Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алашорда 5547 0 пікір 17 Қаңтар, 2017 сағат 12:29

МЕН КӨРГЕН – ҚОНАЕВ

Көрнектi мемлекет қайраткерi, заманының заңғар тұлғасы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев есiмi қазақ халқының мәңгi есiнде қалары даусыз. Кеңес одағы секiлдi алып держава құрамындағы он бес одақтас республикалардың бiрi – Қазақстанды басқарған Д.Қонаев  шын мәнiнде халық сүйген  ел ағасына айналды. Ол республикаға басшылық жасаған жылдары Қазақстанның дамуына орасан зор еңбек еттi. Бұл кезең республикамыздың гүлденген кезi болды. Оның кезiнде Қазақстанның экономикасы ғана емес, сонымен қатар мәдениетi, әдебиетi, өнерi де дамыды. Биязы да парасатты тұлғалы басшы, кiшiпейiлдiлiгiмен де ерекшелендi. Сондықтан да халық оны жақсы көрдi, сыйлады, құрметтедi. Дiнмұхамед деп есiмiн толық атамай, Димаш Ахметұлы деуінің өзі сол құрметтiң бiр парасы болса керек. 

Мiне халқымыздың осындай ұлы перзентімен кездесу немесе оны көру сол уақытта кiм-кiмге де ерекше әсер қалдыратын. Сондай әсердi осы жолдардың авторы да бастан кешкен едi. Бұл өзi сонау 1970 жылы болған жағдай екенiн айта кету керек. Ол кезде мен Алматыдағы  № 2 мектеп-интернаттың алтыншы сынып оқушысымын. Бұл бiлiм ошағы сол уақыттағы Қазақстан астанасындағы санаулы қазақ мектебiнiң бiрi. Қателеспесем төртеу ғана болды-ау деймін. Оқу жылының  басталғанына көп бола қоймаған кез. Шамасы сол қыркүйек айының орта шамасы болуы керек. Әйтеуiр күн жылы уақыт. Мұғалімдеріміз  келесi күнi өте ерте оянуға тиiс екенiмiздi ескерттi.  Содан кейiн бәрiмiзге жаңа киiмдер бердi. Ұлдар барлығы  бiрдей костюм-шалбар мен ақ көйлекке ие болса, қыздарымызға да жаңа мектеп формалары берiлдi. Киiмдерiмiздi, сондай-ақ қызыл галстуктерiмiздi өтектеп, дайындап қойдық. Осылайша үш сынып оқушылары дайын болды. Алдағы күнi не болатынынан, қайда баратынымыздан хабарсызбыз.

Ертеңiне шынымен де таңғы сағат төртте оятты, 15-20 минуттан кейiн бәрiмiзде мектептiң жанына келiп тұрған үш автобусқа бөлiнiп отырдық. Бiр байқағанымыз автобуста әдемi гүл шоқтары салынған себеттер бар екен. Сағат бестен өте Алматы әуежайына келiп жеттiк. Бiзге қазiр келiп қонатын лайнерден шетелдiк қонақтар түсетiнiн, соларға гүл шоқтарын тапсыруға тиiс екенiмiздi түсiндiрдi.  Сәлден соң бiзге жақын жерге бiрнеше "Чайка" автокөлiктерi тоқтап, олардан Қонаев бастаған республика басшылары түсе бастады. Бәрiмiз де сол жаққа қарап қалыппыз. Ол кiсiлер өздерiн күтiп алған әуежай қызметкерлерiмен аз-кем тiлдескен соң бiз жаққа қарай назар аударды.  Сонан соң бiзге қарай бет алды. Бастап келген мұғалiмдерiмiз "Тыныш тұрыңдар, өздерiңдi жақсы ұстаңдар" деп сыбырлап үлгiрдi. Тұсымызға жеткен Димаш Ахметұлы мейiрiмдi жүзбен "Ал балалар, саламатсыңдар ма?" деп өзi бiрiншi сәлем бердi. Барлығымыз бiрдей жамырап, "Саламатсыз ба?" деп ол кiсiнiң сәлемiне жауап қайтарып жатырмыз. "Жағдайларың қалай, сабақтарың жақсы ма?" деген сұрағына "Жақсы" деп және жауап қайтардық. "Дұрыс, жақсы оқыңдар. Елiмiздiң болашағы өздерiңсiңдер. Сондықтан болашақта елiмiзге жақсы қызмет етулерiң үшiн бiлiмдi болуларың керек" дедi. Бұл уақытта күтiп тұрған ұшағымыздың қону алаңына жақындап қалған сәтi едi. Әуежай басшылары Қонаев пен оның жанындағы жоғары лауазым иелерiне  асығу керектiгiн сыпайылап жеткiзiп жатты. Қонаев бiз жаққа тағы да бұрылып, жылы жымиған күйi "Жарайды, бәрiмiз де қонақтарымызды дұрыстап күтiп алайық" дедi де қасындағы кiсiлердi бастай жөнелдi. Қонаевтың өзi келiп сәлемдесiп кеткенiнiң әсерi болар, балалардың бәрiнiң бетi бал-бұл жайнап кеттi. Бiздi бастап жүрген оқытушыларымыз да әсерден айыға алмай тұрғандай.

