Жұма, 3 Ақпан 2023
Әдебиет 5277 0 пікір 12 Мамыр, 2015 сағат 10:52

Әмiрхан Меңдеке. МЕНІҢ ТЕМАҒАМ

Темiрхан  Медетбектiң «Интернационалдық көкпар» деп аталатын өлеңi бар. Ендi осы өлеңдi бөлмей-жармай, тұтас оқып шығалықшы:

 

Қазiр

Алып Қазақстанды

Көкпар қып

Бiрi әрi тартып жатыр,

Бiрi берi тартып жатыр,

Ендi бiрi – мүлде!–

Керi тартып жатыр.

Мұхиттың

Арғы жағында тұрып та

Тартып жатыр,

Бергi жағында тұрып та

Тартып жатыр.

 

Тартып жатыр!

 

Бiрi сирағынан,

Бiрi қара санынан,

Бiрi мойнынан,

Бiрi бұтынан

Жармасуын-ай.

Бiрiнен бiрi

Айлаларын асыра алмай

Арбасуын-ай.

Құдай-ау,

Азап па бұл,

Мазақ па бұл:

Қарашы,

Сол көкпардың iшiнде

Еврей де,

Орыс та,

Кәрiс те,

Қытай да,

Ұйғыр да,

Шет жағында

Жабысын қамшылап

Қазақ та жүр.

 

Интернационалдық көкпар бұл!

 

Билiктегiлер

Өзге тiлде айқайлап

(Әрине, қазақша емес)

Бiреулерге дем берiп қояды.

Сонысымен

Оларды –

Одан сайын желпiндiрiп! –

Жел берiп қояды.

(Сол сөздер менiң жаныма

Шер болып қонады).

 

Дәл қазiр менi

Жан-жағымнан қысып

Қауiп пен қатер

Қамап тұр.

Қайран Қазақстан

Кiмнiң тақымында кетер екен деп

Қалың қазақ

Интернационалдық көкпарға

Қан жылап

Қарап тұр.

 

Оқып шықтық. Өлеңнiң ащы ыза-күйiктен, ауыр құсадан, өксiктi мұң-наладан туғаны көрiнiп-ақ тұр. Авторды ащы ыза-күйiкке, өксiктi мұң-налаға ұрындыратындай қазақтардың ахуалы, шынында да, соншалықты ауыр ма? Ендi осы мәселеге жауап iздеп көрелiкшi.

Автор «интернационалдық көкпардың» iшiнде еврейдiң де, орыстың да, кәрiстiң де, қытайдың да, ұйғырдың да жүргенiн айта келедi де:

Шет жағында

Жабысын қамшылап

Қазақ та жүр,– дейдi.

Бұл қалай сонда? Көкпардың, көкпар болғанда да Қазақстанның тағдыры тартысқа түсiп жатқан «интернационалдық көкпардың» қазақ неге «шет жағында» жүр? Көкпардың қақ ортасында жүруге, онда да доданы тас-талқан етiп бұзып-жарып жүруге тиiс емес пе? Ал ендi қазақтың көкпарға «жабы» мiнгенi несi? Арғымақ, тұлпар, ахалтеке демей-ақ қояйық, ең болмағанда мықты айғыр, белдi ат мiнуiне болады ғой...

Т.Медетбектiң жоғарыдағы өлеңiнде қазаққа жабы мiнгiзiп, оны интернационалдық көкпардың шет жағында жүргiзiп қоюы ненi бiлдiредi? Бұл – қазақтың билiктен де, байлықтан да шеттетiлгенiнiң көрiнiс-белгiсi. Дәл осы жерде бiз өзiмiздi де алдамай, өзгенi де алдамай, мына мәселенiң бетiн ашып алғанды жөн көрiп отырмыз: ақынның «қазақ» деп отырғаны – қазақтiлдi қауым. Ал ендi Қазақстанның қазiргi жағдайында орыстiлдiлер мен орыстiлдi қазақтарды «қазақ» деп айтуға мүлде келмейдi. Қазақ тiлiнен де мақрұм, қазақтықтан да жұрдай. Оны айтасыз, осы жуырда ғана Ресей президентi В.Путин «Бiз тек орыстарды ғана емес, сонымен бiрге ТМД кеңiстiгiнде тұратын орыстiлдiлердi де көздiң қарашығындай қорғауымыз керек!» дедi. Осы бiр ауыз сөздiң өзiнен-ақ ТМД кеңiстiгiнде тұратын орыстiлдiлердiң орысқа бейiмделiп, орыстанып кеткенiн айқын аңғаруға болады. Орыстанғандар – орыстан бес бетер, бұлар орыстың мүддесiн орыстың өзiнен гөрi әлдеқайда табанды, әлдеқайда батыл әрi қызғыштай қорғайды және бұл жолда ештеңеден тайынбайды. Ресейдi аттай 304 жыл билеген Романовтар әулетiнiң орыстан гөрi орыстанған кадрларға көбiрек иек артуының себебi де осында жатыр...

