Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4946 0 пікір 3 Қазан, 2010 сағат 17:25

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ, ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫ. ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ (Қытай сапарынан естелік)

Бүгінгі қазақ әдебиеті сөз болғанда Шынжаңдағы қазақтардың әдебиеті туралы ауыз ашпау мүмкін емес. Алыс та болса жақын, жақын да болса алыстап бара жатқан асылымыздың қиығы, алтынымыздың сынығы болған ондағы ел мен жердің тағдыры бізді де алаңдататын еді. Мың естігеннен бір көрген артық. Ондағы ағайынның соңғы хал-күйі қалай, әсіресе мәдениеті мен әдебиетінің тыныс-тіршілігі қай деңгейде? Осы сұрақтардың мазалағанына да аз болған жоқ. Бұрындары да ат басын бұрып ағайынға сәлемдесудің реті келгенмен жаңа ғасырдың алғашқы ондығыннан кейінгі осы сапардың жүгі де ауырлау еді. Сөйтіп шағын экспедеция Қытайдың Шынжаң өлкесін бетке алып 2010 жылы шілденің 21-інде жолға шықтық.

Бүгінгі қазақ әдебиеті сөз болғанда Шынжаңдағы қазақтардың әдебиеті туралы ауыз ашпау мүмкін емес. Алыс та болса жақын, жақын да болса алыстап бара жатқан асылымыздың қиығы, алтынымыздың сынығы болған ондағы ел мен жердің тағдыры бізді де алаңдататын еді. Мың естігеннен бір көрген артық. Ондағы ағайынның соңғы хал-күйі қалай, әсіресе мәдениеті мен әдебиетінің тыныс-тіршілігі қай деңгейде? Осы сұрақтардың мазалағанына да аз болған жоқ. Бұрындары да ат басын бұрып ағайынға сәлемдесудің реті келгенмен жаңа ғасырдың алғашқы ондығыннан кейінгі осы сапардың жүгі де ауырлау еді. Сөйтіп шағын экспедеция Қытайдың Шынжаң өлкесін бетке алып 2010 жылы шілденің 21-інде жолға шықтық.

1856-1857 жылдарғы Шоқанның Қашқария сапарынан кейін бір ғасырдан соң әдебиетіміздің алыбы Сәбеңнің - Сәбит Мұқановтың 1956 жылы осы елде болғаны тарихқа белгілі. Сәбең бұл сапарында жалпы қытай елінің тарихы, мәдениеті мен әдебиеті төңірегінде сөз қозғап қана қалмай, ондағы қандастар туралы да қалам тербеген болатын. Және де сапарды ат үстінде емес, ағайынның арасында аунап-қунап, емен-жарқын ашық әңгімемен өткізген. Өкінішке қарай Сәбең салған сара жол екі империя арасындағы алакөздік салдарынан бір мезет үзіліп қалды. Тек Қазақстан елдігін қайтарып алып, көк байрағын желбіреткеннен кейін ғана барыс-келіс қайта жалғанды. Арнайы болмаса да ондағы ағайындар арасында болғандар аз емес. Десе де , көп санды әңгімелердің белгілі сенарийден аса алмай, әдемі қала мен дәмді дастархан шеңберінде қалып қойғаны да шын. Олай болса біздің бұл сапарымыз қалай болмақ?

Біз мемлекеттік тұрғыдан немесе қоғамдық топтардың барыс-келіс шарты арқылы жүрсек, мәселенің мәні күрделене түсетіні бесенеден белгілі еді. Ендеше ондағы әдебиеттің туып-қалыптасуына түпкілікті әсер еткен қара шаңырақтарға кіру арқылы әңгімені ары қарай өрбіту - өз жүріс-тұрысымызға барынша икемді көрінді. Осы ой-жоба бойынша басталған сапарымыздың алғашқы тұрағы ШҰАР-дың мәдениет орталығы - Үрімжі қаласынан басталды.

Қытайдағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайын жіліктеп береді-ау деген сеніммен, ең әуелі Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті жазушы Шәміс Құмарұлын іздеп таптық. Қытай мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері атанған Шәміс және оның еңбектері туралы да біраз білетін едік.

1952 жылы 15 сәуірде ҚХР, ШҰАР Мори ауданында дүниеге келген Ш.Құмарұлының «Үміт ұшқыны», «Қарамайлы аңызы», «Бір тамшы қан», «Жусанды дала», «Аршалы таудағы ән», «Ақ серке мен Көк серке», «Қия жол», «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек», «Тұғырылхан», «Ертіс кілкіп ағады», «Жарық дүние», «Қилы жылдар» секілді кітаптарына да сырттай қанық болатынбыз. Соның ішінде «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек» романдары Қазақстанда да жарық көріп, мұндағы оқырманның да ыстық ықыласына бөленген еді.

Шәміс Құмарұлының бізбен болған алғашқы әңгімесі мен өз түйгендерімізден біз бүгінгі Шынжаң қазақ әдебиетінен мыналарды білдік.

Шыңжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуында Құнанбай баласы Абайдан кейін Ақыт Үлімжіұлының алатын орны аса жоғары екен.

Ақыт қолына кештеу тиген Абайдың 1909 жылы шыққан кітабымен Асқар Татанайұлы 1915 жылы танысыпты. Одан кейін 1920 жылдар Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) Қазақстан жерінде болып қайтуы, 1916 жылы Әсет Найманбайұлының (1867-1923), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының (1857-1937) Қытай жеріне өтуі, Зият Шәкәрімұлы секілді қуғын-сүргінге ұшыраушылардың Қытайға қашып келуі екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарға мұрындық болып, ондағы әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал жасаған көрінеді.

Абай өлеңдерімен жарыса жеткен М.Жұмабаев, М.Дулат, Б.Майлин, А. Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, есімдері осыдан бастап шетел қазағына да кеңінен танымал бола бастапты.

Сөйтіп, аты аталған тарихи тұлғалардың игі ықпалында Шыңжаң қазақ әдебиеті қалыптасып, оның көш басында Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апашбайұлы секілді белгілі тұлғалар болған екен. Бұлар ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен мейілінше сусындаумен бірге, шығыстық және батыстық әдебиеттің үлгілерімен де белгілі дәрежеде танысып, Кеңестер Одағындағы ақын-жазушылардың еңбектерін де оқып өз тобынан озып шығыпты. Бұлармен қатар немесе соңдарынан жеткен ауыз әдебиеті үлгісін жалғаған әрі айтыс ақыны, әрі жазба ақын дәстүріндегі - Асылхан Мыңжасарұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, Рақымжан Мешпетұлы, Сұлтан Мәжитұлы, Смағұл Қалиұлы, Отарбай Дүйсенбіұлы Болмас Төлемісұлы, Боздақ Дүзбембетұлы секілді белгілі дарындар болыпты.

Шынжаң қазақтары өз әдебиетін қалыптастырғаннан кейін Қаусылхан Қозыбай, Құрманәлі Оспанұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұл, Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметұлы секілді көптеген ақын-жазушылар өмірге келіпті. Осылармен қанаттас қалам тербеген Жақсылық Сәмитұлы деген жазушының Қазақстанға келіп, «Сергелдең» атты романы ақылы қазақ оқырмандарына жақсы таныс екенін де білетін едік.