Сәлден кейiн әуежай алаңына сол уақыттағы алып лайнерлердiң бiрi саналатын "ТУ-104" ұшағы келiп қонды. Трап баспалдақтары қойылғаннан кейiн ұшақ есiгi ашылып, күткен қонақтарымыз түсе бастады. Бұлар өздерi шамасы халықаралық симпозиум немесе конференция делегаттары болуы керек. Өйткенi, түсiп жатқан қонақтар құрамында барлық континеттердiң өкiлдерi, ақ түстiлер де, қара нәсiлдi де. азиялықтар да, латынамерикандықтар да болды. Олардың барлығы, жүз шақты адамдай, түсiп болды-ау деген кезде кейiнiрек тұрған бiздерге қолдарымыздағы гүлдерiмiздi тапсыруға рұқсат бердi. Балалар жүгiрiп келiп, мәртебелі меймандарға гүлдерiн бере бастады. Мен гүл тапсырған қонақтың Үндi елiнiң адамы екенiн киген киiмiнен аңғардым. Және ол делегация басшыларыныѓ бiрi екенi белгiлi болып тұрды. Гүлдi алып, "Спасибо!"деп арқамнан қағып, басымнан сипады. Одан бiр-екi қадам жерде делегация басшысы, жас шамасы жетпiске жақындап қалған  бурыл шашты еуропалық кісі Қонаевпен әңгiмеге кірісіпті. Димаш Ахметұлы биязы қалпы  басын изеп, содан кейiн ол кiсiге республиканың жоғары кеңесi президиуымының басшылары Ниязбековтi және Рамазанованы таныстырып жатыр. Бiр сәт бөгелгенде осы көрiнiске куә болдым, одан соң кейiн қайта бастаған сыныптастарыма қосылдым.

Осылайша азғана уақыт аралығында бiз сол кездегi Қазақстан Республикасының басшысымен дидарласқан едiк. Шынын айтқанда бiз Димаш Ахметұлын бұған дейiн де бiр рет көрген болатынбыз. Содан 4-5 ай бұрын Лениннiң 100 жылдығына байланысты Алматыдағы орталық стадионда үлкен мерекелiк шара өткiзiлдi. Сол шарада Қонаевты  өте жақын жерден тұрды. Мiне осылайша жас кезiмiзде ұлы тұлғаны көрген сәттер ұмытылмастай әсерiн қалдырған едi.

Иә, әуежайға қайта оралайық. Республика басшылары мен шетелдiк меймандар әуежайдан аттанып кеткеннен кейiн бiз сол жерде бiраз бөгелдiк. Кiмнен шыққан ұсыныс екенiн бiлмеймiн, балалар үлкен ұшақтарды көрсiн деп әуежай басшылары рұқсат берiптi. Содан бәрiмiз шетелдiктер ұшып келген "ТУ-104"-тiң және сол жерде тұрған тағы бiр лайнер – "ИЛ-18"-дiң iшiне кiрiп, аралап шықтық. Ол да өзiндiк бiр қызық сәт болды.

Негiзi шетелдiк қонақтарды ұлттық мектеп оқушыларының күтiп алуы да республиканы таныстырудың бiр жолы деп түсіндік. Жалпы осы мектепте оқып жүріп қазақтың  тарихында есiмi қалған көптеген белгілі адамдармен жүздескен едiк. Олар мектеп оқушыларымен кездесулерге кезегiмен шақырылып тұратын. Мысалы солардың қатарында шығыс жастары көшбасшыларының бiрi болған Сара Есова апамызбен (ол Ленинмен кездескен), Рейхстахқа ту тiккен Рақымжан Қошқарбаевпен, даңқты партизан, жазушы Қасым Қайсеновпен болған кездесулер дәл бүгiнгiдей көз алдымда. Бұлар тұтас бiр дәуiрдiң өкілдер едi. Осындай жандармен кездескенiмдi шын мәнiнде мақтан етемiн.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ

Abai.kz

 

0 пікір