Сондықтан да Тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн бiз билiктi де, байлықты да қазақтiлдiлердiң қолына шоғырландыруымыз керек едi. Сонда Қазақстанның ақшасы да, басқасы да ұлттың мүддесiне жұмыс iстеген болар едi. Ал бiзде қалай? Қазақстандағы аса iрi байлардың iшiнде бiрде-бiр қазақтiлдi азамат жоқ (мұны бiз тәуелсiз ғалымдарымыздың дерегiне сүйенiп айтып отырмыз). Қазақтiлдi байлар бар, бiрақ олардың байлығы Қазақстандағы аса iрi байлардың байлығының жанында жiп есе алмайды. Елiмiздегi аса iрi алпауыттардың барлығы да –  орыстiлдiлер(орыстiлдi қазақ, орыстiлдi кәрiс, орыстiлдi еврей, орыстiлдi өзбек, орыстiлдi поляк және т.т.). Орыстiлдiлердiң қолындағы байлық ешуақытта, еш жерде және ешбiр жағдайда қазақтың мүддесiне жұмсалмайды. Бұлар өлiп кетсе де қазақтың мүддесiне ақша шығындаған емес және шығындамайды да (Сонда бiздiң кiмдi байытуды және не үшiн байытуды да бiлмегенiмiз-ау?!). Мiне, осыдан кейiн Темiрхан Медетбектiң қазақтары «интернационалдық көкпарға» жабы мiнiп жарбиып бармағанда қайтедi?!

 

Билiктегiлер

Өзге тiлде айқайлап

(Әрине, қазақша емес)
Бiреулерге дем берiп қояды.

Сонысымен

Оларды –

Одан сайын желпiндiрiп! –

Жел берiп қояды.

(Сол сөздер менiң жаныма

Шер болып қонады).

Қазақ билiгiнiң қазақ халқынан мүлде алыстап-алшақтап кеткенiн, оның бөтенденiп һәм бөлектенiп кеткенiн Темiрхан Медетбек қалай дәл танып, қалай дәл бейнелеген десеңiзшi!

Билiктегiлердiң басым көпшiлiгi қазақша ләм-мим дей алмайды. Ұлттың тiлi – ұлттың коды, қазақтың тiлiн түсiнбегеннен кейiн бұлар қазақтың дымын да түсiнбейдi: рухын да! мұңын да! мұратын да! мақсатын да!  Мұндай билiк, әрине, ұлтқа қызмет етпейдi, ұлтсыздануға қызмет етедi. Ұлттың iргесiн бекiтiп, ұлттың жоқ-жiтiгiн түгендеудiң орнына олар, қашан көрсеңiз де, ұлтсыздануға бастайтын, ұлтсыздануды қостап-қолпаштайтын, ұлтсызданудың ұранын көтеретiн күшеншек, бейдауа, жасанды шараларды ұйымдастырады да жатады. Және мұның бiреуiн өткiзе салысымен екiншiсiн бастайды, екiншiсiн бiтiрген бойда үшiншiсiне кiрiседi(тап бiр жау қуып келе жатқандай-ақ). Ал ендi осылардың қапылып, шабылып өткiзiп жатқан осы тамырсыз, топырақсыз, ұлтбезерлiк шара-шаруалары өзiнiң «жемiсiн» бердi ме? Бiр «нәтижеге» жеткiздi ме? Бергенде қандай! Жеткiзгенде қандай! Асырып айтқанымыз емес, бiздiң қоғамда қазiр қазаққа да, қазақтiлдi кадрға да ешқандай сұраныс жоқ. Неге? Ұлтсызданған қоғамда, ұлтсыздандыруды мемлекеттiк саясаттың басым бағыттарының бiрiне айналдырып алған елде әманда осылай болады: ұлтсыз кадр төрге озады да, ұлттық кадр босағада қалады (алтын басы, арыстан басы қор болып, осы босағада бiржолата шiруi де мүмкiн).

Шыр етiп жарық дүниеге келген шарана төрт жылдан кейiн өз тiлiнде емiн-еркiн, мүдiрiссiз сөйлейтiн дәрежеге жетедi. Төрт жылда, бар болғаны төрт-ақ жылда! Бұл  – табиғат өлшемi. Табиғат-таразының өлшеп, кесiп-пiшiп қойған мезгiл-межесi. Осы табиғат өлшемi, табиғи меже тұрғысынан келсек те, қазақ тiлiнiң Қазақстанда қанатын кеңге жаюы үшiн керегi – төрт-ақ жыл! Бiрақ, дәл 24 жыл болды, билiктегiлер сылтау емес сылтауды ойлап тауып, себеп емес себептi көлденең тартып, қазақ тiлiнiң адымын аштырмай отыр. Сондағы мақсаттары не? Қайткен күнде де орыс тiлiнiң Қазақстандағы үстемдiгi мен басымдығын сақтап қалу! Қалай қылғанда да, қалай болғанда да орыс тiлiнен ажырап қалмау! Ажырап қалса ше? Онда не болады? Онда бұлар да бәрiнен ажырайды: билiктен де, байлықтан да, қызметтен де, қыз-қырқыннан да, мансап-марапаттан да, қошемет-құрметтен де. Судағы балықтай еркiн жүзетiн баяғы орыс тiлi жоқ, ендi өрiсi қырқылып, тiрлiктерi бiр-ақ уыс болып қалады. Тек өздерiнiң ғана емес, дәл өздерi сияқты бiр ауыз қазақша бiлмейтiн әйелдерiнiң, бала-шағаларының, немерелерiнiң, келiн-кепшiктерiнiң, күйеубалаларының, құда-құдағиларының, жиен-жиеншарларының, бiр сөзбен айтқанда, орыс тiлiнiң арқасында нан жеп жүрген жақын-жуықтарының барлығының да жағдайы күрт нашарлап кетедi. Сондықтан да билiктегiлер ана тiлiнiң емес, ең алдымен өздерiн асырап-сақтап, әлiмұлыққа жеткiзген орыс тiлiнiң мүддесiн көздейдi. Өйткенi, бұларға қазақ тiлi... өте тиiмсiз. Әсiресе, бүгiнгiдей асып-тасып, балқып-шалқып өмiр сүрулерiне тиiмсiз.

Дәл қазiр менi

Жан-жағымнан қысып

Қауiп пен қатер

Қамап тұр.

