Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 10810 0 пікір 3 Маусым, 2015 сағат 16:10

АБАЙ ФЕНОМЕНІ

Абайда тарихты зерттеген, халық болмысының өрісіндегі рухани құндылықтарды жан-жақты зерделеген, оны игерудің бағыт бағдары мен өлшемдерін халыққа кеңінен түсіндірген. Ойшыл ұғымының ерекшелігі халық пен ұлттық мүдде ұғымын біріктіріп, адамның өз мінін түзеуге және мінездің түзулігімен халық игілігіне қызмет етуге бағыттайтын тарихи айна болып қалуында.

Абайдың феноменін, рухани тұлғасын зерделеу үшін, оның шығармашылық әлеміне алдымен ойшылдың өсиетін ұғыну арқылы ғана енеміз. Бұл Абай тұлғасын даралап, рухани тереңдігін сақтап тұрған басты қасиет. Абай философиясы өзінің рухы мен рухани тереңдігін қасиеті арқылы жоймайтын дүние. «Не нәрсе жайынан жазса да – дейді  А. Байтұрсынов, - Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін, біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың бірімен сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды» [1.72 б.]. Абайдың оқушысы ұрпақ, адамзат. Түрлі әлеуметтік мәселелер ұрпақ өмірінде орын алып отыра берсін, оның себебі, түп тамыры ойшыл заманында. Осы себептен ойшыл ұғымы халыққа сыни білімі жағынан құнды, мағынасымен өз қасиетін сақтап тұр.

Қазақ елінің ұлттық мүддесі тарих бойы қорғалып, түп тамырын сақтап келді. Уақыты келе ғылым, адамзаттық мәдениеттің түрлері дами түскен сайын құндылықтар бағдарының да өзгеретіні анық. Адамзат философияға, даналыққа үміт артпай, ғылымның, техниканың озық жетістіктеріне арқа сүйеп, рухани негіздерден алшақтай түсері анық, бұл адамзатқа ортақ бүгінгі жағдай. Тарихи зерде, тарихи сана, тарихилық ұстаным, шешендік, тілге қамқорлық, дінге тазалық, игі істерге табандылық, ділге адалдық, білімге сауаттылық, ғылымға қабілеттілік бұның барлығы мемлекеттің дамуына әлеуметтік деңгейде күш беретін құндылықтар. Зиялылар философиясы ұлттық мүддеге қызмет етуде оның жолын, бағыт-бағдарын, тәжірибесін, қажеттілігін айқындап, көрсетіп отырады. Бұған дейін де мәлім болып отырғандай Абайдың әр бір қара сөзі ұлттық рухтың бастамалары, ұлттық идеяның негіздері. Рухани жаңару, ақыл мінсіздігі, сенім түзулігі, сауаттылық, кісілік, адамгершілік, тектілік және т.б. Бұлар Абай философиясында талқыланған феномендік қасиетке ие ұғымдар. Ұғымның түбі бір, рухани негізі әлеуметке ортақ. Абай зерделеген мәселелер адамның рухани әлемінде орын алып, оның рухани мүмкіндіктері арқылы өрістеніп отыратын сипатқа ие.

Ұлттық құндылықтар туралы ойшылдың негізі идеясы бұл – ұлттық мінез. Ұлттық мінез жеке адамның, халықтың тұлғалануының, әлеуметтік тұтастықтың, әлеуметтік мәдени дамудың белгісі. «Бұрынғы біздің ата бабаларымыз – деген Абай, отыз тоғызыншы «Қара сөзде» - бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен.

Ол екі мінезі қайсы десең, - әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілері болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен..

Екіншісі – намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен...». Бірлік тұтқасы адалдық, зиялылардың халыққа адалдығы, зиялылықтың өзі адалдықтан туындайтын қасиет. Адалдық әлеуметтік құбылысқа айналған кезде халықтың рухтағы идея өмір сүреді, халық ұлтқа айналады, ұлт өз мемлекетін құрады. Бұл ұғымының ұлттық идеяға, құндылыққа, қажеттілікке айналып отыру себебі сол. Бірлік тарихтың, қоғам болмысының, халық тәжірибесінің нәтижесінде қалыптасатын әлеуметтік ұстаным. Осы ұстаным ұлттық болмыстың негізгі қаруы. Ойдың бірлігінен тұтас идея қалыптасса, елдің бірлігінен тарих, мәдениет, қоғам, ұлттық мүде қалыптасып отырған. Бірлік рухани қасиет арқылы келмек.

