Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Қоғам 9987 0 пікір 13 Мамыр, 2015 сағат 00:52

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

 Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына

 АШЫҚ ХАТ

 Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы! 

            Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ең басты проблеманың бірі де бірегейі сыбайлас жемқорлық екендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап тынбай айтып келеді. Және құр айтып қоя салмай сол індетпен жүйелі түрде күрес жүргізді. Жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған нормативтік-құқықтық база қалыптастырып, әрбір мемлекеттік шенеунікке қатаң талап қойды. Өкінішке қарай олардың бәрі бірдей өзіне сеніп тапсырылған қызметті адал атқара бермейтіндігі анықталды. Ант беріп, Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік лауазымды атқаруға уәкілеттік алғандардың арасынан да антұрғандар табылды. Бұған дәлел – темір торға тоғытылған «тұлғалардың» тағдыры. Бірақ Елбасымыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, мемлекеттік шенеуніктерге қойылатын талапты күшейтпесе жеңілдетіп отырған жоқ. Соның тағы бір айғағы кешегі ұлықтау рәсімінде мемлекетіміздің алдында тұрған бес өзекті мәселенің бел ортасында сыбайлас жемқорлықпен күресті атады.  Ал өткен жылдың соңында ғана, дәлірек айтсақ 2014 жылдың 26 желтоқсаны күні «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 986 Жарлығына қол қойған болатын.

«Сыбайлас жемқорлық... оған ең алдымен шенеуніктердің билікті немесе лауазымдық жағдайын жеке пайда алу үшін теріс пайдалануын жатқызады, ал оның неғұрлым таралған түрлері ретінде әдетте шенеуніктерді сатып алу, қызметтік өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану болып танылады» делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда (бұдан әрі – Стратегия).

Мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлық дертін жұқтыруының себептері неде? Стратегияда бұл сұрақтың да нақты жауабы берілген. «Қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады».

Сіз басқарып отырған министрлік Еліміздің мәдени-рухани саласына жауапты болғандықтан әділдік, ар тазалығы, моральдік, ашықтық тұрғыдан және қоғамдық індеттермен күресте өзге салаларға үлгі болса жарасар еді. Өкінішке қарай, біз бүгінгі таңда үлгі болу былай тұрсын, керісінше Мәдениет және спорт министрлігінің өзінде  Стратегияда атап көрсетілгендей «сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторлардың қалыптасқандығының», яғни сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай жасалғандығының куәсі болып отырмыз. Одан да өкініштісі сол сыбайлас жемқорлыққа жасалған жақсы жағдайды жоюға бағытталған ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұның сыры неде? Өзгелерге үлгі болуға тиісті уәкілетті органның өзі мұндай мүшкіл хәлге қалай ұшырады? Мұның басты себебтері де Стратегияда атап көрсетілген. Ол «қоғамдық пікірді ескерудің болмауы» және «ашықтықтың жеткіліксіз болуы». Сөзіміздің дәлелі ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің апатты жағдайына алаңдаушылық білдірген ғалым-мамандардың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған жанайқай мақалаларының ескерусіз қалғандығын айтсақ та жетеді деп білеміз. Олай дейтін себебіміз, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі байтағымыздың Бас Ескерткіші, мемлекетіміздің мақтанышы, Елбасымыз айтқан бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы, киелі Кесенесі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұрасы, Әзірет Сұлтанның өзінен бөлек халқымыздың атақты хан-сұлтандары, би, батырлары, игі жақсылары жерленген ұлттық пантеоны. Бұл Кесенені Еліміздің әрбір азаматы көзінің қарашығындай қорғауға, сақтауға міндетті. Ал осынау қастерлі міндетке тікелей жауапты министрліктің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайына байланысты бір топ ғалым-мамандардың үш жыл қатарынан жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларына сүйеніп жазылған, мемлекетіміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда»  жарияланған жанайқай мақалаларды ескермеуі төрешілдіктің шектен шыққан көрінісі емес пе? «Егемен Қазақстанның» бетінде айтылған мемлекетіміз үшін аса өзекті мәселелерге мән бермеген министрліктің өзге ақпарат құралдарында, азаматтардың жеке хаттарында айтылған пікірлерін елеп-ескермесі белгілі. Қолымызда бұған да жеткілікті дәлелдер бар. Дегенмен оның бәрін жіпке тізіп жатудың қажеті жоқ деп, өзіңіз министр болып тағайындалғаннан бері «Егемен Қазақстан» газетінде ғана жарияланған мақалаларға тоқталуды жөн көрдік.

2014 жылдың 17 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетінің № 96 санында «Кесененің күйі күрделі» деген тақырыппен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожаның жанайқай мақаласы жарияланды. Мақала авторы мемлекеттің қыруар қаржысына Кесенеде жөндеу жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының Бүкіләлемдік Ескерткішке келтірген залалдарын бір топ ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларына сүйене отырып,  нақты дәлелдермен атап көрсеткен болатын. Мақалада тіпті қылмыстық іс қозғауға жеткілікті айғақтар да молынан келтірілген. Алайда мән берген ешкім болған жоқ. Бүкіл Орта Азияда теңдесі жоқ, адамзаттың асыл қазынасы саналатын, Қасиетті Кесененің тағдырына немқұрайлы қараған Министрліктің Елдің басқа мәселелеріне басы ауырып, балтыры сыздайды дегенге кім сенеді?

Екінші мақала «Киелі Кесене сынақ алаңына айналмауы тиіс» деген тақырыппен «Егемен Қазақстанның» 2015 жылғы 14 наурыздағы №49 санында жарияланды. Мақала авторы  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры Мәулен Садықбеков. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі «Ұлы ғимарат», «Қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталығы» деп, әрдайым тебіреніп,  құрметпен атайтын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүгінгі техникалық жағдайы өте қиын, тіпті апатты жағдайда тұр десек, бұл асыра айтқандық емес» деп сөз бастаған М.Садықбеков ары қарай мақаласын былайша сабақтайды. «Ендігі жерде кесененің қиын жағдайы туралы дабыл қақпаса болмайтын жағдайға жеттік.  Үніміз жеткен жеріне дейін Елбасымыз айтқан «Ұлы ғимараттың» мәселесін әрдайым көтеріп келе жатырмыз. Алайда, «Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман» дегендей күй кешіп келе жатқандығымыз да жасырын емес. Соңғы 5 жылда Кесененің жағдайын тексеру жөнінде 5 рет ведомствалық комиссия құрылды. Келген комиссия Ескерткіштің техникалық жағдайына, онда жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыстардың сапасына баға берудің орынына «бұдан былай үндеріңді шығармаңдар» дегендей, Кесененің жағдайына алаңдап, мәселе көтерген «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайын қаралап, айыптап кетеді. Сонда біз Кесененің бір бөлігі құлап түскенше үнсіз отыра беруіміз керек пе? Ондай жағдайдан Құдай сақтасын! Десек те, ондай қауіптің бар екені рас. Бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде төтенше жағдай орын алған да болатын. 1982 жылы Кесененің үлкен күмбезінің астындағы сталактиттердің бір қатары құлап түскен. Бүгінгі күнде де Кесененің ең қауіпті жерлерінің бірі сол үлкен күмбез және оның астындағы сталактиттер болып тұр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген тәуелсіз ғалым-мамандар Ескерткіштің өн бойында қауіпті тұздану, ылғалдану процестері қарқынды жүріп жатқандығын анықтап отыр. Тәуелсіз ғалымдар Кесененің мұндай жағдайға тап болуы - ғылыми негізсіз, жобасыз, қалай болса солай жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарының салдары екендігін атап көрсетті».

