деген "қызыл сұңқарлардың" жалынды ұрандары қазақ жастарының санасын улады. Олардың ойынша орыс отаршылары "қазаққа күн сәулесін төгіп, азаттық таңын атырды". Қазақтың оқығандарын, бай, би, хан, сұлтан, молдаларын қазақтың ата жауы қылып көрсетіп, "азаттықты солардан алдық" деген түсінік қалыптастырды.

Қазіргі жоғары сыныптарға арналған әдебиет оқулықтарын ақтарып шығыңызшы, ондағы шығармалардың барлығы дерлік қазақ халқының салт-дәстүріне, дініне, қарсы мысқылдап, қазақты қазақ қылған асыл ерлеріміз "халықты қанаушы, тек зорлық-зомбылық көрсетуші жауыздар" ретінде оқытылады. Мысалы, "Көкшетау" поэмасында Абылай хан бастаған батырлар - ақымақ, надандар делініп, ата жауымыз жоңғардың қызы - ақылгөй, дана ретінде суреттеледі. "Ұлпан" романында Кенесары "қандықол қарақшы" болып бейнеленген. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, басын құрбандыққа шалып, асты-үсті тола байлық, дархан даланы ұрпағына қалдырған ата-бабаларымызды құзғын-қарғаға теңеп қорлаудан өткен сауатсыздық, надандық болмас, сірә. Халық Абылай мен Кенесарыны батыр дейді, ал әдебиет оқулығы "қарақшы" дейді. Сонда оқушылар оларды қалай қабылдауы керек? Болашақ ұрпақты, ұлтына, оның тұлғаларына күдікпен қарауға тәрбиелейтін "классикалық" романдарды оқулықтарға неге тықпалай беретініне түсінбеймін. Енді осы «қарақшылар» туралы он сериялы фильм түсірмекші, мектепте солай оқытамыз.

23 жылдан бері Елбасынан бастап балабақшадағы балаға дейін «тәуелсіздігімізге бір жыл, он жыл, жиырма үш жыл» болды деп тойлап келеміз. 1731-1991 жылдар арасындағы Ресейге қарсы көтерілістер: «1731-1918 жылдарда өмір сүрген Патша империясы кезіндегі 360 көтеріліс, 1918-1991 жылдардағы құйтырқы атаумен құрылған Кеңес Одағы кезіндегі 1918-1931 жылы мен 1986 жылғы көтерілістердің барлығы кімге қарсы болған еді? Әрине, екі империяны да билеген орыс ұлты, Яғни, орыстар болатын. Ресейдегі орыстар өздерімен соғысқандарды шведтер, моңғолдар, немістер деп ұлтымен айтады. Неге сол кездегі мемлекеттердің атымен атамайды? Ал, қазақтар кімдерге қарсы соғысты десе, Ресей империясына немесе Кеңес одағына қарсы дейді. Яғни, орыстарға қарсы көтеріліп, орыстардан тәуелсіздік алдық деп айта алмайды. Ұлты жоқ, халқы жоқ мемлекеттермен соғысқан сияқтымыз. Соншалықты «орыстармен соғыстық, орыстан тәуелсіздік алдық» деп неге айта алмаймыз? Басқа мемлекеттер мен ұлттар айқайлап тұрып айтады. Соны айттың деп орыстар біреуіне ренжіп, қайтадан соғысып жатқан жоқ. Сонда біздікі не қылған ақымақтық, құлдық сана, осыған басым жетпейді. Ресей империясының қазақ халқын қырғынға ұшыратқаны жайлы орыс жазушысы Герцен «Колокол» дейтін атақты шағармасында; «Көне өсиет соғыстары мен моңғол шапқыншылғы дәуірінен бергі тарихта дәл осындай жиренішті, құтырған шапқын болған емес... Бұл қанды оқиға болашақта шежіреге енуі тиіс», - деп жазады. Ертеректе ауыл ақсақалдары айтатын; орыс басқыншылығына қарсы шыққан ауылдарды Ресей