Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7856 0 пікір 20 Сәуір, 2015 сағат 13:12

МЕШІТТЕР ҚАЗАҚТЫҢ ДІНИ ТАНЫМЫНА ҚАРСЫ МА?

«Егемен Қазақстан» газетінде кейінгі кездері жарияланған академик Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» және Мырзатай Жолдасбековтың «Бұл сөз айтылуы керек еді» атты мақалалары менің ойымда жүрген мәселелерге қозғау салды.

Бұл мақалаларда көтерілген мәселелер өте күрделі және әр қазақтың болашақ тағдырына ықпал ете алатын, тіпті қазақ деген халықтың тарих сахнасынан кетуіне апаратын қатерлі үдерістердің қозғаушы күшіне айналу қаупі бар факторлар десек, артық айтқандық емес. Қазіргі күні мұндай факторлар аталған мәселелермен шектелмейді. Тіпті бұл мәселелерден де күрделі, қауіпті құбылыс – жас ұрпақтың діни санасының күн санап радикалды сипат алып бара жатуы дер едім. Осыдан он шақты жыл бұрын радикалды ислам ағымдарының торына қазақтың дәстүрлі мәдениетінен, әдебиетінен хабарсыз, қазақы болмысы қалыптаспаған жастар арасынан көбірек түсетін. Қазір бұл үдерістің жапылама сипат алғанының куәсі болып отырмыз. Оған себеп – шет жерлік тәжірибені еліміздегі оқу үдерісіне енгізу.

Иә, ол себеп – емтиханды тестпен алу үдерісінің енгізілуі. Өйткені, мектеп бітірерде тапсыратын Ұлттық бірыңғай тест жас жеткіншектің жетіліп, санасы қалыптасар кезіне сай келеді. Өз мектебінің рейтингі төмен болмауын ойлаған мектеп басшылығы мен мұғалімдер сабақты жиып тастап, сегізінші сыныптан бастап, тест жаттатуды бастайды. Басқаша айтқанда, қазақ руханиятының өзегі саналатын қазақ әдебиеті пәні де, т.б. пәндер де тесттің құрбандығына айналады. Басқа-басқа, бүгінгі күні Абайдың аты болмаса, затын білмейтін ұрпақтың өсіп, жетілгенінің куәсі болып отырмыз. Жақында өзім сабақ беретін екінші курс студенттерінен Абайдың өлеңдерінен жатқа оқып беруін өтіндім. Елуге тарта студенттің арасынан бір қыздың ғана Абай өлеңін жатқа білетініне көз жеткізіп, жағамды ұстадым. Және бұл студенттер – жаратылыстану пәндерін таңдағандар емес, барлығы гуманитарлық саланың болашақ мамандары еді!

Бұл – қазақ руханиятын жастар санасына сіңіріп, қазақы болмысы мен ұлттық иммунитетін қалыптастыратын пәндерден мектеп қабырғасында жеткілікті деңгейде білім алмауынан. Есесіне, сол алынбаған білім орнын, жастар санасындағы бос қалған кеңістікті – вакуумды өзге танымдық шет жерлік қоқыстар толтырып жатыр. Сол қоқыстардың дені – уахабилік-салафилік бағыттағы уағыздар. Өзім сабақ беріп жүрген жоғарыда аталған топтардағы студенттердің көбінің санасында уахабилік танымның ұрығы барын байқаймын. Оқытатын сабағым «Мәдениет және дін» пәні болғандықтан, дін мен мәдениет арасындағы ықпалдастықты айтпай өту мүмкін емес. Қазақтың дәстүрлі діни танымына қатысты мәселелерді баяндауға келгенде шәкірттер тарапынан қарсылыққа ұшыраймын. Түсіндіре бастасаң, «Сіз не, мешіттегі имамның айтқанына қарсысыз ба?» немесе «Құранның айтқанына сенеміз бе, әлде сіздің айтқаныңызға сенеміз бе?» деп қарсы уәж айтады. Бірақ өздерінің бұл мәселеге ойланып, ақылға салуға құлықтары жоқ. Себебі, олардың қабыл еткен сенімі ойлануға, «неге бұлай?» деген сұраққа жауап іздеуге тыйым салады. Мұғалім қолында тұрғанмүмкіндікті пайдаланып, оларды оқытуға, ойлануға мәжбүрлейін десе, тағы да алдынан тест шығады. «Сервис пәндердің барлығы тестпен алынуы керек» деген қағида кесе-көлденең қойылып тастаған.

