Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Қоғам 4273 0 пікір 17 Қаңтар, 2017 сағат 12:54

АСХАТ ӨМІРБАЕВ. КАРТИНА

әңгіме

Көктемде ұзыншақ үйдің ту сыртында алма ағашы жайқалып тұратын. Бөдененің жұмыртқасындай шап-шағын алма күзде уылжып піскені сондай, мөлдіреп, жоғары қарағанда күн сәулесімен сары алтындай жарқырып, дәні көрінетін. Өзі кішкентай болғанымен, түр-түсі көзді арбайтын. Әрі қышқылтым дәмі тіл үйіретін. Міне, бұл алма ағашты менің Әбен атам екен шығар, сірә. «Немерем өскенде жесіңші» деген болар-ау! Өкініштісі – ес кіргенде мен атамды көре алмадым. Тек үлкейгенде суретіне қарап өзімнің қартайған шағымды көргендей болып, атамды таныдым...  Осы алма ағашының шығысында бір-біріне жапсарлай салынған мал қора мен шағын сарай бар еді. Жөргекте жатқан баланың бойындай ғана терезеден түскен әлсіз ақсұр сәуле сарайдың ішін жарық қылып жібермесе де, алакөлеңке қылып тұратын. Үйге сыймаған ескі-құсқы дүниенің бәрі түгелдей осы құрқылтайдың ұясындай сарайдан орын алған.

   Бірде Бақыт әкем екеуіміз сарайға кіріп, әлденені іздедік. Қабырғаға тақалған қаңылтырдың арасынан бейтаныс картина көзіме оттай басылды. Әбден шаң басқан өнер туындысы еріксіз назарымды аударды. Дереу көп қаңылтырдың арасынан суырып алып, бетін жарыққа тостым.

   Ғажап! Міне, керемет! Қос жанарым түп-түгел картинадағы қорқынышты суретке ауған. О, Тоба! Адамдардың бойын үрей билеп, қаланы дүр сілкіндірген жер сілкінісінің ғаламат күші биік үйлердің күл-паршасын щығарып, аласапыран күйге түсірген. Күллі тіршілік иелерін жермен жексен етуге қауқарлы Везувий жанартауы мен шарасыздықтан жан-жаққа жан сауғалап қашқан адамдар арпалысы менің жан дүниемді шайқатып кетті.  Картинаның оң жағында биік мұнаралардан құлаған адам ескерткіштері, ышқына кісінеген жылқы үстіндегі адамды төңкеріп жіберердей; енді ештеңе өзгерте алмасын біліп, тағдырға көндігіп, өмірінің  еш мәні қалмай, ешқайда қашпастан ғашығының мәйітін құшқан жігіт; ақырғы сөзін айтқан ағалы-інілер; ауыр соққы алған, болмаса ауруға шалдыққан әке-шешесін сүйреген адамдар тағдыры қылқаламмен ғаламат бейнеленіпті. Дәл ортада анасының өлі денесінің қасында жатқан құлын дауыс шығып жатқан құндақтағы сәби...  Құдайым-ау, бұл жартылай жаңалаш әйелдің жанында шырылдаған, құлан дауыс көкке жеткен өз нәрестесі ғой... Көз алдыма  өмір мен өлімнің арпалысы елестеп кеткені. Көненің өшіп, жаңаның  тууы - ақыретке дейінгі жалғасқан ғұмыр демеске шара бар ма?  Сол жақта – басына ат басындай тас құлаған, апаттан қашқан адамдар, бойын үрей мен қорқыныш билеген  отбасы – бәрі-бәрі жанды суреттей жанымды дірдек қақтырды. Ерекше көзге түсетіні – адамдардың көбі жартылай жаңалаш кейіпте. Қарауыта түнеріп, от шашқан алқызыл аспан, бұрқасын дауыл, қақ жарылған қара жер жан дүниемді шайқап жіберді. Әне, бір баласын қолына алып, екінші баласын қалқалаған әйелді қапсыра құшақтаған күйеуінің жоғарыдан ұшқан тастарды қолымен жасқай, қорғанып әлек. Алапат дауыл адамдарды ұршықша үйіріп әкетердей азынай соғып, елдің зәре-құтын қашыра түскен. Бұл ғаламат апаттың соңы немен тынғанын ойласам, денем түршігеді. Скавр қабірінің баспаларында шоғырланған бір топ адамды арасында суретшінің өзі не істеп жүр? Заманақыр туғанда ең соңында тарихты жазып кету үшін тарихшылар ғана қалады деген соқыр сенімге қайтарған жауап па? Әлде... Алладан шыныменен жарлық түссе, аспандағы жұлдыз сөніп, ажалдан ешкім де жалған дүниеде тірі қалмайтынын меңзей ме? Аман қалу мүмкін еместігін ұғынған үш әйел тізерлеп, Құдайға жалбарынып жатыр... Адам пенде емес пе? Ақ киімді адам өлім аузында бола тұра, дүниеқоңыздықтан өзімен алтын қимай, алып кетпекші... Бірақ қайда қашпақ?  

