Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 5436 0 пікір 20 Қаңтар, 2017 сағат 12:39

1937 ЖЫЛДАҒЫДАЙ "ХАЛЫҚ ЖАУЫ" БОЛЫП ЖҮРМІН

Билік мені «халық жауы» етпекші болып, неше күн болды, ізімді кесіп, қазір аңдудамын, яғни 1937 жылғыдай «халық жауы» болып шықтым...

Қаңтардың 10-ы күні (2017) Ақмола облысы, Бурабай аудандық әкімшілігінің арнайы шақыруымен барсам, ол жерден білгенім – мен Атырау қаласындағы Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық сотына бармауым керек екен. Егер барар болсам, атыраулықтар көтеріліс жасайды-мыс...

«Мен көтеріліс жасауға емес, жерімізді қорғағандары үшін жазықты болып, 5 жылдан сотталып кеткен қазағымның екі азаматы – Макс пен Талғатты алыстан болса да көріп, өз атымнан ақ басымды иіп, тағзым етіп, алғысымды білдірмекші болғам...» – дедім.

«Не істесе де, Құдайға тапсырдым, не болса да, жолға шығайын» – деп, алдын ала алып қойған билеттеріммен жолға шыққан едім (14.01.2017 ж.).

Бурабай темір жол бекетінің күту залына кіріп, енді отыра бергенімде, бір полиция майоры екі қазақ азаматына ескерту жасаған болып, менің құжатымды тексеріп, анандай жерге барып, біреуге ұялы телефон соқты. Меніңше, «Қуаныш Мұқтай деген жолаушы күту залында отыр» десе керек? Бір сұмдықтың боларын ішім сезгендей, қылп ете қалып еді...

Астанада мені поездан Қайырлы Омар бауырым жеңіл көлігімен күтіп алды. Былай шыға бере: «Қуаныш аға, сіз артыңыздан «құйрық» ертіп келіпсіз ғой. Мынау артымызда келе жатқан жеңіл машина манадан бері біз қайда барсақ, сонда бұрылып, қыр соңымыздан қалатын емес...» – деді.

Қаланың ішінде бір сағаттай қашып жүріп, ақыры «құйрықтан» құтылып, басқа жеңіл көлікті ұстап, Есіл қаласына тарттық. Ойымыз сол жерден жаңағы Атырауға баратын поезға отыру. Билетімді қарап алайыншы деп, поезға мінетін билетті әмиянымнан іздесем – билет жоқ. Билетпен бірге жеке куәлігім, зейнеткерлік куәлігім, «Алтын ғасыр» газетінің тілшісі деген куәлігім жоқ, ал ақша орнында – алмапты. Аң-таң қалдым: «Астапыралла, ақша ұрламайтын да ұрылар болады екен-ау?!» – деп.

Астанадан Есіл қаласының арасы 350 шақырымдай екен, таксист жігітке ақшасын беріп, Есіл темір жол бекетіне келдік. Кассирден менің билетімнің көшірмесін сұрасақ, жеке куәлігімді сұрайды. Қайтадан билет алайық десек, «куәлігіңізді әкеліңіз» дейді. Билетім мен құжаттарымды ұрлатып алғанымды тіпті тыңдағысы жоқ, ақыры «полиция шақыртамын» деп қорқытты.

Ақыры не керек, Қайырлы бауырымды Атыраудың поезына мінгізіп жібердім. Өзім Есіл қаласының мейманханасына түнеп, таңертең Көкшетауға баратын автобусқа мініп отырсам, денесі дөненнің жарты етіндей бір азамат автобустың ішіне кіріп, көзімен бір шолып өтіп, мені көрген соң көңілі жай тапқан болу керек, ұялы телефонына мен отырған жақты «байқатпай» түсіріп алып, жөніне кетті. Шыға бере ұялы телефонымен сөйлесіп жатқанына қарағанда, айтса керек, «анау қызыл көз бәлекет кейін қарай, үйіне кетіп бара жатыр» деп...

Кім қалай ойласа – солай ойласын, ал бірақ басымнан кешкен хикаям осындай, ертегіге бергісіз болды. Көкшетаудан Щучье қаласындағы үйіме жетсем, полиция келіп, мені сұрастырып, компьютерде кім отыратынына дейін тәптіштеп кетіпті. Ендігіде маған компьютерге отырып, мақала, жыр жазуға болмай қалған сияқты?

Ал сонда Конституциямызда алтын әріптермен жазылған менің бас бостандығым, құқым және биліктің қайнар көзінің халық екендігі, яғни сол қайнар көзінің бірі мынау ақын, саясаткер мен екендігім қайда қалды?!

Жерімізді, елдігімізді қорғау үшін бейбіт шеруге шыққан қазақтың АР-ҰЖДАНЫ – Макс Боқаев пен Талғат Аяндай батыр бауырларым, сендерді бір Жаратқан Иеме тапсырдым! Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді! Сендер кебенек киген Ерсіңдер!

Бара алмадым Атырауға! Сендердің төбелеріңді көріп, ақ басымды иіп тұрып, тәжім ету ақын ағаларыңа жазбапты! Сол үшін кешірім сұраймын! Кешіріңдер, айналайындар!

Қуаныш МҰҚТАЙ,

ақын, қоғам қайраткері

16.01.2017 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: "АҢДУДА ЖҮРІП,  АТЫРАУДАҒЫ СОТҚА БАРА АЛМАДЫМ"

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №2 (366) от 19 января 2017 г. 

0 пікір