Студенттердің санасындағы мұндай өзгерістерді білген соң, факультет деканынан бастап, университеттің оқу ісі жөніндегі вице-президентіне дейін бардым. Оларды айтқаныма көндіре алмадым. Мұны білген студент «Қолыңнан не келеді?» деген сыңай танытады. Егер студент мұғалімге емтиханды тікелей тапсыратын болса, қанша жылдан бері кітап оқудан, ойланудан ажырап қалған санасына сәуле түсер еді, оқуға кедергі болып жүрген психологиялық  кедергіден аз да болса, арылар еді. Алайда, бұл мәселені басшылыққа айтып түсіндіре алмадым.  «Ал, ол студент ертеңгі күні кім болады? Ертең өз еліне өзі қарсы шығатын бүлікшілдер қатарынан табылмай ма?» деген сұраққа ешкім басын ауыртқысы келмейді. Барлығына өздерінің енгізген инновациялық жаңалығы керек. Жастардың, болашақтың, мемлекеттің тағдыры керек емес.

Ендігі кезекте «Бұл жастардың санасын кім улап жатыр, қалай уланып жатыр?» деген сұраққа жауап беріп кеткеніміз абзал. Онсыз мына көтеріліп отырған мәселе біржақты болып қалмақ. Бұл мәселе күрделі, әрі көпке топырақ шашқандай боламын. Бірақ амал жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын десек, жауырды жаба тоқымай, кемшіліктерімізді ашып айтып, қазақ қоғамының рухани тұтастығын қайта қалпына келтіруіміз керек.

Қазір еліміздегі діни сенім мен діни танымды қалыптастыратын Орталық мешіт болып отырғанына дау жоқ. Оның үстіне мешіттерге баратындардың  негізгі тобы жастар екеніне, мешітке барып, намаз оқушылардың 75-80 пайызы жастар екеніне дау жоқ. Демек, қазіргі жастардың діни танымының қалыптасуына мешіттің ықпал етіп отырғанын мойындауға тиіспіз. «Ал, осы мешіттеріміздің ұстанған бағыты қандай, қазақтың дәстүрлі діни танымына сай келе ме? Егер ол мешіттердің ұстанған бағыты дұрыс болса, жастар санасында қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы көзқарас қайдан келіп жүр?» деген сұрақтардың туындайтыны анық. Қазіргі мешіттерде имамдар өз уағыздарын арабтың дәстүршілдігі аясында қалыптасқан шариғат шеңберінде  жүргізеді. Имамдар шариғат пен дін екі бөлек дүние екенінен хабарсыз. «Ханафи мазхабы шариғаты» дейді. Алайда, бұл Әбу Ханифаның принциптеріне сай келмейді. Абу Ханифа дін мен шариғатты бір деп қарастырған емес. Ол Құранның «Шур‘а» сүресіндегі «Діндеріңе бекем болыңдар! Нұхқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға және Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді» деген аятқа сүйене отырып, дін мен шариғатты екіге бөледі. Дін – біреу. Мақсаты – адам баласына Жаратушыны таныту. Ал, шариғаттар әртүрлі, өйткені, шариғаттарды қалыптастыратын әр қауымның өзіне келген пайғамбарлары бар. Сол пайғамбарлар арқылы жер бетіндегі халықтардың дінімен қоса тілі, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары қалыптасты.

Міне, Әбу Ханифаның дін туралы ұстанымы осындай. Осы ұстанымды негізге алған Қожа Ахмет Йасауи Исламның Иманға қатысты бес парызын алып, шариғатты түркінің көне дәстүріне берді. Бірақ бұдан қазақтың ата-бабасы мұсылман болмай қалған жоқ. Ал, араб дәстүршілдігін қорғаған салафилер болса, сол арабтың рухани тәуелсіздігін қалыптастырамыз деп, сол VIII-IX ғасырлардың өзінде араб дәстүрін діни сеніммен біріктіріп, шариғат қалыптастырған болатын. Қазір қазақ жастары санасына осы араб дәстүршілдігі негізінде қалыптасқан шариғат дін ретінде уағыздалуда. Оған мысал ретінде фейсбукте жарияланған мына бір мәліметті келтіргім келеді.