Тарихта ұлтымыздың көрген қыйындығы аз емес, осы қыйындықта халқымыздың арман тілегіне орай дүниеге келген қасиетті перзенттері де аз емес. Тұлғаның халық алдындағы перзенттік борышы жанашырлығында, сол жанашырлықпен келген идеялары, сыны, ақылы мен өсиеті, өнегесі халықтың тарихын, руханиятын тоздырмайды. Демек ойшылдың ойщылдық қасиеті халыққа ой беретін, халықтың руханиятына рухани күш беретін, кейінгі уақытта ұлттық болмысына зиянын тигізетін нәрселерді білімінің рухы арқылы жойып отыратын қасиетімен ерекше. Абайдың тұлғасындағы, даналығындағы ерекшелік сыншылдығында. Абай өз заманында тек қана халқын сынаған жоқ, сол қиыншылығы мол қоғамда өмір сүріп жатқан халқын сынаған болып көрінгенімен, Абайдың сыны бүгінгі біздің қоғамға, бізден кейінгі буынға да арналған. Абай сияқты ойшыл мың жылда дүниеге келеді, сол адам мыңдадаған ұлттың өмір сүру тарихының ортасында дүниеге келсе де, оның идеясы жүз жылды артқа тастап, мыңдаған жылдарға жалғасатын ұлттың өміріндегі мәселелерге бағытталып, ұрпақтың ойлауына ықпал етіп отырады. Ойшылдың сыны сақталған, дәріптелген, тыңдалған ортада ұрпақ ақиқатқа адал, шындыққа жақын өседі. Бұны Абайдың өсиеті дәлелдейді:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткенсоң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстерме едім?

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Абайдың бұл өлеңінде уақытқа, қоғам өміріндегі психологияға мағынамен қарайтын ой бар. Ғылым мәдениет, адамның ұзақ уақыт бойғы еңбегімен өнетін, қабілетімен, білуімен келетін, елдігімен өнетін дүние. Ғалым қабілетті, білімді, мақсаты халықтың мүддесіне жалғасатын адам. Ғалым болатын адам ғылымның пайдасын халқының тағдырымен ұштастырып зерделейді. Мақсатсыз алынған білім адамды ғылым мәртебесіне жеткізбесі анық, Абайдың ғалымға қояр талабы, ғылымның игілігін халыққа ұсыну, халықтың қолын ғылымның игілігіне жеткізу ғалымның мақсаты.

Абай ғылымның мәнін діни тұрғыда, тарихтың шеңберінде, уақыттың талабы негізінде зерделеген. Абайдың ұғымында ғылым дегеніміз Алла Тағаланың адамзат баласына берген мүмкіндігі, табиғаттың, рухтың байлығын игеріп, игілікке пайдаланып, қорғап отыру үшін қажет дүние. Ұлттың жаратылысынан бастап қалыптасып отырған рухының байлығы, табиғат байлығы, ұлттың тарихындағы тәжірибелердің құндылыққа айналуы келер уақыттан ғылымды талап етеді. Адамзаттың игілігіне бағытталып, ұлттың қазынасына айналып, одан кейін ұрпаққа ұлттың рухани дүниесі деңгейіндегі жететін ғылымның негізінде ғылымның тәжірибелерімен қатар ғалымның қасиеті сақталады. Қабілетпен келіп, адамның қасиетімен өнетін ғылымның құндылықтары ұрпақтан биік мақсатты, терең ойды, жауапкершілік пен ынсапты, еңбекқорлықты қажет етпек. Абайдың ұғымында ғалымды қалыптастыратын да, тәрбиелейтін де өмір. Сондықтанда адамның бойындағы болашаққа деген түсінік, мақсат ғылыммен ұштасу қажет, ғылым туралы адамның санасы, білімі бала кезден жетілуі тиіс. Баланы өмірге тәрбиелейтін ата – ана, орта, баланы өмірге бағыттауда үйрететіні ақыл, еңбек, адамгершілік. Бұл Абайдың халыққа айтқан өсиеті.

Ислам дінінде тыйым салынған нәрсенің бірі ғылымнан қашу, адам ғылымның есігін ашуы қажет, ғылымның есігін ашу үшін адам ғылымның талабына, міндетіне икемделуі керек. Ойшылдық деңгейде интеллектуалдық білімге толы шығармашылық иелерінің танымының негізінде ғылым мен халық мүддесі туралы діни түсініктің жатқандығын Абай идеясы айқындайды.

