Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5899 0 пікір 18 Сәуір, 2015 сағат 00:30

АБАЙ ТОЙЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДЕН БАСТАЛДЫ

  • Абай –170

Биыл қазақтың бас ақыны Абайдың (Ибрагим Құнанбаев) туғанына 170 жыл. Ақын тойына арналған іс-шаралардың шымылдығы Астанадағы Ұлттық Музейде «Абай мұрасы» атты конференциямен түрілді. Конференцияда Мекемтас Мырзахметов, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Жанқара Дәдебаев, Асан Омар, Оразақ Смағұлов, Серік Негимов, Алмахан Мұхаметқалиқызы және т.б. белгілі тұлғалар абайтану турасында құнды пікірлерін ортаға салды.

Ақын тойын атап өтудің бастамашысы болып отырған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай мырза өз сөзінде, Абайды насихаттауды заман талабына сай жаңарту керек екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол  «Абай – қазақтың төлқұжаты. Ол – рухани деңгейіміздің барометрі. Ол – ел парасатының әрі рәмізі, әрі бақылаушысы. Сондықтан Ұлттық музей классикалық музейлердің дәстүрін сақтап, Абайдай даналардың мұрасын материалдық дүниемен ғана емес, білім-ағарту-таным жүйесімен таныта беруді мақсат тұтады», – деді.

Ал бүгінгі абайтану ғылымының басында тұрған Мекемтас Мырзахметов: «Абай энциклопедиясын қайта жазу керек. Себебі, ол ескі көзқараспен жазылған. Абайда «жан тану» және «толық адам» ілімі бар. Бұл соңғы кезде ашылған. «Жан тану» ілімін ашпайынша біз Абайдан құтыла алмаймыз. «Толық адам» ілімін шешпейінше біз Еуропаның алдына түсе алмаймыз. Еуропа қазір теріс жолға кеткендіктен мінез-құлқы өзгеріп отыр. Біз үшін Еуропадан алатын рухани ештеңе жоқ. Ал бізде Абай ілімі бар», – деген салмақты ойын ортаға тастады.

Конференцияда сөз алған Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Асан Омар, Омар Жәлел және тағы басқа ғалымдар абайтануды бүгінгі күн талабына сай жаңаша көзқараспен жүйелеу қажет екендігін ерекше атап өтті.

Жиында  Абай өлеңдері оқылып, Абай әндерінен құралған шағын концерт берілді. Сонымен қатар ақынның шет мемлекеттердегі және еліміздегі ескерткіштері жайлы бейнефильм көрсетілді.  Абай Құнанбаевтың ең алғаш жарық көрген кітабы мен ақын тұтынған бұйымдардан шағын көрме ұйымдастырылды.

Б.ТОҚТАРБАЙ

Абай-ақпарат

0 пікір