Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Алаң 4902 0 пікір 9 Наурыз, 2015 сағат 11:55

«АЙБЫНЫМ...» ЖАЙЛЫ МҰҢ

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» - ел шетіне жау тисе, егемендігімізді кім қорғамақ? «Егемен елімізді қорғайды» деген Қорғаныс министрлігіне бөлініп жатқан қыруар қаржы екі күннің бірінде болмаса да, екі-үш ай сайын Есілдің сол жағалауында «күн сәулелі коттедждер» болып сән түзеп, қымбат-қамбат көліктер болып, көшеге шығып жатыр. Осыдан екі-жыл бұрынғы «АРҚАНКЕРГЕН» трагедиясы кеше ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры, генерал Нұрлан ЖОЛАМАНОВтың он бір жылға сотталуымен аяқталды. «АЯҚТАЛДЫ» деуге болса, әрине!

Шығысымыздағы Қытай, солтүстігіміздегі Ресей «ақырын-ақырын анық басып» (АБАЙ), экономикалық экспансияның «жалын күдірейтіп» келеді. Көзі ашық, қара танитын бүгінгі қазақтың бәрі біледі – экономикалық экспансия дегеннің соғыспай-ақ жаулап алу тәсілі екенін. Алматыны айтпаған күннің өзінде, Шығыс Қазақстан облысының аумағына құмырсқадай қаптаған қытекеңдер қазірдің өзінде-ақ әкесінің үйіне келгендей «жылы жымиып», жайғасып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы Украинадағы Қырымның кебін киюі мүмкін деген әңгіменің де айтылғанына аз уақыт бола қойған жоқ. Сонда ҚАЗАҚты кім қорғайды? Аштан келгендей ақшаға құныққан Қорғаныс министрлігіндегі коррупционерлер ме? Олардан қайран жоқ, ашығын айту керек – олардың қандай қару-жарақпен қамтылғанын... тіпті қамтылып жатқанын біз жақында ғана «МЕМЛЕКЕТТІ «МЕТАЛЛОЛОММЕН» ҚОРҒАЙ МА?», «ҚАЙЫР ПОЛКОВНИК ҚАЙДА ЖҮР ЕКЕН?» деген бірнеше материалымызда ашып айтқанбыз. Бәріміз білеміз – еліміздің мұнай саласын қараша қазақ емес, КӘДІМГІ қытайлар мен американдық және батыстық алпауыт компаниялардың жаулап алғанын. Бірақ бәріміз біле бермейміз – осынау компаниялар қожайындарының қазақты ішкі-сыртқы жаулардан жанталаса қорғайтынын. Әлқисса, осы жерде сәл-пәл шегініс жасап, өткен-кеткенді еске түсіруге тура келеді. Мысалы, АҚШ пен ЕУРООДАҚ өздерінің қазақ еліндегі компанияларының мүддесін жанын сала қорғайды, бұған еш күмән жоқ. Бір-екі мысал: мәселен, 2007 жылы Қашаған кенішіндегі италиялық ENI мұнай-газ компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тіпті олардың өңдеу жұмыстарын уақытша тоқтату туралы біздің үкіметіміздің арнайы қаулысы да шықты. Сол-ақ екен, Италияның премьер-министрі Романо ПРОДИ мырза елімізге едел-жедел ұшып келді. Ұшып келді де - қазақ еліндегі мемлекеттік органдардың италиялық компанияға қатысты қылмыстығы бар, әкімшілігі бар – қозғалған істердің барлығының «күлін көкке» ұшырды. ПРОДИдің пәрменімен аталмыш компания өз жұмысын ың-шыңсыз қайта жалғастырды. Екінші мысал: 2010 жылы қазақ елінің сол кездегі Қаржы полициясы «ТеңізШЕВРОЙЛ» фирмасын 212 миллиард теңге көлемінде ақша жасырып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікпен фирманың басына «қара аспанды» төндіріп кеп жіберіп еді... ал - соңы не болды соның? Білмегендер болса біле жүрсін, есімізге ала кетейік, аталып отырған ТШОның (ТеңізШЕВРОЙЛ) негізгі де басты акционерлері CHEVRON және EххMobil деп аталатын атақты американдық компаниялар. Қазақтардың дәл осы «шатағын» ести сала елімізге АҚШтың Еуразия аймағындағы энергетика мәселелері жөніндегі өкілі Ричард МОРНИНГСТАР мырза алқын-жұлқын жетіп келді. Жетіп келді де - үкіметіміздегі бірқатар шенеуніктермен жабық есік жағдайында «әңгіме-дүкен» құрып, ТШОның басына «қазақтар төндірген қара бұлтты» сейілтті де жіберді. Үшінші мысал: алдыңғы жылы ҚАШАҒАНдағы ескі-құсқы мұнай құбырларына байланысты «теңдесі жоқ кереметтей» дау-дамай туындады. Дау-дамайға тіпті ресми АСТАНА араласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен, АҚШтың Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел ПОНЕМАН деген мырза екі өкпесін қолына ала елімізге ұшып жетті. Ұшып жетті де – компанияларының мүддесін үкімет деңгейінде шешті де жіберді. Еліміздің сол кездегі Мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН Понеманның соңын ала «құбырлар желісі ауыстырылып біткеннен кейін 2016 жылдың бірінші-екінші жартысында Қашағанның тұсау кесіледі» деп мәлімдеме жасап та жіберді. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер» деп қазекең осындайда айтса керек!

Жоғарыда айтып өттік, «...ел шетіне жау тисе, егемендігімізді кім қорғайды?» деп. Одан кейінгі айтылғандардан шығатын және бір қорытынды – елімізде миллиардтаған долларлармен жұмыс істеп жатқан АҚШ және ЕУРООДАҚ компанияларының мүддесін өз үкіметтері жанын сала қорғайтын болады – әлбетте, қазақ еліне жау тисе! «Ақысын төлеген әнге тапсырыс береді» демейтін бе еді мұндайда, демек – жағдай (еліміздің қорғаныс саласын айтамыз да) осы бетімен кете беретін болса, еліміздің егемендігі АҚШ пен ЕУРООДАҚ компанияларына тәуелді болып қалады деген сөз, ашығын айту керек.

Қысқасы, «ауруын жасырған өледі», сондықтан «ұсақ-түйек басқа мәселелерді жиып» қойып, ең алдымен Қорғаныс министрлігіндегі коррупцияны түп-тұқиянымен құрту керек!

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар