Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 3386 0 пікір 12 Қаңтар, 2017 сағат 12:00

ДИПЛОМ КӨП, МАМАН ТАПШЫ...

Мамандардың тапшылығы жұмысшы іздеген кәсіпкерлерге айқын білінеді. Былайғы жұрт қаншама мамандар диплом алып жұмыс таппай жүргенін сөз етеді. Шынтуайтына келгенде дипломы бар мамандардың көпшілігі жұмысқа келгенде не істерін білмей сасқалалақтап тұрғаны. Жұмыстың қыры мен сырын түсіндіріп беріп, ал енді жалғастыр деуге де икемделе алмайтындар көп. Сонда жұмыс берушінің «Диплом берген мекемеден дым үйренбеген екенсің» деп дипломын қолына ұстатып, қайта бер деуден басқа амалы қалмайды.

Ал кейбір жұмыс берушілер үлкен қайырымдылық жасап, жаңа келгендерге қайтадан ұстаз болуға бел байлайды. Өйткені дайын маман деп келіп отырғандардың 90 пайызы дерлік іс жүзінде жұмысты алып кетуі неғайбіл. Сондықтан үйретуден жалықпайтын жұмыс берушілер де бар. Алайда бұл орайда үйретем деп жүріп, уақыттан ұтылып, тұтас өндірістік үрдісті тоқтатып алу қаупі тағы бар. Ал мұның жалпы елдің экономикасының дамуына кері ықпалы болатыны бәсенеден белгілі жайт.

Жұмыс беруші өз ісіне шебер маманға тап бола қалса содан айрылмаудың амалын жасайды. Білікті маманның қойған талаптарын түгел орындап, жұмыс істеуге барынша жағдай жасайды. Бүгінгі нарықтық экономиканың талабы ең алдымен жұмысшы жақсы болса деп тілеу. Жұмысшы жақсы болса, жұмыстың нәтижесі де жақсы. Жақсы, сапалы жұмыстың өніміне сұраныс көп. Сұраныс көп болғаннан кейін табыс та көп. Осы қағида кез келген салаға қатысты. Медицина, білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы, машина жасау, сауда-саттық, тіпті құқық қорғау органдарына да қатысты. Өз ісінің барлық нормативтерін жақсы білетін және шешуші сәттерде батыл әрекет ете алатын маман, жағдайдың күрделі кездерінде ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін анықтай алатын маман елдің ризашылығына бөленіп жүреді. Сәйкесінше білікті маманның табысында мол береке болмақ.

Білікті маман болуға деген жауапкершілікті біздер ерте жастан-ақ балалардың бойына сіңіруге тиіспіз. Бала-бақшадан бастап өмірде өзіне бір мамандық болуы қажеттігін және сол мамандықтың нағыз иесі болуға тиіс екендігін санасына сіңіру маңызды. Мектеп қабырғасы жас буынның өмірде дұрыс бағыт-бағдар алуына, дарыны мен икемділігіне қарай өз мамандық жолын айқын тануына зор ықпал етеді.

Әрбір ата-ана баланы дүнеге әкелген, өсірген өздері болғанымен оны қоғам алдында елдің азаматына айналатын тұлға етіп дайындау керектігін түсінеді. Әркім өз баласының ертеңгі күні қылмыскер емес, еліне адал қызметкер болып шығуына шын тілектес. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына мемлекеттік жүйе, атап айтқанда бала-бақша, мектеп, оқу орындары мен жұмыспен қамтамасыз етуші орындар көмектеседі.

Қазіргі таңда қайсыбір саланы алсақ та маман жетіспеушілігі көзге ұрып тұр. Киноиндустрия, шоу бизнес, баспа ісі, бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе өнімді халыққа тарату, жариялау, жарнамалау, дұрыс түсіндіру тұрғысынан білікті мамандар өте қажет.

Тек қана жастарға емес, ел азаматтары мен ата-аналарға, ұстаздарға, әкімшілік орындағы қызметкерлерге де елімізді жақсы мамандармен қамтамасыз етейік дегім келеді.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір