Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 8097 0 пікір 12 Мамыр, 2015 сағат 18:14

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ

12 мамыр -  қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің туған күні. Осыған орай Мағауиннің жазушылық және азаматтық болмысына ілтипатымды білдіріп, жиырма жыл бұрын жазылған дүниемді оқырман қауымның назарына қайта ұсынғанды жөн көрдім. 

«Талапты туған жігітке,

Тәңірім қайғы бермесін,

Алтыннан соққан жүрегі,

Ат басындай шер табар!»

(Ер Тарғын) 

Сол жылы көктем Алматыға кешеуілдетіп келді. Наурыз айының басында күн біраз жылығанымен, соңынан қайта суытып, қыламықтап қар жауа бастады.
Күні бойы кітап оқудан бас алмай жатыр едім, телефон шырылдап қоя берді. Телефонның тұтқасын құлағыма тосып «Алло» дегенімше, ар жағынан әкемнің дауысы естілді.
- Амангелді, ботам! Менің тартпамды ашсаң газеттің ортасына салынған бір қолжазба бар. Соны менің жұмысыма тезіре әкеліп таста, - деді әкем сөзінің соңын бұйыра сөйлеп.
Қолжазбаны алып, әкем жұмыс істейтін «Қазақ әдебиеті» газетіне келдім. Әкем қолжазбаны машинистка қызға тапсырды да, сырты қоңыр үш кітап берді.
- Мына кітаптарды менің тартпама салып қой. Байқа, бұл өте керек және сирек кездесетін қымбат кітаптар. Оқығың келсе оқы, бірақ кейін орнына салып қоюды ұмытпа! Мұндай баға жетпес байлық сенің әкеңнен басқа ешкімде жоқ.
Жазушылар одағынан шыққаннан кейін кітаптың мұқабасына көз салдым. «Бес ғасыр жырлайды» деген сөздер көзіме оттай басылды. Үйге келіп түскі тамағымды ішіп алған соң, әлі ешкімнің саусағы тимеген кітаптың алғашқы бетін аштым. Мен көбінесе кітапқа жазылған алғы сөздің бас жағын оқимын, ұнамаса шығарманың өзін оқимын. Кітапты оқып өзімше қорытынды жасаймын. Бірақ неге екені белгісіз, бұл кітапқа жазылған алғысөз мені ерекше тебірентіп, ыстық сезімге бөледі. Алғы сөздің алғашқы жолдарынан-ақ білгір жазушының төгілген тілі мен жыраулар поэзиясын талдаған соны ойларына тұшынып, қатты сүйсіндім. Мектепте оқып жүрген біздерге ұстаздарымыз «Қазан төңкерісіне шейін қазақ халқында мәдениет болған емес» сыңайлас сөздерді құлағымызға жиі құйып отыратын. Жас баланың өзінің жүрегіне тікенектей қадалатын суық сөздер. Ал мынау жазушының айтып отырғаны мүлде бөлек, мүлде басқаша. 
«Қазақстанды ХVІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғана ашқан Европа ориенталистері өздері мүлде күтпеген жайттарға ұшырасты. Мұның ең бастысы – көшпенділердің рухани өміріне қатысты еді. Әуелде «жабайыларға» жоғарыдан қарап, олардың өз өнерінен махрұм еместігінің өзін үлкен жетістікке балаған саяхатшылар мен этнографтардың көп ұзамай қазақ халқының ақындық дарынына бас июіне тура келген». 
Бас июіне... Менің ата-бабаларымның рухани мұрасына Европа ғұламаларының өзі бас иген. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, мақтаныш қана емес-ау, қиялыма шабыт беріп, көңіл патшалығымды аспанға бір-ақ көтеріп тастаған рухы биік қанатты сөздер еді. Әсіресе, кітаптың бірінші томы мені керемет қызыққа, қызық ғана емес, үлкен толқынысқа салып, жүрегімді тебірентті. Көз алдыма өмірі арпалыста өткен батыр бабаларымның бейнесі елестеді. Мұң мен қайғы, қасірет пен зардапты шексе де мойымаған жыраулардың қайсар рухы делебемді қоздырды. Жерінен айырылып көз жасын көл қылған қаймана қазақтың тағдыры тұла бойымды тітіркентті. Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» деп кеудесін қақ жарған шерлі толғауын оқығанымда көкірегімді беймәлім бір мұң кернеп алып денем шымырлап қоя берді. Дүниедегі сұлулықтың өзіне асқақ қараған Шалкиіздің жырларындағы әбзәл сөздерге керемет сүйсіндім. Кітаптың әр бетін оқыған сайын жүрегім атша тулап қоя береді. Адам баласы тілмен айтып жеткізе алмайтын қандай сұлу поэзия!
