Сенбі, 4 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
46 - сөз 6091 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 16:04

ТІЛЕКШІ ЕДІК. ЕКЕУІН ДЕ ӨНЕРІ ҮШІН ҚҰРМЕТТЕЙТІН ЕК

Жақында ғана еске алып едік. Қаллекиде «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылғанда: «Бұлбұлдар түнінде» Мұхит қандай еді...» деп едік. Гауһар қандай еді. Көз алдымызда қол ұстасып, жайраңдап жүрді ғой. «Сексен қыз сахнаға шықса-дағы» деп, Гауһар туралы жазам-ау деп оқталып жүргенімде, ол театрдан кетіп үлгерді. Онда да Мұхит үшін ғой деймін. Әркімнің махаббаты әр түрлі ғой. «Ес кірмеген...» дедік те қойдық. Кейін Гауһардың театрға келгені есімде. Көрермен ретінде. Спектакльден кейін Гоханы аласұрып іздеп жүрген Мұхитты көргем. Кейін Гауһар театрға оралды, екеуі үйленді, қызды болды... Тілекші едік. Екеуін де өнері үшін құрметтейтін ек.
Муханың «Ай Қарагөздегі» Наршасы қандай еді. Интеллектуал, іштен тынатын, өз қоғамынан бір бас биік тұратын әзиз жан еді. Бұл Наршаның жұмсақтығы — әлсіздік емес, күштілік болатын, өзін жеңуге тырысатын, ел үшін ұялатын күштілік еді. «Жұбайларда», «Мулен-Ружда», «Көгілдір таксиде», «Күшік күйеуде», «Бөлтірік бөрік астында» , «Үлкен үйде» маңдайы жарқырап жүруші еді-ау. «Біздің Муханың паузалары қандай, Чеховский» деп театрдағы Лидия апайлар мақтап отырушы еді. Біз оны бұдан былай сахнадан көрмейміз деп ойлаған жоқпыз. Иә, мұңды еді, иә, көлденең көк аттының бәрімен түсінісе бермейтін, бірақ жауыз емес еді. 
Қалай қидың екен, Муха? Сүйіктіңді өлімге қалай қидың екен? «Әкесінің жүрегі» дейтін қыздарыңды көздерін жәудіретіп қалай тастап кеттің? Жетімдік тағдырға қалай қидың? Аңырап қалған анаңды қалай аямадың?..
Құдай кешсін. Ал біз, адамдар, тілімізге абай болайықшы. Естіген бойда осы сұмдықты ешкім білмей-ақ қойса екен деп іштен тынып ек. Алай-дүлей... Жаманат хабар жатпайтын болды ғой. Енді бір ғана өтініш, кеткен адамдардың артынан жаман сөзді көпсітпейікші. Мен үшін, көрермен үшін Олар екеуі де жақсы әртіс болды. Болды.

Әсия Бағдәулетқызы

(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды).

P.S. Автордың бұл жазбасында Ғ. Мүсірепов атындағы театрда бірге қызмет жасап қаза болған  Мұхитдин Шынтаев пен жұбайы, актриса Гауhар Шарипа туралы айтылғанын ескертеміз.   

0 пікір