Ғылыми білім ақылдың ісімен, білімнің күшімен, ойдың өнімділігімен келетін нәрсе. Ғылымға қызығушылық тәрбиемен берілсе, ол адамның бойында адамгершілік ұялап қалады, адамгершілік ұялаған адамның болмысы әлсіздіктен алшақтайды, рухтың әдебіне төзеді. Абай данамыздың өсиетінің мәнімен зерделесек ғылым, білім, өнер туралы ұғым халықтың мәдени санасына айналуы қажет. Атақ үшін зерттелген ғылым, мақтан үшін алынған білім адамды тиянақсыздыққа, ысырапшылдыққа үйретеді

Абай елдің өткеніне де, өзі өмір сүріп отырған уақыттағы қоғамының өміріне, елдің болашағына даналықтың рухымен қараған адам. Абай даналығының рухы неде? Кей жағдайларда ғалымдардың пікірін естіп жатамыз Абай қазақтың поэзиясына жаңа сарын, жаңа принцип әкелген адам деп. Қазақтың руханиятында, даналығында, өнері мен өнегесі, яғни поэзиясында елге жанашырлық, шындық идеясы, туралық, сыншылдық, сезімталдық, рухани деңгей қашаннан бар. Абай жыраулардың, билер мен шешендердің көреген мәселесін жауапсыз қалдырмай, соны жаңа уақыт орамындағы орын алған мәселелерге сай күшейткен адам. Мәселе ұлттың өмірінде қашанда бірдей, бірақ мәселенің қойылуы мен шешілу жолдары қоғам талабына сай күрделеніп отырады. Мәселенің күрделену себебін, деңгейін толық білетін ойшылдар сол мәселенің шешімін өзінің өмір сүріп отырған қоғамынан ілгері уақыттың деңгейінде зерделеп, көрсетіп, халыққа ұсынып отырған. Абайдың өлеңінің мазмұнын өзгертіп тұрған еуропаның класикалық дүниелері емес, ел мәселесінің уақыт талабына сай күрделенуі. Патшалық биліктің жүйесіне сай өзгере бастаған қазақ қоғамының өмірін елдің тәуелсізігіне, рухына икемдеу үшін ойшыл әлеуметтік проблемаларды жан-жақты талдаған:

Пайда ойлама, ар ойла.

Талап қыл артық білуге.

Қазақтың баласының мақсаты да, міндеті де ар-намыс болуы қажет. Қазақтың жерін мекендеп отырған, қазақтың қоғамына билік жүргізіп отырған патша өкіметінің адамдары пайда ойлай берсін, қазақ баласы елін заманынан қалдырмауы үшін артық білуге, білімді болуға ұмтылуы қажет. Абай заманындағы қазақтың жастары ойшыл даналығының рухымен болашақтың табалдырығын аттағандығы анық. Бұл дәстүр қай күндеде жалғасады, тек Абайдың даналығы тегістей ұрпақтың танымында орын алуы керек.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Военны қызмет іземе,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге. Атақұмарлық пен мақтаншақтың қазақтың қоғамына сырттан келген мінез. Жақсылардың қатары орын алған қазақтың қоғамында мақтаншақтық, атақұмарлық ерсі мінез, әлсіздіктің деңгейі болып танылды. Адамның адами қалпы, адамшылық мінезі елдікпен өлшенді.

Ойшылдардың даналығының рухы жақсылардың қатарын сақтап, дәстүрін жалғап отыруында, өмірдің талабына ақылмен мән беруді үйрететін жолды халыққа ұсынады. Даналықтың дәстүрі шектеліп, ойшыл адамдардың қатары сиреген уақытта ұрпақтың алданып қалуы, адам мінезінің әсершілдікке бет алуы таң қалатын мәселе емес. Абайдың тарих пен келер ұрпақ алдындағы, халқының алдындағы жауапкершілігінің ауырлығы сол, ол жалғыз өзі жастардың ойлауын тәрбиелеп, тағдырына ара түскен. Абайдың халқына, ұрпағына айтқан өсиеті, рухани өмірінен жетіп отырған өнегесі адам өмірінің басында болашағына мағына мен қарап, сол мағынаны кейінгі буынға қалдыру. Өмірді мағынамен зерделейтін сана болмаса, адам бар өмірінде мәнге қол жеткізе алмайды. Өмірдің мәні адамның асылдығымен орын алмаса, мағына қалыптаспайды, Мағынасыз өмір жеке адамға да халыққа да пайдасы жоқ нәрсе. Мағынасыздықтың себебі адамның әсершілдігінде, пайдакүнемдігінде, жауапсыздығында.