Қазақтың талантты жазушысы Мұхтар Мағауинмен менің таныстығымды осылай басталып еді. Рухани таныстығым. Әрине, мен ол кезде осы үш кітаптың қандай үлкен қиындықпен шыққанынан мүлде бейхабар едім. «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының антологиясынан кейін де, жазушының қазақтың рухани мұрасына қатысты көл-көсір дүниелері жарық көрді. Бірақ менің жүрегімді елжіреткен сол кітаптағы жазушының мақаласы әлі күнге есімнен кетпейді.
Мақтанғаным емес, мен советтік империяның күндердің бір күнінде құлап тынатынын өз замандастарымнан ертерек сездім.
1985 жылдың күзі еді. Университеттің бірінші курсында оқимын. «Игорь жорығы туралы жырдың» 800 жылдығына байланысты Советтер Одағының түкпір-түкпірінде неше түрлі ғылыми конференциялар өтіп жатыр. Бұл мерекені С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің де аттап кете алмайтыны бесенеден белгілі. Ғылыми конференцияда әр курстан бір-бір студент баяндама жасауға тиіс. Біздің бірінші курстан баяндама жасау менің еншіме бұйырды. Аталмыш конфренцияда баяндамамның бас жағында ғана шығарманың басты ерекшеліктеріне тоқталдым да, ортасына таман мәселені басқа жаққа бұрып әкетіп, сол кездері әлі ешкімнің тісі бата алмай жүрген орыстың мүйізі қарағайдай ғылымдарының еңбегін сынай бастадым. Ұмытпасам, Э.И.Минаковтың «Племя. Народность. Нация» атты еңбегіндегі «Қазақстан жерінде революцияға шейін мәдениет болған емес» деген пікіріне қатты шүйліктім. Қазақ мәдениетіне Ресей немесе Европа ғалымдарының өлшемімен ғана қараудың қате екенін айттым. Олжастың «АЗиЯ» кітабын қорғап, біраз шешіліп сөйледім. Конференцияға амалсыздан келіп, қалғып шұлғып отырғандардың өзі басын көтеріп алып, менің сөзіме таңырқай қарасты. 
- Өз халқының мәдениеті мен әдебиетін көтере отырып, өзге халықтың әдебиеті мен мәдениетін жоққа шығаруға болмайды, - деп баяндамамды түйіндедім. Соны айтуым мұң екен университеттің біраз мұғалімдері қитұрқы сауалдар қоя бастады. Менің алдымда сөйлегендерге құр қол шапалақтап қана қоя салған. Конференция аяқталғанда көзілдірік киген бір оқытушы менің қасыма келді де:
- Байқа бала! Әкеңе сеніп жүрсің бе? Жаңағы сенің айтып отырған сөздерің ойыншық емес. Неге қарсы шығып отырғаныңды сен сезбейтін сияқтысың, - деп ескерту жасады.
Бәлкім, мұндай конференциялардың сол кезде көп өткенінен бе, әлде әлі жас қой деп аяды ма, әйтейір менің сөздеріме ешкім ерекше көңіл бөліп, соңы ешқандай дауға айнала қойған жоқ. Дегенмен айтуын айтып алғанмен, батырға да жан керек дегендей біреулер ши шығарып, оқудан шығарып жібере ме деп соңынан бір ай бойы үрейленіп жүрдім.
Мұны айтып отырған себебім, егер мен бала күнімде Мұхтар Мағауин сияқты ұлтжанды қаламгерлердің еңбектерін оқымасам, өз ана тілі мен ділін менсінбейтін мәңгүрт болып шығар ма едім.
Кейде ойлаймын, «мүмкін біздің буынды желтоқсанда алаңға алып шыққан еркіндікті аңсаған жыраулар поэзиясының рухы шығар».
Менің ұғымымда өз ұлтының мәдени мұрасын ардақтай алмаған адамнан жазушы шықпайды. Жазушы болу үшін адам табиғатына үңілу аз,ең алдымен, ұлтыңның тағдыры үшін арпалысу, ешкімнен қаймықпай ұлт мүддесі үшін бар күш-қайратыңды сала білетін және сол ұлы мүдде жолында кездесетін кедергілерге шыдас беретін темірдей төзімділік қажет.