Жазушылардың қоғамдық ұйымдарынан қытай мемлекеттік жазушылар қоғамы және оның Шынжаңдағы бөлімшесі (Шынжаң жазушылар қоғамы) оның қол астында жұмыс атқаратын Іле облыстық жазушылар қоғамы, аймақтық жазушылар қоғамдары бар екен. Соңғы жылдары аз ұлт қаламгерлері арасында «Тұлпар» әдеби сыйлығы секілді арнайы марапаттар тағайындалыпты. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары өзге ұлт тіліне де аударылып тұрады екен.

Бір қызығы, бізде он миллиондай қазаққа арнап шығарылатын кітаптардың таралымы екі мың данамен шектелсе, ондағы бір жарым миллион қандасымыздың шығарып отырған кітаптары үш мың данадан жоғары екен.

Біздің жалпы бұйымтайымыз­дың әдебиет өкілдерімен кездесу екенін білгеннен кейін Ш.Құмарұлы Үрімжі қаласында тұратын біраз қаламгерлерге телефон шалыпты. Бас қосуымызды да жергілікті дәстүр бойынша дастархан үстіне орайластырыпты.

Шілденің 22 күні Үрімжі қаласының орталығындағы «Ақбұлақ» ресторанында бас қостық. Дастархан басындағы ақын-жазушыларды бірден таныстыра бастаған Шәміс келуге тиісті Әуелхан Қали, Батырхан Құсбегин, Шәйсұлтан Қызырұлы сияқты біраз кісілердің онда-мұнда кетуіне байланысты келе алмай қалғанын қынжыла айтты. Біз барына тәубе қылып Шәкен Оңалбаев, Әбденбай Бажаев, Хайша Табаракқызы, Қабден Қадырұлы, Елеусіз Бектаев, Азамат Ысқақұлы бастаған әдебиетшілермен әңгіме дүкенін қыздыра түстік.

Көненің арты қазіргінің қарты саналатын ескі көздердің бірі Шәкен Оңалбаев Қытайдың жаңа үкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы буын қалам иелерінің өкілі ретінде ақындығымен аты шығыпты. Кезінде Шынжаң тіл институтын қытай тілі мамандығы бойынша тәмәмдап, Шынжаң ауылшаруашылық институтында, Өлкелік тіл жазу комитетінде, Шынжаң халық көркемөнер басқармасында басшы қызметтер атқарыпты. 1981-1989 жылдары Шынжаң жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Шұғыла» журналының бас редакторы, 1989-1970 жылдары ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары болып, 1998 жылы зейнетке шығыпты. Қазірде мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағын алып, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің құрметті төрағасы, Қытай жазушылар одағы мемлекеттік комитетінің құрметті мүшесі, ШҰАР үкіметі тіл-мәдениет зерттеу орнының зерттеушісі, «Шұғыла» журналының ақылшысы секілді міндеттер атқарады екен.

«Жылдар сыры», «Бүркітші», «Жарқын жол», «Жасыл әлем», «Замандас», «Бәйге», «Біздің Асқар» секілді көптеген кітаптары жарияланыпты.

Сөз кезегінде Ш.Оңалбаев өзі ұзақ жыл қызмет еткен Шынжаң баспа сөзінің жағдайын қысқаша таныстырып өтті.

1880-1890 жылдар ішінде Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Ақыт Үлімжіұлы бастаған алғашқы бір топ ақындардың Қазан баспасынан кітаптар шығара бастауы осы өңірдің баспасөзінің алғашқы қадамдары саналады екен. 1933 жылы Шың Сысай билік басына келгеннен кейін, Кеңес Одағымен достасып, өлке орталығы Үрімжі қаласында және де Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында құрылған «Қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымының» ықпалымен қазақ баспасөзі мен оқу-ағарту саласында да жаңа қадамдар жасалыпты.

1935 жылы Іледе қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шықса, сол жылы Шәріпхан Көгедаев Кеңес Одағынан баспа машинасын алдырып, 1935 жылы қазіргі «Алтай газетінің» алғашқы санын «Шынжаң Алтай газеті» деген атпен шығарған екен. Әрі бүған қоса 1948 жылы «Таң Шолпаны» атты журнал шығыпты. Ал Тарбағатайда сол жылдардан бастап «Біздің үн» атты газет, «Жаңа Шинжаң» атты маусымдық журнал жарық көріпті.

Үрімжіде «Шынжаң газетінің» қазақ тіліндегісі 1935 жылдан шыға бастап, ондағы қазақ баспасөзінің дамуына негіз болыпты.

Газет-журналдар шығудың сыртында 1947 жылы Алтайда «Сәлиқа-Сәмен», 1948-жылы Құлжада Таңжарық Жолдыұлының «Алғашқы жинағы», Тарбағатайда Нұртаза Шалғынбаевтың «Көрген-білгендерім» очеркі, Дубек Шалғынбаевтың «Кедей оқушының тағдыры» әңгімелері, Үрімжіде Ниғымет Мыңжанұлының «Тұрмыс тілшісі» кітап болып басылыпты. Сол жылдары Үрімжідегі Шынжаң газеті баспа зауытында «Абайдың таңдамалы шығармалары да» кітап болып басылған екен.

Қытайда жүргізілген «Мәдениет төңкерісіне» байланысты баспасөз қызметі бір мезет тоқырауға ұшырап, 1980 жылдардан кейін ғана қайта жанданыпты.

«Ұлттар баспасы» , «Шынжаң халық баспасы», «Шынжаң жастар-өрендер баспасы», «Денсаулық, ғылым-техника баспасы», «Шынжаң оқу-ағарту баспасы», «Іле халық баспасы» сияқты баспа орындары үкіметтік тапсырыстар және жеке қаржы табу жолдарымен әртүрлі кітаптар шығарады екен.

ШҰАР-ның орталығынан - «Шынжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі» , «Шынжаң оқу-ағартуы», «Ғылым бұлағы», «Шынжаң суретті журналы», «Көкжиек», «Шұғыла», «Мұра», «Оқырман өресі» секілді көптеген журналдар және де ШҰАР-дың ресми органы - «Шынжаң газеті» шығады екен.

Бізде қазақ тілді телдедидарға қолымыз жетпей жататын кездер көп. Ал онда екі телевидения каналы мен бір радио (Шынжаң халық радио станциясы) тек қана қазақ тілінде жұмыс жүргізеді екен. Шынжаң халық Радиосы 1955 жылдан, Шынжаң телевизиясы 1985 жылдан қазақ тіліндегі бағдарламалар тарата бастапты.

Шынжаң қазақ әдебиетінде сын жанры аса марқайып кетпесе де, сыншы-қаламгерлері жағынан құр жаяу емес көрінеді. Ақындық талантымен аты шығып, «Тау бұлағы» секілді еңбектер берген Әбденбай Бажаев проза және сын жанрында да өнімді еңбек етіп жүр. Осы тақырып сөз болғанда Әбең ең әуелі өздерінің кезіндегі Кеңес одағы қазақ әдебиетінен толық хабары барлығын біраз әңгіме қылды. Әрі әдебиет зерттеу және сын жанры саласында еңбектеніп жүрген Жақып Мырзахан, Ахметбек Кірішбаев, Әуелхан Қалиұлы, Мырзахан Құрманбайұлы, Омархан Асылұлы, Бексұлтан Кәсейұлы, Қаусылхан Қамажанов, Шәріпхан Әбдәлиұлы, Ғазез Райысұлы, Асан Әбеуұлы сынды бір топ қаламдастарын ауызға алды.

