Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 9789 0 пікір 16 Сәуір, 2015 сағат 12:33

ТҰТАС ҚАЗАҚ ЕЛІ: ҰЛТТЫҚ РЕСПУБЛИКА ҚҰРУҒА ҰМТЫЛУ

1925 жылғы 15–19 сәуірде Ақмешітте Қазақстан Кеңестерінің 5-ші съезі өтті.  Съезд Қазақ Республикасына Түркістан Республикасындағы Сырдария және Жетісу облыстарының, Бұхара, Хорезм халық республикаларындағы қазақтар да кіретін аумақтардан ұйысқан Қарақалпақ облысының біріктірілгенін жария етті. Бір шаңырақ астына жиналған біртұтас қазақ елін құрды. Ресми түрде халықтың өз атын өзіне қайтарды. Бұрмаланған атпен ту тіккен кеңестік республикасын өз тарихи атымен атады. Жаңа астанасына заман мен ұлт рухына сай келетін айбынды ат берді. Республика мұқтаждықтарын қарастырған кең көлемді қарарлар қабылдады. Сол тарихи  тұңғыш Бүкілқазақ құрылтайына биылғы сәуірде 90 жыл толады.

Ел тұтастығын баянды етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысу – қай-қайсымызға да абыройлы міндет. Осы жолға залалын тигізуі ықтимал дертті жоюдың бірден-бір жолы – ел бірлігін арттыру екені белгілі.  Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа жеткенде – оны баянды ету үшін, мың жылдық ел, мәңгі ел болу үшін ауызбіршілігімізді ыдыратпау ләзім. Жастардың білмейтінін айтып отыру жөн. Сол орайда, талай рухани сырқаттың дауасы тарих арқылы тәрбиелеу екендігін есте тұта тұрып, еліміздің тәуелсіздікке дейінгі дамуының күрделі кезеңдерінің бірінен – ел-жұртымыз, жер-суымыз бір шаңырақ астына жиналған маңызды да тағлымды белестен оқырмандарға төмендегі жолдарды ұсынуды орынды көріп отырмыз. Әрі сонау ұлы оқиғаға, міне, тоқсан жыл толғалы тұр. 

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, еліміздің ұлттық саяси басқарушы тобы шынайы ұлттық мемлекеттілігімізді большевиктік билік ауқымында құру мүмкіндігіне сенді. Сенді де, Қазақ және Федеративтік Түркістан республикаларына екі жарылып бағынып, екі өңірде өмір сүрген қазақ халқы мен қазақ жерлерін бір шаңырақ астына біріктіруге, сөйтіп тарих сахнасына тұтас Қазақстанды  алып шығуға күш салды. Түркреспублика Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан Федеративтік Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге бөлу жайында шешім қабылдады. Сол төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының (Средазбюро) мүшесі Сұлтанбек Қожанов: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу – Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеудің басы болады», – деп мәлімдеді. Бұл сөздерге азаттық әперді делінетін кеңес өкіметі билігінің жетінші жылының өзінде ұлттық құқықтарына әлі толық қол жеткізе алмай келе жатқан, елі, жері, санасы отарланған бодан  халықтың ғасырлар бойғы арманы тоқылған болатын.

Орталық Азияда жаңа кеңес республикаларын құруға жол ашқан ұлттық-территориялық тұрғыдағы межелеп-жіктеуден соң, қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілік үшін күрес жаңа мүмкіндікке ие болды. Саяси күрестің бұл кезеңінің өзіндік ерекшеліктері бар-тұғын. Бір жағынан,  төңкеріс дүмпуімен оянып, жаңғыру дәуіріне иек артқан тұрғылықты халықты империяның негізгі халқымен құқық тұрғысынан  теңгеруге, ұлттың өзін-өзі билеу құқын нақты мазмұнға толтыруға тырысушылық қадамдары бой көрсетті. Екінші жағынан, осымен бір мезгілде, сондай әрекеттерге тұсау салу, қазақ елінің табиғи ұлттық-мемлекеттік мүддесін Мәскеудегі Орталық билікке тәуелді ету бағыты пәрменді түрде жүзеге асырыла бастады. Ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің кеңестік билік шеңберінде шырқау шыңына жетуі де, сонымен  бірге, тұйыққа тіреліп, жеңіліске ұшырауы да  Қазақстанның іргесі кеңейген алғашқы жылдары орын алды. Әңгіме осы төңіректе өрбімек.

1.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінің соңында бүгінгі тәуелсіз Қазақстан территориясының аумағы нақтыланып, көрші республикалармен шекарасы айқындалды. Қазақ Елінің мемлекеттік шаңырақ көтергенінің белгісі іспеттеніп, 1925 жылғы сәуірде   халқы мен жер-суы біріккен Үлкен Қазақстан Кеңестерінің Бүкілқазақ құрылтайы өтті.

Орта Азияда жасалған Межелеу нәтижесін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Орталық Атқару Комитетінің (КСРО ОАК) Екінші сессиясы 1924 жылғы 24 қазанда қараған-ды. Қабылдаған қаулысында  «еңбекші халықтың еркін түрде өз ерік-жігерін білдіруі жоғарғы заң болып табылатынын растайтынын» тұжырымдаған. Сөйтіп, жаңа құрылған республикаларды осы құрылымдардағы кеңестер съездері шешімдерінің негізінде рәсімдеу қажеттігін айтып, оны жүзеге асыруды Ораткомның төралқасына тапсырған-ды.

Кеңестердің жоғары дәрежедегі ерік-жігер білдіретін заң шығаруға хақылы Бесінші Бүкілқазақ құрылтайы мінбесінен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің (ҚазОАК) төрағасы Сейтқали Меңдешев: «Маған кеңестер съезі алдында  бесінші мәрте үкімет есебін  беруге тура келіп тұр, – деп мәлімдеді, – бірақ қазіргі Съезд алдында мен үкімет есебін терең қанағаттанғандықпен және қуанышпен жасаймын. Өйткені осы Съезде  бүткіл қазақ халқы тұңғыш рет өкілдік етіп отыр». Сөзіндегі шаттық серпілісін осымен тамамдап, одан әрі үкімет есебін іскерлік рухтағы баяндауларымен сабақтады.

Съезде орнықты баяндамалар жасалды. Ұлттық-мемлекеттік мүдде тұрғысынан маңызды пайымдар білдірілді. Талқылаулар болды. Тек қозғалмағаны – автономиялық республиканың Ресей Федерациясы құрамынан шығып, басқа да ортаазиялық көршілері тәрізді, тәуелсіз республика дәрежесіне көтерілу, сөйтіп, одақтық мәртебемен, Кеңестік Республикалар Одағына тең құқықпен, келісімшарт негізінде ену  ниеті. Бұлар жөнінде өкілетті жиын өз сөзін айтпады. Дұрысында, ондай мәселені делегаттар қозғамады. Әрине, ұйымдастырушылар тарапынан күн тәртібіне де шығарылмады. Сөйтіп, бұл мәселе жөнінде бұдан бұрын, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1924 жылғы қыркүйекте өткен сессиясы қабылдаған қарар, құдды болмаған секілді, ұмыт қалдырылды.

Құрылтайды ашқан сөзінде Қазатком төрағасы: «Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5-ші Съезі екі маңызды сәтке байланыстырылып отыр», – деген еді. Бұл құрылтайдың «барлық қазақ халқының бір республикаға, бір мемлекеттік құрылымға біріктірілгенінен кейінгі және Қазақ Республикасының орталығын Ақмешіт қаласына көшіруден кейінгі бірінші Съезд» екеніне  екпін  беріп, соған байланысты Құрылтай алдында «төтенше маңызы бар ұйымдық мәселелер» тұрғанын айтқан. Алайда, республиканы одақтық дәрежеге көтеру қажеттігін сол мәні ерекше мәселелер қатарына  қоймады. Аса маңызды мәселелер ретінде «Қазақ Республикасын одан ары жағдайластыру»  жайы бірінші аталған. Осы мәселе ішкі мағынасы жағынан сол проблемаға назар аударту керек еді, бірақ іс жүзінде олай болмады.

Бұл Мәскеудегі Орталық партиялық басшылықтың жергілікті серкелер санасын тәртіпке  келтіріп қойғандығының белгісі еді.

Құрылтай БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің белгілеп берген бағытымен жүрді. Кеңес құрылысы ісіне еңбекші қазақ бұқарасын  кеңінен тарту мәселесін қарады. Екінші топта талқыланған  маңызды жәйт – кеңес өкіметінің «ауыл мен деревняға» бет бұруы. Аталған тақырыптар тұрғысынан – күн тәртібіне еңбекші халық тұрмысында неғұрлым жанды орын алатын оқу-ағарту,  жер-су, ауыл шаруашылығы, қаржы-қаражат, сауда, кооперация мәселелері қойылды. Сол ашық та түсінікті «ауыл мен деревняға бет бұру» ұраны аясында олар қызу талқыланды. Сөйтіп, негізгі жер-суы бір шаңырақ астына кіндік өкіметтің қолдауымен тұңғыш мәрте біріктірілген ахуалда, шартараптағы күллі қазақ халқы атынан келген  өкілдердің бірінші және үлкен де өкілетті жиынында тиісті шешімдер қабылданды. Тек ұлттық мемлекеттік құрылымның жетілдірілуін көздейтін негізгі мәселе – республиканы одақтық мәртебеге көтеру жәйі қозғалмады. Бірақ ел мүддесін көздеген сала-сала  тақырыптар, құдды тәуелсіз елде өмір сүріп отырғандай, ортаға салынып, талқылана берді.