  Ғажайып картинаға ұзақ үңіле қарап қалыппын. Әке маған назарың да салмай, әлдебір сауыт-сайманды қопарыстап жүр.

-  Мынаған қараңызшы!

  Әкем бетін шаң басқан картинаға көз қиығын салды да, іздеген затын тезірек тауып алғысы келіп, жан-жаққа қарағыштай берді.

- Мына картина жақсы екен, үйге іліп қоймаймыз ба? – дедім қызығып. Әкем үндемеді. Келіспегені. Картинаның бетіне ұзақ үңіліп тұрғанымды көріп:

- Әлі, тұрсың ба? Босқа тұрмай, мыналарды ал, - деді құрылысқа қажетті саймандарды көрсетіп. Өзі қолына шеге салғышты алып, сарайдан шығып жүре берді. Мен болсам картина жайлы ойдан арыла алмай тұр едім. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, ойы көк оқушы картинаны қайбір жарытып талдай алды дейсіз.   

Келер жылы сарай да, сиыр қораны да бұзылды.  Бес-алты жігіт қойсын ба, жарты күнде жер сілкінісінен қираған үйлер секілді қора-қопсы жермен жексен болды. Сол кезде мен картинаны көре алмадым. Бәлкім, кейін мен сессияға кеткен кезде отқа өртеніп кеткен де болар. Әйтеуір ұшты-күйлі жоқ.

Арада талай жылдар өтті. Бозбала шақта адам тым өзгергіш келеді емес пе, жігіттермен бірге қыздарға қырындап, талай қызықты дәуренді бастан өткеріппіз. Еш алаңсыз. Құдды бұл дүние тек сауық-сайранға құрылған өмір елесі секілді. Талай би кештеріне барып, мерекелерде бас қосып, тойдың көрігін қыздырдық. Не ұттық, білмеймін. Ұтылғанымыз көп секілді. Жігіттер жағы ішімдік пен темекіге әуес болыпты. Қаншама бөріктілер көріктілердің жүрегін ауыртып, еш мән берместен бейқам күн кешіп келіппіз. Иә, осылайша жігіттіктің дәмін таттық. Азды-көпті күнәға баттық. Ес кіргенше.

Қазір есімнен сол картина кетпейді. Бәлкім, бұл кезде маған бір белгі болған да шығар. Бозбала кезімде мен картинадағы адамдардың неліктен азап шегіп, қорлыққа ұшырағанын бағамдамаған екем. Кейін білдік. Помпей қаласының тұрғындары өз нәпсісіне ие бола алмай, құдіретті құдайдың қаһарына ұшырапты. Ұшыратқан кім? Өздері.  Басқа ешкім де емес. Жақсылық – Алладан, жамандық – өзіңнен емес пе? Адам баласы дүниеге шыр етіп түскенде анадан пәк туады деседі. Адамның арын да, жанын да былғайтын, жүйкеге жүк, ұрпаққа кесапат арқалататын сол адамның өзі екен. Сонда адам өзіне-өзі жау болғаны ма? Кінәлі, күнәлі пенде жалған өмірдің бір сәттік қызығына бата береді. Адамның қас жауы – шайтан пендені күнәға батырған сайын өзіне-өзі риза болатын шығар. Басында ақылы, білімі бар, бірақ жүрегінде иманы әлсіз адам көп қателікке ұрынады екен. Нәпсінің құлына айналмақ. Бұл жаны таза, аса пәк періштеден адамды жоғары қойған Алланың ашуын келтірмей ме? Бәлкім, адамдардың ашық күнде тура жолдан адасып, азғындалып бара жатқанына нали ма екен? Кейде ашуға бой ұрып, күнәлі істерге аяқ басқанда үмітін ақтамағаны үшін реніш білдіретін шығар? Әлде, өзін жоқтан бар еткен Жаратқанды ұмытып, билік пен байлыққа мастанған пендеге қиындық, ауру-сырқау арқалатып, ақ жолдан адастырып қоя ма? Бірақ Жаратқан адамдардың айуандығына төзіп, сол сәтте жазасын беруге неге асықпайды? Бәлкім, адамның жүрегі мейімділік пен ізгілікке толып, тәубәға келуін күтетін болар. Иә, Алла неткен сабырлы еді!