Абай жастарға, білім мен қызмет жолында жүретін адамдарға асыл қасиеттердің мәнін жан-жақты түсіндіреді. Бір жұрттың, халықтың, ұрпақтың өміріне қиянат жасайтын адам әлсіз адам, адамның күштілігі ақылдылықта, қаруы табандылық. Жер бетінде мәңгі өмір сүретін халық, ел, ұлт, оның тағдыры ұрпақтың санасында болуы тиіс. Сондықтанда адамның рухын сақтайтын адамгершілік, адамгершілігі мол ұрпақтың рухы, еткен ісі, өнегесі халықтың ойында, ел тарихының бойында қалады. Абайдың осы бір өлең жолдарынанан өз заманыныдағы қазақ жастарының абыройын, сол арқылы өмірін, болашағын қорғаған тұлға екендігін түсінеміз.

Өнерсіздің қылығы –

Тура сөзін айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге. Абайдың ұғымында өнер өмірден, қоғамнан дұрыс жол таба білу. Көне грек ойшылы Сократ өмір сүрудің өзі өнер деген. Абайдың ұрпаққа үйретіп отырған өнері қазақтың дұрыс өмір сүруіне жағдай жасайтын ақылды, саналы адам болу. Өмір халық пен ұрпақты біріктіретін, қасиетін, болашағын қорғайтын кеңістік. Сол өмірге ақылдың күшімен, сананың биігімен, біліммен, адамгершілікпен ену өнер. Өнерлі адам зиялы адам, зиялының өнері халыққа жағдай жасау, қоғамның тағдырына ара түсу, елді қорғау, зиялылар жолында қалатын өмір бойындағы барлық қасиеттерінің мүмкіндігін айқындайды. Зиялылардың өнері бойдағы қасиетті дұрыс пайдалану, мүмкіндігін халықтың игілігіне жарату.

Абайдың ұлттық идеясы ғылым, халыққа сауаттылықты, жастарға ғылымның қасиетін жеткізу. Қоғам ғылымның қасиетін биік түсінген сайын ғылым ел өмірінде мәдени сананың бір бөлігіне айналады. Ғылым мен халықтың арасында мәдениет орын алса ғалымдардың қызметі дамиды, ғылым қоғамдық сананың тарихи деңгейін иеленеді:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Ғылым табу адамның өмірлік парызы, кісілік міндеті. Халыққа қызмет ететін нағыз ғылымның иесін халық таниды. Ғылымды халықтың игілі деп түсінетін адам өмірден орынын белгілейтін адам. Адамның өмірдегі орны тазалықпен келіп, адамгершілігімен сақталап отырған. Өмірде орын табатын адамның мақсаты, тілеуі, қажеті санасымен, ақылымен, түсінігімен орнығады. Болашаққа сенім арқылы қарайтын адам, үнемі өзіне оралып отырады, адамның өзіне өзі ақылымен оралып отыруы орнын табуға икемдейді.

         Абайдың негізгі идеясы рух мінсіздігі. Адам болу, адамның елін, рухын қорғайтын кісілік жөнінде. Рухты әлсірететін, қоғамға теріс мінезді жаятын әдеттерден сақ болу.

         Рух мінсіздігі  талаптану, халық жолында талабыңа қызмет ету, талапқа жету жолындағы талаптың адамға қояр талабына икемді болу, айналаға ақылмен шолу жасайтын, өзіне сын мен қарайтын тәрбиеге өзіңді дағдылау. Қанағатшылдық, ысырапшыл болмау, жинақылық, жалқау мінезден бойды аулақ ұстау, ұқыптылыққа биімдеу, мақтаннан қашық тәрбиелену, төзімді болу, барға қанағатшыл, қажетіңді зиянсыз жолмен жарату.

Адами рух мінсіздігінің бір белгісі рақымшылдық, шүкіршілік ету. Небір ғұламалар, талай батыр адамдар осы қасиетпен жүрген. Халықтың игілігі жолында әулие бабаларымыздың рахымшылдық мінезімен жұртын өзіне қаратқан, халықты мұратына бағыттаған.  Рахымшылдық адамның негізінде бар қасиеттерді сақтап, оның болашағына қызмет ететін мұратын қорғайтын мінезі. Абай ұғымында рахымшыл адам мұратына жетеді.