Қайран Қазақстан

Кiмнiң тақымында кетер екен деп

Қалың қазақ

Интернационалдық көкпарға

Қан жылап

Қарап тұр.

Қазақ қоғамының ұлтсыздыққа ұрынуы қазақтiлдi зиялыларды қатты сансыратып тұр. Өз елiнде өзiн өгей әрi «екiншi сортты» сезiну қайдан оңай болсын, еңселерi түсiңкi. Қажыған. Шаршаған. Бұлардың iшiнде торығуға түскендерi де, күйзелiске ұшырағандары да аз емес. Әйтпесе, аса қайсар әрi өжет ақын Есенғали Раушанов Алматыда тұрып, Алматыда жүрiп, Алматыда өмiр сүрiп отырып:

Қазақстан емес шығар мына Отан,

Қазақ емес шығармын мен, расында, –

деп жазар ма едi. Не болмаса Ықылас Ожайұлы: «Маған бүгiнгi қазақ қазақтың арасында жүрмегендей көрiнедi. Өрiсiмiзден айрылып қалғандаймыз!» деп айтар ма едi. Қысқасы, қазақтың зиялылары қалай қан жыламайды, егер қазақтың өзi де, қазақтың тағдыры да, қазақтың көрешегi мен келешегi де көкпарға(саяси саудаға! саяси ойынға! «үш тұғырлы тiл» сияқты саяси сайқымазаққа!) айналып кетсе?!

Несiн тiзбелей берейiк, Темiрхан Медетбектiң «Интернационалдық көкпар» атты шап-шағын өлеңiнде осы шындықтар, қазақ қоғамының  кiрiптар һәм қорлықты ахуалы туралы шындықтар  жерiне жеткiзiле-ақ айтылған. Мұның сыртында ақын «алып Қазақстанның» әлемнiң алпауыт елдерiнiң «көкпарына» айналғанын да қадап тұрып айтады. Айналып келгенде, бұл да – шындық. Өзге елдерге алданғанымыз, жем болғанымыз аздай-ақ (ат төбелiндей ашкөздерiмiздiң жемсауын толтыру үшiн бiз қай елге алданбадық, қай елге жем болмадық?!),  бiз қазiр... Иә, дәл қазiр қайран Қазақстан – Ресейдiң бiр губерниясы сияқты. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да: экономикалық тұрғыдан да! мәдени тұрғыдан да! саяси тұрғыдан да! Тiптi орыстiлдi мамандар мен орысқолды  кадрлар  даярлау жөнiнен де! Айтпасақ, салмағы бiзде қалады, ресейпиғылды кадрлар даярлау жөнiнен Қазақстан Ресейдiң кез-келген губерниясын (Мәскеу мен Санкт-Петербордан басқасын!) артта қалдырып кетедi.

Қайран Қазақстан

Кiмнiң тақымында кетер екен...

Бұлай дегенде Темiрхан Медетбектiң, әрине, ең алдымен Ресейдiң  темiрдей тақымы мен құшақтағанын тұншықтырып өлтiрмей тынбайтын қышқаштай «құшағын» меңзеп отырғаны да анық.

 

 

                                             ***

Темiрхан Медетбектiң суреткерлiк жаратылысы да, ақындық қырағылығы да, дарын қуаты да – аса ауқымды әрi аңғарлы. Алысты шолып, қиырдан шалады. Әсiресе, қоғам шындығын айтуда, қоғам шындығын алға тартуда Т.Медетбек өз әрiптестерiнен оқ бойы озық. Саясаттың ұңғыл-шұңғылына да жетiк. (Қазақтың тағдыры ең әуелi Қазақстанда жүргiзiлетiн саясатқа байланысты. Демек, қазақтың тағдырын ойлаған адамның саясатты жiтi бақылап, жете зерделеп отырғаны жөн. Ал ендi Қазақстан Жазушылар одағы басшыларының бiрiнiң «Бiз саясатпен айналыспаймыз, бiз әдебиетпен айналысамыз!» дегенi – өте ерсi, мазақы сөз! Мазақы тiрлiк!) Ойға да сарабдал. Ақиқатшыл, дәлшiл, түйсiкшiл. Көкейi де ұзын:

 

...Азған заманда

Шындық дегенiң–

Үзiлiп кетер

Жiптей жiңiшкерiп,

Өтiрiк дегенiң

Қорсылдаған

Доңыздай семiредi.

Қыраның қырын ұшып,

Итiң керi үредi...

 

Қулық дегенiң

Жезөкшеден бетер

Қырық құбылып

Жымың қағады.

Сұмдық дегенiң

Сұр жыланнан бетер

Сумаң қағады.

 

Түсiнер, ұғар деп

Iс айтқан адамың

Тоғыз күн шiренiп,

Он күн керiледi...

Әдiлдiкке –

Тозақтың есiгiндей –

Түрменiң

Есiгi ашылып,

Қылмыскер қарақшыға

Салтанатты залдарда

Орден берiледi...