Съезде халықаралық және ішкі жағдай бойынша баяндама жасаған КСРО ОАК төралқасы мен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БРОАК) мүшесі Толоконцев: «Жолдастар, біздің мемлекеттік құрылыс барлық буржуазиялық басқару тәсілдерінен күрт ерекшеленеді, сол себепті мен мынаны атап өтуге тиіспін: Сіздерді аз халық  ретінде, енді қазір, кеңестік құрылыс кезінде, өз тағдырын өзі дербес, помещиктерсіз, приставтарсыз, жалпы сіздердің еріктеріңізге ешқандай да қысым көрсетілмеген жағдайда шешуге мүмкіндік алып отырған саны аз халық ретінде құттықтағаныма бақыттымын», – деген еді.

Орталықтағы басшылықтың қайталап айта беруден жалықпайтын, өзін абыройлы етпек «ақиқаты» осындай сөздерінде, «кеңшілік» жасағанси отырып кемсітушілік танытатын анықтамасында жинақталған-ды.  Мәскеу өкілі Бесінші күлліқазақ құрылтайы мінбесінен «саны аз халық» деп, жарылқаушы ретінде астын сыза айтып тұрған қазақ халқы іс жүзінде,  кеңес өкіметі аумағындағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстар ішінде, Польша мен Финляндия бөлініп кеткеннен кейін, саны жағынан бесінші орын алатын үлкен халық-тын. Ал «өз тағдырын өзі дербес» шешудегі  «дербестік» артында «дана да ақылгөй» партия құпия полициясымен тұрған. «Еріктеріңізге ешқандай да қысым көрсетілмеген жағдай»  деген анықтаманың астарында – большевизм дуалаған сырқат қоғамдық сананың  ауыздықтаулы «ерік-жігері» жатқан  еді.

Бұл жайында кеңес өкіметінің түркі халықтарынан шыққан аса ірі сыншысы Мұстафа Шоқай большевиктер практикасынан алынған қилы оқиғалар мен деректерге талдамалар жасау арқылы ұдайы айтып отырған-ды. Уақыт М. Шоқай ескертпелерінің расқа айналғанын көрсетті: «Түркістанның бақытсыздығы сол – большевиктік төңкеріс біздің әлі ұйымдасып үлгермеген балаң кезімізді шарпыды. Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктердің басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр», – деп жазған еді ол сонау алыс жылдардың өзінде.

Батыс Еуропадағы эмигранттық ахуалында  қолы жете алған кеңестік құжаттар мен материалдарды  біліктілікпен сараптау барысында ол «Түркістандағы Кеңес билігі – іс жүзінде орыс билігі»   екенін бұлтартпас мысалдармен дәлелдеді.  Оның: «Ұлттардың бөлініп шығып өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құруға дейінгі құқықтары ақыр аяғында «бос сөз» болып шыққаны тәрізді, пролетариат диктатурасының...  дәріптеліп жатқан «ұлттардың өзін-өзі басқару» құқығын қамтамасыз ету туралы айтылып жүрген ұрандар да ақыр соңында  «бос сөзден» басқа ештеңе болмай шығарына біздің сеніміміз кәміл», – дегені большевиктік Ресейдің саяси тыныс-тіршілігін  жетік те терең білгенін куәландырады. М. Шоқай: «Кеңес билігі кезінде бұдан басқаша болуы мүмкін емес», – деп санады, себебі: «Кеңес өкіметінің табиғатында ұлттық мәселе құндылыққа жатпайды. Большевиктер ұлт мәселесін жалпы жұмысшы мәселесіне тәуелді, соның бір бөлігі санайды. Большевиктер теориясы бойынша дүние жүзіндегі мемлекеттерде жұмысшылардың  мүдделері мен мақсаттары сол елдердегі ұлттардың және басқа әлеуметтік күштердің мақсат-мүдделеріне қайшы. («Пролетариаттың отаны болмайды» деген көне маркстік ұран осыдан келіп шыққан)». 

Таптық көзқарас заманын артқа тастаған қазіргі тәуелсіздік дәуірінде біз бұл сөздердің мәніне терең бойлай аламыз. Ал кезінде,  К. Маркс пен Ф. Энгельс «Жұмысшыларда отан жоқ»  деген тұжырым  жазған «Коммунистік партияның манифесіне» көзсіз иланып, билеуші партия үйреткен таптық мүддеге ұлттық мұраттарды қиып жібере беру – оңайдың оңайы болған-ды.

Орыс пролетариаты диктатурасын орнықтырушы өкіметтің өкілі Толоконцев, қазақ құрылтайында жасаған баяндамасынан кейін, өзіне қойылған сұраққа байланысты: «Қазақияның ашаршылыққа ұшыраған жерлеріне, егер ол дәлелденер болса, орталық жәрдем көрсетеді», – деп жауап берді. (Назар аударыңыз – аштық бары  дәлелденер болса  ғана  өкімет тарапынан көмек беріледі!)  Артынша: «...бұл мәселені, шамасы, жергілікті ЦИК (Орталық Атқару Комитеті) көтерді, ыңғайына қарағанда – пікірталастар да болған шығар», – деп қосты. Ал «жергілікті ЦИК-тің» төрағасы С. Меңдешев сол орайда: «Орталық алдында (яғни Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің алдында) әлдебір жер ашығып жатыр деп дәлелдеп-негіздеу – қиынның қиыны, – деді. Сосын былай жұмсартты: – ...Кейінгі кезде бізде мынандай  дерек бар – республикамыздың жекелеген аудандарындағы ауыр жағдай туралы біздің мәліметтеріміз, дегенмен, орталықты иландырыпты, енді қажет жәрдем көрсетілетін болады». 

Қазақстандықтардың әлденеше буыны оқып-үйреніп өскендей, қазақ еңбекшілері РКФСР құрамындағы республика болуға терең мүдделілік көрсетті. Әлденеше ондаған жылдар бойғы үстем идеология қанға сіңірген пікір осындай. Бірақ, міне, Бесінші құрылтайдың стенографиялық есебі айтуда: басқа күн түскен қиын сәтте сол «жаны бір» санаған мемлекеттік құрылымдағы «аға үкіметтің» қамқорлығын сұрап,   «інішек  үкімет» бірнеше жыл бойы (1921–1924 жылдары) аштық орын алуда деп байбаламдауға мәжбүр. Сөйткен «іні» тек 1925 жылғы көктемде ғана «қажет жәрдем көрсетілетін болады» деген сенімге ие болды.

Бұл жәйт патша идеологтарының «Ресей империясының халықтары үлкен бір семья болып табылады» деген уағызын еске салады. Бір ошақ басында үлкен мен кіші, аға мен іні болатыны сияқты, Ресей империясының алып отбасындағы «аға» – орыс халқы, «іні» – туземдік халықтар деген «ақиқаттар» жаулап алынған Түркі Елінде қызмет  істейтін чиновниктер құлағына түрлі нұсқаулармен бірге құпия түрде құйылып жататын. Мұны, М. Шоқай атап көрсеткендей, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде «патшалық үкіметтің соңғы генерал-губернаторы Куропаткин»  ашық жария етіп еді. Ол: «Ресейдің қол астындағы халықтардың тең құқықтылығы мен туысқандығы туралы»    айта келіп, ...«Біз – орыстар және сіздер – Түркістан мұсылмандары – туыспыз. Біз, орыстар – аға болсақ, сіздер, мұсылмандар –інісіздер. Сіздердің әрекеттеріңізде бір жағымсыз қылығы үшін ағаның інісін жазалауы пәлендей бір айып емес екені тәрізді, ұлы туысыңыздың да (яғни орыстардың) өз інісін жазалау құқығын табиғи деп түсіну керек» деген-ді».  Ал Қазан төңкерісі салдарынан «өзбек, түркімен, қырғыз және басқа да түрік тұқымдас бауырларымыз «өгей ұлттар» болып есептеледі де, оның есесіне орыс келімсектер Қазан төңкерісін жасаған «ұлы туыс»,  «бірінші орында тұратын бауыр», «көш бастаушы аға» деген атқа ие болады».  Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық тарихында, М. Шоқайдың  басқа да тұжырымдары секілді, бұларды растайтын  дәлелдер де жеткілікті.

«Кеңес өкіметі біздің ең залым жауымыз болуына таңқалудың қажеті бола қоймас, – деп жазған-ды М. Шоқай. – Біздің ұлттық қозғалыстарымызды жөргегінде тұншықтырып, тұтас түріктің арасына «Қытай қорғанын соққан» коммунистер ...іс жүзінде орыс империализмінің ізбасары болып шықты, оның ұлттарға бостандық беру жайындағы уағдасы далада қалды.  «Ленин бір кезде кейбір коммунистерді шалқанға теңеп, «сырты ғана қызыл, іші – аппақ» деген болатын. Енді, міне, ұлт мәселесінің шешілуінде лениндік жүйенің өзі шалқанға ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда «төңкерісшіл», «интернационалистшіл», ал іші бүкілдей аппақ. Бұрын орыс патшасы – ақ патша делінгені бәріміздің есімізде болса керек. Орыс патшасының «ақтығы» оның қара саясатымен оралған болатын. Ал бүгінгі большевик орыстардың «ақтығы» қызыл бояумен боялған... Өзгешелігі осы ғана».