Қазақтың талантты жазушысы Мұхтар Мағауинді мен алып бәйтерекке теңеймін. Ол әдебиетке бір шыбық болып қадалғанымен тез өсіп, тез жетілді. Жазушының тез өсіп алып бәйтерекке айналуына себепкер болған өз ұлтына деген шексіз махаббат.
Жазушының «Мен» деп аталатын кітабы туралы кезінде неше түрлі әңгімелер айтылды. Өз басым жазушының бұл шығармасын жоғары бағалаймын. Мағауиннің тілі шұрайлы ғұмырбаяндық хамсасының басты ерекшелігі - тез оқылатындығында. Кезінде Стефан Цвейгтің Бальзак туралы классикалық шығармасын да мен дәл осылай тез оқып шыққан едім. Аталмыш ғұмырбаяндық хамсада ол өз шығармашылық өмірі туралы сыр шертеді. Осыған байланысты баспасөз беттерінде «қазір жазушылар өзін мақтап роман жаза бастады» сынды күңкілдер де ара-тұра естіліп қалады. Мен кейде Толстойдың, Достоевскийдің, Тютчевтің, Әуезовтің немесе Мүсіреповтың өздері туралы роман жазып кетпегеніне қатты өкінемін.
Мәселен, Толстой туралы Буниннің романынан гөрі жазушының өзі туралы жазғаны артық болар еді. Қалай десек те жазушының жан әлемін ашу өте қатпарлы да қиын еңбек. Оны жазушының өзінен артық ешкім білмейді және аша алмайды да. Достоевский туралы орыс және шетел әдебиетінде телегей-теңіз зерттеулер мен романдар жарық көрсе, солардың ешқайсысы пайғамбар жазушының жан дүниесінің тереңдігін толық ашып бере алған жоқ.
Мұхтардың «Мен» ғұмырбаяндық хамсасын оқу арқылы тек Мұхтардың ғана жан-дүниесін сезінбейсіз, сонымен қатар өмірлері тар жолтайғақ кешуде өткен, рухани мұрамызды санатқа қосу үшін зор еңбек сіңіріпмаңдай терін төккен Ілияс Есенберлин, Ғабит Мүсірепов, Бейсенбай Кенжебаев сияқты ғұлама тұлғалардың азаматтық болмысы көз алдыңызға елестейді. Француздың ұлы жазушысы Ромен Роллан «Бетховеннің өмірі» атты шығармасында былай деп жазыпты. 
«Егер адамның жан-дүниесі биік болмаса, одан ұлы адам, ұлы суреткер тіпті ұлы қайраткер де шықпайды».
Мұхтардың жыраулар мұрасын зерттеудегі жанкешті азабы жазушының жан-дүниесінің биіктігін ұлықтайтын ұлы қасиет. «Ер Тарғында» айтылмай ма: «Талапты туған жігітке, Тәңірім қайғы бермесін, Алтыннан соққан жүрегі, Ат басындай шер табар!» - деп. Жазушының өз сөзімен айтсақ, оны алға жетелеген де – сол шерлі жүрек.
Советтік империяның заманында Мұхтар, Әбіш, Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, Төлен... сияқты қазақтың үлкен қаламгерлері ұлтымыздың рухын «мен» сомдаймын деп, руханият майданындағы айтыс-тартысқа түскені жасырын емес. Жазушы Төлен Әбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармасындағы үндістердің өмірі, шын мәнісінде, астарлап суреттеген қазақтың тағдыры еді
Тоталитарлық жүйенің темір тақасы қабырғасына қанша батса да жазушы Мұхтар Мағауин Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Шалкиіз..., Махамбет..., Абай тәрізді біртуар тұлғаларды тудырған ұлтының келешігіне, күндердің-күнінде Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алатынына нық сенді. Шығарманы оқу барысында, ең әуелі осыны аңғарасыз. Ұлтының келешегіне деген сенім жазушыны ұлы мұратқа жетеледі. «Бақытты құлдықтан» гөрі өз елінің тәуелсіздігін армандады. Ғұмырбаяндық хамсадан тәуелсіздікті сағына күткен Мағауиннің жан азабын сезінесіз. Ұлтының жарқын келешегі жолындағы күрес сонау алпысыншы жылдардан кейін басталғандығы адамнан болса да, Алладан жасыра алмайтыны шындық. Сол ұлы күрес майданындағы биік мақсат Мұхтар Мағауин атты классик жазушыны шыңдады, өзіндік «менінің» қалыптасуына мұрындық болды.
Мен деп айту ірі тұлғаға қашан да жарасымды... 

Амангелді Кеңшілікұлы

2 ақпан 1995 жыл

0 пікір