әскерлері халқын қырып, мал-мүлкін тонап, киіз үйлерді өртеп тірі жан қалдырмай, босаған жерге Ресейден орыс шаруаларын әкеліп орналастырып отырған. Кей ауылдарда қазақ еркек кіндіктілерін; жаңа туған нәрестеден, бес жасқа дейінгі ер балаларды аспанға лақтырып мылтығымен мергендікке атып, винтовкасының үштігімен шаншып жарысса, бес жастан - он жасқа дейінгі ер балаларды көкпар қылып тартысқан, он жастан - он беске жасқа дейінгі ұлдарды алаңқайға қақшитып тұрғызып қойып, атпен шапқылап, қиқулап келіп, жалаң қылышпен бастарын допша қағып түсіру - күнделікті жаттығуға айналған. Қазақтың еркектерін жойса, қазақ ұлтын жоятынын Ресей әскерлері жақсы білді. 1921 жылы Азамат соғысы бітіп ел тыныштанғанша қазақ еркектерінің көзін жойып отырды. Қатын қылған, зорлаған, қазақтың қыз-келіншектері қазақтың емес, көк көз, сары шашты, шикі сары орыс тектес балаларды мыңдап көбейтті. «Денеме кәпір тиіп, арымды былғады» деп қазақтың қанша адал қыздары өздеріне қол жұмсаса, зорланған біразы «жаудан» бала туғанда оларды өз қолдарымен өлтіріп отырған...

Абайдан бастап, кешегі қазақ совет әдебиетінің негізін қалаған классик жазушылар мен қып-қызыл ақындар; «Жаңа заманның өнерін, ғылым-білімін меңгеру үшін ең әуелі орыс тілін үйрену, орыс хатына жетігу керек. Қазақтар сонда ғана алдыңғы қатарлы жұрттармен терезесі тең халыққа айналмақ, сонда ғана түнектен шықпақ. Сондықтан да қазақ зиялылары орыс атын жатырқамауға, орыс мәдениетінен нәр алып, орыс ғылымымен қанығуға сол арқылы адамзат қолы жеткен барлық рухани және материалдық байлық билігіне көтерілеміз» деп шақырды. Ал, қане жеткен жетістігіміз? Керісінше, орыстан бостандық алғанда білім-ғылымының шыңына, әлемдік мәдениетті меңгерген ұлт емес, ең мешеу қалған шала сауатты, тілін, дінін, мәдениетін, өз ұлтын өзі жойып жатқан ел екенімізді бірақ білген жоқпыз ба? Керек десең, білім, ғылым, технологияны былай қойып, жөні түзу баспана да сала алмайды екенбіз. Қазақтар орысша оқып, білім-ғылым меңгерген болса Елбасы миллиондаған доллар шығындап, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге жастарды оқытып ақ тер, көк тер болып әлек болмас еді. Қай ғасырда болсын орыстар ешқашан дамыған, сауатты мемлекет болған емес. Кедендік одаққа, Ресейге қосылу арқылы тағы да әлемдік дамудың соңына қалатын түріміз бар. Тарихшыларымыз - қорқақ, режисерларымыз – жалтақ, билік басындағылар – қалтақ, саясатымыз – салтақ, басқару жүйеміз бен мәдениетсымағымызды орыс жүргізіп отыр. Қазақ тәуелсіздігіне байланысты, қазақ батырлары жөнінде көркем шығарма немесе көркем фильм түсірсе, айналдырған «ата жауымыз» - бір жоңғарымыз бар. Сонда қазақтың жоңғардан басқа жауы болмаған ба? Ол өзі ертек сияқты. Өйткені, қазіргі таңда жоңғар дейтін мемлекет те, ондай халық та жоқ. Сондықтан оқушылар, жастар жоңғарлар жөнінде айтқан патриоттық әңгімелеріміз бен фильмдерімізге Грекияның немесе ежелгі Римнің мифологиялық аңыздары сияқты немқұрайды