Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Мәйекті 8145 0 пікір 9 Сәуір, 2015 сағат 08:57

«ХАРЬКОВ ҚАЗАНЫ»: ҚАРУСЫЗ ЖАУҒА ШАПҚАН БОЗДАҚТАР

106-Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы туралы сөз. Бұл дивизияның бұрынғы Ақмола қаласында құрылғаны жөнінде ешкім ештеңе айтқан емес.

Қазақ халқы қол бастаған көсемге де, сөз бастаған шешенге де кенде болмаған. Оған кәрі тарих куә. Өткен ғасырдың ортасында жер бетін алапат соғыс өрті шарпығанда алғашқылардың бірі болып қолына қару алған да қазақ батырлары болды. Елдің шетін жау баспасын деп, бақ-береке қашпасын деп атқа қонған есіл ерлердің атын атап, түсін түстесең таңды таңға ұруға болады. Алайда, ерліктің қос қанатындай болған Әлия мен Мәншүкті, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованы, жұлдызсыз жампоз Бауыржан Момышұлын, батыр Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровты, партизан Қасым Қайсеновті, әуеде жаудың құтын қашырған Талғат Бигелдинов пен Нүркен Әбдіровті, «темір генерал» Сабыр Рақымовты, Рейхстагтың төбесінде жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевты айта кетсек артықтық етпес. Қарап отырсаңыз, әскери құрылымның барлық саласынан – атқыштар мен артиллерияшылар арасынан да, жаяу әскер мен авиациядан да, партизан отрядтары мен идеология қызметкерлері ішінен де қазақтың тау тұлғаларын кездестіресіз. Тек бір әскери салада ғана қандастарымыздың есімі ескерусіз келген еді. Ол – кавалерия, яғни, атты әскер жасақтары болатын. «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп ұрандатқан алаш арыстарының ұрпақтары шын мәнінде бұл бөлімдерде болмағаны ма? Болса, неге күні бүгінге дейін бізге бұл жай беймәлім болып келді?.. Ендеше, біздің мақаламыздың негізгі арнасын осы тақырыпқа бұрсақ.

1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың наурыз айлары аралығында Ақмола (қазіргі Астана) қаласында 106-Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы құрылады. 1941 жылдың 24 қарашасында өткен Ақмола қалалық партия комитетінің бюросында ұлттық әскери құрамға ең мықты деген азаматтарды қызметі мен лауазымына қарамастан қабылдау қажеттігі айтылып, дивизияның командирлігіне майор Борис Панков, комиссарлығына Темірғали Мәмбетов, саяси жетекшілігіне Нұрқан Сейітов, штаб бастығына майор П.М.Осадченко тағайындалады. Саяси бөлімнің бастығы Сағадат Құлмағанбетов деген азамат болған. Аталған дивизияға қабылданғанға дейін Сағадат Құлмағанбетов Ақмола облыстық партия комитетінде екінші хатшы болып қызмет атқарғанын айта кеткен жөн.

Әскери жасақ құрамында үш полк, артилериялық дивизион, мал дәрігерлік қызметі, дәрігерлер және күзет взводы болған. Жалпы адам саны 4091 екені дивизияны қабылдау актісінде көрсетіледі. Бұл қабылдау актісі кездейсоқ табылып, тарихшылар үшін сенсацияға баланды. Өйткені, бұл әскери құрам жайындағы деректер Ресей Федерациясы мұрағаттарында мүлде кездеспейді деуге болады. Оның себебі кейінірек баяндалады. Осы 4091 жауынгерге небары 102 винтовка, 43 дана 50 миллиметрлік, 18 дана 82 миллиметрлік миномет берілген. Автомат пен тапанша мүлде болмаған. Көлікпен де толық қамтамасыз етілмеген, жылқы саны 3180 бас қана. Ақыр аяғы оларға қылыш та жетпеген.

Майдан шебіне аттануға қамданып жатқанда, 1942 жылдың 16 наурызында жоғарыдан 106-атты әскер двизиясын таратып, басқа әскери құрамдарға бөлу туралы бұйрық шығады. «Майдан даласында 106-ұлттық әскери құрам болмады» деген қате ақпараттың тарауына осы бұйрық себеп болған сияқты.

Бұйрық шыққан сәттен төрт тәулік өткенде басшылық және бір бұйрық шығарады. Онда Ақмола дивизиясы жедел түрде майданға жіберілсін деп көрсетілген. Сонымен 106-двизия 1942 жылдың 23 наурызынан бастап эшелондарға бөлініп, майдан шебіне аттанады. Ең соңғы эшелон ұрыс даласына сол жылдың 12 мамырында келіп жетеді және генерал А.Носков басқарған 6-атты әскер корпусына қосылады. Осылай қазақ жауынгерлері Харьков маңында соғысқа кіріседі.