Абай өз дәуірінде барлық адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды, мәдени құбылыстарды, ойшылдардың ілімдерін зерттей отырып, адамзат баласына ортақ, елін, ұрпағын түзу жолдан адастырмайтын идеяларды көрсетіп кеткен. Олар дінді дұрыс түсіну, діннің мәнін білу, діннің ақиқатын ғылым, даналық, тарих, діни білімдер арқылы білу, түсіну, адамгершіліктің қасиетін қадірлеу. «Отыз сегізінші «Қара сөзде» былай делінген: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет таппақ секілді нәрселердің махаббаты бірлән ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.

Мал, мақтан, ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады». Ғылым дүниенің сырын ұғынудың жүйелі тәсілі, ғылымның амалы терең білім. Ғылымды ақылмен ұғынып, біліммен қорғау, ғылымдағы нағыз білімділердің жолын қолдау мәдениет. Мәдениеті жетіспеген ортада ғылымның ізі жоғалады, ғылымның ізі жолғалса ақиқаттың сипаты да өзгеретіндігі анық. Ақиқат өзінің адамдарына ғана бағынады, ақиқаттың адамдары діни тұлғалар, әулие ойшыл ғалымдар, бұлар ақиқатты діннің білімі, ғылым арқылы түсіндірущілер, ақиқат туралы білімді қорғаушылар, халықтың алдында білімнің деңгейін сақтаушылар. Осыған байланысты Абай, «Хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді ғибрәт көзімен қарағанда, екісі де бірінен-бірі көбі жырақ кетпейді. Аның үшін әрбіреуінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, Алла Тағаланың сұңғатына қарап пікірлемекті екісі де айтты. Пікірленбектің соңы ғибратланбақ болса керек. Бұл ақыл, ғылым екісі де өзін қисабламақты, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Һәм екісі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек».

Абай заманындағы ғалымдарымыздың қоғамның әлеуметтік проблемаларын жете зерттеуде, дін мен ғылымның, тарих пен мәдениеттің, қоғам мен халық санасын қатар зерделеп, елдің рухын көтеру бағытында жарыққа шығарған еңбектерінің құндылығы ондағы идеяның жаратылыс ақиқатын негіздейтін дін мен діни тұлғалардың даналығының тәжірибелерін, тарих пен қоғамның даму жолындағы тәжірибелерді тегістей қамтып отыруында, халықтың ойланатын, ұрпақтың ішінен талантты жастардың кемел ойын жандандыратын ұғымдарды саралап, жарыққа шығаруында. Абайдың қара сөздері алаш ғалымдарының ортақ ғылыми танымының қалыптасуына себеп болды. Қазақ қоғамының төңірегінде зерттеліп, зерделенген әр бір мәселе Абай шығармашылығының деңгейінде оның философиясында көтерілген мәселелерді жалғастыра түсті.

Зиялыларымыздың шығармашылығының, ғылыми дүниелерінің ұйытқысына айналаған тарихтағы Абай шығармашылығының рухы, алаш зиялыларының қазақтың тәуелсіздігіне қызмет ететін идеясына ғана емес, олардың құрған Алаш үкіметіне, оның мемлекеттік саяси бағдарламасының, болашақ тәуелсіз мемлекеттің жан – жақты дамуын негіздейтін ғылыми философиялық бағыттағы ізденістерінің тірегіне, ұранына айналды.

Абай мен алаш зиялыларының зерделеген ең өзекті, тарихтағы өткір проблема қазақтың тәуелсіз болуы, қазақтың саны аз жері аумағы үлкен, қазақ жеріне қоныстанушылардың саны қазақпен бірдей болды, осындай жағдайда қазақтың қазақ болуы қалай? Абай осы мәселені көтерген, қазақ қазақпын деп шықса жерінен қол үзеді, жерінен айрылған халық қанша күштімін десе де, оның болашағының өрісі тар. Сондықтанда қазақты басқалармен тең қылатын ұлттық сана, уақыттың талабын түсініп, заманның талабына икемделу.