Елбасымыз 2015 жылдың 11 ақпаны күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұсыныс айтпай, үнсіз бас шұлғып кете беретіндерді өткір сынға алып, «Тек қана мені тыңдап кете бермей, ойларыңыз болса ашық айтыңыздар... үндемей отырғанды қойыңыздар... Бір-бірімізді тыңдауымыз керек» («Егемен Қазақстан», №28, 12 ақпан) деп талап қойған болатын. Елбасының талабын тыңдайтын, пікірін ескеретін, мемлекеттің мүддесін ойлайтын, ұлттың рухани-мәдени, тарихи баға жетпес байлығына жаны ашитын тиісті сала басшылары осынау аса өзекті мәселені ашық көтеріп отырған мекеме басшысына алғыс айтып, оған қолдау көрсетер еді. Алайда бәрі керісінше болып жатқандығы қалай? Мемлекеттің қомақты қаржысын алып, Ескерткішті қалпына келтірудің орынына оған зиян келтіріп, киелі Кесенені сынақ алаңына айналдырған «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнын Мәдениет және спорт министрлігінің қолдап, қуаттап, бар айыбын жасырып, ал Кесенеге шын жанашырлық танытып, мәселе көтеріп отырған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры М.Садықбековке қысым көрсетіп отыруының сыры неде? Бұл мәселенің сырын да М.Садықбековтың сол мақаласынан тапқандай болдық. Қараңыз:   «Барлық мамандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайының нашарлау себебі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуші - «Қазқайтажаңарту» РМК (республикалық мемлекеттік кәсіпорны) қызметінен деп санайды. Өйткені,  ғылыми жобаны жасайтын да, одан соң сол жұмыстарды жүзеге асыратын да «Қазқайтажаңартудың» бір өзі.  «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» жоқ!  Мұндай жұмыс жүйесі әлемнің бірде бір елінде жоқ шығар. Тіпті, тоталитарлық Кеңес өкіметі тұсында да мұндай сорақылық болмаған. Ол кезде тарихи ескерткіштер бойынша ғылыми-зерттеу және жобалау институты өз алдына дербес мекеме еді. Өздері жасаған реставрациялық ғылыми жобаларға жауап беретін және оны реставраторлардың дұрыс орындауын қатты қадағалайтын. Ал сол институт қазір «Қазқайтажаңарту» РМК-ның қол астындағы филиалы. Ғылыми-зерттеу және жобалау институтын «Қазқайтажаңарту» РМК-нан бөлу қажеттігін біз ғана емес, Кесененің тағдырына алаңдаулы ғалымдар, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар көтеріп келе жатқандығына да бірнеше жылдың жүзі болды. Әлі нәтиже жоқ.

 Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды реставрация деп айтуға келмейді. Өйткені, кәдуілгі құрылысқа тән ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады...

Мемлекеттік бюджеттен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрациясына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп келеді. Алайда, осы қаржының нақты қандай жұмыстарға және қалай жұмсалып жатқаны туралы мәліметті ешқайдан кездестіре алмайсың. Жыл сайын жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыстар туралы мақалалар, сол жұмыстар жөнінде мамандардың әрқилы пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарынан таппайсың. Бәрі құпия. Бұл күнде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылыс тәжірибесін өткізетін сынақ алаңына айналып кеткендей. Жылда бітпейтін жөндеу жұмыстары...»

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тағдырына алаңдап, біз де тиісті органдарға талай хат, баспасөзге мақала жазып, мәселе көтергенбіз. Сондықтан қорық-мұражай директоры көтеріп отырған мәселелер бізге өте жақсы таныс. Және жазғандарының бәрі рас. 