Ағылшын тарихшысы Краусс 1899 жылы Лондонда басылған «Россия Азияда» атты іргелі еңбегінде патшалық отар саясатынан бай мәліметтер келтіре отырып:  «... Россияның күллі тарихы – агрессиялар мен жаулап алулар және бағындырылған елдерді жұтып қою шежіресі», – деп қорытқан болатын. Жиренішті әміршіл режимді құлатқан революцияның алғашқы жылдары бұған ешкім күдік келтірген жоқ.  Тіпті, «...Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің тәлімдеріне сүйенген большевиктер орыс тарихын отарлау мен қанау тарихы деп танып, Ресейді Энгельстің сөзі бойынша «ұлттардың ұлы түрмесі» деп атаған еді. ...Большевиктік төңкерістің Ленин дәуірінде өмір сүрген теориялары Сталин дәуіріне келгенде жарамсыз болып қалды. ...Сталиннің айтуынша, Ресей тарихын күштеп отарлау тарихы деп сипаттау дұрыс емес.  Ресей империясының тарихы көрші елдермен оңды қарым-қатынастар, өзара кірігулер нәтижесінде «табиғи түрде» жасалған тәрізді. Бұл көзқарас бойынша, Ресей Түркістанды да, Кавказды да, немесе басқа бір орыс емес өлкелерді отар етпеген көрінеді. Олардың бәрі жағырапиялық жағдайлар мен тарихи заңдылықтар жолымен Ресейге табиғи түрде қосылып кеткен сияқты». Сондай ұйғарымдарды күштеп орнықтырумен шұғылданған «маркстік-лениндік идеология майданындағы күрестің өте-мөте көңіл аударғаны – Кеңес үкіметінің саясатында, әдебиетінде, музыкасында, өнерінің барлық саласында рухани өмірді ғана емес, материалдық өмірді де тұтас қамтыған орыс ұлтшылдығын қайта орнықтырып, бекемдеуі болды» – Мұстафаның сол шақта жазған, бүгінгі таңда талас туғызбайтын  пікірлері осындай еді.  

Қазақ еңбекшілерінің Ресей Федерациясы құрамындағы республика болуға «терең мүдделілік көрсетуінің» астарында жоғарыдағы большевиктік пайымдарды мойындау – партиялық қатаң орталықтандырылған жүйе қолданған сталиндік «иландыру» және «мәжбүр ету» тәсілдерінің  тікелей нәтижесі жатыр еді. Бұратаналардың кәдімгі империя мұжығына айналдырылуын көксеген ХХ ғасырдың басындағы патша идеологтарының арманын – жер-жердегі пролетариат диктатурасын жебеп-нығайтып отырған Мәскеу билігі  – кеңестік жолмен шындыққа айналдыруға бет алған. Мұны да зайыр түсінген М. Шоқай: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді бір екі-үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түркі тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр», – деп те жазды. Алайда ол тұста эмигрант Шоқаевтың сөзін халыққа жеткізбеу, үзіліп-жұлқыланған бірлі-жарым ой сұлбасын, сыбысын бұрмалап, қаралап қана айту мұқият қарастырылған-ды.

 

2.

Орынбордан келген Круцких деген өкіл «Орынбор  губерниясының жұмысшылары, шаруалары мен барлық  еңбекші бұқарасы атынан  шетсіз-шексіз қазақ жерінің қожайыны – Кеңестердің Бесінші Бүкілқазақ құрылтайын» шын жүректен құттықтады. Оның сөзін делегаттарға өлкепарткомның екінші хатшысы С.Қ. Қожанов аударып тұрды. Үлкен өкілетті жиналысқа қатысушылардың баршасының кеудесін «шетсіз-шексіз қазақ жерінің қожайыны»  ретіндегі мақтаныш сезім кернеді. Сонымен алданып, қолдарындағы ұлттық мемлекеттік құрылымның көзге көрініп тұрған түйіндерін, шешуін тосып тұрған ащы шындықтарды ортаға салып, соларды жан-жақты талқылауға кірісті.

Көшпенді қазақ аймағының ортасында тұрған  Ақмешітке астананы көшіру себептерін баяндай келе, С. Меңдешев мынандай тарихи анықтама келтіреді: «Осы қаланың негізін салған Шекті Мөңке, Шеркес Түрке және Тама Нұрке болашақтағы бір уақытта осы қала барша қазақ жерінің орталығы болады деген болжам айтқан екен». Сосын оны былайша жуып-шаяды: «Әрине, кеңпейіл қазақ қарттары бұл ойларын ешқандай пайыммен негіздеп-дәйектей алмаса керек, сондықтан мен қазір сол шалдардың жорамалдарының шындықпен тек қызықты сәйкестік орайымен дәл келушілігін ғана атап отырмын». Астана етуді көздеген Ташкентті неге ала алмағандарын айтпады. Сондай-ақ, КирЦИК-тің 1924 жылғы екінші сессиясында Ташкентке балама нұсқа ретімен белгіленген Шымкентті, сөйтіп үкіметке астананы шұғыл түрде сонда ауыстыру жайында тапсырма берілген қарарды ауызға алмады. Шымкентке қалайша көшпегендерін ақпарат ретімен де қозғамады. Есесіне, жоғарыдан оқығанымыздай, Ақмешіт жайын дәйектеді.

КирЦИК (ҚазОАК)  төрағасы «Кирреспубликаны (Қазреспубликаны) құру тарихы» жайында  тағлымды деректер айтты: «Революциядан кейін қазақ халқы азамат соғысының аса төтенше күйзелтулеріне душар болды, сөйтіп Кирреспублика құрылысы 1919–20 жылдары түк жоқ дерлік бос жерде басталды. Содан міне, 5 жыл ішінде, артта қалудың, талқандалып, күйзелтілудің, стихиялық ашаршылық апаттарының айтып жеткізгісіз ауыр жағдайында, Қазақияның еңбекші бұқарасы дамылдамастан тасқа тас қалап, өз республикасын құрды.  ...Осы 5 жыл ішінде біз Қазақ Республикасының бекем іргетасын салып үлгердік деп батыл айтуға болады. ...Есеп беріп отырған кезеңдегі біздің республика өмірінің аса маңызды сәті – барлық қазақ жерін бір республикаға біріктіру  –  Қазақ Ұлттық  Республикасын рәсімдеу   болып табылады».

Осынау  Қазақ Ұлттық  Республикасының шаруашылық тыныс-тіршілігі жайындағы мәліметтер ойлантарлық-ақ. Ұлттық республиканың өнеркәсібі  алғашқы кезден-ақ сол ұлттық республиканың өзіне қызмет еткен жоқ. Бұл орайда Бесінші съездегі үкімет баяндамасында: «Бізде халық тұтынатын тауарлар жасайтын фабрикалар мен зауыттар жоқтың қасы. Біздің өнеркәсібіміз негізінен кен қазушылық сипатта – мұнай көздерін, тас көмір, тұз, метал кендерін және с.с. ашып өндіру. Біздің өнеркәсіп қалың халық бұқарасына қызмет көрсетпейді, сондықтан өнеркәсіптің дамуы тікелей күллі Кеңес Одағы өнеркәсібінің дамуына тәуелді», – деген мойындау жария болды. Соның алдында ғана өткен Қазөлкекомның Үшінші пленумында: «ҚКСР-дің кейбір кәсіпорындары одақтық мәнге ие болуға ұмтылуда», – деген де сыр ашылған-ды. Яғни республика өнеркәсібін өркендету ісі қазақ өкіметі мен республиканың негізгі халқына байланыссыз жүрді. Басқа сөзбен – орталық мүддесіне қызмет етті.  Кезінде патша үкіметі ұстанған «қазақ халқын емес, қазақ өлкесін көркейту» (П. Столыпин) ұраны «Қазақстанның экономикасын бүкіл одақ болып көтеріп жатырмыз» деген большевиктік «интернационалдық» саясаттың да түпқазығына айналғаны, Бесінші Кеңестер съезінде аян болғандай,  осы жылдарда-ақ айқындала бастады.

«Бұрын Түркістан және Түркістан түріктерінің ұлттық мүддесі Ресей мен орыс халқына тәуелді еді. Енді бүгін атамекеніміздің мүддесі кеңестік Ресейдің төңкерістік орталығына тәуелді, – деп жазды М. Шоқай. – 1916 жылы генерал Куропаткин: «Түркістандықтар өздерінің жергілікті және ұлттық мүдделерін Ресей және ұлы орыс халқының мүдделерімен бір қатарға қоя алмайды. Ресей ең алдымен орыстар үшін» деген еді.  Куропаткиннің осы сөзін Мәскеу большевиктері «қызыл бояумен» бояп, былай дейді: «Сіз өзіңіздің жергілікті және ұлттық мүдделеріңізді төңкеріс орталығының, яғни Ресейдің мүддесімен бір қатарға қоя алмайсыз. Орыс төңкерісшіл пролетариатының мүддесі бәрінен де жоғары...» Қазақстан өнеркәсібін дамытудың Қазақстан өкіметінсіз жүзеге асырыла бастауының түп себебі осында жатқан болатын.

 

3.

Дегенмен, 5-ші съезде ұлттық мемлекеттік үшін күрестің жеткен шыңы белгілі-бір дәрежеде қанағаттандықпен тиянақталғандай болды, сөйтіп, елдікті нығайта түсудің жаңа ахуалдағы басты бағыты айқындалды.

Патшалықтың  «қазақ далаларын көркейтуге» айрықша мән бергені сондай, қазақ жерін – қазақтарға уақытша берілген мемлекет меншігі деп жариялады. Сосын, шұрайлы жер-суының бәрін бесінші колоннасы іспетті орыс шаруалары мен әскери-билік тірегі сипатты казактарына  тартып әпергені белгілі. Монархияның құлауы, одан, ақыры, большевиктердің билікке әдемі ұрандармен килігуі – қазақты жер-су жайы  реттеліп қалар деп үміттендірген. Алайда, М. Шоқай айтқандай, «Столыпиннің «қазақтарды емес, қазақтардың тың жатқан жерлерін ойлау керек. Қазақстан жерлерін тек қазақтардың өздеріне ғана қалдыру Ресей үшін кешірілмес күнә болар еді» деген сөзінің екінші бір нұсқасынан»   айнымайтын, коммунистердің «жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» қажеттігін дәріптейтін пиғылы ондай үміттің өрісін қусырып ұстайтын-ды. Сондықтан да орыс төңкерісінің  қай-қайсысы да езілген халықтың қолына  теңдікті бірден мә деп ұстата қоймағаны 5-ші Кеңестер съезінде атап айтылды: «Революция қазақты азат етіп, жерге деген басқалармен тең құқығын жария етсе де... заңды жолмен берілген жері болмағандықтан... жерге деген хақын қай учаскеде жүзеге асырарын білмей, сенімсіздікпен ...қоныстанатын». 