 

Бұл өлең «Азған заман» деп аталады. Осы өлеңде өте дәл көрсетiлгенiндей, қазiргi күнi елдiң мiнезi де, дiлi де қатты дерттендi.  Дерттенгенi соншалық, бiз жемқорлық, ұрлық-қарлық, жезөкшелiк, парақорлық, пәтуасыздық, сатқындық, алаяқтық және бұдан да сорақы, бұдан да зорақы қулық-сұмдықтарға ойымызды да, бойымызды да үйретiп алдық. Ассенизатор (адамның боқ-сiдiгi ағатын құбырды тазалайтын жұмысшы) күндiз-түнi нәжiс тазалайтындықтан оның иiс-қоңысына да әбден үйренедi. Кейде нәжiстi киiмi  тұрмақ, бетiне де, мойнына да, құлағына да жағып алады. Бiрақ, әлгi бейшараның бұған етi өлiп кеткенi соншалық, ұзақты күн жуынбай жүре бередi. Сол сияқты, қалың жұртшылық та қазiр қоғамдағы «иiс-қоңысты» сезбеуге айналды. Өздерiнiң күнделiктi жұтып жүрген ауасы секiлдi қабылдайтын болды. Тiптi бұлар «әдiлдiкке (әдiлдiктi жақтаған, әдiлдiк үшiн күрескен адамға) түрменiң есiгi ашылып, ал қылмыскер қарақшыға салтанатты залдарда орден берiлiп» жатса да селт етпейтiн болып алды. Енжар. Бойкүйез. Бүгежек. Жалтақ...

Ендi не iстеу керек? Мұндайда өнер көмекке келуi керек. Өйткенi, Альбер Камюдiң айтуынша, өнер дегенiмiз – кемелдiк үшiн, кемелдену үшiн ұдайы және үзiлiссiз жүргiзiлетiн күрес (бунт против незавершенности). Өнер өзiнiң осы қызметi мен мiндетiнен ешуақытта айнымауға тиiс. Айныды екен, онда өнердiң орнын мәдени жабайылық (культурное варварство) иемденiп алады.

Шын ақын-жазушы, шын өнер иесi (әрине, оның iшiнде де дегдарлары) қоғам былғана, ластана бастағанда үнсiз қала алмайды. Бiрiншiден, бұлар ұлттың мүддесiне асқан жауапкершiлiкпен, ерекше зейiнмен, айрықша ынтамен қарағандықтан, қоғамдағы шын ахуалды дәл танып, дәл бағалайды. (Адам айтам деп айтпайды ғой, қоғамдағы ахуалды тани алмайтын ақын-жазушылар да бар. Танығанымен, танығанын айтуға тәуекелi жетпейтiндер де бар. Қазақтар аштықтан қынадай қырылып жатқан 1932 жылы «Жаса, қазақ! Жасай бер, жаңа заман!» деп өлең жазған қазақ ақыны секiлдi  қазiргi күнi де «Жаса, жаса!» деп өлеңдетiп жүргендер – осы танымайтындардың, тани алмайтындардың сортынан. Ал танығанымен, танығанын айтуға батылы жетпегендердi өзi емес, өлеңi «ұстап бередi»: мұндай өлеңнiң жүрiмпаз әйелдiң өтiрiгiндей өрiссiз, негiзсiз һәм жасанды екенi сонадайдан көзге ұрып тұрады). Екiншiден, танығанын жасырып қалуға бұлардың азаматтық, ақындық, еркектiк ар-намысы жiбермейдi. Ұлт алдындағы, халық алдындағы жауапкершiлiгi жiбермейдi. Темiрхан Медетбектiң де ешкiмнен тайсақтамастан, ешкiмге жалтақтамастан:

 

Әдiлдiкке–

Тозақтың есiгiндей–

Түрменiң

Есiгi ашылып,

Қылмыскер қарақшыға

Салтанатты залдарда

Орден берiледi, –

деп, танығанын ортамызға тастауы да сондықтан.

***

«Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға». Темірхан Медетбектің осы өлеңін оқығанда... тап бір үрейлі, қорқынышты фильм көріп отырғандай күйге енесің. Міні, «экранда» – Махамбет. Батыр Махамбет! Ақын Махамбет! Ұлттық намыстың жоқшысы, ұлттық рухтың жыршысы. Бірақ ақындардың абаданы, атадан арыстан туған Махамбет «экранға» айдай жарқырап шықпайды, басқа кейіпте, мүлде басқаша кейіпте...

Мәңгiлiк қаралы

Қаройдың үстiн

Қап-қара қалың

Қара бұлттар басқан кезде;

Қараң-құраң

Қалбаңдаған көлеңкелерден

 шошынып

Байғыз бiткен

Бажылдап қашқан кезде

Қара топырақты қопарып

Үстiнде жатқан

Шабылған басын

Қолына ұстап

Қапалы Махамбет

Қабiрден шықты.

Сол кезде

Айналаны бөрлiктiрiп жiберген

Сан дыбыстар мен

Сан үндер шықты...

 

Т.Медетбектiң Махамбеттi қабiр­ден шығаруын фантасмагориялық элемент ретiнде қабылдап, мұны ақынның зейiн байлығына, қиял байлығына жатқызуға да болар едi. Немесе “Жер бетi жаманшылыққа мәймiлдеп толған кезде жер астынан Мәдi шығады” деген шығыстық-дiни аңыздың нобайымен автор Махамбеттi жер үстiне шығарып отыр деп жорамалдауға да болатындай. Менiңше, бұл жерде Т.Медетбек таза қазақы ұғымға жүгiнiп отыр. Қазақ аруаққа сенедi. Және “аруақ алқайды, желеп-жебеп отырады” деп түсiнедi. “Аруақтың аманатын арқалау – тiрiнiң парызы” деп бiледi. Халқымыздың түсiнiгi бойынша, аруақтар бiздi (яки кейiнгi ұрпақтарын) бақылап, бағып, ұдайы қадағалап отырады. Жақсы iсiмiзге сүйiнедi, жаман iсiмiз­ге күйiнедi. Ал аруақты күңiренту, ар­уаққа шет болу – қазақ үшiн азғындаудың аса ауыр, ең бiр шеккi, сұмпайы түрi.