Жүректе иман, бір Аллаға сенім болмаған кезде адам әрқашан азып-тозбақ. Бұл қасірет  ақырзаманға дейін жалғаспақ. Сонда адам Аллаға несімен ұнады? Жүз қырық төрт мың,  бәлкім екі жүз жиырма төрт мың пайғамбарды жер бетіне тарыдай шашыратып жібергенде нені үміт етті? Жаратқан қайырымсыз адамдардың белшесінен батқан күнәсін кешіріп, неліктен кеңшілік жасай береді? Бірақ Помпей тұрғындары шектен шыққан жоқ па? Иә, олар да Жаратқанға бас ұрып, жалына-жалбарына кешірім тілесе, бар күнәлары кешірілер ме еді? Кім білсін.

Ақиқатында, бәріміз өзіміз жаралған топырақты жамылып, көктемде көктеген өсімдіктей қайта тіріліп, мақшар күні есеп береміз. Адамның жасаған жақсылығы мен жамандығы низамда тартылатын, мәңгілік тұрақ орны анықталатын уақыт болады. Пенде істеген амалына байланысты жұмақта, бәлкім тозақта тұрақтар. Алла неткен әділетті дерсіз.

Әр адамның жүрегінде тозаңдай үміт болады. Әлбетте, Алланың барлығына, пайғамбардың хақтығына сенген, Жаратушының көктен түсірген кітаптары мен періштерлеріне көз тірісінде иланған, бес парызды өтеген иісі мұсылман баласында бұл үміт мол болмақ. Жер бетінде бірде-бір күнә жасамаған пенде жоқ. Пайғамбарлар дейсіз бе? Алла тағала оларды өз қамқорлығына алған. Ол ғана пайғамбарлардың дәрежесін білмек. Біз ше, шыбын жанымыз шырқырап, тозаққа түспеуін, қабір азабын көрмеуін қалаймыз. Жанымыз жәннатта жай тапса екен дейміз. Помпей тұрғындары үшін бұл күн ақырзаман секілді көрінген болар. Картинаның құндылығы неде? Суретші бізге өткеннен нені ғибрат алуды мақсат етті? Мен болсам, шайтанның азғыруына еріп, адамдасқан адамдарды аядым. Өзімнің жасаған азды-көпті күнәларыма қатты өкіндім.

Адамдар ақырзаманды күтіп жүр. Мен үшін маңыздысы - ғаламат жер сілкінісі болып, басымызға тау-тас құлағаны, болмаса, жерді топан су басқаны емес, адамның дүниеден өткені. Өлмей тұрып жастық шағының, денсаулықтың, бос уақыттың қадірін біліп, жалпы о дүниелік мәңгілік өмір үшін қарекет қылған абзал екен. Мені бұл жалған емес, өлімнен кейінгі өмірім алаңдатады. Күнәсіз періште емеспін. Мақшар күні Алла барлық адамдарды жинап, тозаңдай күнәсына дейін жария болып жатқан сәт – мен үшін ең қорқынышты сәт. Он сегіз мың ғалам жаратылмай тұрған кезде күллі ғаламда жалғыз болған Алла неткен құдіретті еді.

...Теледидардан ақырзаман жайлы алып қашпа әңгімелер өршіп тұр. Мен де аспан жаққа көз тастап қоям. Ақырзаманнан қорықпайтын болдым. Неге екені белгісіз, тек өлімнен кейін өмірім жайлы ойлай берем. Мейлі, бүгін жер жүндей түтілсе де, баламның, болмаса немеремнің жемісін жеп, көлеңкесін сая қыла алмасын білсем де, қолыма күрек алып, көшет отырғыза бастаймын.

Аbai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2179
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2578
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2487
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1676