Таяуда еш жерде жарияланбаған бір құжат табылды. Мұнда 1942 жылдың 9 мамырында 6-атты әскер корпусында өткен жиналыс жайында сөз болады. Онда: «...бүгін корпус 4175 адамнан тұратын толық атты әскер дивизиясымен толықтырылды. Оның ішінде басқарушы құрамда 356 адам бар, 528 адам кіші командир, 3291 адам – қатардағы жауынгер. Дивизияның басқарушы құрамы - 200 адамдық командалық құрамнан, 59 саяси кеңес мүшелерінен тұрады. Әкімшілік-шаруашылық құрамда 31, медперсоналда 27, малдәрігерлік құрамда 21, техникалық құрамда 7 адам бар.

Дивизияның 90 пайызы қазақ... Жол бойындағы және әңгімелесудегі байқауларға қарағанда жеке құрамның саяси-моральдық жағдайы жақсы. Толықтыруға келгендер үйретіліп, қысқы киім берілген...»

Құрамның материалдық-техникалық қамтамасыздығының көрінісі мынадай: жер қара, күн жылы мамыр айында шолақ тон, пимамен жүрген. Тек бір полкке ғана кәдімгі солдат шинелі мен керзі етік берілген. Осындай сорақы жағдайдағы әскерді басынан бақайшағына дейін заманауи қарумен қаруланған неміс басқыншыларына қарсы қою нағыз қылмыс емес пе?! Жалаң қолмен жауға қарсы соғысу да көзсіз ерлік қой!

6-кавалериялық корпус танк бригадаларымен бірлесіп, Харьков қаласын азат ету операциясына қатысады. Күш тең болмаса да қазақ дивизиясы соғыса отырып 50 шақырым ілгері жылжиды. Алайда, Красноград қаласы үшін болған шайқаста әскери құрамның азық-түлік қоры таусылады, оқдәрі бітіп, күш сарқылады. Жауынгерлер бірнеше тәулік бойы ұйқы көрмегендіктен, тамақ жетіспегендіктен қатты шаршайды. 1942 жылы 26 мамырда дивизия ақырғы айқасқа шығып, күйрей жеңіледі. Жауынгерлерге не әуеден, не құрлықтан көмек болмаған. Танк бригадасының, тіпті, жанар-жағар майы да таусылып қалады. Сөйтіп, танкистер танктерін жау қолына түспес үшін өздері жарып жіберуге мәжбүр болды.

Қызыл Армия бұдан соң аз уақыт қарсылық көрсеткенімен қоршаудан түпкілікті шығу мүмкін болмады. 600 мың адамы бар Оңтүстік-Батыс майданында 23 500 жауынгер ғана аман қалды. Қалғандары қаза тауып, біраз бөлігі тұтқынға түскен. Осылай «Харьков қазанына» қақпақ қойылды.

Осы оқиғаларды өз көзімен көрген куәгерлер: «Қала маңы қасапханаға ұқсап кетті. Адам мәйіті мен өлген жылқыдан аяқ алып жүргісіз. Жағымсыз күлімсі иістен тыныс алу мұңға айналды. Немістер ұшақпен айналаға хлор қосындыларын сеуіп, иістің бетін қайтарды» деп еске алады. Cонымен қатар жауынгерлердің арасында қазақтардың өте көп болғанын айтады.

«Харьков қазаны» мен 106-атты әскер дивизиясының осылай жоғалып кетуіне кінәлілер маршал Семен Тимошенко, генерал Иван Баграмян (кейін ол да маршал атанды) және Әскери кеңес мүшесі Никита Хрущев пен олар бастаған майдан командашылығының шектен тыс жауапсыз әрекеттері болатын. Харьков түбіндегі жеңіліс туралы Сталинге хабарлағанда, ол мұны жойқын апат деп бағалаған: «Небәрі үш аптаның ішінде ойсыз әрекет салдарынан Оңтүстік-Батыс майдандағы әне-міне дегенше жеңіске жетіп тұрған Харьков операциясында жеңіліп қалғаны былай тұрсын, жау қолына 18-20 дивизияны тастап кетті». Неміс генералы Клейсттің «Бои за Харьков» кітабында: «Ұрыс даласында маршал Тимошенко өз әскерінің быт-шыты шыға жеңіліп жатқанын көріп: «Мынау сұмдық қой!» - деп, қашып кетті» дейді.

Н.С.Хрущев кейін Украина КСР КП ОК, КОКП ОК Бірінші хатшысы қызметінде болғаны мәлім. Осы тұста билікті өз мүддесіне пайдаланған хатшы жолдас Харьков түбіндегі көптеген бауырластар зиратын жермен-жексен етіп, болған қанды қырғындарды тарих беттерінен мүлде сызып тастауға тырысты және солай етті де. Енді бұл жеңілістер жөніндегі құжаттар қайда деп сұраудың өзі де тым артық.