Қазақтың ойшылдары халықты сынға алса білімінің асқанды деп түсіну дұрыс емес, саяси сананы ояту мақсатынан туған, халықтың алдында олар дара болып көрінгені мен сол кезде сыртай көрінбесе де іштей олардың идеясының соңына ерген ұрпақ аз болмаған, білімділер қатары тез арада өсті. Бұған Абай мен алаш зиялыларының құрған ұлттың тарихи кеңістігіндегі мектебі ықпал етті.

«Қазақ болып автономия боламыз десек, - алдымызда шешуші қиын бір жұмбақ бар. – деген Әлихан Бөкейханов, - Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас; бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым-қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады; қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата-қонысынан көшпес; көшсе, ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы осы мұжықпен араласып отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетемізбе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халде туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ...[2. 263 б.]. Ұлттың өсімі де, өмірі де, болашағыда жер аумағына тәуелді. Отаршылдықтың зардабы қазақтың жер байлығы мол қонысын иелік етті, патша өкіметі өзінің адамын қоныстандырды. Осының салдарынан, яғни зардабынан адам шығыны көбейді, ұлттың өсімі кеміді. Қазақтың болашағын тереңнен ойлаған ойшылымыз, зиялыларымыз ендігі қалған, ұлтты, елді, жерді сақтайтын нәрсе сананы уақыттың талабына бейімдеу деп насихаттаған. Тәуелсізік алудың ең бірінші шарты қазақтың білімі арқылы өзгелермен тең болуы, қазақ пен қазақтың санасы арқылы бірі бірімен бір болуы, елмен бір болуы.

«Үшінші «Қара сөзінде» Абай, ұлттың бірлігін, елдігін, дәстүрін, адамының кісілігін, адамгершілігін жоятын нәрселерді көрсеткен: «һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі  - қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді: әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді: әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Абай ұлт мәселесіне келгенде ұлттың мінезі, психологиясы, көзқарасының, дүниетанымының деңгейінде мән берген. Халықтың санасын, мінезін, болмысын түзейтін, жақсы қасиеттерін сақтайтын мәселелерге терең көңіл бөлген. Қазақта мынадай өнегелі сөздер бар:

«Бірлікті ел бұзылмас».

         ***

«Бірлігі жоқ ел тозады,

Бірлігі күшті ел озады».

         ***

«Елдің елдігі – аузының бірлігі,

Ердің ерлігі – етінің тірлігі».

         ***

«Ырыстан ынтымақ озар» Жалқаулық, қайратсыздық, мақтаншақтық, парақорлық намыссыздықтан туындап, елдің бірлігін жойып отыратын нәрсе. Халқымыздың өсиетінен ұғынатынымыз жасандылық, жағымпаздық, атаққұмарлық, өз басыңның қамы үшін мал жинау, яғни байлықты ойлау, осы мінезден туындайтын парақорлық елдің бірлігін жояды. Бірліктің жойылу себебі халықтың жүрегінде сенімнің орнықпауы, сенімді орнықтыратын елдік, елдік сана. Абайдың халыққа арнап жазған дүниелерінің барлығында әр бір адамға талап қойылады, талаптың мақсаты көрсетіледі. Ойшыл адамды, әлеуметтің рухын әлсірететін теріс әдеттермен мінездің қоғамнан орын алу себептерін былай түсіндіреді: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан; өзге егін, сауда өнер, ғылым секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.

Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді...

Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, барлық қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айрылған және біреуге тиіспек, я болмаса  орынсыздығынан елден кетпек, әр қазақтың ойы осы». Қазақтың жерінде ұлт азаттық көтерілістер не себептен орын алды, ол жалған биліктің халықтың өмірін құлазыту салдарынан болды. Елді, халықтың тұрмысын әлсіретіп, мінезін өзгерту үшін жалған нәрселер орын алды, мал шығыны көп болды, мал шығынын, елдің дәулетін, халықтың тұрмысын сақтап келе жатқан ұлт кәсібінің иелері байларды қудалау күн тәртібіне енгізілген саясат болатын. Осының зардабынан халық жат мінездік әрекеттерге көндіккен жоқ. Абай заманында ғасырдан астам ұзақ уақытқа созылған отаршылдықтың зардабына халық үйрене бастаған уақыт, шен мен шекпенге иланып, өз жағдайының патша билігі тарапынан қамтамасыз етілуін қанағат еткен адамдардың билікке араласуы, патша билігінің әмірін орындаушыларға айналған уақыт. Жер иелігінен қол үзіп, кедейшілдік көбейген уақытта, тұрмыс тауқыметін тата бастаған халықтың мінезін елестету қыйын емес. Абай, одан кейінгі алаш зиялылары қазақтың санасын көтеру мақсатында оқу, ғылым, өнер, тұрмыс пен тұрмыс кәсібінің ісіне уақыт талабы деңгейінде қараудың қажеттілігін насихаттаған.