Осы ахуалға байланысты, С. Меңдешевтің аузымен кеңестік қазақ үкіметінің жергілікті «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша – басқа халықтардың сырттан келіп қоныстануына жол бермеу» жайында шара алғаны Бесінші съезге хабарланды. Сонымен бірге, ҚАКСР үкіметі тарапынан орталыққа – РКФСР үкіметіне сол шарадан туындайтын өтініштер білдірілгені баяндалды: көшпенді және жартылай көшпенді халықты жалпымемлекеттік қаржымен, әрі бәріне жаппай учаске кесіп беру ретімен жерге орналастыру керек; осы тәртіппен жерге орналастырылып жатқан қазақ халқына – салық салу, несие беру, құрылыс материалдарымен, ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтау істерінде – алғашқы кезде түрлі жеңілдіктер жасау  жөн. Осылармен бірге, С. Меңдешев,  КирЦИК пен ХКК-нің (халкомкеңестің) ұсынысымен, БРОАК-тың ерекше ереже бекіткенін, енді, үкімет тапсырмасымен (Киркрайкомның Ақмешіт съезі алдындағы пленумында С. Қожанов та соны айтқан-ды)  наркомземнің он жылдық жоспар жасап жатқанын мәлімдеді.  

Ал Наркомземнің – республиканың жер жөніндегі халық комиссары Ғалиасқар Әлібековтің баяндамасында жер-су жайы кеңірек және жан-жақты талданды. Қазақ жағдайында бұл мәселенің маңызы қашаннан зор. Жаңаша өріс алған ұлттық мемлекеттік үшін күрес майданында  алатын орны  мүлдем айрықша. Сол себепті,  баяндаманы арнайы қарастырған дұрыс деп білеміз.

4.

Ең алдымен көзге түсетіні – баяндамашы проблеманың тарихи тамырын жүйелеп ашады. Ол қазақ өлкесінің отарлануында: а) өз еріктерімен қоныстануға орыс жерінен келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындар жасаған отарлау, бұл ХVI ғасырдан басталды; ә) орыс үкіметінің  сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген әскери-әкімшілік жолмен отарлауы, бұл ХVIІІ ғасырдан басталды; б) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан бері, орыс шаруаларын көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау  іспетті үш басты дәуір  болғанын айтады.

Орыс үкіметі шығысқа терең сұғынуды көздеген империалистік мақсаттарын жүзеге асыру үшін, қазақ даласына Орал, Орынбор, Ертіс желілері бойынша  ірі-ірі сенімді жасақтарын орнықтырды. Олар қазақтарды Жайық, Тобыл, Ертіс өзендері бойындағы үйреншікті ата қоныстарынан қуып, мал бағу шаруашылығының қалыпты жағдайын зорлықпен өзгертті.  Сондай әрекеттерімен қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан атакәсіп негіздерінен айырып, экономикалық дәулетін қатты ойсыратты.

Әсіресе отарлаудың үшінші кезеңі қатты залал  тигізді. Бұл шақта ішкі Ресейдің жер дағдарысын шешу мақсатымен, әрі «жабайылар жерін көркейту» үшін патшалық Қазақстанға лек-легімен переселендер көшін төккен еді. Осы орыс көші мүддесіне қазақтан тартып алынған жер көлемі 1916 жылға дейін 40.647.765 десятина болған-тын. Бұл мөлшер барлық шұрайлы, өмір сүруге қолайлы жерлер аумағынан асып кеткен-ді. Ал шұрайлы жерлер күллі қазақтық территорияның  бестен бірінен де аз мөлшерде-тін. Жер комиссариатының мәліметі бойынша – барлық жер аумағы 202.962.345 десятина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38.170.000 десятина еді.    

«Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы...  шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты  саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты.  Егер өткен ғасырдың 70-ші жылдары бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914–1915 жылдары переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25–26 басқа шейін төмендеді», – деп көрсетті наркомзем Ғ. Әлібеков. 

Жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы кеңес заңы  мен жерге орналастыру туралы ереже «азамат соғысы, ашаршылық, ҚКСР-де ешқандай қаржының болмауы жағдайында болымсыз ғана нәтиже берді». 

Бұл шағын нәтиже деректері мынандай: ел-жұрттың біраз бөлігі 1920 жылдан 1923 жылға дейін 215.178 дес. жерге орналастырылды. 1923 және 1924 жылдары жұмыс Жер Кодексі мен 1924 жылдың 17 сәуіріндегі Ереже бойынша жүргізілді де,  жобаларда және іс жүзінде мемлекет есебінен 2.512.609 дес., халық есебінен – 2.815.522 дес., барлығы – 5.543.309 десятина жерге орналастырылды. 

Жүргізілген іс шараларының ойдағыдай оң нәтиже бермеу себептері, халық комиссарының талдап көрсетуі бойынша, мынандай: а) қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасып жатыр; ә) отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі кетірілмеген; б) ең жақсы жерлерді переселендер басып алған, казак-орыс тұрғындары кең алқапты пайдалануда; в) жергілікті жерде жүргізіліп жатқан жұмыстар орталықта үйлестірілмеген, көбіне орталық жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп,  ең тәуір жерлерді бұрыннан тұратын переселендерге кесіп беру  жағында; г) жерге орналастыру хақында жүзеге асырылып жатқан шаралар – тұрғындардың  құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей етіп  оятуға жәрдемдеспеді.

Мал шаруашылығы Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп,  пайда табатындай дами  алу үшін – жер қатынастарын дұрыс реттеудің маңызы зор болмақ. Осы ретте халком Ғ. Әлібеков күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптерін баяндады. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатынын түсіндірді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: «қазіргі жұмыс істеп тұрған мал бағу және мал бағу-егін егу шаруашылықтарымен шұғылданатын қожалықтарға – өркендеуіне әрі экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау»  деп есептейтінін айтты.

Осы орайда Жер комиссариаты  орындалуы қажет шаралар ретінде мыналарды атады (олар съезд қарарымен заңдастырылды): а) жаппай жерге орналастыру аумағына барлық переселен учаскелерін қосу, бұл ретте олардың көш жолында жатқандарының қоныстанушыларға толған-толмағанына қарамау; ә) 1924 жылғы 17 сәуір Ережесінің күші жүрмейтін переселен учаскелерінде отырған тұрғындарды өз учаскелерінің 1917 жылға дейін белгіленген шегінде, қосымша жер кесіп бермей  орналастыру; б) сырттан көшіп келушілердің және ҚКСР-дегі ішкі қоныс аударушылардың «қазақтың пайдалануына жататын жақсы жерлерді және казак-орыс территориясын» өз беттерімен басып алуларынан сақтану үшін – өз беттерінше қоныстануды доғарту, 1922 жылғы 31 тамыздан кейін  өз бетімен  келгендерді жер-қожалық беру шараларымен қамтымау; в) ҚКСР-дің барлық аудандарындағы қазіргі кезде қолда бар, сондай-ақ  анықталған бос және артық жерлердің бәрін – 1924  жылғы 17 сәуір Ережесімен әрекет етуге жататын,  жерге орналастырудың біртұтас қоры деп есептеу.

Сосын баяндамашы осы қорды жоспарлы түрде пайдалану  реттерін баяндады. Сондай-ақ, межеленіп Кирресрубликаға (Қазақ Республикасына) қосылғанға  дейін Түркістан Республикасының Жер комиссариаты жұмыс жүргізген облыстарда бүгінде ВЦИК-тің Ерекше Комиссиясы әрекет етіп жүргенін, әрі оның мүлдем өзінше, Қазжерком жоспарымен үйлестірмей жұмыс жүргізуін жалғастырып отырғанын айтты. Қазақ Республикасы Жер комиссариатының  жерге орналастыру шараларын біртұтас жоспармен  және біртұтас аппаратпен іске асырмақ ниетіне, Қазақ Республикасы наркомының мойындауынша, «Ерекше комиссия тарапынан наразылық көрсетілуде, ал ондайды орынды деп санауға болмайды».  

 ҚКСР Жер жөніндегі халық комиссары Ғ. Әлібеков тым жұмсақ айтқан-ды, іс жүзінде  Бүкілресей Орталық Атқару Комитетінің  (БРОАК-ВЦИК) Ерекше комиссиясы қазақтың ұлттық мемлекеттігінің іргесін шайқалту шараларын қарастырып жүрген. Бұл ресейлік комиссияның Қазақстанға берілген облыстарда жұмыс істеу үшін құрылуының өзі Қазақ Республикасына одақтық мәртебе бермеу себептерінің біріне жарқын мысал. Негізгі мақсат –  қазағы көп аймақ  ретінде Түркреспубликадан Кирреспубликаға бөлініп қосылған облыстарда жерге орыстарды тездетіп орналастыру-тын.  1920 жылы Түркмайдан Саяси бөлімінің уәкілі Д. Фурмановтың Қытайдан Жетісуға оралған босқын қазақтарды өз жеріне қайта қоныстандыруға – ол жерлерге шаруалар егін егіп қойған деген желеумен кедергі келтіргеніндей, енді сол өңірде орыс автономиясын ұйымдастыру арқылы, қазақтың дербес ел болуына орталықтың тосқауыл қою болатын.

БРОАК  Ерекше комиссиясының  Жетісуда орыс автономиясын құру жоспары қағаз жүзінде қалды. Бірақ, күні бүгінге дейін сол жоспар ғылымда тиісті дәрежеде қарастырылған жоқ (мұны проф. М.Қ. Қойгелдиевтің әділ атап көрсеткенін айту керек).  Дегенмен қолда бар аз мәліметпен-ақ алғашқы  қорытындыны жасай беруге болады. М.И. Калинин сынды «Бүкілодақтық ақсақалдың» өзі мұрындық болған сол шаруаның жалпыимпериялық тұрғыда орыс мүддесі үшін ойластырылғаны айқын.

Елді Сталин басқарып отырды, ал ол «әлемдік социалистік революция идеясын Ресей империализмінің дәстүрлері мен орыстардың ұлттық мүддесіне бейімдеу» (З. Валиди) ниетінде-тін. Оны құпия полиция өрмегімен тиянақталып-қамтамасыз етілген шебер саясаткерлігімен жүзеге асыру жолына, 1923 жылғы ұлт қызметкерлерімен өткізілген Төртінші кеңесте, алдын-ала тұтқынға алынған көрнекті татар коммунисі Мирсаид Сұлтанғалиевтің   «ісін» талқылатып,  үлгі боларлық сабақ етіп өткізу арқылы,   біржолата түскен-ді.

Алайда Қазақстан саяси басшылығы БК(б)П-ның «дана жетекшілігіне» сенетін. Сол себепті, Бесінші құрылтай қызу талқылап, бірауыздан қабылдаған қарарлардың өмірге енгізілуіне «аға өкіметтің кедергі жасауына көндіге алмады. Орталықтың «іні» өкіметтен халықты жерге орналастыру тәртібі жөніндегі өз шешіміне өзі өзгерту енгізуін талап етуін – уақытша түсінбеушілік тәрізді ұқты. Рұқсатын төзімділікпен тосты.

Бұл жайында, аталмыш құрылтайдан төрт айдай өткенде өмірге келген мына бір саяси қаулы сыр шертеді. Жерге орналастыру мәселесі БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 1925 жылғы 12 тамызда өткен Бюросында талқыланды. Өлкекомның екінші хатшысы С. Қожанов «Жерге орналастыру туралы» арнайы баяндама жасады. Бесінші Бүкілқазақ съезі қарарларының жерге орналастыру жұмыстарына қатысты бөлігі орындалмай жатқанына алаңдаушылық білдірілді. Сосын, оның  баяндамасы бойынша бюрода мынандай қаулы қабылданды: «а) Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жаппай жерге орналастыру жөніндегі  перспективалық жоспары бекітілгенге шейін 5-ші Күлліқазақтық Кеңестер съезі мен ҚазОАК қабылдаған жер мәселесі бойынша шешімдерге ешқандай алып тастау, түзету және толықтырулар енгізілмесін; б) Атап айтқанда, өз бетінше көшіп келген қоныс аударушыларға байланысты 5-ші Күлліқазақтық Кеңестер съезі белгілеген мерзім – 1922 жылғы 31 тамыз сақталсын. 1922 жылғы 31 тамыздан кейін келген барлық өз беттерімен қоныс аударушылар ҚКСР-дің барша аумағында жерге орналастырылмайтын болсын; в) ҚКСР-дегі  жерге орналастырумен шұғылданатын барлық мекемелерді бір органға – Қазақ жерхалкоматының (Казнаркомзем) Жерге орналастыру басқармасына мейлінше шапшаң бағындыру туралы мәселені БРОАК алдына үзілді-кесілді қою ҚазОАК-ке ұсынылсын».

Бесінші құрылтай тұжырымдаған ұлттық-мемлекеттік мүддені қорғауға бағытталған бұл шешім де орындалған жоқ.

5.

1925 жылғы қыркүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік ұйымын басқаруға Ф.И. Голощекин жіберілді. Қазөлкеком басшылығының Бесінші құрылтайдан кейін ауыстырылуында, әрі бірінші басшының Орталықтан келуінде мән бар. Өйткені Қазақстан Кеңестерінің Бесінші құрылтайында ұлт қайраткерлері қазақтың мемлекеттік мүдделерін еркін көтеріп, елеулі шешімдер шығартқан-ды. Оң-солын танитын, зерделі, ірі саяси қызметкерлер екендіктерін, мемлекетті өздері басқаруға қауқарлы екендіктерін көрсеткен. Алайда, соған қарамастан, жетекші сырттан әкелінді. Демек, тарихи Бесінші съезд табиғаты орталыққа ұнаған жоқ. Бұған оның жергілікті халықты бірінші кезекте жерге орналастыру жайындағы маңызды шешімдерінің орындалмауы дәлел. Әрі, жіберген басшысы – патша отбасын өлтіру сынды құпия тапсырма орындауымен даңқы шыққан, шаш ал десе бас алатын кәнігі большевик болып шықты. Бұл екі арада астыртын байланыс болғаны күмәнсіз.  

Әйтсе де, патша заманынан өзекті  жер-су  мәселесін қайткенде шешу үмітін үзбестен, қазақ саясаткерлері Ф. Голощекин өткізген үлкен партия форумында да ұлттық мемлекеттіліктің осынау түйінді шартын батыл да дәйекті қорғады. Тиісті, заңды қарар қабылдатты. Бірақ большевизмнің қитұрқылығы алуан қырлы, соның бірі – ұнатпаған ісін сиырқұйымшақтатып созып барып құрдымға кетіру.  Ал Ф. Голощекин ондай тәсілді жете меңгерген. Ол қазақтың ұлттық мемлекеттігінің жер-су орайындағы көрінісіне қарсылығын бірден сездірмей, бірақ, большевиктік қулықпен, өз дегенін тез-ақ жүзеге асырды.

1925 жылғы 1–7 желтоқсанда өткен БК(б)П Қазақ өлкелік ұйымының 5-ші конференциясы өткен белесті «тарихқа қазақ жерін жинау кезеңі және қазақ мемлекеттілігін ұйымдастыру саласындағы алғашқы қадамдар ретінде кіреді» деп атады. Сосын «жерге орналастыру саласында – бірінші кезекте тұрғылықты халыққа, әсіресе отырықшылыққа ауыса бастаған көшпенділерге қатысты міндет қою керек. Сонымен бір мезгілде ұлттық азшылықтың отырықшы еңбекшіл шаруа  тұрғындарының, әсіресе оның кедей және орташа бөлігінің  тілектері назардан шығарылмасын», – деген қаулы алды. Жеткілікті дәрежеде әділ, басқа халықтың да мүддесін кемсітпейтін осы қаулы Голощекиннің большевиктік айла-амалы салдарынан   орындаусыз қалды. Ал бертінгі партия шежірешілері оны – 5-ші өлкелік партия конференциясы «жерге орналастыру ісін ұлтына қарай кезектестіріп жүргізу керек деген қате қаулы алды», – деп, ашықтан ашық бұрмалай  бағалады.

«Қазақстанның барлық партиялық-мемлекеттік механизмін басқаруға Москва қойған Голощекиннің»   осы орайдағы бір ісін кеңес баспасөзі негізінде, алыс Францияда отырған М. Шоқай былай түсіндірді: «Қазақстан ЦИК-і өзінің көпшілігі қазақ боп табылатын «басшылығымен» 1926 жылы мынандай шешім шығарды: Қазақстанға 1925 жылғы 31 тамыздан кейін өз бетімен көшіп келген орыстар жерге орналастыру кезінде, осы шешімге сәйкес, жер алу құқынан айрылатын. Олар не кері оралуға тиіс, немесе жерді жалға алу хақына разы болуы керек-тін. Бұл ретте олар жерді Қазақстан үкіметінің өзінен жалға алу керек еді, сөйтіп осындай ретте құдды «жекеменшік-капиталистік қанау» мүмкіндігіне орын қалмайтын-ды. ЦИК шешімі Қазақстанның 5-ші партиялық конференциясының, яғни республиканың жоғарғы заң жасаушы органының директиваларына негізделген болатын.

Голощекинге бұл шешім ұнамады. Бірақ, деп мойындайды Голощекин, «егер мен қарсы шыға қалсам, онда бір де бір қазақ дауысын ала алмаған болар едім». Енді сөзді Голощекиннің өзіне берейік: «Мен аздап қулық жасадым да, комиссия құру керек дедім. Келісті. Бірақ комиссия мәжілісіне барар алдында Әлібеков жолдасты, басқаларды шақырып алдым да, не мәселе екенін түсіндірулерін сұрадым. Мынандай жәйт анықталды: ЦИК-тің (өз бетімен көшіп келгендер жөніндегі) шешімін орындау барысында орыстардың 40–50 мың отбасына не кері көшуге, немесе жерді жалдап алуға тура келеді екен... Сосын, комиссия мәжілісіне келіп, мен былай мәлімдедім: «Жолдастар, бұларың өтпейді. Орыстардың 200 мың адамын кері көшіріп жіберерліктей – сендердің қарулы күштерің бар ма? Олардың қайтадан өз орындарына қайтарылу шығынын көтеретіндей – сендердің ақшалай қаржыларың бар ма?»

Голощекинге «қазақ еңбекшілері тағдырларының жетекшілері» қалай жауап берді дейсіз ғой? Голощекин арсыздықпен: «Олар ұялды... Менің дәйектеріммен келісті... Ұнамсыз шешімнің күшін жойды...» – деп әңгімелейді».

Ф. Голощекин Бесінші партконференцияның жоғарыда мәтіні келтірілген, тарихи әділдігі күмәнсіз, республикадағы басқа ұлт өкілдерін кемсітпейтін шешімін орындалмаған қалпы қалдырды. Ақыры Алтыншы конференцияда жаңа қарармен бұзды. Ол жайлы М. Шоқай жасаған талдауға молырақ көңіл бөлуіміз – Еуропадағы саяси эмигрант-қайраткердің дер кезінде, сол шақта қолына түскен газет материалы негізінде, сыни көзқарасын дәл тұжырымдай алғандығын атау қажеттігінен туып отыр.