Шынжаң қазақтарында қолға алынған жақсы нәрсенің бірі - аударма ісі. Соның ішінде Хайша Табаракқызының есімін бұрында еститін едік. Хайшамен болған әңгімеден біз ондағы қандастарымыздың аударма саласындағы еңбектеріне біршама қанығып қалдық.

Абылай заманындағы қазақ-қытай байланыстарының жиілеуі және қазақтардың ежелгі мекеніне орала бастауы ондағы бауырларымызға аударманың қажеттілігін ертеден бастап-ақ сездіре бастаса керек. Әрине Пекинмен арадағы әртүрлі байланыстардың тілмашсыз өтпегені белгілі ғой.     1933-1934 жылдардан басталған оқу-ағарту, баспа ісінің өркеуімен аударма ісі де барынша жанданып, Мұқаш Жәкеұлы, Дубек Шалғынбаев бастаған алғашқы тәржімандар легі қалыптасыпты. Олардың ізін басқан Нариман Жабағытайұлы Меллатхат Әленұлы, Әбдібек Байболатов, Әбділдабек Ақыштайұлы, Қалихан Қалияқбарұлы, Хакім Әкімжан, Әзімхан Тішанұлы, Қазымбек Арабин, Шамас Әубәкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Әлімжан Қатбаев, Кәкеш Қайыржан, Әбдіманап Әбеуұлы, Хайша Табаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар Қытай классиктері Лу Шұн, Мау Дұн, Ба Жин, Яң Мо, Лау Шы шығармаларын, Сау Шуечиннің "Қызыл сарайдағы түсін", Ло Гуанжұңның "Үш патшалық қиссасын, У Чың-ынның "Батысқа саяхатын", Шы Найан мен Ло Гуонжұңның "Су бойындасын" және "Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдерін" тәржімалаған екен.

 

Шынжаң телевизиясында аударма фильм жасау орталығының ашылуымен кино-фильм аудару ісі де кемелдене түсуде.

Қытай тілінен қазақшалаудан  тыс арабшадан қазақшалау немесе қазақшаны қытайшалау жағына да белгілі еңбектер бар. Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы «Құран кәрімді» қазақшаласа(Ұлттар баспасы, 1990 ж), сібе ұлтынан шыққан аудармашы Қабай Абай шығармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын қытайшалапты. Біздің қаламгердерден де Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ахтанов, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан секілді біраз ақын-жазушылардың шығармалары да азды-көпті қытайшаға аударылыпты.

Кейінгі жылдардағы ондағы аударманың бір ерекшелігі әлем әдебиетінің озық үлгілері Қытай тіліне күнбе күн аударылып, Қытайдағы ұйғыр және қазақ қаламгері  оны не қытайша нұсқадан не аудармасынан оқу мүмкіндігіне ие екен. Осы арқылы қазақ жастары әлем әдебиетінің бүгінгі озық үлгілерінен өз қажеттерін тауып отырыпты.

Хайша Табаракқызы өзінің аудармадағы еңбектерін айта келіп:

- Соңғы жылдары қазақтың көптеген қаламгерлерін қытай тіліне тәржімаладым. Өткен жылы ғана «Қазақтың айтыс ақындары», «Қазақ дастандары» бастаған ауыз әдебиетіміздің алтын жауһарларын милиард халыққа жеткіздім. Менің бағытым да бақытым ұлтымның мәдениетіне, әдебиетіне қосылған қомақты байлықты хан ұлтына, солар арқылы дүниеге таныту. Маған біреудің атақ-абырой, ақшасы керек емес. Елімді сүйетін ет жүректің әмірімен еңбектене беру ғана керек, - деп ағынан ақтарылды.

Жалпы дастархан әңгімесінен біз Шынжаңғдағы қазақтардың ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, реттеп баспадан шығару ісінің де өте сәтті жүргізілгенін байқадық. 1980 жылдардан бастап, аймақ, аудан дәрежелі орындардың бәрінен ауыз әдебиеті мұраларын жинайтын арнайы қоғамдар құрылып, өнімді жұмыстар атқарыпты.

1979 жылы «Қазақ мақал-мәтелдері» (О.Қанапин қатарлылар құрастырған), 1980 жылы шыққан «Қазақ халық ертегілері» (О.Қанапин, З.Сәнік құрастырған) бұл жұмыстың бастамасы болса, «Қисса-дастандар», «Тарихи жырлар» «Батырлық жырлар» (18 том), «Ғашықтық жырлар» (8 том), «Ертегі-аңыздар» (4 том), «Шежіре» (3 том), «Тарихи айтыстар» (6 том), «Айтыстар» (6 том), «Тарихи ән-күйлер» (4 том), «Шешендік сөздер» (4 том), «Мақал-мәтелдер» (2 том) баспадан шығыпты. Бұдан сырт ауыз әдебиетін дәріптеген «Ауыз әдебиеті туралы пайымдаулар» (1984ж.), «Қазақ әдебиет тарихының таңдамалы үлгілері» (1985ж), «Қазақ ауыз әдебиеті туралы» (1985ж), «Ауыз әдебиеті тарихы» (1988ж) т.б. зерттеу еңбектері жазылыпты. Аудандардан жиналған «Ауыз әдебиетінің» төрт томы қайтадан сұрыпталып «Қазақ ертегі аңыздары»  (2002ж), «Қазақ мақал-мәтелдері» (2005ж), «Қазақ қисса-дастандары», «Қазақ өлең-жырлары» деген атпен ШҰАР-жағынан энциклопедиялық төрт том болып жарық көріпті. Біздің «Мәдени мұра» бағдарламамыз бойынша шығарылып отырған «Бабалар сөзі» ұласпалы 100 томдығының 25 томы Шынжаңдағы сол көп байлықтан көшіріліп алынып отыр. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілерімен қатар жеткен ұлан-асыр ән-күй, өлең жір, халықтық тіл де халқымыздың ортақ қазанының қаймағын қалыңдата түскені баршамызыға аян.

«Ақбұлақ» ресторанындағы алғашқы әңгімеміздің уақыты қысқа, адамы аз болғанмен бізге берер тағылымы мол болды. Біз әңгіменің арқауына қарап отырып, ендігі жол сапарымыздың межесін де барынша айқындай түскендей болдық.