Кесененің жағдайын тексеру үшін 5 рет комиссия құрылса, оған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, зиялы қауым өкілдерінің Министрлікке, т.б. құзырлы органдарға жазған хаттары, БАҚ арқылы көтерген мәселелері себеп болуда. Алайда сол комиссиялардың еш пайдасын көрген жоқпыз. Неге? Себебі, комиссия негізінен «Қазқайтажаңарту» кәсіпорынының өкілдері мен солардың сөзін сөйлеп, шотын шабатын Министрлік өкілдерінен құралады. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Кесенедегі атқарылатын жөндеу жұмыстарының жобасын жасайтын да, оны орындайтын және жұмыстардың орындалуын бақылайтын да «Қазқайтажаңарту» кәсіпорынының бір өзі. Ешкімге есеп бермейді. «Өзі би, өзі қожа». Соның бәрі аз болғандай «Қазқайтажаңартудың» жұмысының сапасыздығына байланысты жазылған хаттар мен көтерілген мәселелерді тексеретін комиссия тағы да сол «Қазқайтажаңартудың» басшылары мен қызметкерлерінен құралады. Мұндай комиссияның қандай шешім қабылдайтындығы айтпаса да белгілі емес пе? Сондықтан біз бұл мәселені де көтердік. 2013 жылы Мәдениет комитетінің бұйрығымен «Қазқайтажаңарту» өкілдерімен қоса «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, жергілікті зиялы қауымның өкілдерін қоса отырып арнайы Сараптамалық топ құрылды. Мәдениет комитетінің бұйрығында Сараптамалық топтың міндеті атап көрсетілген. Ол мынау: 1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуын талдау, бақылау. 2. Кесененің техникалық жағдайын объективті сараптау, бағалау. Мынадай  бұйрықты көріп, Кесенеге пайдасы тиетін бір шешім қабылданып қалар деп үміттеніп едік. Өкінішке қарай ол үмітіміз де ақталмады. «Қазқайтажаңарту» өкілдері әдеттегідей шешімнің жобасын алдын ала әзірлеп алып келіпті. Бұл жолы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігін айыптапты. «Мәдениет комитетінің бұйрығы бойынша Сараптамалық топтың алдына қойылған мәселелерді қарап, талқылап, осы жерде отырып бірлесіп шешім қабылдайық» деген біздің ұсынысымызды «Қазқайтажаңарту» өкілдері тыңдамай, жоқ жерден шу шығарып, дау туғызды. Ақыры ойындағылары іске аспайтын болған соң «біздің басқа жұмысымыз бар» деп, Сараптамалық топ отырысын тастап, шығып кетті. Министрлік өкілі де солардың ығына жығылды. Сөйтіп жап-жақсы құрылған топтың жұмысы аяқсыз қалды. Содан соң біз «Қазқайтажаңарту» РМК Министрлікке бағынады ма, әлде Министрлік «Қазқайтажаңарту» РМК-на бағынады ма деген ойға қалдық.

2013 жылдың 3 мамыры күні Астана қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғауға қатысты арнайы жиын өтіп, ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны функциясынан жеке шығару бойынша шешім қабылданған болатын. Алайда сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды жоюға бағытталған осынау бір игі шешім орындалмай қалды.

Стратегияда «сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюдың маңыздылығы» да атап көрсетілген. Ал Мәдениет және спорт министрлігі оны жоюдың орнына, керісінше ерекше қорғауға алып отырған сыңайлы. Олай дейтін себебіміз, Министрлік жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған ешқандай шара қолданбай отырғанымен қоймай, осы мәселені көтерген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директорын қыспаққа алып, заңсыз тексерулер жүргізіп, қудалауда...

