Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Тұлға 6195 0 пікір 18 Маусым, 2015 сағат 17:20

СҮЛЕЙМЕН ДЕМИРЕЛЬ ӨМІРІНІҢ ШЫНДЫҒЫ

Түркияның 9-президенті Сүлеймен Демирель кеше, 17 маусымда Анкарада 91 жасқа қараған шағында  дүние салды. Ол Түркия тарихында Ісмет Инөнү мен Режеп Таиип Ердоғаннан кейінгі ең ұзақ уақыт премьер-министр болған адам.  40 жылдық саяси өмірінде ол, түрік саясатының қалпақты «әкейі» ретінде есте қалды.

Демирель – 1924 жылы 1 қарашада Түркияның Спарта қаласында өмірге келген. Мамандығы бойынша құрылыс инженері болған оның «су бөгеттерінің патшасы» деген лақабы да болған. Ол Ыстамбұлдағы Еуразияны жалғап тұрған екі көпірдің бірі Боғазшы көпірінің жобасын жасауға ат салысқан. Инженерлік жұмыстары аясында тәжірибе алмасу үшін Демирель екі рет бірнеше жылдан АҚШ-та тұрып келді. Сүлеймен Демирель 1965-1993 жылдары арасында өзі: «Премьерліктен алты рет кетіп, жеті рет келдім» дейтіндей, жеті рет түрлі үкіметтің басына келді. 1961 жылғы Түркиядағы алғашқы әскери төңкерістен кейін,  1962 жылы Әділет партиясына кіріп, екі жылда партия төрағасы болған Демирель, 1965 жылы, 10 қазанда 40 жасында Түркияның 12 премьер-министрі болды. Ол 1969, 1970, 1975, 1977 және 1979 жылдары да бес рет үкімет құрды. Оның билікке келген жылдарында оған Ұлтшыл Әрекет партиясынан Алпарслан Түркеш, Milli Selamet партиясынан Нежметтин Ербақан көп қолдау көрсетті. 1980 жылғы, 12 қыркүйектегі билікке әскерлердің келуінен кейін Демирель бір ай мырза қамақта болды. Артынша саясатпен айналысуға тиым салынған оған 1987 жылы ғана саяси еркіндік берілді. Сол жылы «Тура Жол партиясының» басына келген Демирель депутаттыққа сайланды. Ол 1991 жылғы парламент сайлауында Социал-демократ Халық партиясымен Коалиция құрып, Түркияның 49 премьері болып, жетінші рет үкімет басына келді. Ол бұл орында 1993 жылы 16 мамырда Президент болып сайланғанға дейін бір жарым жыл отырды.

2000 жылы, 16 мамырға дейін тұп-тура жеті жыл президент болған Сүлеймен Демирель президенттік ғұмырында 125 мемлекетке іс сапармен барды. «Ататүріктің мекенінде жеті жыл демократиялық республика кезекшілігінде болдым» деген Демирель Чанкаядағы резиденциясында президент ретінде халықты емін-еркін қабылдаған. Ол 24 жасында үйленген жұбайы Назмие ханыммен 2013 жылы қайтыс болғанына дейін 65 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті, алайда ұрпақ сүйе алмады.

1997 жылғы, «биліктің пост модернизациялы ауысымы» аталған «28 ақпан операциясы» арқылы да Демирель халықтың есінде қалды.  Бұл операция бойынша Премьер-министр Ербақан биліктен тайдырылды. Ербақан 1996 жылы қазан айында Ливия, Нигерия сияқты бірнеше африкалық мемлекетке сапарлап барып, Каддафидің шатырында қонақта болған еді, онда айтылған сөздер өз кезегінде БАҚ-та қатты сыналған. Үкіметтің күштеп таратылуына себеп болған, әлі күнге дауылы «28 ақпан» операциясын Түркиядағы  кезекті әскери төңкеріс болды, бұны Демирель өз қолымен жасады деп сынайтындар да бар. Түркияда 2012 жылдан бастап, әскери төңкерістерге қатысты іс қозғалды. 2014 жылы тамызда Демирель түсініктеме беруге шақырылды. Бірақ, Демирель «куәгерлік жасамаймын» деп мекемеге бармай қойған еді.