Біздің осы жолғы сапарымызға қаржылық демеу көрсетуші Алматы қаласындағы Айбын Әубәкірұлы мен Жеңіс Түркияұлы деген кәсіпкер азаматтар еді. Біздің Үрімжіге келе жатқанымызды білген Айбын Бейжіңде жүрседе Үрімжі қаласына арнайы ұшып келіпті. Қонақжайлық пейіл танытқан ол қасына Үрімжідегі серіктестігінде жұмыс атқаратын бір топ қытай азаматтарын ерте келіпті. Өздерін Асқар, Адал деп қазақша таныстыра бастаған Жаң, Шуе, Фу деген қытай жігіттерінің рулық лақамы «шапырашты», «уақ», «керей» деп аталады екен. Әңгімемізді әзілге айналдырған оларға дән риза болдық. Айбын бізге: «Қазақ тағамын күнде көріп жүрсіздер, қытай аспузылына ертіп апарып, бақа-шаян жегізейін»-деп осы қаладағы сәулетті саналған қытай ресторандарының біріне бастады. Атын «ресторан» деп атағанымыз болмаса бір жекенің иелігіндегі шығын қалашық екен. «Бақа-шаяндар» делінген теңіз өнімдерін дайындайтын арнайы ас үйіне апарғанда суда тірі сақталған неше түрін көрсетті. Әркім тапсырысын айтса болды, қолма-қол сүзіп алып дереу дайындайды екен. Тек тамақтану ғана емес суға шомылу, парға қақталу, дене массажы, көңіл ашу, емделу, демалу, қоналқа секілді сан түрлі хикіметтің барлығы да осы «қалашықтан» табылады екен. Бүгінгі қытай реформасындағы жекелердің базарға бейімделуі мен саяхатшы-қонақтарын баураудың не бір жағдайы жасалыпты. Келушілердің де аяғы үзілмейді. Тіпті біз жақтан барған бірнеше таныстарымыздың да төбесі көрініп қалды. Ер-әйел, бала-шаға дегендей бәрі-бәріне айырым-айырым жағдай жасалған.

Осы сапарға бірге шыққан медицина ғлымының докторы, профессор, Қазақстан тіс дәрігерлігі қауымдастығының президенті Мақсұт Темірбаев пен Марал Ишан әулиенің шөпшегі, Қостанайдағы егін шаруашылығының үлкен маманы, кәсіпкер азамат Темірхан Үндемесов те жақсы демалып қалғандарын білдіріп, дән ризалықтарын танытып жүр.

23 шілде күні таң ата алдын ала уағдаласқан Кәбен Сәлиұлы өз үйіне дәмге шақырды. Мақсатмыздың бірі ел көріп, жер көріп халықтың шынайы өмірімен танысу болғандықтан ақ тілекті аттап кете алдмадық. Осы қаладағы ақсақалдар қатарына қосыла бастаған Кәбен ұзақ жыл ШҰАР парткомында жауапты қызметтер атқарған екен. Әсіресе Шынжаң қазақтарының Үрімжі сынды қалаға кіріп, жұмысқа орналасуы, отырақтасуы жағында біршама еңбек еткен соң ел аузында ардақталар аға атына ие болыпты. Осы үйде бізді қарсы алғандардың ішінде белгілі кино режиссоры Мақсат Кәдірханұлы да болды. Тяьн-Шан киностудиясында ұзақ жыл дыбыс режиссері болып жұмыс атқарған Мақсаттың есімі «Көрікті мекен» киносына режиссерлік етуімен тіпті де таныла түскен екен. Біздің елбасымыз - Нұрсұлтан Назарбаевпен бейресми кездесуде болғанын да айтты. «Көрікті мекен» Қазақстан телеарнасында да көрсетіліп, көрерменнің оң бағасын алған-ды. Өзінің еңбек жолына қысқаша тоқталған Мақсат жақында «Гүлбике» атты фильм жасағандықтарын, оны күзде Дүниежүзі қазақтарының 4-құрылтайына тарту ретінде ала баратындықтарын да айтты.

Біз осы орайда Шынжаң қазақтарының кино-театрлары туралы да қысқаша мағлұмат алдық.

1930 жылдары кеңестік Қазақстан жағынан тамыр алған театр өнері де белгілі дәрежеде дами бастапты.

Сол жылдары Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы қарауындағы қазақ театрының артистері «Қыз Жібек» пьесасын, «Қаракөз», «Шұға» трагедиясын, «Еңлік-Кебек», «Ер тарғын», «Қалқаман-Мамыр», «Қалың­мал» және «Шаншарлар», «Алдар көсе» опера-комедияларын сахналаған екен. Бұл дәстүр Іле, Алтай, Тарбағай аймақтарында да өз жалғасын тауыпты. Айталық, қазақ театрының Алтай аймағында дүниеге келуінде ағартушы Шәріпхан Жеңісқанұлының рөлі зор болып, «Қалқаман-Мамыр», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Шұға», «Қалың мал», «Қаракөз», «Айман-Шолпан» опералары мен трагедиялары қойылумен бірге жергілікті авторлардың «Ескі үкімет парақорлары», «Килікбай күлкі ашар», «Аюбай», «Талап» сияқты пьесалары жұртпен дидарласқан екен.

1951 жылдан бастап қазақтың ән-күйлері дыбыс таспаларына жазылып, Шынжаң халық радиостанциясынан таратыла бастапты. 1953-1954 жылдары Шыңжаңда тұңғыш рет «Қасен-Жәмила» фильмі сәтті жасалып, оған өз кезінде қытайда болған Бұхара Тышқанбаев, Абылай Түгелбаев секілді Қазақстанға танымал тұлғалар да қатысыпты. 1964 жылы «Айгүл» атты фильм түсірілсе, 1961-1962 жылдары «Сәлиқа-Сәмен» операсы сахналасыпты. Одан кейін «Тияншан қызыл гүлі», 1980 жылдардан кейін «Жетім қыздың махаббаты», «Қыз бейіті», «Сержан», «Сахарадағы Дәлеш», «Жусанды дала», «Көрікті мекен», «Гүлбике» фильмдері жасалған екен. Бұл елден Пәтиха Мәлікқызы, Мүтәліп Әміреұлы, Мүтәліп Әбдірахманұлы секілді белгілі кино актерлері, Жанар Сағатқызы сияқты танымал кино режиссорлары да шыққан екен.

1970 жылдан іске қосылған Шынжаң телевизиясы 1985 жылы 22  қыркүйектен бастап қазақ тілінде хабар тарата бастаса, 1988 жылға келгенде қазақ тіліндегі телефильм аудару-жасау ісімен де арнайы айналысқан екен. Сөйтіп, 1989 жылдан қазірге дейін Шыңжаң телевизиясының қазақ тілінде таратқан кинофильмдері 3 мың сериялдан асыпты. Бұл қомақты сандарды «Қазақстанбыз - қазақпыз» деп мақтанатын біздің елмен салыстырғанда, әрине, ұялатын жеріміздің көп екені бірден аңғарылады.

Біз Кәкеңнің үйінен шыққан соң ат басын Мори қазақ автономиялы ауданына бұрдық.

Жалпы қытайдағы қазақтарды басқаратын биліктік жүйе және автономия сөз болғанда 1949-1950 жылдан кейін ресми түрде Қытай Коммунистік партиясының басқаруына өткен қазақтар өмірінде көптеген өзгерістер болғаны анық. 1966 жылдан 1976 жылға дейінгі шалыс қадамын «төрт кісілік төбенің лаңы» немесе «мәдени төңкеріс» деп атаған қытайлар қазір «бір елде екі түзім» немесе «жұңгоша ерекшелікке ие социализм» дегенді өзінің басқару бағыты етіп, комунистік жүйеде жұмыс істеп келеді. Деседе «Жұңғоша ерекшелікке ие» деген анықтауыш қосуы қағаз жүзінде коммунистік партияның басқаруындағы социалистік түзім дегенді білдіргенімен іс жүзінде капитализмнің экеномикалық бағытын ұстанатын ел дегені екен. Яғный идеялогиясы комунистік, экономикасы капиталистік жүйемен дамып келе жатқаны көзге көрініп, санаға сіңіп тұр.