Діні, тілі, санасы, тұрмысы әлсіресе ұлт өзінің интеллектуалдық күшінен айрылады. Патша өкіметінің қазақ халқын рухани күшінен айыруының амалы қазақтың қоғамдық құрылысын жойып жіберу, бұл жүзеге асты, бірақ дәстүрлі қоғамдық құрылыс пен жаңа уақыт талабына сай мемлекеттің тәуелсіздігі мен билігін қайта қалпына келтірудің құрылымын, жолын Абай, алаш зиялылары жасап кеткен. Бұларды ойларының тереңдігі, қазақтың тәуелсіздігін қорғайтын, ұрпақты соған жетелейтін интеллектуалдық деңгейдің заманнан қалмайтын өрісін қалдырған. Ол өріс Абайдың мұраларындағы идея, зерделенген мәселелер, Ә. Бөкейханов бастаған зиялыларымыздың тәуелсіз мемлекет құру бағытындағы игерген, қол жеткізген тәжірибелері, көтерген мәселелері, қалпына келтірген мұралары, идеялары. Ұлттың мінезінен бастап, болмысының тағдырын қамтитын, оның тарихынан бастап қоғамдық өмірімен жалғасатын нәрселерді талқылау дәстүрі қазақ зиялыларының деңгейін тарихтан жоғалытпайды.

Аз уақыт ішінде бір ғана ойшылдың өз халқының мүддесіне, өміріне, болашақ тағдырына қатысты проблемаларды кең көлемде көтеріп, оны шешудің жолдарын дін, әлемдік тарихтың тәжірибесі, даналық, ғылым арқылы қарастыру Абай феноменіне тән қасиет. Ойшылдың қара сөздерінде талқыланған мәселелер, көтерілген идеялар, адамға бағыт беретін даналық ойлардың әр бір тармағы тұтас әлем. Қазақ қоғамындағы адам мінезіне қатысты мәселе көтереді, бірақ ол мәселемен щектелмей, халықтың, адамзаттың өмірін қамтитын ортақ идеяны халыққа ұсынады. Абай мұраларының табиғатын, рухын, мәнін түсіндіретін бұл қасиет толықтай ғылымда әлі жете зерттеле қоймағандығы анық.

Абай, «Қара сөз» жазу ісін кездейсоқ қолға алмаған. Оның мақсаты, арманы, идеялары, тек қана қазақтың ғана емес адамзатқа ортақ дін мен ғылымның, білім мен өнердің қасиетін насихаттауға бағытталған. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір  бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре –көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің бәрінің  баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік...». Абай «Қара сөздері» мәңгі қазақтың дүниесіне айналған мұра. Олай дейтін себебіміз, Абай өзі көзі тірісі кезінде жазған дүниелерін баспаға ұсынбаған, бұның себебі бар. Біздің ойымызша Абайдың бойында ақындық, ойшылдық қасиетпен қатар рухы зор сезімталдық қасиет те мол. Ол алаш зиялысы атанатын қазақ жастарының өзінен кейін идеясын жалғастыратындығын күні бұрын білген. Ойшылды өз уақытында қоғамнан оқшаулай түскен рухта осы сезімталдықтың күші болса керек. «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.

Онан басқа нәрселермен оздымғой демектің бәрі де – ақымақтық» - деген ойшыл бабамыз. Абайдың ізін қуған, оның идеясын, рухани мұраларын қорғап, жарыққа шығарған алаш зиялылары адамның адамшылығына қатысты мінездің, ғылымның халыққа ортақ пайдасын келтіретін білімнің ұғымын сақтай білді. Бұл дәстүрді жалғастыру бүгінгі ұрпақтың да алдында тұрған міндет. Абай даналығы қазақ руханиятында мәңгі сақталатын құбылыс. 

Сәрсембин Үмбетхан

Философия ғылымдарының кандидаты.

         Әдебиет:

         1. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.

2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Өнер, 1994. - 383 бет.

Abai.kz

 

0 пікір