Махамбет – қазақ халқының азаттығы үшін көзінің тірісінде басын бәйгеге тiккен адам. Мұндай адамның өлгеннен кейiн де “қарап жатпасы” белгiлi. Артында қалған елi, жерi, кейiнгi ұрпағы не күйде? Елiнiң ер-азаматтары не тындырып жатыр? Әлi де орысқа қарап телмеңдеп отыр ма, жоқ  әлде... Осының бәрiн  өз көзiмен көргiсi келедi. Атадан арыстан туған Махамбеттiң жер астында жата алмай, сүйегi сықырлап, қабiрдi қопарып сыртқа шығуы да содан.

Қош делiк. Әрi қарай не болды?

 

...Басын қолына ұстаған

Қапалы Махамбет

Қаройдың жотасына шығып

Аялдады.

Сонан кейiн

Басын орнына қойғысы кеп

Әрi әрекет еттi,

Берi әрекет еттi.

Қоя алмады...

 

Қаройдың жотасына шығып, қазақтың кең даласына қырандай көз тiгу үшiн басын орнына қоймақ болған қайран Махамбет көп әре­кеттендi. Бiрақ қоя алмады. Неге қоя алмады?

Осы өлеңге қарап тұрсаңыз, автор Махамбеттiң алдына ұдайы “қапалы” деген сөздi тiркейдi. Шынында да, Махамбет – тек Ресей отарлаушыларына, осы отарлаушыларды төбесiне көтерген қазақтың хан-сұлтандарына ғана емес, заманына да, замандастарына да, ортасына да қапалы. Махамбеттiң басын кiм алды? Өз замандасы, өз қазағы, өз ағайыны Ықылас. Жекпе-жекте де емес, қапияда. Алдап, арбап, артынан қапысын тауып. Мұны айтасыз, жалпы Махамбет – ғұмыр бойы бармағын шайнаумен өткен күрескер. Күрестiң мәнiн, азаттықтың құнын, сол азаттық күрестi бастаған “екi тарлан бөрiнiң” (Исатай мен Махамбеттiң) бағасы мен қадiрiн көп адам түсiне алмады...

Махамбет тек өткенiне ғана емес, сонымен бiрге кейiнгi ұрпаққа да (бiзге) қатты өкпелi, қапалы. “Өлi риза болмай, тiрi байымайды” дейдi қазақ. “Байымайды” дегенде материалдық  тұрғыдан байымауды ғана айтып тұрған жоқ, өзге де байымау­ларды (рухани тұрғыдан кемелдене алмау, мәдени тұрғыдан жмау, моральдық тұрғыдан биiктей алмау және т.т.) айтып тұр. Ал ендi Махамбеттiң аруағы  бiздiң қай тiрлiгiмiзге риза болмақ? Ұлттық тiлiмiздiң мүшкiл халi анау, ұлттық құндылықтарымыздың шетке ығыстырылып, ұлттық мүддемiздiң аяққа тапталып жатқаны мынау... Ең сұмдығы, “кiшi КСРО-ға” қайта шықпастай боп енiп (Еуразиялық экономикалық одақты дүниежүзiнiң бiлгiр саясаттанушыларының бәрi де “кiшi КСРО” деп атайды), тәуелсiздiгiмiз­дiң тағдырын әрi-сәрi етiп қойдық. Сау басымызға сақина тiлеп, Ресеймен тағы да қосақтасып алдық. Қосақтасудың арты ортақтасуға (ортақ ақша, ортақ медиаресурс, ортақ әскер, ортақ шекара...)  ұласатын түрi бар...

Өз заманы мен замандастарына қапалы, сонан соң кейiнгi ұрпаққа да қатты қапалы Махамбеттiң қанша әрекеттенгенiмен, басын орнына қоя алмағаны да – осыдан, қапалықтан. Яғни, өлi риза емес. Өлi аруақ тiрiлерге риза емес. Махамбеттiң аруағы да, рухы да бiзге риза емес. Тағы да  қазақы ұғымға жүгiнсек, Махамбеттiң басын қолына ұстап, я болмаса қолтығына қысып, осы сенделгенi сенделген. Осы қиналғаны қиналған. Қабiрге бiр кiрiп, бiр шығып, осы күңiренгенi күңiренген. Өйткенi Махамбеттiң рухы әлi тынышталған жоқ. Тынши алмай жатыр. Әзiрге тынши қоятын, байыз табатын түрi де көрiнбейдi...

Махамбеттiң рухы қай кезде тынышталады? Бiз, яғни тiрiлер Махам­беттiң аманаты мен мақсат-мұратына сай өмiр сүргенде ғана. Құл-құтанша өмiр сүруден (ұлтсыздан­ғанның үстiне ұлтсыздана беруден, орыстанғанның үстiне орыстана беруден және т.т.) толық арылып,  тыйы­лып, азат ойлы, азат рухты азат мемлекет болғанда ғана!

Өлеңге қайта оралайық. Сонымен, қапалы Махамбет қанша тырысса да, басын орнына қоя алмай дағдарып тұр:

...Сол кезде

Аспанның түкпiрiнен шыққан

“Ей, Махамбет!

Мына бассыз дүниеге

Бастың керегi не?!” –

 деген сөз

Қаройды толтырып

Жаңғырып жатты...

Үстiрттеу қараған адамға ә дегенде автор тым тарылып, таусылып сөйлеп отырғандай боп көрiнедi. Бiрақ автор ешқандай тарылып, тау­сылып сөйлеп отырған жоқ. Шындығын айтып отыр. Ендi Сiз де айналаңызға жiтiрек көз жiберiп, дұрыстап бiр қараңызшы. Ұлттың сенiмiне – тiрек, ұлттың тiлегi мен үмiтiне –тая­ныш, ұлттың мақсат-мұратына – медеу боларлық не бар? Не? Тұлдыр да жоқ! Бассыз дүние... Кiлең бассыздық. Басиесiздiк. Көзбояушылық. Дәрiпшiлдiк. Даңғойлық. Парықсыздық. Қаперсiздiк. Одан қалса, тыраштану. Дүбәралану. Дүмшелену. Мәңгiрттену... (Нәлет мұндай тiрлiкке!).

