Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Әдебиет 7936 0 пікір 2 Мамыр, 2015 сағат 08:53

Дидар АМАНТАЙ. БҰҒЫ ЖЫРЛАР

Жалпы, өлеңді түсіндіру – жақсы дәстүр емес. Дегенмен, түрдегі жаңалық туралы, сәтті шыққан ізденістің жемісі, нәтижесі жайлы, көңілге ой салған әсер жөнінде әңгіме қозғап, пікір айтқыңыз келетіні рас. Талғам жайында кейін таласа жатармыз. Әсіресе, өлеңдегі қолтаңбасы – сабырлы көзқарас, байыпты талқы, тиянақты ой-тұжырымды қажет ететін – ақынның ғазалдары алдымызға көлденең тартылған кезде – талғам жайында кейін таласа жатармыз.

Ұлықбек – қалыптасқан төрт жолдық өлең үлгісіне әрең сыйып жүрген ақын.

Шаңырақ мүйіз көк өгіз көтеріп тұрған піл сауырлы қара жерге сыймай, шексіз көк аспанды танығысы келген арғы бабасы – дегдар Ұлықбек тәрізді ұлт перзенті Ұлықбек те – нәзира ғазал кеңістігінде бірқалыпты өлшемде ғана өмір сүруден бас тартып, бәйітіне түрлі пормалық пішін іздейді.

Бақ дегенім сорға

айналды,

тақ дегенім көрге

айналды,

көкірегіме шер байланды,

толайым...

Жер дегенім кебенек пе,

ел дегенім ебелек пе,

ер дегенім көбелек пе,

ағайын?!

Атамекен – алып тозақ,

мойындағы қамыт

қажап,

мойыдың-ау, ғарып қазақ,

Аһ ұрып.

Найзағайлы намыс қайда,

қайта бізбен

табыспай ма,

ата жаумен алыспай ма,

ақырып?!

Ақынның ұлттық бояуы қанық сөз қолданысында, жаугершілік заманда ат үстінде дүниеге келген – қарқынды сарбаздар әні – жорық жырларында, қала берді, ұзақ сапар, сансыз жортуылдарда шыңдалған, нақ өлшемін, нағыз кейпін тапқан ұйқастарында, анда-санда шашыраған ойларын бір қайырып, тиянақтап алған түйінді байламдарында сақара жыраулары толғауларының айшықты сипаты бар.

Немесе келесі бір өлеңін алайық:

Терлігім терге шіріді,

Теңіздей қолым іріді,

Тұмсықтан тізген

тіріні –

Атаңа нәлет дұшпанға

Жер басып жүру

лайық па?

Бұл – "Қобда. Исатай қабірі басында" атты реквием-қосалқа. Ұлықбек Есдәулеттің "Күршім. Жаралы Барақ батыр" деген жыры да жоғарыда аталған ғазалдарға сарындас.

Соңғы кезде қазақ поэзиясында – әлеумет тағдырын ойлаған, елдің келешегіне алаңдаған жыраулық толғаулар үрдісіндегі қаһарман өлеңдер ақырындап көбейіп келе жатыр. Құптарлық жайт. Ұлықбектер – осы үрдістің алғашқы қарлығаштарының бірі. Тіпті, олардың аталмыш тақырыптағы бәйіттерін бір кітапқа біріктіріп, рисале шығарса деген ой да келеді. Есенғали Раушанов, Иран-Ғайып, Серік Ақсұңқарұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Ұларбек Дәлей, Ерлан Жүніс... тәрізді ақындардың шығармалары тамаша бір топтама болар еді.

Задында, Ұлықбек Есдәулет ел арасында, негізінен, лирикалық туындыларымен танымал, бірақ, Қазтуған жыр-толғамдары сияқты – шілтерідей өрілген, көбебұзар оқ-жебедей қайратты – асау жырлар ақын кітаптарында молынан кездеседі.

Өмір, саған келдім –

кеттім,

сонда нені

тындырдым? –

зерін теріп зеңгір көктің,

ботананы тұндырдым.

Өмір, саған бардым –

қайттым,

 

таңғы шықты мекендеп,

Құдайыма қайғыңды

айттым,

құлақ түрер ме екен деп.

Шыққыр көзді

аштым-жұмдым,

шолдым биік-төменді,

тілін жұтқан тас

тұнжырмын,

сөйлетпеңдер мені енді.

Маған өлеңдегі: "Өмір, саған бардым-қайттым, таңғы шықты мекендеп" деген жолдар қатты ұнады. Жақсы образ. Әдемі оқылады. Көз алдыңа ертегі еліндегідей ғажайып әлем елестейді.

Болар да еді бәрін қайта

бастауға,

бұл өмірді болар да еді

сүрмеуге...

("Қысқажіп")

Төбемнен, міне, тау

құлап,

тас түнек басты әлемді,

қарақат көзің жаудырап,

Жалғыздық,

Жалғыз қал енді.

("Жалғыздық")

Ұлықбек ақын – өлең техникасының озық үлгілерін қалтқысыз меңгерген қалам иесі. Жыр ұйқастарының табиғатында жасандылық жоқ, халықтық мұң, бұқаралық сарын бар, сондықтан жеңіл ұйқасып – оңай сырласып кете бересің. Жалпы, ана тіліне жүйрік, асыл қазынасын бойына сіңіріп өскен дүлдүл шайыр бәйіттері қиындықсыз тез жатталады. Әрі ел арасына жылдам таралады. Меніңше, Ұлықбектің ақындық бақыты да осында.

 

Өзін әлпештеген жұртына өзінен бұрын – асқақ ән, әдемі өлең күйінде жеткен туындылары қаншама!

Әдетте, сазгер әуенге еркін үйлесетін, ән шақырып тұратын жырларды таңдайды. Бүкіл әннің, жалпы, музыканың негізінде – өлең тәрізді – ырғақтың белгілі бір ретпен қайталануы жатыр. Содан шығар, Ұлықбек көптеген әннің сөзіне талай рет автор болды.

Әрине, ақын шығармашылығы ғұмырнамасында, тақау жылдары баспа жүзін көрген "Киіз кітап" топтамасы өзге жинақтары қатарынан оқ бойы озық тұрғаны сөзсіз. Байыпты, мағыналы, өнегелі қиссалар жеткілікті.

Неге екені белгісіз, Ұлықбек Есдәулеттің асау да байсалды жырларын мен Алтайдың сауыры күміс ақ маралына, көзінің тұңғиығына парасат тұнған ақылды жануар – аса сезімтал, елгезек, сала мүйізді айыртұяқ бұғыларына ұқсатамын. Мүмкін, туған жердің табиғаты өлең табиғатына айналған шығар...

Мен енді Ұлықбектің қырғыздарды неге жақсы көретінін түсінемін.

Екеуінің де – аналары бір!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661