Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ел іші... 10617 0 пікір 1 Мамыр, 2015 сағат 21:37

АССАМБЛЕЯ 20 ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫ?

Тәуелсіздігіне 24 жыл толған Қазақ елінің біртұтастығы, қонақжай, жаны дархан қазақ халқы, Құдайға шүкір, бір шаңырақтың астында қаншама ұлт өкілдерін айрандай ұйытып, тату-тәтті өмір сүруі – күллі әлемге үлгі және іштей ыдыраған елдер үшін өнеге боларлықтай көрсеткіш. Көптеген алыс жақын елдерде не болып жатқанын уақыт өткен сайын көзімізбен көріп, көңілімізбен саралап отырмыз.

Сол ынтымақ-бірліктің бір көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы... деп ойлайды көпшілік. Көп этнос өкілдерін топтастыратын мәдени ұйымға саяси пәрмен де берілген. Олардан тоғыз депутат Парламентке дара сайланған. Әртүрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып отырғанымызды әлем алдында тағы бір айғақтауға талпынып, 1 мамыр күні ҚХА-ның 20 жылдығын атап өттік, бірақ кей тұстарын...ескермедік.

Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы 1992 жылы жария болған Президенттің идеясы 1995 жылы 1 наурызда жүзеге асырылды. Бұндай ұйым әлемнің бірде-бір елінде жоқ екенін ескермедік. 20 жылдың ішінде аталған орган Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басышылығымен біраз жұмыс атқарды, оны жоққа шығармаймыз. Оның Президент әкімшілігінің құрамына енетін хатшылығы құрылды, мүшелері анықталды. Қазір бұл органның республика мен өңірлерде 480 облыстық, қалалық және аудандық ұйымдарды біріктіруші 25 ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс істейді.

Бүгінде елімізде 100-ден астам этностың мектебі, 25 өзге ұлттардың ана тілінде білім беретін 170 жексенбілік мектептері бар. Бұл мектептерді қолдауға Үкімет бюджеттен жыл сайын 15 млн. теңге қаржы бөледі. Сондай-ақ өзге этностардың 5 республикалық және 16 аймақтық газеттері шығады, 6 ұлттық театр қызмет етеді. Жыл сайын әртүрлі диаспоралардың ұлттық мерекелерін тойлауға тағы қыруар қаржы қарастырылған. Соның есебінен ірі қалалардың орталықтарында әдемі ғимараттар өзге ұлттардың шағын ассамблеясы үшін босатылып берілген.  

Қазақ ұлтшылдары саясат жолында көп кедергілерден өте алмай жүрген тұста саясат ауылынан алыс, үй шаруасындағы әйелдер белгілі бір диаспора өкілі болғаны үшін ғана депутаттыққа сайланды. Ассамблея атынан сайланған тоғыз депутат сегіз жыл бойы ай қарап жүргенге ұқсайды. Өзбек ұлт өкілі атынан сайланған, қазақ тілінің қамын ойлап жүрген Розақұл Халмұрадов мырза шын мәнінде қазаққа жаны ашыса, өзі сайланған Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы 120 қазақ баласының өзбек тілінде оқып жатқанына алаңдап, неге депутаттық сауал жолдамайды? Менің ойымша, 120 қазақ баласының өзбек тілінде оқуы Розақұл Сатыбалдыұлын аса алаңдатып отырмаған сияқты. Қалғандары аузын буған өгіздей үндемейді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңды мұқият оқып шықсаңыз, көп сұрақтарға жауап таба алмау былай тұрсын, түсінбей дал боласыз. Заңда Ассамблеяға «Қазақстан Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме» деген екіұшты анықтама берілген. Облыстардағы ассамблеяларды «облыс әкімдері жанындағы, қызметін Ассамблея үйлестіретін мекемелер» дей салған. Ассамблея басшыларын тағайындау да өте оңай. Бәрінен де ақылға сыймайтын дүние «Облыстардың әкімдері лауазым бойынша облыстар ассамблеясының төрағасы болып табылады» (14-баптың 2-тармағы). «Аппарат хатшылық меңгерушісі өз мәртебесі бойынша облыс ассамблеясы төрағасының орынбасары болып табылады, оны тиісті әкім қызметке тағайындайды және қызметінен босатады» (14-баптың 6-тармағы).

Яғни, облыстық ассамблеялар әкімдіктің қосалқы бөлшегі, ал ассамблеяның өкілі әкімнің қолбаласына айналмай ма? Онда неге ассамблеяның қызметін әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі атқара салмасқа?

Елдің наразылығын туғызып отырған жайт, Ассамблея өкілдері мінбеден аузын аша қалса, «қазақ» деген сөзден гөрі «қазақстандық» ұғымын көбірек айтады. «Мы, многонациональный народ Казахстана», «у нас толератность, 140 национальности проживают», «здесь мирно сосуществуют более 46 конфессий»… Әйтеуір құлақты әбден жалықтырған ұрандар айлар, жылдар бойы қайталана беріп, жауыр болған... Кейде расында да солай шығар деп ойлап қаласыз. Ұлтаралық жағдайды реттеу, Бақай, Шаңырақ, Маловодное, Думан, Теңіз, Маятас, Жаңаөзен мәселелері неден туындағанына ой жүгірту Ассамблеяның миына кіріп-шықпайды.