Қытай мемлекетінің қазақтарды басқару саясаты автономия түзімі арқылы іске асатын көрінеді. Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты қамтитын Іле Қазақ автономиялы облысы, Санжы хұйзу(дүңген) автономиялы облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданы, Құмыл аймағына қарасты Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Гансу өлкесіне қарайтын Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар екен. Бұларға автономия 1954 жылы беріліпті.

Қытай халық республикасының ұлттық территориялық автономия заңы ҚХР 6-кезекті мем­лекеттік Халық Құрылтайының 2-мәжілісінде 1984 жылы 31-мамырда мақұлданып, 9-кезекті мемлекеттік Халық Құрылтайы тұрақты комитетінің 20-мәжілісінің 2001 жылғы 21-ақпандағы «Жуңхуа халық республкасының ұлттық территориялық автономия заңына өзгеріс енгізу туралы қаулысына сай» өзгерістерге ұшыраған екен.

Автономия заңында автономия алған ұлтқа қаратылған төмендегідей жеңілдіктері  бар:

9-тармақта «...әрқандай ұлтты кемсітуге және езуге тиым салынады, ұлттық ынтымақты бүлдіретін және ұлттарды бөлшектейтін әрекеттерге тиым салынады» делінсе, 10-тармақта: « ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары өз жеріндегі ұлттар да өз ұлтының тіл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұрыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепілдік етеді» делінген. Ал 11-тармақта:  «Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары әр ұлт азаматтарының діни сенім бостандығына кепілдік етеді» делінсе, 17-тармақта: «автономиялы районның төрағасы, автономиялы обылыстың бастығы, автономиялы ауданның әкімі территориялық автономия алған ұлттардың азаматтарынан болады» делінген. Тіл мәселесіне келгенде,

21-тармақта: «Өз қызметінде жалпылық қолданылатын бірнеше түрлі тіл-жазуды қатар қолданатындар территориялық автономия алған ұлттардың тіл-жазуын негіз етсе болады» - деген сияқты көптеген тиімділіктер қарастырылыпты.

Шын мәнінде қытай реформа­сының тереңдеуіне байланысты автономия саясатындағы «автономия құқын алған жерлерде сол ұлттың тіл, жазуы қолданылады. Сол ұлттың өкілі негізгі басшылық орында болады» дегендері күн санап әлсірей бастағаны жиі айтылады. «Барлығын бір ғана ұлттың атымен байланыстыратын» үрдіс күн сайын ұлғайып келеді екен. Тіпті бізді бастап жүрген жігіттердің өзі екінің бірінде шыр-пыр болып, «қытай саясатының абзалдылығын» жиі дәріптеумен болды.

Мори жаққа бізден бұрын жолға шыққан Шәміс Құмарұлы аудан әкімінің орынбасары Ербол Донайұлын ертіп алдымыздан тосып тұр екен. Бізді бірден «Тораңғы» қонақ үйіне түсіріп, ел мен жердің қыр-сырын таныстыра бастады.

Мори қазақ автономиялы ауданының жер көлемі 22 мың 171 шаршы километр болып, мұнда 100 мыңға тарта халық тұрады екен. Оның төрттен бірі, яғный 25 мыңы қазақтар екен. Қазақтардың бір бөлімі аудан орталығында әр түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап сатса, көп бөлімі ауылды жерде егінші-малшы болып тірлік кешеді екен. Аудан орталығында әжептәуір орта мектебі, емхана тағы басқа да халықтық құрылымдары бар екен.

Аудан жағдайымен қысқаша таныстырған қонақ иелері бізді Інгібұлақ ауылының жайлауына қарай бастады. Қаланың шаң жұтып жүрген адамдарын таза ауамен тыныстатайық деген меймандостықтары болуы керек. Біз ел мен жердің жағдайына құлақ түріп, жерлік шежірені тыңдауға да әуестене бердік. Өзінің туған ауылы болғандығынан ба Шәміс Құмарұлы бұл өлкенің ой мен қырына әбден таныс екен. Аузы сөзден босамай біраз тарихты аударып-төңкерді:

- Тарихшы ғалым Нығмет Мыңжани ағамыздың келтірген деректеріне негізделгенде 7-8 ғасырларда қазақтың керей тайпасын құраған шеп, сеп, байлау, қойлау сиқты тайпалардың бір бөлімі осы өңірлерде жасаған деседі. 607 жылы шеп тайпасының бастығы Керінеркін хан тағына отырып, өзін «Изен баға қаған» атаған екен. Біздің Мори ауданындағы ескі жұрттар мен жайлаулықтардың бір бөлімін халық сол Изен баға қағанның жұрты деп жүр. Бұл деректерді Нықаң қытайдың көне тарихынан алғанын айтқан еді. Ал Інгі деген бұл жердің атауы да сол кездегі тайпалардың бірінің ханшайымының аты деседі.

Біз Шәмістің әңгімесіне тамсана отырып, «Інгі» деген сөздің дыбыстық жақтан «Еңлікке»-де жақын келетінін байқадық. Қалайда халқымыздың ежелгі тайпалары мекен еткен ескі жұрттың бірінде жүргенімізді білдік.

Бізді тау елінің пейілімен қарсы алған Інгібұлақтықтардың ықыласы да ыстық болды.

Тарихтың қатпары қалың телегейіне үңілгенде көне көк түріктер мекені болған, бағзыдан ата-бабаларымыз күл төккен қасиетті мекеннің бірі алтын Алтайдың да аңызы аз емес қой. Әрине, біздің ендігі сапарымыз сол дархан далаға тураланып, 24 шілдеде ұлы Ертіс бастау алған Өр Алтайға ат басын бұрдық. Сан алуан аңызға жүкті болған Алтай даласының ақын-жырауларға ғана мекен емес, толарсағынан қан кешетін батырларды туғанын исі қазақ біледі. Соның ішінде Абылаймен тізе қоса отырып жоңғарларды жеңуде ерен ерлік көрсеткен Ер Жәнібектей ердің ұлардай шулаған ұрпағы мен өзінің қара шаңырағының Өр Алтайдың Шіңгілінде отырғанын біреу біледі, біреу білмейді. Өлі разы болмай, тірі байымайды деп білетін қазақ жоралғысын құрметтеп, ел мен жеріне қорған болып, осы өңір әдебиетінің алтын өзегіне айналған Ер Жәнібек атамыздың қара шаңырағына сәлем беру, дұға оқу онсыз да ішкі парызымыз еді. Тіпті әдебиетіміздің шешендік сөз өнері сөз болғанда да екінің бірінде Ер Жәнібек айтыпты дейтін кестелі сөздердің алдымыздан көлденеңдейтіні де өтірік емес.

