Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5560 0 пікір 27 Желтоқсан, 2016 сағат 11:37

ОҚА-НЫҢ ҰНЫН ӨЗБЕКСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН МЕМЛЕКЕТТЕРІ ДЕ ТҰТЫНАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы – 100 мыңнан астам халқы бар орташа аудан. Таулы өңірде орналасқан. Табиғаты жаңбырлы. Мұнда бау-бақша өнімдері көп өндіріледі. Әсіресе, алмасымен танымал. Мұнда өсірілген алманың дәмі тіл үйіреді. Дегенмен, тек қана алма өндіріп қана қою аз.

Ауданда түрлі бау-бақша дақылдарымен қатар, арпа-бидай да өсірілуі тиіс. Осы олқылықты жөндеу үшін Түлкібас ауданындағы шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мол қаражат бөлінді.

Осы қаражаттан аудандағы Түлкібас поселкелік округінде «Алтын дән» ЖШС өз үлесін алып, жұмысын қарқынды түрде дамып келеді. «Алтын дән» ЖШС өз жерінен және өзге де шаруа қожалықтары өсірген арпа-бидайдан түрлі сорттағы ұн мен кебек шығарады.

Зауыт іргесі 1987 жылы құрылған. Зауыт аумағы 11,2 гектарды құрайды, 12 цехы бар. Мұнда әр маусымда 238 адам жұмыс атқарады. Ұнды Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан республикасы тұтынады. Серіктестік басшысы Д.Айкеев зауыттың тыныс-тіршілігін айтып берді. Түлкібас поселкелік округінде 11 743 адам тұрады екен. Олар жиі жұмыс сұрап келетін көрінеді. Мүмкіндігінше, оларды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.

Қазіргі таңда «Алтын дән» серіктестігінің өндірген ұны мен кебегіне тапсырыс жиі түседі. Көптеген шаруа қожалықтары аталған серіктестіктен үздіксіз кебек алдырып тұрады. Олар шаруаларға кебекті жеңілдетілген бағамен беріп, шаруалардың бизнесін өркендетуге де өз септіктерін тигізіп жатыр. Ал, ұнды Шымкент, Тараз қалаларының тұрғындары да арнайы тапсырыспен алдыртып тұрады.

Абай-ақпарат

0 пікір