Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5099 0 пікір 1 Мамыр, 2015 сағат 22:53

«БІРЛІГІ МЫҚТЫ ЕЛ ОЗАДЫ» АТТЫ ШЕРУ ӨТЕДІ

2015 жылдың мамыр айының 3-7-сі аралығында Алматы – Талдықорған – Аягөз – Ақжар маршруттары бойынша Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» атты шеру өткізіледі. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында талқыланды.

Алматыдан бастау алатын шеру төрт күн ішінде ту ұстап, ел қорғаған Ер Дәулетбай батырға Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы – Ақжар кентінде ескерткіш тұрғызумен қорытындыланбақ. Мәдени, рухани маңызы бар іс-шараға Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге арналған мемлекеттік комиссияның мүшелері, танымал тарихшылар және шеруді ұйымдастырушылар қатысады.

Шараның басты ұйымдастырушысы – «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағалары  Сәдібек Түгел мен Марат Нәбиев. Сонымен қатар,  Ер-Дәулетбай ескерткішін салу идеясының авторы, «Ту ұстап ел қорғаған Ер-Дәулетбай» қайырымдылық қоры, ШҚО Тарбағатай ауданының әкімшілігі мен  «Ел бірлігі» одағы тарихи шеруді қолдаушылардың қатарында.

Сәдібек ТҮГЕЛ, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының төрағасы:  

– Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймыз. Біздің ойымызша, 550 жылдықты тойлау ұлттық тарихты бағалауға үлкен серпіліс туғызады. Бұл бағытта біз Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге арналған мемлекеттік комиссиямен бірге жұмыс істейміз. Бұл шеру – аталған бастама аясында  өткізіліп отырған шаралардың алғашқысы. Мақсаты – ұлттық тарихымызды баяндау. Шеру алдағы уакытта жалғасын табады.

Сонымен, Ер Дәулетбай батырдың ескерткішін Тарбағатай төріне орнатушылар, мамырдың 3-і күні Алматыдан алыс жолға аттанбақ. Төрт күндік шерудің аяқ алысы мен тыныс-тіршілігінен оқырмандарымызды алдағы уақытта хабардар етіп отырамыз.

Ақбота ДӘУЛЕТБАҚ.

Абай-ақпарат.

0 пікір