Ер Жәнібек бабамыздың тіке ұрпақтарының Қытай асып кетуі және орыс-қытай арасындағы әр түрлі көзқарас ұқсамастықтары салдарынан батырдың есімі Қазақстанда кештеу көтеріліп еді. Тарихи деректер мен шежірелерде айшықты ізімен жазылған осы тұлағаның ел мен жеріне толық таныстырылмауы бізді де қынжылтқан болатын. Ұлы тұлғаның есімін ұлағаттау мақсатында 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласында «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық конференция өткізген болатынбыз. Сол конференция шешіміне орай батырдың жалаңаш жатқан қабіріне көрнекті кесене, үлкен ескерткіш қою, көше атын беру, батыр атында кітаптар шығару тектес көптеген игі жұмыстарды атқару көзделген еді. Содан бергі төрт жылда ащы теріміздің тәтті жемісін көрдік. «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорын» құрып, қор төңірегінде көп жұмыстар тындырылды. Батыр атында «Ер Жәнібек» кітабының екі томы жарық көрді. Алматы қаласынан батыр атына көше берілді. Қанат Сүлейменовтай азаматтың демеушілігімен батыр басына айбынды ескерткіш қойылды. Көптеген мақалалар жариаланды. Сөйтіп елдігімізді көрсетіп, халқының батырын қайта өзіне табыстадық. Ер Жәнібек есімі Алты алашқа мағлұм болды.

Аталған шаралардың біразына Алтайдан арнайы шақырылған Ер Жәнібек бабамыздың жетінші ұрпағы, әнші-сазгер Сағдат Мырзахметұлы да куә болып еді. Біздің де қара тартып бара жатқанымыз сол Сағдаттың отбасы ғана болып қалмастан Өр Алтайдың ең басындағы аудан есептелетін Шіңгіл жерінен Алтайдағы сапарымызды бастап, Ертісті қуалай жүріп, осы өңірдің әйгілі тумаларына тағзым жасау еді.

Өр Алтай жеріне ілінген сайын марқұм Халифа Алтайдың «Сағындым қайран Алтай» аталатын сағынышты әні есімізге түсті.

Ән өлкем, қайран Алтай,

өскен жерім,

Кір жуып кіндігімді

кескен жерім.

Дүниенің төрт бұрышын

шарласамда,

Есімнен еш кетпейді дариға-ай

көшкен жерім.

Жалған-ай!

***

Сағындым алабөтен Сартоғайды,

Тал-терек, қайыңменен

қарағайды.

Сайраған мың құбылтып

бұлбұлымен,

Аспанда шырылдаған,

дариға-ай, бозторғайды.

Жалған-ай!...

Біз Халифа Алтайдың туып өскен жерінен - Бұлғын өзені қиып ағып жатқан Сартоғайды кесіп, Шіңгіл қалашығын бетке алып келеміз. Аспанда шырылдаған дала торғайы - Халифаның сағынышы! Мүмкін рухы торғайға айналып осы даланы - кір жуып, кіндік кескен қасиетті өлкесін шарлап жүрген шығар.

Бұл ғана емес Сартоғай атауы ауызға алынса талай шежіренің шекесі көрінеді. Оспан төңкерісіне қатысты әңгімелерде 1943 жылдың күзінде осында бекінген Гоминдаң шерігіне тұтқиыл шабуыл жасаған қазақ сарбаздарының ерлігі айтылатын. Оспан батырға серік болған Сұлубай сынды ерлер де осы өңірде қанаттанып, туған даласының бір биігін жастанып қыршынынан қиылған еді-ау. Артына қалған «Сұлубай әні»: «Шіңгілдің мөлдір суындай, деп салған әнім Сұлубай» -деп әлі де асқақтата, сағынышпен айтылып жатқандай сезіледі. Енді қарасақ бұл өлкенің әр бір тасы сол ғажайып тарихты бауырына басып жатқандай білінеді.

Біз Шіңгіл қалашығына іліне бере алдымыздан күтіп тұрған Сағдат Мырзахметұлы мен Төлеген Құмарұлы бастаған шағын топ ауылдарына қарай жетелей жөнелді.

1756-1757 жылдары Жоңғарлар бір жола тынышталғаннан кейін Ер Жәнібек бабамыз бастаған бір бөлім ел қазіргі Шығыс Қазақстан жеріне қарай көшіп, қабырғалас отырған ағайынның біразы Батыс Қазақстанда қалып қойған еді. Әсіресе құрамымыздағы Тұрсынбек Кәкішев, Мақсұт Темірбаев, Темірхан Үндемесов үшеуіміз сол айрылып қалған ағайынның артынан Жәнекеңнің ауылына алғаш рет ат басын бұрып келе жатқан ағайын есептелеміз. 260 жылдай көріспеген туыстар сағынышпен қауыштық.

Ер Жәнібектің кіндігінен Ноғай, Балжан, Бәйтік үш ұл болып, Шіңгілді мекендеген батырдың қара шаңырағын ұстаушы Ноғайдан тарайтын Елубай ұрпақтары екен. Біз түскен үй Елубайдың немересі Зарықханның шаңырағы болып бүгінгі ұябасары Сағдат Мырзахметұлы екен. Жәнекең ұрпағындағы ең үлкені 87 жастағы Баймолла Сырғабайұлы деген ақсақал төсек тартып жатқандықтан бас қосуға келе алмапты. Оспан алғаш атқа қонғанда Абылайдың Ер Жәнібекке берген ақ туын көтеріп шығып, күреске ұрандап үн қосқан осы Зарықхан батыр болыпты. Екі жарым ғасыр аман сақталған сол ту 1958 жылға келгенде Алтай аймағының басшыларының қолына түсіп, із-тозсыз жоғалыпты. Біз шаңыраққа сәлем бере кіріп, дастарханның бетін дұғамен аштық. Әрі осы үйде сақталған Ер Жәнібектің туы салынған, әлі де киелі бұйым ретінде қастерленіп келе жатқан көне сандыққа көз айдын болдық. Батыр рухына ұсынған шапанымызды ауылдың үркендерінің бірі Рахат Зарықханұлының үстіне жаптық. Олар да бізге арнайы сый дайындап отыр екен, «батыр бабамыздың табарагы» деп арнайы шапандар жапты.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей біз шайға қанып, алдын ала сойылған ақ сарбастың басына бата жасаған кезімізде шаңырақ иесі Сағдат өздерінің «Сәлиқа-Сәмен» операсын қоямыз деп мұрындарына су жетпей жатқанын айтты. Әрі тұсаукесерге үлгеріп келгенімізге қуанып, құрметті қонақ ретінде театрларына шақырды. Іздегенге сұраған - бізге керегі де бауырларымыздың осындай әдеби-мәдени қимылдары ғой. Қуана келісіп, көрермен болуға дайын екенімізді білдірістік.

Аудандық мәдениет мекемесінің пайдалануына берілген қалашық орталығындағы клуб та әжептәуір кең екен. Үлкен-кіші бауырларымыз да мол жиналыпты.

«Сәлиха-Сәмен» әсілінде ғашықтық дастан. 1946 жылы алғаш жарияланатын кезде авторы Әсет Найманбайұлы делініп, арада біраз дау туған екен. Ал оны Қызыр Мамырбекұлы жазған деушілер де көп болған. Авторы кім болса ол болсын, жергілікті халықтың аңызы бойынша оқиға осы Шіңгіл жерінде болған деседі. Жұрт соның куәсі етіп, Сәлиха мен Сәмен бекінген «Жаятас» деген жерді көрсетеді. Дастан - қосыла алмаған екі ғашықтың трагедисымен аяқталады. Осы аудандағы көрнекті ақын Мақсай Қожанайұлы бұған сенарий жазыпты. Режиссоры Иса Адубайұлы деген жас жігіт екен. Сағдат Мырзахыметұлы Ясукейді, Қанат Сәлімұлы Сәменді, Ақлима Ақанқызы Сәлиханы, Күлина Хасенқызы Ханымды сомдаған бұл қойылымның аса сәтті жасалғанына тебіренгенімізді жасыра алмадық.