Сол да, одан да басқа саясаткерлер пікірлері де, ең бастысы, құжаттардың түпнұсқалары қолдарында бола тұра, өздеріне қажеттерін тарихи контекстен жұлмалап бөліп алып, өздерінше теріс мән беру, бұрмалап түсіндіру – өкінішке қарай, партия тарихшыларының үйреншікті әдеті болғанына осы орайда тағы бір назар аудару ләзім: «Күн тәртібіндегі мәселелердің бәрін партия саясаты рухында шешкен конференция, – деп жазды, мәселен, тоқырау заманының кеңестік ғалымдары «Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очерктерінде», – бірақ, жерге орналастыруды ұлттық белгі бойынша кезектестіру туралы қателігі аса терең, лениндік ұлт саясаты принциптеріне және жерге орналастырудағы таптық көзқарасқа қайшы нұсқауды қабылдады...»

Осы қорытындыны сол 5-ші конференциядан кейін әлденеше ондаған жылдар өткен бергі заманда-ақ жасап отырған Қазақстанның партия тарихы институты ғалымдардың мына шындықты білмеуі мүмкін емес:  «Қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және кеңес үкіметінің күллі арсыздығын түсіну үшін мынаны білу керек – патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 млн. десятина шамасындағы ең жақсы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынған болатын, соған байланысты кеңес үкіметі ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан былай деп уәде берген: құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді...» Алайда БК(б)П Орталық Комитеті өз эмиссары Голощекиннің қолымен ондай  уәденің баршасын тәрк етті.  Республиканың саяси басшылығы Қазаткомның жоғарыда аталған шешімін Ф. Голощекин айтқандай «ұялғанынан» өзгертті дей алмаған болар едік. «Жоқ, – дейді М. Шоқай да, – «қазақ еңбекшілерінің жетекшілерін» «ар-ұят» емес, қорқыныш биледі, өйткені оларда Голощекин айтқан басты аргумент: өзінің ұлттық қарулы күші жоқ болатын, ол әлі де жоқ...»   

Әділет тұрғысынан айту керек – ұлттық мемлекеттік құрылым тетіктерінің бірі – республиканың қарулы күшін  жасақтаудағы бірлі-жарым рабайсыз қадам Бесінші съезде сөз болған-ды.

Істелген аз шаруаның  биік мағынасын салыстырмалы түрде таныту мақсатында – тарихқа шолу жасалған: «Патша үкіметінің қазақтарды әскери қызметке шақырмағаны баршаға белгілі, – деді С. Меңдешев үкімет жұмысы туралы есебінде, – бірақ бұдан патша үкіметі қазақтарды қауіп-қатерге ұшыратқысы келмеді деп ойламау керек, ол қазақтарды қаруландырудан қорықты, содан, патша уақытында қазақтарды әскерге шақыру мәселесі көтерілген шақтың бәрінде,  қазақтарды әскери қызметке алуға қарсылар әрдайым:  егер қазақтың жас бұқарасын қаруландырар болсақ, ол қарудың кімге қарсы бағытталары белгісіз болар дейтін. Патша үкіметі... қазақтарды отар құлдары санатында ұстауға тырысатын».

Одан баяндамашы «ұлттық әскери құрамалар туралы» сөзін қазақтардың Қызыл Армия қатарына азын-аулақ өз еріктерімен кірген сәттері болғандығымен сабақтады. Бірақ «Алашорда» Халық Кеңесі құрған іс жүзіндегі ұлттық құрамалар жайында жұмған аузын ашпады. Ол, әрине, мүмкін емес те жәйт еді. Себебі, «Алаштың Ойылдағы атты полкы» туының 5-ші съезд сахнасына ілінуін (мұны әйгілі «Өмір мектебінде» С. Мұқанов куәландырады) аңғарып қалған қазақ большевиктері құрылтай ашылардың алдында  үлкен дүрбелең туғызған. Содан да болар, тек «қазақ ұлттық бөлімшелерінің Кеңес Одағы қарулы күштері құрылысының жалпы жүйесіне кіретінін» айтты. Сосын «18-ші жаяу әскер командалық құрамының мектебі өзгертіліп, Қызыл Армияның командалық құрамының КирЦИК атындағы 8-ші ұлттық  мектебі» болғанын, оған 119 жас қазақ қабылданғанын, қазақ бөлімшелерін одан әрі де құра беру жөніндегі жұмыс жалғаса беретінін баян етті.

Бұл, жалпы Қызыл Армия құрылымы ішіндегі дербестігі жоқ  әскери оқу орыны, шынында, болымсыз нәрсе еді. Голощекиннің оны шыбын шаққан құрлы көрмейтіні анық-тын. Сондықтан да М. Шоқайдың: «Қазақстандағы жер мәселесі «пролетар мемлекетінің» жоғарғы органдарының... тілегімен емес, «қарулы күшпен» қорқыту арқылы шешіледі... Голощекиннің сөздерін шұқшиып оқыңыз  да айтыңыз: қазақ еңбекшілерінің тағдыры кімнің қолында? Арифметикалық саны көптің қолында ма, әлде пиғылын Мәскеу үкіметінің «қарулы күштерімен» дәйектейтін жалғыз Голощекиннің қолында ма?» – дегендері қазақ қасіретінің түп-тамырын, Қазақстан саяси басшылығы еркінің мүмкіндігі   өте-мөте шектеулілігін танытады.

Дегенмен, ұлттық мемлекеттік үшін күрес бағытынан қазақ қайраткерлері халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірінің соңғы жылында, яғни  1925 жылғы Ф. Голощекин билікке келген кезде, бірден тая қойған жоқ.   Ұлттық мүддені күйттеген күрестің тағы бірер әлсіз серпілістері Орталық   эмиссары алдында да көрініс берді. 

Қазөлкекомның 1925 жылғы  19 қазандағы Бюросында  Қазақ Республикасы территориясынан Орынбор губерниясын бөлудің нақты жұмысы қаралды. Қызу талқылау үстінде бюро мүшелері ВЦИК комиссиясында жұмыс істеп қайтқан Өлкеком жауапты хатшысы Филипп Голощекин мен бюро мүшесі Смағұл Садуақасовтың іс нәтижелеріне наразылықтарын жасырмады. Сонда Қожанов, табанды түрде талап етуі нәтижесінде, өз пікірін «Айрықша қабылдатып», хаттамаға қоса тіркетті. Сол ерекше пікір мәтінімен танысайық:

«Қожанов жолдастың ұсынысы.  ҚКСР-дің барлық шет аймақтарында байқалып отырған, ұлттық азшылық (орыс, өзбек және басқалар) тарапынан бөлінуге ұмтылу қозғалыстары шығуына және осы қозғалыстың экономикалық мәні жөнінен маңызы әртүрлі қалаларды қамтуына байланысты,  сондай-ақ олардың талаптарын мәселенің артын ойламастан байқамай қанағаттандырудың – ҚКСР-дің барлық  ұйыстырушы-экономикалық орталықтарынан айрылуына, әрі Қазақстанның өзінің мемлекеттік бірлік ретінде іс жүзінде тарауына әкеп соғуы ықтималдығын ескере отырып, Орталық Комитеттен мынаны ескеру сұралсын: Орынбор губерниясымен шекара мәселесі және басқа аудандардағы ұлттық азшылықты бөліп шығару мүмкіндігі, ең бастысы, ҚКСР-дің ұлттық республика ретінде мемлекеттік сипатпен өмір сүруін бекем қамтамасыз ету  тұрғысынан қаралатын болсын».

Осындағы пайымдар, билік назарын ұлттық мемлекеттіліктің басты шартына нұсқауымен,  бүгін де назар аударарлық.

6.

1925 жылғы  6 қаңтарда Компартияның Киробком бюросы ҚКСР-дің Өзбекстандағы өкілі етіп Санжар Аспандиаровты, оның орынбасары лауазымына Темірбек Жүргеновті ұсынған болатын. Бірі кезінде Түркістан Республикасының көрнекті партия және мемлекет қайраткері болған, екіншісі бұдан бұрын сол Түркреспубликадағы Қазақ Республикасының өкілі болып істеген осы екі азамат Өкілдік қызметін жаңа жағдайда жолға қоюда едәуір еңбек сіңірді. Ақыры, сол жылғы 30 қарашада өткен Қазөлкеком бюросында, Т. Жүргенов Қазақ Республикасының Орта Азиядағы өкілдігі атынан баяндама жасап, экономикалық межелену нәтижелерін әңгімеледі. Сосын, жіктеу жүргізілгеннен кейін Қазақстан шекарасынан тыс қалған ортаазиялық қазақтар жөніне тоқталды.

Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтардың көбі Өзбекстан шегінде тұратын. Өкілдіктің өз тарапынан жүргізген статистикалық есептері бойынша: «Заравшан облысында 200 мыңдай және Ташкент облысында да 200 мыңдай қазақ бар. Заравшан облысындағылар – көшпенділер, ал Ташкент облысындағы қазақтар – отырықшы-жер өңдеушілер, өзбектермен бірдей интенсивті шаруашылық жүргізіп, егіншілікпен шұғылданады». Ташкент облысындағы қазақ қожалықтарының экономикалық үлес салмағын Өкілдік  Заравшан облысындағы қазақ қожалықтарының экономикалық  салмағынан гөрі құндырақ әрі жоғары деп есептейді.

«Заравшан облысында біздің қатысуымызбен автономиялық қазақ ауданы құрылды, – деп хабарлады Т. Жүргенов. – Ал Ташкент облысындағы қазақтардың құқықтық ахуалына келсек, оның (қазақ қожалықтарының экономикалық үлес салмағы елеулі бола тұра) дұрыс жағдайда емес екенін айтуға тиіспіз».