қарайды. Ешқандай патриоттыққа елін, халқын сүюге тәрбиелемейді. Ресейдегі орыстар «9 мамыр жеңіс күні» деп, «Неміс басқыншылары жауларымыз, неміс, фриц, фашист» деп әлемдегі ең жаман сөздерімен қорлап, масқаралап, көркем фильмдерінде ең ақымақ, топас қылып көрсетсе де Германия мемлекеті олармен ұрыспай-ақ зкономикалық, мәдени, достық, ынтымақтыстықта қарым-қатынас орнатып араларына сызат түспейді. Ал біздің тарихшылармыз бен саясатшыларымыз Ресейге қосылғалы тек қырылып-жойылумен, әлем өркениетінен, әлемдік ғылым, білімнен артта келе жатқанымызды білсе де, шындықты айтып, режиссерларымыз фильм етіп түсірер түрі жоқ. Керісінше, қазақты қорлап отбасын ойрандайтын маскүнем әке, әйелдер мен малды зорлайтын бала, жезөкше қыздар мен ашына әйелдер туралы фильм түсіргенде алдарына жан салмайды.

1901 –1910 жылдары Ресей империясы Столыпиннің реформасына орай «өз еркімен» қосылған қазақ халқын шұрайлы жерінен қуып, қызын қатын, әйелдерін күң, баласын құл етті. Қарсыласқанын атты, түрмеге жауып, қазақтан тазартылған шұрайлы жеріне ішкі Ресейден орыс мұжықтарын тарақандай қаптатты. 1916 көтерілісте, 1918-1920 жылдары ақ пен қызылға бөліп, азамат соғысында миллионға жуығын қырды. 1921–1923 жылдары бір жарым миллионын аштан өлтірді. 1927–1929 байларды кәмпескелеу, ату, асу. 1930-1931 ж. Алаш арыстарын қамады, атты. 1932-1933 ж. үш миллион қазақты аштан қырып, көмусіз қалды. 1937 – 1939 ж. алпыс алты мың бас көтерер сауаттыларын «халық жауы» деп көзін құртты. 1941 –1945 ж. Екінші дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп тағы үш жүз мыңын опат қылды. 1951 –1953 ж. тағы репрессия. 1955-61 жылдар «тың игеру» деген қарғыс атқыр науқанмен қаңғып келген, әдейі түрмеден босатылған 900 мың төремшіктердің қолынан қанша қазақтың қызы зорланып, қанша асыл аналарымыздың ары тапталып, қазақтың жеті жүз мектебін жауып, айбынды ерлеріміздің қаншасы «бұзақылардың» қолынан қайтыс болғаны белгісіз. 1979 – 1989 ж. Қазақ үшін бір тиын құны жоқ «Ауған соғысында» нар жігіттер шейіт болды. 1961 – 1984 ж. Қазақ жаппай ішкілікке салынып, мешіттер бұзылып, ел дінсізденіп, ділсізденіп, қазақ тілін арнайы түрде жойып, ұлттық рухынан айырылып есеңгіреп қалды. 1986 –1987 ж. бас көтерген қазақ жастарын қанға бояп, соттады, түрмелерге тығып өлтірді. 1989-1990 ж. Жаңаөзен жастарын жаншыды. Қарап отырсаңыз, арасын ұзатпай, үнемі қазақ халқын жойып отырған. Төбе шашың тік тұрып, жүрегің жарылып кететін, мыңдаған фильмдерге арқау болатын, жантүршігерлік сұмдық оқиғалар емес пе? Осыларды әшкерелеп фильм түсірсе, қазақ халқының Ресей империясы алдында езіліп қалған еңсесін көтерер еді.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасының иегері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1256
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1154
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 894
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1025