Қазір Қазақстанды түгел аралап, уағыз айтып жүрген Абдіғаппар Сманов деген имамға: «Мен Бекет Атаға арнап мал сойсам бола ма?» – деген сұрақ қойылады. Сонда имам: «Өзіңді сойсаң да қабыл болмайды», – деп жауап береді. Сонда қазақтың дәстүрлі діни танымындағы әулие, әруақ, зиярат сияқты т.б. ұғымдар қайда қалды? Әлде, қазақ мұсылман емес пе? Мәселе, қазақтың діни танымы арабтың діни танымы сияқты тар шеңберде, тән қажетін ғана өтейтін ғибадаттардан тұрмайды. Қазақтың діни танымы тәнмен қоса, жанның да қажетін өтейтін ғибадаттарды қамтиды. Ол туралы Қожа Ахмет Йасауи өзінің «Мират әл-Қулуб» атты кітабында былай дейді: «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни, көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен амал ету болып табылады». Демек, қазақтың діни танымы арабтың да, басқа халықтардың да діни танымынан терең де, мазмұнды. Ал, мешіттерде айтылып жатқан уағыздардың қазақтың дәстүрлі діни танымымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынына, бұл сенімді қабыл еткендерге қазақтың рухани, мәдени құндылықтарының көк тиындық құны қалмасына ешкімнің бас қатырғысы жоқ. Олай болса, қазіргі мешіт санының көбейгенінен қазақ зиян шекпесе, пайда көріп отырған жоқ. Мешітке барған жастар санасының, мақала басында айтылғандай, радикалдануын көріп отырмыз. Бұл мәселені мешіт өздігінен реттеп, жөнге келтіреді деген үміт тағы жоқ. Имамдар дайындап жатқан «Нұр-Мүбәрак» университеті де, ҚМДБ қарамағындағы медреселер де сол шариғат жолының мамандарын дайындап жатыр. Ал ол мамандардың қазақтың дәстүрлі діни танымымен де, рухани, мәдени болмысымен де шаруалары жоқ. Дәстүр мен мәдениеттің халықтың генетикалық коды екендігі олардың ойына кіріп те шықпайды. Егер бұл мәселені реттеу үшін мемлекет тарапынан шұғыл шаралар жуық арада қабылданбаса, ертеңгі күні «Араб көктемі» есігімізді қағуы әбден мүмкін.

Айтпағымыз: бір жіберілген қателік екінші бағыттан қолдау тауып, күрделі мәселеге айналып отыр. Бірінші жіберілген қателік – білім жүйесіне тест сынағының енгізіліп, жастарымызды қазақ руханиятынан мақрұм қалдыруы, екінші қателік – оның орнын жатжұрттық діни ағым ықпалының басуы. Осы екеуі жастар санасының радикалдануына ықпал етіп отыр. Ал мұнымен ойнауға болмайды. Сондықтан кез келген оқу үдерісіне енгізілетін жаңалық «Жас жеткіншектің болашағына қаншалықты ықпалы бар? Пайда ма, зиян ба?» деген сұрақтар қойыла отырып, енгізілсе деймін. Ең бастысы, оқу үдерісі жаңалық енгізуге емес, жастардың болашағына игі ықпал ететін, қазақтың рухани мұрасын меңгерген, ертең елдің, жердің тағдырына жаны ауыратын азаматты тәрбиелеп шығаруға бағытталуы тиіс. «Шет елде осындай екен» деп, біреудің қаңсығын таңсық ету жақсылыққа апармасы анық. Өкінішке қарай, әзірге жағдай басқаша болып тұр. Бұл бір мен емес, осы салада жүрген сан маманның бас ауруына айналып жүрген жайы бар. Сондықтан бұл жазылғандарды еріккендіктен емес, қауіп еткендіктен айтып отырмын.

Зікірия ЖАНДАРБЕК,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты                              

 

Abai.kz

0 пікір