Өйткені, оларға қарапайым қазақтың жанайқайы керек емес. Осы оқиғалар қайталанбас үшін жаңа саясат, жаңа ұстаным қажет. Тіпті ұлтаралық салаға түбегейлі реформа керек деп ойлаймын. Атам қазақ «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демекші, өзге ұлттардан мемлекеттік тілді құрметтеуді қатаң талап ететін уақыт әлдеқашан жетті. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарай ұлиды» дегендей, өзге ұлт өкілдеріне қазаққа жасалмаған жағдай жасалған, сондықтан да олар тарихи мекендеріне көшкісі келмейді. Өйткені, ол жақта оларды ешкім керек қылмайды және күтіп отырған ешкім жоқ.

Ассамблеяның ресми тілі – орыс тілі. Сайттарына дейін айқара бетін орысша ашады. Қазақша көріп немесе естіп қалса болды, кірпіше жиырылады. Қайсы елдің Ассамблеясы екені түсініксіз. Елдің наразылығын тудырған «қазақстандық ұлт» идеясы да ассамблеядан түлеп ұшты. Ассамблея – науқаншылдыққа, жалаң қолшоқпарға айналды. Сырттан қонақ келсе де, оларға қазақ мәдениетін танытудың орнына көбіне «бейбітсүйгіштіштігімізді» көрсетіп, «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп кім көрінген көк аттыға жалпақшешейлену үрдісі мықтап қалыптасқан.    

Ұлтаралық кикілжің шықса, ассамблея мүшелері оқиға орнында еш төбе көрсетпейді, көбі қазақты қолдаудан гөрі, өзге ұлттарды арашалауға әуес. Қазақты «отырса опақ, тұрса сопақ» қылып, келеке еткендерін талай көрдім. Есесіне, 1 мамыр, 30 тамыз секілді мерекелерде ұлттық ән-билерін көрсету үшін орталық алаңдар мен бас сахналарға үрім-бұтағымен жетіп барады. Тіпті ел қожайыны –  қазаққа сахнаны бермей қоя жаздайды. Ең ақырында, ел тарайын деп жатқанда, қазақтың бес-алты кемпірі шығып, баяғы сол «Қамажайды» орындап, қайтады. Жылда осы әдет.

 «Достық үйі» Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан. Барлық заманауи құрал-саймандармен жабдықталған. Не істеймін десе де өздері біледі, ешкіммен санаспайды, қаржысы жеткілікті, оларды қадағалап жатқан жұмырбасты пенде жоқ. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның кері». Ал 20 сәуір күні ақын Мұхтар Шаханов ағамыз Астанаға келгенде, он шақты ұлтшыл-патриот жігіттер бас қосайын деп едік, ғимарат былай тұрсын, бір кабинет таба алмадық. «Қолда бар» кабинеттер ылғи «ит өлген жерде» орналасқан. Бұдан кейін не айтуға болады?

Тағы бір таң қалатын жағдай, сол «Достық үйінің» ішінде өз әскери киімдерімен тайраңдап казактар жүреді. Кезінде патшаға қызмет етіп, бізді басып-жаншып отарлаған әскери киімімен алшаңдап жүруі біздің намысымызға тиеді. Ресейдің кез келген саясатын қолдауға бейім тұрады. Кезінде премьер-министр Терещенко құрған орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы. Өздерін славян деп атамауының ар жағында бір қулық жатқанын байқаймыз. Сондықтан Жетісу, Орал, Павлодар және Өскемен казактары ұйымдарының іс-әрекеттерін заңды немесе заңсыз екендігін тексеруге біздің билік қауқарсыз.

Менің Ассамблея туралы зерттеуім «тырнақ астынан кір іздеу» емес, шынайы өмірдің сан сұрағына жауап іздеу ғана. Қоғамда қордаланған саяси мәселелерді шешуге Ассамблея ынталы емес екендігін қазір жас бала да біледі. Осылай жасанды түрде болса да, ассамблеяның үлкен саясаттан орын алуы ұлтаралық жағдайларға сызат түсірмей ме? Осы жылдар ішінде ассамблея әу бастағы өзіне жүктелген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыра алды ма? Ассамблея биліктің оған құйған қыруар қаражатын ақтады ма? Депутаттары мемлекеттік тілді қолдауға, қазақ ұлтының жанайқайын тыңдауға септігін тигізді ме? Ұлттық идеологияны қалыптастыруға бағытталған мәселелерді көтерді ме? 20 жылда ассамблея не тындырды, депутат болып сайланған серкелері ше? Сұрақ көп, бірақ Ассамблея оған жауап бере алмайды. Ең аяныштысы мен қорқынышты да осы, немен аяқталатыны бір Аллаға аян.

Жұмамұрат  ШӘМШІ

 

Abai.kz

0 пікір