Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3539 0 пікір 18 Сәуір, 2015 сағат 00:35

«ҚАЗАҚИЯ 2015»: САПАРДЫҢ ЖЕТІНШІ КҮНІ

«Қазақия 2015» байқауына қатысушы блогерлер тобы өз «жорықтарын» Ақсу қаласында жалғастыруда. Бұл – блог сапар аясындағы жетінші елді-мекен.

Жобаның басты мақсаты – еліміздің 12 нүктесінен блогерлердің қатысуымен әзірленген, әлеуметтік желіге арналған қазақ тілді контентпен толықтыру еді. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі қолданушылары #qazaqia2015 арнайы хэштегі арқылы – Алматы, Сарыөзек, Үштөбе, Аягөз, Риддер, Семей және Ақсудан дайындалған жалпы саны 150-ге тарта контент-жазбамен таныса алады.

Әдетте, өңірлерде белгілі кейіпкерлер мен оқиғалар республикалық масштабқа таралмай жатады. «Қазақия 2015» осындай ел ішіндегі қызықты кейіпкерлер мен нысандарды интернет-ресурстар арқылы насихаттауға, көрсетуге мүмкіндік берді. Көпшілікке өндіріс ошағы ретінде көбірек белгілі Риддер аумағында еліміздегі он қорықтың ең ормандысы – Батыс Алтай қорығының орналасқаны аса мәлім емес. Блог-сапар қатысушыларына гид қызметін жасау барысында қорықтың бөлім басшысы «тәуелсіздігін енді жариялап жатқан елдің тұрмыстық проблемалармен бетпе-бет келіп жатса да, 1992 жылы қиын-қыстау кезеңде осындай қорық құру туралы шешім шығару – стратегиялық қадам болды, сол кезде осындай іс қолға алынбағанда, мұндай тұмса табиғат қазір болар ма еді, болмас па еді» деп атап өтті.

Сондай-ақ, блогерлер Риддер қаласынан «Шаңырақ» аталатын жалғыз қазақ мектебінен Төлеген Тоқтаров туыстарының үйінен бейнематериалдар әзірлеп, «Абайды 60 жыл зерттеген өлкетанушы», «Риддерлік  әуесқой велоспортшы ата», «Риддер мұражайынан құнды деректер» тақырып-бағыттарында ізденістерін әлеуметтік желі парақшаларында бөлісті.

Қазнет «Қазақия 2015» жобасы арқылы Семей өңірінен әзірленген «Қазақы мешіт архитектурасы», «Абай мұражайы», «Ертіс атырауындағы арал», «Қ.Рысқұлбеков. 21-камера», «Мұхтар Әуезов футболшы ма?», «Абайдың қанша малы болған?» және тағы басқа да танымдық, ақпараттық жазбалармен толықты.

Жоба ұйымдастырушысы Рахат Жақсыбайдың айтуынша, сапарлай жүріп, шектеулі уақыт ішінде жолжазбаларын әзірлеп, сонымен қатар өзара сайысқа түсетін мұндай блог-сапар байқау форматы елімізде тұңғыш рет жүзеге асып отыр.

Естеріңізге салайық, қазақстандық 4 G желісінің операторы «Алтел» компаниясының қолдауымен іске асқан жобаның жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Байқаудың нәтижесі – сапардың соңғы нүктесі Астанада 22 сәуірде анықталады.

Абай-ақпарат

0 пікір