Театр өнері Қазақстан қазағында белгілі кезеңге көтерілгенмен қытай қазақтарында жоқтың қасы еді. Ал мына бастама сол соны соқпаққа түрен салған екен. Болашағы бұлдырай бастаған бауырларымыздың ұлттық өнерін пәш еткен тамаша бастамасына таңдай қағып, алдымызға келген тілшілер тобына да ағынан ақтарылдық.

Шіңгіл даласы өнердің кеніші ғана емес талай ақ иық ақындарлың да өрісі де болған екен. Бұл даланы жырымен дүбірлетіп өткен Арғынбек Апашбайұлы (1883 - 1946 ж.ж.) Шынжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі болып, оның артында «Жыр роман», «Қалам алып Арғынбек», «Жер адамның анасы», «Жігіт сол», «Жақсы-жаман», «Насихат», «Бір заман», «Сайыскер сарбаздардың жайы», «Мұса мерген», «Ырысханды жоқтау» секілді көптеген еңбегі қалыпты.

 

Сол дүлдүлдердің көзі тірі рухы болған, осы ауданының тумасы қытайдағы көрнекті айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлына жолығудың да сәті түсті. Асқазанның қатерлі ісігіне шалдығып пышаққа түсіп, үйінде демалып жатсада бізді қонақ үйден тауып, біраз сыр бөлісті.

1958 жылы «ұлтшылдарға» қарсы күрес тұсында әкесі қуғынға ұшырап, өзі де оқудан қуылған Құрманбек 1978 жылдан кейін ғана ес жиған халық қатарында қырандай сілкініп, айтыс ақындарының дауылпазына айналыпты. Отыз жыл талмай шауып, жиырма мәрте бас жүлдені еншілеп, «Ерекше еңбек сіңірген халық ақыны», «Халық ақыны», «Құрметті ақын» секілді ШҰАР-дың жоғарғы дәрежелі марапаттардына ие болыпты.

Айтыс өлеңдері ШҰАР оқулықтарына кіріп, «Ақындар айтысы», «Жылып өткен жылдар-ай» жыр жинақтары жарық көрген екен. Ақын жайында «Нөсер» атты мақалалар жинағы да жарық көріпті. 1991 жылы Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1994-1996 жылдары Моңғолияда, 2006 жылы Гермения, Франция, Голландия елдерінде өнер сапарымен болып, алыстағы ағайындарды да ақындық жырымен сусындатып қайтыпты. Бір бөлім шығармалары қытай тіліне де аударылыпты.

Бір қызығы Шынжаң қазағының айтыс өнері десе Құрманбек, Құрманбек десе Шынжаң қазағының айтыс өнері ауызға алынады екен.

Қытай қазақтарында 1905 жылдан бастап айтыс өлеңдер жазбаша тарағанымен, арнайы зерттелмеген. 1980 жылдардан бері қарай «Қазақтың байырғы айтыстары» (1985ж) «Ақындар айтысы» (алты том, 1933,1995, 1999, 2003ж), «Өлең тойы» (1999ж), «Қазақтың қазіргі айтыстары» (2000ж), «Қоңыробадағы қоңыр әуен» (2001ж), «Ақ өзен салтанаты» (2002ж), «Жекпе-жек» (2003ж) «Айтыс - сөз барымтасы» (2005ж) «Ақындар айтысы» (2006ж), секілді көптеген кітаптар жарық көріпті. Бұдан басқада Ә.Қалиұлы, Ж.Мырзаханов, Субихай, Б.Кәсей сияқты ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің де зерттеу өзегіне айналған екен.

1979 жылы тұңғыш рет ШҰАР орталығы Үрімжі қаласында ақындар айтысы өткізіліп, сонан бергі 30 жыл ішінде ШҰАР дәрежелі 4 рет, облыс дәрежелі көп рет әрбір аймақта жылына 2 рет айтыс өтіп келеді екен. Ақындар айтысы ондағы бауырларымыздың ұлттық болмысын сақтайтын тамаша дәстүрлі мектебіне айналғанымен қуандырады екен.

Құрманбек Зейтінғазыұлы бастаған дүбірлі додада Жамалхан Қарабатырқызы, Бүбімәри Жақыпбайқызы, Мейрамхан, Бердіхан Абайұлы бастаған Қайрат Құлмұхамед, Еркін Ілиясұлы, Әбдіғани, Айғаныш, Ғазиза, Шүғыла, Бауыржан, Нүрзия, Серік, Шәкен, Гымыңгүл, Гүлден, Ержанат, Ұлжалғас, Құмар, Гүлзира, Жанар, Бекболат, Лиза секілді айтыс ақындарының шоғыры қалыптасыпты.

Шіңгілде болған азғана сәттерімізде Күйтүн телевизиясының тілшісі Айдынбек Шәріпханұлы, Алтай аймақтық телевизиясының тілшісі Зәтелбай Естербайұлы «Сәлиқа-Сәмен» жайында, Шынжаңдағы қазақ әдебиеті және Құрманбек ақын жөнінде де біраз лебіздерімізді жазып алып қалды.

25 шілде күні таңертең Шіңгілден аттанып, Коктоғай ауданына қарай беталдық. Шынжаң қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлының, даланың көкжалы атанған Оспан батырдың ауылы, Өр Алтай қазақтарының алғашқы ұлт азаттық күресіне бесік болған алтын ұяға соқпай кетуіміз мүмкін емес еді.

Күркірей ағып жатқан асау Ертіс, Алтайдың аспанға бой созған ұлы таулары талай-талай тарлан шежіресін шерткісі келіп ойға батып жатқан сияқты. Осы даланың бір бүйірін түртіп қалсаңыз болды сөйлей жөнеледі екен. Сол туған даласы Ақыт жайынан да ақтарыла тіл қатады.

Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) ақын және ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Шынжаңның Көктоғай ауданында туған. Араб, парсы, моңғол, орыс тілдерін меңгерген. Шығыс классиктері мен қазақтың жырауларынан өнеге қабылдаған. 1891 жылы Қазан баспасынан «Жиһаншаһ Тамұз Шақұғлы» атты кітабы жарық көрген, кейін ол кітап көп рет басылған. 1897 жылы орыс ғалымы профессор Николай Катанов «Деятель» журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес «Хисса хабдү-мүлік» (1902, 1904, 1909 ж.), «Ахуал қиямет» (1908 ж.), «Әдеби ғахлия» (1909 ж.), «Керей ишаны Мұхаммед мумиын» (1909 ж.), «Хисса Сейфулмәлік» (1895, 1909, 1914), хисса «Сейд Жағфар шам әулие сұлтан Сейд» (1894 ж.) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған.

1991 жылдан бері монғолияда «Қажыбаян», «Ақіретбаян», «Жиһаншаһ», «Ғахылия» секілді төрт кітабы, Шынжаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт-Қазақстанда 2007 жылы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» жағынан «Жиһаншаһ» атты таңдамалы томы жарық көрсе, 2008 жылы Алматы қаласында ақынның 140 жылдығы салтанатпен атап өтілген еді. Сондай аяулы жанды Шың Шысай сынды зұлым 1940 жылы 72 жасында Үрімжі түрмесінде жауыздықпен қинап өлтірген екен.