106-дивизияның тұтқынға түскен солдаттарын немістер концлагерлерге қамап, қара жұмысқа салады. Тұтқыннан қашып шығып, қызыл әскер қатарына қайта қосылғандар да болған. Бірақ оларды сатқын деп айыптап атып тастаған немесе айыптылар батальонына жіберген. Ажалдан аман қалғандарына азап бұйырып, ит жеккенге айдалған.

«1942 жылы мамырда ұрысқа кірдік. Қолымызда қылыштан өзге қару жоқ. Сөйтіп жүріп шабуылға шықтық. Содан үш-ақ адам тірі қалдықДәл сол күні соғыс қанша адамның өмірін жалмағынын өз көзіммен көрдім ғой. Бұл тек бір күндегісі ғана. 1942 жылы шілдеде кезекті шабуылға шыққан біз қоршауға түсіп қалдық. Қыркүйекте Шепетовканың төңірегінде 18 мың адам немістердің тұтқынына түстік. «Тұтқындарды Германияға әкетеді екен» деген сыбыс шыққан кезде 55 адам қашуға бел байладық. 1943 жылы 20 ақпанда жеті адам тұтқыннан қашып шығып, Қызыл Армияға қосылдық. Соның бірі ақмолалық досым Файыз Ысқақов болатын. Бірақ, 1943 жылы 4 наурызда бізді комендатураға жіберді... Өз еліміздің түрмесінде азаптап, қинаудың неше түрін көрсетті, сатқын деді. Мені он жылға соттап, Воркутадағы НКВД-ның лагеріне жіберді. Науқастануыма байланысты кейін Қарлагқа ауыстырды. Ақыры 1953 жылы ақпанда үйге оралдым». 

Бұл 106-дивизияның құрамында болған Сыдық Түменбаевтің естелігі. Сыдық ақсақал аталған әскери құрамнан тірі қалған аз ғана жауынгерлердің бірі. Дивизия полкында кіші саяси жетекші қызметін атқарған, әскерге Семей қаласында шақырылған. Сыдық қарияның қаруласы, ардагер Мұстафа Юнусовтың немересі Мәдина Берекова атасының мына сөздерін әрдайым еске алып отырады: «Қолда қару жоқ. Он адамға бір винтовка. Қалған тоғызы әлгі винтовка ұстаған солдат қашан жау оғына ұшқанша соңынан жүгіріп жүреді. Кей солдаттар бес тәулікке дейін ұйқы көрмейтін. Алыс жолға саппен жүргенде ортадағы солдаттар жүріп бара жатып ұйықтайтын, біраз уақыттан соң шетте келе жатқандармен ауысып, олар да ұйықтап алатын.

Сөйтіп жүргенде тұтқынға түсіп қалдық. 1944 жылы тұтқыннан қашып шықтық. Қызыл Армияға қосылдық. Бірақ көп сарбазды өз әскеріміз атып тастады ғой. Маған «отанын сатқан» деген айып тағылып, лагерьге айдалдым».

Түрмеден босағаннан кейін де Мұстафа қарттың ешкім маңдайынан сипай қоймаған. Мемлекеттен ешқандай жеңілдік, «ардагер» деген тілдей қағаз да ала алмапты. Тек, бақилық болған соң ғана ақталған.

1942 жылы жау қолына өтіп кеткен Красноград қаласы 1943 жылы фашистерден азат етілді. Бұл жолы тағы бір қазақ дивизиясы ерен ерлік көрсетті. Тек, кавалериялық емес, сол Ақмолада құрылған 310-атқыштар дивизиясы еді. Кейін бұл әскери құрам «Красноград дивизиясы» деген құрметті атаққа ие болды.

Міне, ақмолалық 106-атты әскер дивизиясының да, оның құрамында болған оғландардың да тағдыры осылай болған. Тарих сахнасынан мәңгіге сырып тастамақ болса да, олардың соңында қалған ұрпақтары аталарының ерлігін еш ұмытпақ емес. Әсіресе, Харьков қаласының тұрғыны, қандасымыз Макка Қаражанова ханым жетекшілік ететін «Қазақ жерлестер» қоғамы 106-дивизияның тарихын бастан-аяқ зерттеуді қолға алды. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде 200-ден аса хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімі белгілі болған. Сонымен бірге, аталған қоғам мүшелері Харьков облысы, Красноград қаласында даңқты дивизияға ескерткіш орнату мәселесін көтерген. Адамның құны көк тиын болған Кеңес заманы келмеске кетсе де, сол жылдар зобалаңының ақ-қарасы ажыратылып, көрген қиянаттың тарихи, саяси бағасы әлі толыққанды берілмей келе жатыр. Барлық құпия атаулы әйтеуір бір замандарда жария болары әмбеге аян. Сол күндерге төрт көзіміз түгел жетейік.  

Нұрболат ӘЛМЕНОВ,

Көкшетау қаласы.


Abai.kz

0 пікір