Бұрындары  бiздiң ұлтсыздарымыз “...Қазақстанда қазақтiлдi қазақтар мемлекет құраушы ұлт бола алмайды. Нағыз мемлекет құ­раушы ұлт – орыстiлдi қазақтар! ...Қазақстандықтардың барлығы да орыс тiлiн бiледi, ендеше баршамыз да жаппай әрi бiржолата орыс тiлiне көшсек қайтедi?! Өйткенi қазақ тiлi – артта қалып қойған, ескiрген тiл. Оның үстiне  ғылым тiлi болып та жарытпайды...” деп мақалалар жазатын. Бұлар ендi мақаланы қойып, кiтап жазатын болды. Өздерiнiң қиқы-жиқы ойларын “кеңейтiп”, “дамытып”, “ғылыми тұрғыдан” дәлел­де­­генсiп. Жақында ғана осындай екi кiтап жарық көрдi. Бiрiнен кейiн бiрi. Бiрiнiң авторы – Қанат Қабдрахманов. Екiншiсiнiң авторы – Жұмабай Жакупов.

Бұл кітаптар шетелде шықса да бір сәрі-ау, екеуі де Қазақстанда жарық көрді. Бірақ не ҚР президенті әкімшілігінің, не Қазақ үкіметінің, не ҚР мемлекеттік хатшысы аппаратының қызметкерлері әлгі екеуді және осы кітапты шығарған баспаның директорларын шақырып алып: «Бұларың не? Қазаққа қарсы жұмыс iстейтiн мұндай кiтапты қолдарың барып қалай жаздыңдар? Дәттерiң барып қалай шығардыңдар?” деген жоқ. Демек, қолдағаны ғой... (Нәлет мұндай тiр­лiкке!).

“Бассыз дүние...”. Темiрхан Медетбек осыдан кейiн қалай “Бассыз дүние...” демейдi?! Өлеңдi әрi қарай оқылық:

 

...Сол сөздi естiген

Мына сұм дүние –

Үстiнен

Топырақ саулап! –

Сүмiрейiп тұрды.

Тұла бойын

Ыза мен кек,

Ашу мен намыс буған

Қайран Махамбеттiң

Бассыз  мойыны

От құсатын

Вулканның өңешiндей боп

Үңiрейiп тұрды...

 

Сұмдық сурет! Сөзбен салынған сурет! Тап бiр сюрреалист-суретшi Сальвадор Далидың әуелi көзiңдi қанықтырып, артынан көңлiңдi қамықтыратын сюжеттi картинасы дерсiз!

 

Қайран батырдың

Амалы таусылды.

 

Тұла бойындағы

Ыза мен кек,

Ашу мен намыс

Кеудесiн қышқаштай қысып

Бүрiп бара жатты.

Сонан кейiн

Қапалы Махамбет

Басын кеудесiне қысып

Қабiрiне қайтадан

Кiрiп бара жатты...

 

Күңiренiп. Еңiренiп. Аруақты кү­ңiрентуге “жарап тұрыппыз” әзiр­ге...

Аруақ бәрін сезеді. Біз неғұрлым аруақтың көңілінен шығатын іс-әрекетке барып, аруақтың қолайына жағатын тiрлiк жасасақ, аруақ та соғұрлым тыныштала, байырқалай түседi. Ал ендi аруақты риза етудiң орнына оны апшыта, ренжiте берсек, көңлiн жүдемелете қалдыра берсек, не болады? Мүлде күдер үзiп, бiржолата көңлi қалса, аруақ елдi, жердi тастап безiп кетедi. Басқа жаққа  ауа көшедi. Аруақ безген, аруақ ауа көшкен, аруақ тастап кеткен жерде қасиет те қалмайды, қасиет те болмайды!  Мұндай жұртта өсiп-өнген ұрпақтың көктеп-көгеруi де екiталай, неғайбыл...

Махамбет қабiрге кiрiп кеткеннен кейiн не болды?

 

Айнала тым-тырыс,

Тып-тыныш боп

Iшiнен тына қалды.

(Асау өлеңдерiм ғана

Жүрегiме тығылып

Солқылдап

Жылап алды).

Сiз де жылайсыз. Атадан арыстан туған Махамбеттi аяп. Темiрхан Медетбектi аяп. Өзiңдi аяп. Тәуелсiз болуға жаралса да тәуелдiлiктен арыла алмай-ақ қойған ұлтыңды аяп...

Темiрхан Медетбектiң “Қаралы Қаройда болған түнгi оқиғасы” – қазiргi қазақ поэзиясының үлкен олжасы. Үлкен ырысы. Сезiнуi қандай! Сезiндiруi қандай! Өлеңнiң өн бойындағы әулиеге шашқан алтын теңгедей жарқ-жұрқ етiп жатқан шындығы қандай! Шындықтан туындаған уайымы мен ескертуi қандай!

 

                             ***

 

 

Темiрхан Медетбектiң өлеңдерi­нiң уәзiнi де, пiшiмi де бөлек. Ерек. Бiр қарасаң, ежелдегi жаршылардың жар шақыруына да ұқсайтындай. Ендi бiр қарасаң, әдебиетте “ақындық проза” дейтiн бар, осы ақындық прозаға да келiңкiрей­тiндей. Әдетте ақындар ұйқас қуады емес пе, Темiрхан Медетбек ұйқасыңа пысқырмайды да. Айтпақшы, “ұйқас” дегеннен шығады, Т.Медет­бектiң өз өлеңдерi туралы өлеңi де бар (“Менiң өлеңiм”):

Бiреулер – өлеңнiң –

Ұйқасын кiрпiштей қалап.