Ақыт Үлімжіұлының Шынжаң қазақ әдебиетінің ғана емес күллі қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі екендігіне жұбанғанымызбен сүйегі жерленген Шәкүрті жеріндегі қабірінің басына әліге дейін ешқандай ескеркіш қойылмағаны көңілімізді құлазытты.

Ақынның көзі тірі ұлы, белгіді дінтанушы ғалым Ғазез Ақытұлын іздеп едік, ол кісі сырт аудандардың біріне жолаушылап кетіпті. Біздің осы ауылға ат басын тірегенімізді естіген Қызыр Алдажарұлы деген Ақыттың марқұм болған ақын немересінен туған Сайран Қызырұлы, Оспан батырдың немересі Нұрлан Нәбиұлы және ақын Нағыз Мұхамедұлы, орта мектеп мұғалімі Толқын Соғысайұлы алдымыздан шықты. Тектілердің тұқымы құр жіберуден ұялса керек, уақытымыздың тарлығына қарамай киіз үйлі саяжайдың бірінен арнайы дастархан жайып, ақсарбастың басына бата қылдырды. Ел мен жердің әңгімесі шертіліп, сөз екі ел арасындағы көш-қон тақырыбына ауысқанда Нағыз Мұхамедұлы мынадай әңгіме айтты:

- Қазіргі көші-қонның тоқырауына себептің көбі Қазақстан жағынан болып отыр. Үрімжідегі елшілік визаны уақытында ашпай, кем дегенде 1-2 ай ұстайды. Ал жақында шешем мен бауырларымды көшіріп, Зайсанның Майқапшағай кеден бекетінен өткізіп келдім. «Алып жүрген тракторларың бар екен» -деп өндіріс құралы ретінде пайдаланып жүрген өз мүліктеріне кеденнен өтерде 33 мың қытай юанын алды. Бұл деген сұмдық қой! Азғана ақшамен бара жатқан олар барғанда қалай күн көреді? Ал көшірісіп барып оны көріп тұрған менің қасымдағы жігіттер жағасын ұстады. Олар да көшпек ниетте еді. Ана сұмдықты көріп үміттері селге кетті. Ал Қазақстан жағы осындай мәселелерді жөнге сала алмай отырғанда қалай көшіп бармақпыз.

Біз Нағыздың назына жауап бере алмай төменшіктей бердік. «Әй, ұятсыздар-ай!» -деп іштей ғана қынжылдық. Бір байқағанымыз бұл Нағыздың ғана жанайқайы емес, талай ағайынның өкпесін қара қазандай қылған шындық екен. Тіпті көптеген ағайынның кері көшіп кетуіне сондай сорақылықтар себеп болған көрінеді. Батыр елдің әулетінен батыра айтқан сөз естісек те ондағы ағайындармен қимай қоштастық.

Аудан орталығынан шыға бере Оспан жайындағы әңгімені тағы бір мәрте айтысып, шалғайда жатқан батыр қабіріне сырттай бет сипауға мәжбүр болдық.

Шығыс Түркістан аталған Шыңжаң өңірінен шыққан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, халық батыры Оспан Сламұлы (1899-1951 ж.ж.) осы ауданның Өндірқара деген жерінде туған.

1934 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей жеріне барып жүріп, Оспан қолға түсіп, өзін ұстамақшы болған әскердің біреуін өлтіріп, бір бесатар, бір қылыш, 500 оқ алып құтылады. 1936 жылы "құрал жинау жүргізілгенде " амалсыз бір бөлімін тапсырып береді. 1939 жылы 24 желтоқсанда Ақыт қажы ұсталғаннан кейін Есімханмен ақылдасып екеуі атқа қонады. Есімхан жүйрік ат табуға, Оспан қару-жарақ дайындауға келісіп, уағда бойынша тез қаруланады. 1940 жылы ақпанда Көктоғай ауданы әкімі Шүй Рылиң мен қасындағы сақшы бастықтарын тарпа бас салып, басын кесіп қолдарын қандайды. Осылайша Оспан батыр ұлт-азаттық көтерілісінің пілтесін тұтандырады. Осыдан кейінгі ұзақ жылдық ұлт-азаттық күресіне тікелей жетекшілік етеді. 1945 жылы қыркүйекте бүкіл Алтай аймағын қытайлардан азат етіп, өзі аймақтың уәлиі болады. Уаң Жын бастаған қызыл қытайлардың Шыңжаң жеріне кіруімен Гансу жеріне қарай шегіне соғыс жасайды.

1951 жылы ақпанда Қанамбал тауының Хайзы деген жерінде қапыда қолға түсіп, 1951 жылы 28 сәуір күні қытай коммунистерінің әскери сотының үкімімен атылған екен. Қазіргі кезде ондағы үкімет Оспанды «банды» деп атайтындықтан жұрттың бәрі оны ашық әңгіме қылудан қорқады. Деседе, ағылшын жазушысы гофедей Лиястың: «Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді» деп баға бергені талай ойларға жетелейді.

Сейітхан Әбілқасымұлының "Оспан батыр " романы (Алматы, "Ана тілі" баспасы), Жақсылық Сәмитұлының "Сергелдең" романы (Алматы, "Ана тілі" баспасы), "Оспан батыр " мақалалар жинағы (Алматы. "Арда"баспасы 2007ж) секілді кітаптар арқылы да қазақстандық оқырмандар батыр есіміне біршама қанық. 2009 жылы қыркүйекте Алматы қаласында батырдың 110 жылдығы арнайы атап өтілді.

Көктоғайдың көп шежіресінің бірі «Бүркітбай батырдың әні» болса, енді бірі әйгілі Зуқа батырдың хикаясы екенін білетінбіз. Үрімжі-Алтай тас жолының жиегінде - алдымыздағы Белқұдық деген жерде үлкен қорымда зұлым үкіметке қарсы шыққан қас батырдың сүйегі жатыр. Бұл күндері үлкен зиратқа айнала бастаған қалың мазарлықты көргенде еріксіз тізгінімізді іркіп, тіземізді бүктік. Батыр рухына дұға бағыштадық.

1928 жылы дәл осы жұртта отырғанда Алтай аймағындағы қытай ұлығының жұмсауымен Ма Дарың деген дүңген қапияда бүкіл ауылдағы елу неше адамды қырып, Зуқаның басын кесіп алып, Сарсүмбе қаласына апарып құлағынан іліп қойған екен. Сондағы шаһиттердің бәрі де осы зиратқа қойылыпты. Кейіннен, яғни 1980 жылдардың басында Түркиядағы ұлы Сауат қажы Зуқаұлы туған жеріне оралып, бұрынғы ескі мазардың сыртын қызыл кірпішпен қоршап, жаңа қорған тұрғызыпты.

Жәбір-жапа көрген еліне қорған болған Зуқадай ерін халқы да қастерлеп олай-бұлай өткен жолаушының бәрі оның басына түсіп құран оқитын болыпты. Оспан батыр да өз кезінде осы Зуқа батырдан бата алған деп аңыз етіседі жұрт. Ердің егейлігі жайында сыр шертетін Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы Қазақстанда да жарық көріп еді.

(Жалғасы бар)


«Жас қазақ үні» газеті

 

0 пікір