2015 жылдың 27 қаңтары күні «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кейбір мәселелері бойынша тұрақты комиссия құру туралы» Сіздің №24 санды бұйрығыңыз шықты. 18 адамнан құрылған комиссияның құрамында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайынан бейхабар, бұл мәселеге мүлде қатысы жоқ адамдар да жүр. Алайда Кесененің жағдайын өте жақсы білетін және оны қорғап, мәселе көтеріп жүрген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры М.Садықбеков тағы да комиссия құрамына кірмей қалған. Ал Сіздің бұйрығыңызбен комиссияның құрамына кірген «Қазқайтажаңарту» РМК-ның бас директоры Қ.Тұяқбаев пен «Қазқайтажаңартудың» архитекторы Н.Имажанов ү.ж. 31 қаңтары күні Түркістан қаласында вице-министр Ғ.Ахмедьяровтың төрағалығымен өткен сол комиссияның отырысына тіпті қатысқан да жоқ. Тағы бір таң қалатын нәрсе – Түркістанда өткен отырыстың хаттамасы Астанада дайындалып, комиссия мүшелерінің қолына бір айдан соң әзер тиді. Ол хаттаманы көріп тағы да жағамызды ұстадық. Өйткені Комиссия отырысында қаралған мәселелер мен хаттама шешімдерінің айырмасы аспан мен жердей. Отырыста «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының қызметіне қатысты мәселе қаралмаған болатын. Тіпті ол туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ. Ал «Қазқайтажаңартудың» жұмысы өткір сынға алынды. Астанада асықпай, бір ай  әзірленіп, вице-министр Ғ.Ахмедьяров пен Министрліктің бас сарапшысы Ж.Молдабергенова қол қойып, бекіткен хаттамада бәрі керісінше көрсетіліпті. Тағы да «Қазқайтажаңарту» РМК-ын сүттен ақ, судан таза, ал «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайын еш жұмыс жасамайтын, бәріне кінәлі етіп көрсеткен. Шындығында «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы өте көп жұмыстарды атқарып, тың жобаларды жүзеге асырып келе жатқан және барлық көрсеткіштері бойынша республикадағы алдыңғы орындағы қорық-мұражай. Біз бүгінгі көтеріп отырған мәселемізге сай келетін бір ғана еңбегін атап өтпекпіз.  М.Садықбеков Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тағдырына алаңдап мәселе көтерген ғалым-мамандардың, зиялы қауым өкілдерінің үні, яғни қоғамдық пікірді аяқ асты қалдырмай, ескеріп, Кесененің шынайы техникалық жағдайын анықтау мақсатымен мұражайдың өз қаржысына «Қазқайтажаңартуға» тәуелсіз ғалым-мамандарды тарта отырып, үш жыл қатарынан ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұған дейін қорық мұражайдың бірде бір басшысы Кесенеде мұндай ғылыми зерттеу жұмысын жүргізген емес. Сол тәуелсіз ғалым-мамандардың зерттеу жұмыстарының қорытындылары біздердің алаңдаушылығымыздың негізсіз емес екендігін дәлелдеп берді. Бұл жөнінде жоғарыда атап көрсетілген «Егемен Қазақстандағы» мақалаларда жан жақты баяндалған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты ұлттың баға жетпес байлығын қорғау үшін әуелі сол мұраны қорғап жүрген жанашыр азаматтарды, білікті мамандарды қорғау, қолдау қажет екендігі көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамға белгілі болса керек еді. Өкінішке қарай бізде жағдай керісінше болып тұр. Бұдан шығатын қорытынды мынау: Елбасымыздың Жарлығымен бекіген Стратегияда атап көрсетілгендей Мәдениет және спорт министрлігінде «қоғамдық пікірді ескерудің болмауы, ашықтықтың  жоқтығы,  қоғамға есеп бермейтіндігі» Министрлік өкілдерін шектен шыққан төрешілдікке ұрындырып, соның салдарынан «сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторлар қалыптасқан». Яғни, Министрлікте сыбайлас жемқорлықтың өсуіне өте қолайлы жағдай жасалған. Ал мұндай жерде сыбайлас жемқорлық жоқ дей аламыз ба? Бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме. Біз әзірге Министрлікте «сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторлар қалыптасқандығы» туралы ғана айттық...

 

Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы!

Егер біз осы ашық хатымызға қанағаттанарлық жауап ала алмасақ, онда осы хатымызды Елбасының атына жолдауға мәжбүр боламыз!

 

Алимов Жантемір,

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Ергөбек Құлбек,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, ф.ғ.д.

Каримов Асатулла,

Елбасы Н.Назарбаевпен бірге Теміртау және Днепродзержинск қалаларында бірге оқыған, қызметтес болған, Қазақстан теміржолының ардагері, Түркістан қаласының құрметті азаматы. 

Бимағамбетұлы Елтай,

Қазақстан Жазушылары және Журналистері одағының мүшесі, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы, Түркістан қаласының құрметті азаматы. 

Тұрсын Хазіретәлі,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, ф.ғ.д.

Шотаев Нәліхан,

Түркістан қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы. 

Дүйсекеев Мұсахан,

Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы. 

 

 Түркістан қаласы, 12.05.2015 жыл.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1962
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2287
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1875
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1552