BBC-дің түрік тіліндегі хабары Демирель дүние салысымен мынадай дерек жазды, онда Жұмһриет газетінің тілшісі Юсуф Өзкан: 1997 жылы 11 қаңтарда Ербақанның ораза айына орай 51 беделді діни көсемдерді қонаққа шақырғанын, оған Фетхуллаһ Гүленнің де шақырылып, келмей қалғанын, Ербақанның осы дастарханында түсірілген бейнекөріністер Түрік Қарулы Күштері тарапынан суық қабылданғанын, осыдан кейін Премьер мен вице-премьер Тансу Чилердің  сыналғанын жазады.  Бұдан соң Демирель ақпан айының басында «Спарталылар қорында» Спартадан шыққан бюрократ шенді-шекпенділерге қонақасы береді. Бұған дейін де Демирель мұндай қонақасылар беріп келген екен. Ол ас соңында сөз алып, Рефаһ(Ербақанның партиясы) партиясын қатаң сынға алады. Автор осы қонақасының журналистерге жабық болғанын, сондықтан журналиске керек заттардың сыртта қалғанын, Демирель сын сөзін бастағанда қалтасындағы визит карталардың артына естелік алған автор, президент: «Көшелерге шығыңдар, жығыңдар бұл үкіметті» деп сөйлегенін жазады. Алайда, баспалдақта оны ұстап алған Демирель оған, «бұларды жазу жоқ, саған жазар жаңалық тауып береміз» деген. Осыдан соң көп өтпей «28 ақпан төңкерісі» болып, билікке әскерлер келеді.

Бала кезінде қой бағып, шопан болған Сүлеймен Демирелдің құрметіне көзі тірісінде-ақ туған қаласы Спартада университет пен әуежайға, Түркияның көптеген лицейлері мен арнаулы орта мектептеріне аты берілген. Сондай-ақ оның саясаттағы ізін айғақтайтын «Сүлеймен Демирель Демократиялық және Даму» музейі бар. Сүлеймен Демирель премьер кезінде 1992 жылы және президент ретінде 1996 жылы Қазақстанға екі рет іссапармен келді. Соңғы сапарында Алматыда үш күн болған ол 17 желтоқсанда Назарбаевпен бірге өзі есіміне берілген университеттің ашылуында болды.  

Бір телевизиялық бағдарламада студент қыздардың орамал тартып жүруіне байланысты Демирелдің: «Университетке тұмшаланып кірмексіңдер ме, Конституция, Мемлекеттік кеңес, тіпті Еуропа адам құқықтары мекемесі де бұған қарсы. Тұмшаланып жүрем десең басы оралған жерлерге, Арабстан тараптарына кетіңдер» деген сөзі қоғам наразылығын тудырып, елдің есінде жақсы қалды.

Сүлейман Иешілиурд есімді жазушы «Түркияның Масондары» кітабына Демирелдің де есімін жазған. Демирелдің АҚШ-та бірнеше жыл тұрып келуінен астар іздейтін басқа да сыбыс көп. Оны сынаушылар 1970 жылдарда Түркияда етек жайған Түрікшілдіктің көшбасшысы Алпарслан Түркешке коалициялық үкімет құрса да Демирелдің көп еркіндік бермегенін айтады. Өзінің билігінің нығаюына көп қолдау көрсеткен екінші тұлға Ербақанның да 1997 жылы биліктен кетуге мәжбүр болуы Демирель саясатында көп сыр бар екенін аңғартады. 1993 жылы Қазақстанға іссапармен келіп, көп өтпей 17 сәуірде  қайтыс болған, «мені қосқанда Түркияда 70 миллион қазақ тұрады» деген Түркияның 8-президенті Тұрғыт Өзәлдің түрік текті мемлекеттердің ұйысуы туралы үлкен жоспары болған деседі. Алайда жұмбақ жағдайда қайтыс болған Өзәлдің жолын Демирель жалғастырып кетпеді.

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1562
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1445
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1192
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1183