Сосын Орта Азия республикаларында тұратын қазақтардың өз тіршіліктерінде бой көрсеткен әр мәселе бойынша ҚКСР Өкілдігіне жүгіріп келуді әдетке айналдырғанын әңгімеледі. Соларын олар әлі жалғастыруда. Қызылордаға да барып жүр. Өздері үшін қолайсыз  әртүрлі жағдайдан қорғану үшін солай етеді. Экономикалық және территориялық жіктеу өтсе де, сөйтіп олар бұрынғыдай, өмір сүріп тұрған күйі, өзге республика территориясында қалып қалса да, солай етуде. Өйткені ол жақтардағы қазақтарда күні бүгінге дейін  мынандай өзгермейтін ой бар: ұлты қазақ екен, демек олар Қазақ Республикасының азаматы.

Бұл мәселеге өзбектер де солай қарайды. Өкілдіктің ойынша, осы мәселені реттеудің ең жақсы жолы ретінде – Өзбек КСР Ташкент үйезінің қазақтарын жеке әкімшілік единицаға бөлу дұрыс болар еді. Осы есеп беріп отырған кезеңде, яғни 1925 жыл бойына  Өкілдік араласып шешкен шаруа – қазақтардың өздері өмір сүріп жатқан  үйездеріндегі Өзбекстанның кеңес және партия органдарына пропорциялы түрде өкілдерін жіберулеріне мүмкіндік берілуі.

Қазақ Республикасы территориясында тұратын өзбектер туралы Жоспарлау комитетінің бастығы Абылай Серғазиев әңгімеледі, оларды экономикалық-аумақтық дербес единицаға бөлудің мүмкіндігі жоқтығын айтты. «Біздің территориядағы өзбектер шашыраңқы, – деді ол. – Мәселен, Әулие-Ата, Түркістан, және Шымкент  аудандарының бір бөліктерінде шашырап, қазақ бұқарасының ара-арасына тамшылап себілген сықылды боп жатыр. Сондықтан оларды аумақтық және экономикалық тұрғыда біріктіру – іс жүзінде қиын».

Түркреспубликада жауапты қызметтер атқарған, ондағы жағдайды жақсы білетін, әрі Өкілдік міндеттерін жүзеге асыруға қатысқан А. Серғазиев одан әрі, Бюро мүшелері алдында  Орта Азиядағы  қазақтардың шоғыр-шоғыр боп тұрып жатқан  бұқаралық топ екенін дәлелдеп айтты. Олар бір-бірімен тығыз байланысқан жағдайда өмір сүруде. Өзбек бұқарасы ішінде тарыдай шашылып жатқан жоқ. Солай дей келе, межелеу науқаны салдарынан Өзбекстан аумағында ата қоныс, жер-суымен бірге бөлініп қалып қалған қандастар жайын, Т. Жүргеновтің айтқандарына қосымша дәлел ретінде, былай сабақтады: «Қазақтар тұтастанып, орталыққа қарай сынаша сұғына қоныс тепкен. Әрі іс жүзінде Ташкент қаласын қоршап жатыр. Егер осы мәселеге ұлттық нышан тұрғысынан келсек, қала түбіндегі ауданның 70 мың халқы тек отырықшы боп отырған қазақтардан тұратынын көреміз. Және екінші жағынан, Ташкент  маңында 120 мың көшпенді қазақ бар. Барлығы бір ауданда 200 мыңдай қазақ  тұр. Сосын олармен қатар біздің қырғыздар мен қазаққа туыс құрамалар тұрады, олар өздерін біздің кейбір жауапты қызметкерлердің үгітімен өзбекпіз деп атаған. Қалай еткендерін, олар қырғыздардың бір бөлігін де өзбек деп жазғызды».

Большевиктер Орта Азияны жіктеу үшін қолдап туғызған ұлтшылдықты өзбек белсенділері  өз тайпаластарының мөлшерін жасанды түрде өсіруге ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, тар ұлтшылдыққа ұрынып, басқа түркі туыстарының да тең дәрежеде дамуына септесуді ойлай қоймады. Сол мәселе, міне, ресми түрде Өлкекомның жаңа басшысы, Орталық Комитеттің сенімді өкілі Ф. Голощекиннің алдында қозғалды. Іс жүзінде қазақтардың тарихи атамекені бөлшектенгеніне нұсқалды. Осы уақытқа дейін Қазақ өкіметінің Өзбекстандағы Өкілдігі қолынан келгенше назар аударып келеді: «Бұхарада  көшпенді қазақтар бір аумақта шоғырланып тұрады. Өкілдік оларды дербес ауданға ұйымдастырып-біріктіруге қол жеткізе алды». Алдағы кезде «Ташкент облысында ұлттық белгісі бойынша екі дербес үйезді жеке әкімшілік бірлікке бөліп, тікелей Ташкент облаткомына  бағындыруға болар еді». Ал бұған Қазақстан басшылығының қамқорлығы қажет.

Алайда бұл ұсыныстардың бәрі Орталық эмиссарының назарына ілікпеді. Оның мәселені шеше қояйыншы деген құлшынысын тудыра алмады. Қазақстанда қалауынша әрекет етуіне Орталық Комитет тарапынан пұрсат алған большевик Голощекин ұлттық қайраткерлермен санасуды қаперіне де алмаған деп санауға толық негіз бар. Ол қазақ қызметкерлерінің ұлттық мемлекеттілік үшін күресін өз мәнінде елеген  емес. Қайта, есебін тауып, оған теріс сипат беріп жүрді. Өзі келерден бірнеше ай ғана бұрын өткен Қазақстан Кеңестерінің 5-ші Күлліқазақ съезі қарарларын орындау қажеттігін ешқашан көтерген жоқ. Керісінше, съезд қабылдаған жерге орналастыру хақындағы аса маңызды шешімді көпе-көрнеу жойғызумен шұғылданды.

7.

 

Дегенмен орталықтағы  партия-кеңес билігі мен оның эмиссары Голощекин қазақ жері мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаған тұңғыш құрылтайдың тәуелсіз ел мүддесін көздейтін көп шешімінің ішінен біреуін мойындады. Ол шын мәніндегі тарихи шешім  болатын. Тарихи шешім ретінде құнын ешқашан жоймайтын құжат. Қабылдануы Сұлтанбек Қожанов есімімен тығыз байланысты  сол қаулы өмірге төмендегідей жолмен келген еді...  

Қазақ Өлкекомының екінші хатшысы, съезд делегаты С. Қожановтың  Бесінші құрылтайдағы тарихи ұсыныстары қалай туғанын кеңестік құпия полиция жүргізген тергеу матералдары сыр шертеді:  «Съезд аяқталуға тақалған, – деп көрсетті Ұлт театрының негізін салып, тұңғыш жетекшісі болған Дінмұхамед Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылдың соңында берген жауаптарында. –  Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты, оның  атын өзгерту мәселесі көтерілді. Ат ойластыра бастадық. Қызылорда деген атауды әуелі Қожықов (Қоңырқожа Қожықов, 1917 жылғы Түркістан-Қоқан   автономиясы қайраткерлерінің бірі, сол шақтағы кеңес қызметкері, байырғы ағартушы, тарихшы-ғалым – Б.Қ.) ойлап тапты... қос есім, екі жақты да қанағаттандырады деді. «Қызыл»... большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Осылай атағанда екі жақтан да талас тумауға керек». Бұндай дәйектемеге бәріміз келістік... Содан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік. Қожанов президиумға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз (Қырғыз) Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақмешіт қаласының атын Қызылордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

Бесінші съездің стенографиялық есебіне қарағанда, Сұлтанбек Қожанов шынында да ұсыныстарын «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен. Құрылтай тиісті органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, төралқа ұсынысы бойынша, Қазақияның барлық еңбекшілеріне съездің үндеуін қабылдамақ болады. Төрағалық етуші үндеу мәтінін оқып шығады. Делегаттар оны қызу қол шапалақтап қуаттайды. Осы кезде Қожанов сөз алады да былай дейді:

«Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздер өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан қазақ деп аталатын.  Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады. Енді қазақ – «қазақ» деген сөздің орысшасы «киргиз» болар деп ойлайды.  Декларацияда «Киргиз Республикасы» деп айтылған, ал Тоқжігітов жолдас оны оқығанында «Қазақ Республикасы» деп атады, яғни бұл – аударма. Бұл ескіліктің қалдығы екенін білетіндігімізден, мұны зерттеу керек.  Бәлкім тәржімашылар,  отаршыл  күштерге жағынып, қазақтарды  осылай атаған болар. (Зал күліп жібереді). 

Айтпақшы тағы – киргизді (яғни нағыз қырғызды) қара-киргиз (қара-қырғыз) деп те атайды. Бірақ бұл қара-киргиз емес, оларды орыстар солай атаған. Біз жәй ғана қазақтармыз, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз  деп атаған. Енді, болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек.

Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын». 

Ұсыныс қол шапалақтаумен қарсы алынды. Қолшапалақ дыбысы басылғанда, құрылтай төрағасы алдымен Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – Съездің үндеуін дауысқа қояды. Үндеу бір ауыздан қабылданады. Сосын: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік  Кеңестік Республикасы деп  қайта ат қою», – дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жібереді. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныстың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын», – дейді де, төрағалық етуші келесі мәселеге көшеді. «Қазақ ССР-інің орталығын  Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты, кезінде республика ЦИК-і Ақмешіт қаласында Ленин жолдас атындағы халық үйін салу туралы шешім қабылдаған еді», – дей келіп, соған байланысты атқарылмақ жұмыстарды жария етті. «Осы үйдің құрылысына бір кірпіш қаламаған бір де бір еңбекші болмауға тиіс», –  деген ойымен бірге съездің төралқасы атынан тиісті ұсыныс білдірді. 