Сылағын қаймақтай жалап,

Мұнтаздай етiп,

Майлап жатыр.

Менiң өлеңiм

Өмiрдiң өзiндей боп

Талқаны шығып,

Iшек-қарыны

ақтарылып

Жайрап жатыр.

 

Т.Медетбектiң өлең­дерi сырттай қарағанда ғана шашырап, шашылып жатқандай боп көрiнедi. Шын мәнiнде, Т.Медет­бектiң өлеңдерi аса  шымыр. Мығым. Нығыз. Ақын өзiнiң кең тынысты, құлашты ойларын ерекше екшеп, екi-ақ сөзбен жеткiзедi. Өзгелер секiлдi көпсiтiп, далитып жатпайды, қара тасты сығып, суын шы­ғар­ғандай етiп айтатын ойын да айрықша сығымдап айтады. Көңiл-күй сезiмдерiнiң тұтас гаммасын бiр ғана тармаққа сыйғызып жiбе­редi. Өзгелердей ою­лап, кестелеп те жатпайды, “бiр-ақ кеседi”. Ұлттың қайғысы мен қасiретiн таразылап, мұңы мен мүддесiн түгендегенде де күлбiлтелемейдi. Мәймөңкелемейдi. Ма­йыспайды, ойын iркiп қалмайды: “Бас кеспек болса да, тiл кеспек  жоқ!” (Бiз бұл пiкiрiмiздi Те­мiрхан Медетбектiң “Көк түрiктер сарыны” кiта­бына қатысты айтып отырмыз. Және осы мақалада келтiрiлген өлең­дердiң бәрi де “Көк түрiктер сарынынан” алынып отыр).

Т.Медетбек мұндай форманы қайдан тапқан, қайдан алған? Көк түрiктерден. Әдетте бiз үйренгiмiз келсе, орыс пен Еуропаны жақау­рау­шы едiк қой, ал ендi Т.Медетбек не үшiн Көк түрiктерге құштар боп отыр? Қазақтың рухын қайта жандандыру үшiн. Қазақ руханиятындағы ежелгi ұлы сарынды: яки ұлтшылдық (жақсы мағынасындағы) сарынды, елдiк-ерлiк-отаншыл сарынды қайта тiрiлту үшiн.

Әлi есiмнен кетпейдi, 1989 жылы Мағжан Жұмабаев ақталғаннан екi айдан кейiн Қазақстан Жазушылар одағында жиын өттi. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған. Арнайы баяндаманы  үлке-е-е-ен ақынымыз жасады. Жиын бiткеннен кейiн:

– Қалай екен? Мағжан Жұмабаев қандай ақын екен? – деп жамырай сұраймыз ғой кiлең жас әдебиетшi­лер баяндамашыны қоршап алып.

– Жiгiттер,– дедi баяндамашы баяғы сол “көп бiлетiндiгiне”, “бiлiмдiлiгiне” басып, –  Сендердi бiлмеймiн, өз басым ешқандай жаңалық көре алмадым. Бәрi белгiлi нәрселер, белгiлi жайлар. Бiз мұны баяғыда игерiп қойғанбыз... Бәлкiм, Мағжан осыдан 20–30 жыл бұрын ақталғанда, сонда... жаңалық болар ма едi, қайтер едi... Әй, оған да күмәнiм бар...

Баяндамашының “жаңалық” дегенiнен шығады, сонда Мағжанның поэзиясындағы iрiлiк қайда қалады? Мiнез iрiлiгi! Ой еркiндiгi! Күрескерлiк рух! Бұлар жаңалық емес пе? Бәрiн қойыңызшы, Мағжанның ақындық азат рухы мен азат болмысы жөнiнде неге ләм-мим демедi баяндамашы? Мағжанның рухы – Алаштың рухы! Бiз мұндай iрiлiкке, биiктiкке, мұндай азат және өршiл рухқа, “күшiгiнде таланбаған” тәуелсiз деңгейге жүз жылда да жете алар ма екенбiз?! Көрнектi ақынымыздың осыны көре алмағанына әлi күнге таңданамын...

Жасыратын түк те жоқ, біз көбінесе поэзиядағы түрлік-стильдік ізденістерге (суреттеу тәсілдеріне, көркемдеу құралдарына, өлең техникасына, сөз саптаудағы ерекшеліктер мен өзгешеліктерге және т.т.) мән беріп келдік. Ал «рух» деген мәселеге, «рух» деген категорияға мән берген жоқпыз. Оны айтасыз, бiз тiптi рухқа әлi күнге дейiн жеткiлiктi түрде мән бермей келемiз.

Бiле бiлсек, рух дегенiмiз – поэ­зияның екiншi аты. Қазақ поэзия­сы дегенiмiз – қазақ рухы. Алаш рухы. Осы тұрғыдан келгенде, Темiрхан Медетбектiң “Көк түрiктер са­рыны” – аса құнды, айрықша бағалы.

Архивтiң шаңына көмiле жүрiп Шалкиiздiң мұрасын алғаш тапқан, Шалкиiздiң мұрасымен қазақ жұрт­шылығын да алғаш таныстырған Мұхтар Мағауин бүй дейдi: “Шал­киiздiң өлеңiн алғаш рет оқығанда... бiр сәтке демiм бiтiп қалғандай болды”. М.Мағауиннiң неге демi бiр сәтке бiтiп қалады? Шалкиiз поэзиясындағы кемелдiкке, iрiлiкке! Дегдарлыққа! Құнар мен қуатқа! Өр лепеске! Өрнектi үлгiге! Өршiл рухқа!

Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиеттi (Шалкиiз, Қазтуған, Доспамбет және т.б.) М.Мағауин “ұлы әдебиет” деп есептейдi және өз пiкiрiн түбейттеп дәлелдейдi де. Сол сияқты, Көк түрiктердiң тасқа қашап жазған жазбалары да – ұлы жазбалар.  Ұлы ескерткiштер. Мұ­ның ұлылығы неде? Тектiлiгiнде. Отаншылдығында. Мемлекетшiлдi­гiн­де. Намысшылдығында. Арлылығында. Асаулығында. Мәрттiгiнде. Өжеттiгi мен өрлiгiнде. Сөз бен серт­ке, уәде мен уәжге шегедей берiк­тiгiнде. Мазақ пен қорлықтың, мұқату мен кемсiтудiң қандай түрi болмасын, қандай көрiнiсi болмасын, көнбеуi мен төзбеуiнде.

Халықтың сөзi де оның өзiне, мiнезiне тартады. Көк түрiктердiң халықтық сипаты мен мiнезiне орай олардың өзiндiк сөз саптауы мен қолданысы қалыптасты. Мiне, Көк түрiктердiң осы айдынды, ханды да, қарашаны да жалт қаратқызатын айбынды сөз саптау үрдiсiн Темiрхан Медетбек бүгiнгi қазақ поэзиясына әкеп ендiрiп, сiңдiрiп жiбердi. Барша қадiр-қаси­етiн сақтай отырып.

Көк түрiктер – қазiргi қазақтардың отарлауға да, бұтарлауға да түспеген, құлдық пен күңдiкке ұрынбаған, езгi мен қанаудан азат, ешкiмге тәуелдi, кiрiптар болып көрмеген ата-бабалары. Одан да нақтырақ айтсақ, Көк түріктер – бүгiнгi қазақтар сияқты ұсақтамаған, шаяланбаған, күйкiлен­беген, азбаған, азғындамаған бағзы қазақтар, арғы қазақтар. Бiз отарлау мен құлдыққа түсу арқылы, кеңестiк езгi мен алапат аштыққа ұшырау арқылы талай асыл қасиеттерiмiзден айырылып қалдық. Бүгiнгi күнi де құл-құтан­ға тән (көрбалалық, қорғаншақтық, қорқақтық, жасқаншақтық, көнбiстiк және т.т.) мiнезден арыла алмай жүргенiмiз және рас. Сөз түзелсе, тыңдаушысы да түзеле бастайды, осы тұрғыда Темiрхан Медетбектiң  еңбегi ұшан-теңiз. Ол қазiргi қазақ поэзиясына Көк түрiк­тердiң, яғни бiздiң даңқты әрi айбынды ата-бабаларымыздың тәуел­сiз РУХЫН, ұлт алдындағы, сөз өнерi алдындағы биiк ЖАУАПКЕР­ШIЛIГIН, “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” дейтiн ұлы ҰСТАНЫМЫН қайта алып келдi. Т.Медет­бектiң “Көк түрiктер сарыны” тек ақынды ғана биiкке көтерiп қойған жоқ, сонымен бiрге қазақ поэзиясын да зау биiкке көтердi. Жаңа өрiске шығарды. Жаңа сатыға, жаңа сапаға көтердi.

 

 

***

 

Көк түрiктер сарыны – көне сарын, көне түр. Көненi жаңғырту, жаңғыртқанда да уақытқа сай, жаңа заманға, жаңа талапқа сай жаңғырту – қиынның қиыны. Бұл тұрғыда Т.Медетбек көп бейнеттендi, көп тер төктi. Көк түрiктер сарынына жаңа мазмұн дарытып, жаңа мағына үстедi. Жетiлдiрдi. Дамытты. Осылайша жаңа форма жасады, жаңа “интеллектуалдық конструкция” (термин В.Розановтiкi) жасап шығарды. Т.Медетбектiң осы жаңа интеллектуалдық конструкция бойынша жаратқан, жасаған өлеңдерiн  оқығанда, талай рет, Мұхтар Мағауин айтқандай, бiр сәтке демiмiз бiтiп қалғандай күй кештiк те.

“Мықты ақынның әрбiр өлеңi – маңызды оқиғамен парапар”  дейдi К.Паустовский. Темiрхан Медетбек­тiң де әрбiр жаңа өлеңi – кiшiгiрiм оқиға iспеттi: жасы бар, жасамысы бар, жырсүйер қауым бiр-бiрiне телефондасып, талқылап, таласып, қызу пiкiр алысып жатады. Өз басым Т.Медетбектiң әрбiр жаңа өлеңiне сүйiнемiн. Мықты ақынды меншiкте­гiң кеп тұрады ғой, өлеңiн оқығаннан кейiн “Менiң Темағам” деймiн ризалықпен. Өлеңдi бағалай һәм тани бiлетiн әдебиетшiлер қауымының арасынан үлкен сүйiспеншi­лiкпен, зор құрметпен “Менiң Темiрха­ным”, “Менiң Медетбегiм” дейтiн­дер­дiң әлi-ақ көбейе түсетi­нiне де кәмiл сенемiн. “Менiң Аба­йым”, “Менiң Пушкинiм”, “Менiң Әуезовiм”, “Менiң Махам­бетiм”, “Менiң Мағжаным” деген сияқты. Бұған қазiргi қазақ поэзиясының сәруары (лидер) Темiрхан Ме­детбектiң өтiмдi һәм өмiршең жырлары мен “Көк түрiктер сарыны” атты ұлы еңбегi толық кепiл бола алады.

Abai.kz

0 пікір