Сол қабылданып болысымен,  С. Қожанов тағы да сөз алды.  Өз ұсынысын айту үшін.  «Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп бастады ол жаңа ұсыныс білдірер сөзін. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының  жаңа орталығы Ақмешітте өтуі  де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр.

Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз.  Мен  орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын». 

Қызу қол шапалақтаудан кейін «Қожанов жолдастың ұсынысы бірауыздан қабылданады». 

Сонымен, барлық құжаттарда «Киргизия» (біз оның сол аталу рухын сақтау үшін Қазақия деген балама қолдануды жөн көреміз) дейтін ел бұдан былай  «Қазақстан» деп аталатын болды. «Киргиз» делініп келген халықтың дұрыс  атауы да өзіне қайтарылды. Әдетте оны қазақ тіліндегі тарихи әдебиетте «қырғыз» деп атап-жазып жүргенмен, біз мұның соншалықты дұрыс болмайтынын ескеріп, түп мағынасын сақтауды қаладық та, мақаламызда орысша аталуын қалдырып отырдық. Әрі сол Бесінші құрылтайға дейінгі мезгілде де қатынас қағаздарының орысша кеңселік жазуларының төменгі жағына бұлар араб әрпімен мүлдем қазақша жазылатын-ды. Мәселен «К.С.С.Р. (Киргизская Советская Социалистическая Республика) Российской Федерации... – деп басталатын 1924 жылғы кеңсе бланкінің қазақшасы сол маңдайша-жарнама астына араб әрпімен былай: «Русия құрамасы  Тегістік негізде құрылған Кеңестік Қазағыстан республикасының...» – деп жазылған. Міне осы «киргиз» деген бұрмалау бұдан бұлай  дұрысталып, «қазақ»  деген тарихи дұрыс атаумен  алмастырылды. Және аталған тарихи аталымдардың өз иесіне қайтарылуын заңдастыру Үлкен Қазақстанның өкілдік жиналысына жүзеге асырылды.  Тұңғыш рет ресми түрде осынау Бесінші  құрылтайда ұсынылып, бір ауыздан қабылданды. Қазақ Елінің біртұтастануын көрсеткен, мемлекетінің «Ұлттық Республика» ретінде рәсімделуін атап өткен Кеңестердің Бесінші съезі  – Қазақ Республикасы ғұмырындағы «күрт бетбұрыс» санатында бағаланатыны және оның «Бірінші Съезд» болып есептелетіні тұтас еліміздің шартарабынан жиналған делегаттардың қатысуымен өткен сол құрылтайдың өзінде ауызға алынды.

Бесінші Кеңестер съезі барлық Қазақстан еңбекшілеріне Үндеуінде былай деп атап көрсетті: «Кеңестердің 5-ші Бүкілқазақ съезі – ҚАКСР еңбекшілері тарихына Қазақстан еңбекшілері тұратын облыстардың бәрін жинау кезеңін аяқтаған және ҚАКСР-дің ұлттық-мемлекеттік рәсімделуі қорытылған бірінші съезд ретінде енеді».  

Алайда сонау әділ де дәл тарихи баға ізінше ұмыттырылды, бүгінгі әдебиет оған соншалықты зор мән бермейді. Мәселен, көп томдық «Қазақ ССР тарихы» 5-ші съездің  халық атын түзеп, республика мен астана атауларын өзгерткенін, соған байланысты БРОАК-тің съезд шешімін бекіткенін ғана хабарлайды. Бұл сараң хабар мемлекеттік тәуелсіздік дәуірінде шыққан «Қазақстан тарихы» беттерінде де өзгеріссіз қалды. Ал бұл құрылтай – Қазақстан саяси басшылығының ұлттық мемлекеттілік үшін күресінің жемісі, Ресей Компартиясының Орталық Комитеті мүмкіндік  берген ауқымда  шыға алған ең биік шыңының көрінісі болатын.

Сол тарихи құрылтайдан кейін-ақ республикамыздың саяси басшылығы арасындағы ала-құлалық арта түседі. Ұлттық мемлекеттік үшін күрес басты бағытынан адасып, жеткен шыңынан төмен сырғи бастайды. Осынау әділетті күрестің қозғаушы күші болуға тиіс азаматтар БК(б)П-ның «большевиктік рухтағы» тәрбиесі салдарынан, бағдарын жоғалтады.  Таптық көзқарасты игерулерімен бірге,  ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізу жолында жүргізілетін күрес майданын тастайды. Большевизм тұрғысынан биіктеп, ұлт мүддесі тұрғысынан азғындайды. Оған, әрине, шешуші әсерін республиканы билеуші Голощекин тигізеді.

 Жоғарыда көрсетілгендей, делегаттар «Киргиз Республикасын  – Қазақ Социалистік Советтік Республикасы» деп, яғни «Автономиялық» деген айқындауышты қоспай атауға дауыс бергенмен,  мазмұны «Ресей құрамасындағы» автономия екеніне ешкім күдіктенбейтін. Қорытынды сөзінде Қазаткомның жаңа төрағасы Жалау Мыңбаев: «Автономияны біз Ресей пролетариатының жәрдемімен және басшылығы арқасында жеңіп алдық», – деді. Одақтық республика болу үшін, Ж. Мыңбаев сөзінен аңғарылатындай, әлі де сол көмекті  пайдалана отырып, алдымен  «нағыз автономия жасау керек». Яғни қазақ еңбекшілерінің әл-ауқатын арттыру, саяси, экономикалық, мәдени жағдайын жақсарту жолында алда талай-талай жұмыстар атқарылуға тиіс болатын.

Алайда, Ресей Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақстанға ұдайы жасап тұрған кадр жөніндегі «қамқорлығы» салдарынан бірінші басшылыққа келген Ф.И. Голощекин мұнда жаңа отаршылдық тұрғыда ғана сыпаттала алатын тарихи тәжірибелерді емін-еркін жасады. Ұлттың бетке ұстарларын да, өзін де  аздырды.  Сталиннің аузынан  әзірге шыға қоймаған «Бәрін кадрлар  шешеді» қағидасын большевиктік түйсігімен сезініп, кадрмен жұмысқа зор сенім артты. Кадрлардың сана-сезім, түйсіктерін «қырнап, тегістеп» («нивелировка жасап»), тек қана партияның шешімдерін, оның ішінде өзінің айтқандарын бұлжытпай орындайтын қызметкерлер буынын қалыптастыруға бірінші кезекте назар аударды. Қалған жұмыстың бәрі соларға – «ұлтшылдармен» ымырасыз күресетін тапшыл, большевик, нағыз солшыл кадрларға тәуелді еді.

Тарих көрсеткендей, «орыс пролетариатының жәрдемі және басшылығы арқасында» құрылу үстіндегі «нағыз автономия» голощекиндік жаңа революция жасау әдісімен халықты есеңгіретіп, айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұшыратты. Содан кейін барып, «маркстік тұрғыда әлсіз элементтердің» басым көпшілігінен біржола құтылып алудың өтеуі (іс жүзінде – көшпенді халыққа жасалған мемлекеттік қылмысты жасырып, біржолата ұмыттыру шарасы)  ретінде, қазақтың қатты күйзеліске ұшыраған автономиялық республикасының мәртебесін одақтық дәрежеге орталықтың өзі-ақ ың-шыңсыз көтеріп береді. Партия-кеңес басшылығы мұны ешқандай да ұлттық мемлекеттілік үшін жаңа күреске қайта жол бермей-ақ жүзеге асырды. Ал сонау қайғы-қасіретке тұнған салтанаттың бастауында – Ф. Голощекиннің ұлттың басқарушы элитасы арасындағы пікір өзгешеліктерін жікшілдік ретінде дабырайтып, білікті қайраткерлердің бастамашылдығын тұншықтыруын кең жолға қойған саяси қатерлі әрекеті жатқан еді.

Бесінші Кеңестер құрылтайы Қазақстан еңбекшілері атынан Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясын: «Езілген ұлттарды – жұмысшы табының шаруамен одағына сүйене отырып азат ету жөніндегі Лениннің ұлы өсиеті Қазақ республикасының саяси және шаруашылық қызметіне ұдайы жетекшілік ететін болады», – деп сендірді. Ал республика халқына жолдаған үндеуін: «Алдымызда – Қазақ республикасын экономикалық жаңғырту кезеңі, еліміздің өндіргіш күштерін көтеру үшін, ҚАКСР-ді мекендейтін б­үткіл еңбекшілердің материалдық әл-ауқаты мен мәдени деңгейін көтеру үшін күрес  кезеңі тұр», – деген шабытты сөздермен түйіндеп, халықты жасампаз істер даңғылына бағыттады.

Алайда, тарих көрсеткендей, ол даңғыл бірден бастала қоймады. Аңсаған даңғылға Отыз екінші жылдың ұлттық апаты душар еткен көл-көсір қайғы-қасірет, есеңгіреген халқымыздың еңсесін көтерген мәдени революция, «үлкен террор», екінші дүниежүзілік соғыс, елімізді жаңаша отарлаған тың дастаны, индустриялық өркендеу арқылы шығу бұйырған еді.

Шынтуайтқа келгенде,  ұлттық дамудың шынайы даңғылына беттеуді бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз ғана мүмкін етіп отыр. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған аумақты тұңғыш рет бір шаңыраққа жинастырған оқиғалардың түйіні іспетті 1925 жылғы алғашқы өкілетті құрылтай – Қазақстан Кеңестерінің Қызылордадағы Бірінші (бесінші) съезі – ұлттық-мемлекеттік дамуымыздың ерекше белесі болып тұрары анық. 90 жыл ілгергі тағлымды белес. Оны ұмытуға болмайды. Одан сабақ алу ләзім.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

0 пікір